Табысты кәсіпкер
Тарғыл тағдырдың үйіре соққан қиыншылықтары мен кедергілерінен сүрінбей өтіп, өмірдің қай арнасына түссе де қиындыққа мойымайтын, қайта қайсарлық пен табандылық танытып отырып жеңіп шығатын, жүріп өткен жолы көпке үлгі боларлық, қара нардың
![]()
ауырлығын азаматтық жауырынымен көтере білетін нар тұлғалы азаматтар бүгінгі таңда да баршылық. Бір адам от жақса, мың адам сол оттан тараған жылумен жылынады. Бүгінде от секілді айналасына жылу шашып, қоғам дамуы үшін жомарттық таныту кез келген азаматтың қолынан келе бермейді. Ал «елім маған не береді деп емес, мен еліме не бере аламын» деп ойлану, қоғам дамуы үшін игі іс жасау тек нағыз жігіттің ғана қолынан келетіс іс. «Еңбек адамы – ел тірегі. Еліміздің дамуына теңіздің бір тамшысындай болса да үлесімді қосу азаматтық парызым деп ойлаймын. Әрбір ер адам отбасының, отанының қамын ойласа, ел ішінде ауызбіршілік болса, біз алмайтын қамал жоқ», - дейтін жомарт жүректі азаматтардың бірі, өресі биік ата-анадан тәрбие алып, білімін шыңдап, елге қызмет етіп келе жатқан абыройлы азаматтарымыздың бірі – Әдешов Бейбіт Қалданұлы.
Қайнаудан шыныққан болаттай, өмір тәжірибесін мол етіп жинаған Бейбіт Қалданұлы 1964 жылдың 5 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы, «Ескі Сауран» өлкесінде дүниеге келді. Тарихта таңбасы менмұндалап, ел үшін атқарған істері, ерліктері мен жанқиярлығы тасқа жазылып қалған қасиетті топырақтың самал желімен жарысып өскен жеткіншек, бала шағынан алғыр, өжет, тілалғыш болып өсті. «Талбесік қалай тербелсе, талшыбық солай қисаяды» деген, өмір бұлағының бастауы болған, адамдық болмысының алтын қалыбы болған асқар тау әкесі Әдешұлы Қалдан әділдікті ту етіп ұстанған, темір жол саласында адал еңбек еткен, станция басшысы, теміржол электро-связь механигі қызметін атқарған. Ал жүзі күн нұрынан да жылы, мейірімділік пен перзентке деген махаббаты сөйлеген сөзі мен аялы алақанынан сезіліп тұратын анасы Жұматайқызы Мәден алтын асықтай балаларын тәрбиелеп, өсіруге сеп болған алтын жүректі адам, он баланы дүниеге әкелген Батыр ана.
Дарқан даланың төсін еркін сезініп қалықтаған қырандай, кең даланың самалымен жарысып өскен, он баланың үшіншісі Бейбіт үлкен өмірдің бастамашысы болған білім ордасының табалдырығын, 1971 жылы ауыл төріндегі талай қырандарды қанаттандырып, талай тұлпардың тұсауын кескен киелі орда Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте аттады. Бала кезінен алғыр, үлкендердің айтқан сөзін қағып алатын зерек те зейінді болып өскен дарынды жас, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, буыр-қанған жанартаудай бала бойында ерекше күш пен серпілістің бар екенін байқатты. Сол кездегі жүйе бойынша сегіз жылдық мектепті бітірген Бейбіт бірнеше мектеп ауыстырып, 1979 жылдың желтоқсанында Алматы қаласындағы №9 мектеп-интернатына ауысып, осы білім ордасын 1981 жылы бітіріп шығады.
Қай дәуірді алып қарасаңыз да, жанарындағы ұшқын жалын еткен, таланты мен дарынына қанат бітірген ерекше ұстаздар қауымы болады. Қолы тиген істі жандандырып жіберетін, жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілеті бар Бейбіт алдына үлкен мақсат қоя біліп, бір істің білікті маманы атанып шығу жолында қадамын нық басып, 1981 жылы Алматы кеңестік сауд
![]()
а техникумына (АТСТ) арнайы бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметті талдау мамандығына оқуға түседі. Сол кездері үкіметтің көңілі ауып, енді жанданып жатқан сауда саласына бағыт берер бағдаршам болған оқу орнында тәлім алып, экономика саласында сауаттанған Бейбіт аталған техникумның қоғамдық өміріне белсене араласып кетті.
Қолы тиген іске қанат бітіртетін жалынды жас ер азамат үшін парыз болып саналатын отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Бейбітшілік пен келісім туы астында тіршілік етіп жатқан сол жылдары 1982 жылдың сәуірінен бастап 1984 жылдың сәуіріне дейін Германияда Кеңес Армиясы қатарында, Германиядағы Кеңес әскерлері тобының бас штабында (GSVG) командалық-басқару ротасында (RBU) сержант ретінде азаматтық борышын өтеп, елге абыроймен оралды. Елге келген соң оқуын қайта жалғастырып, аталған техникумды «Бухгалтерлік есеп және шаруашылықты талдау» мамандығы бойынша үздік дипломға бітіріп шығады.
Қолынан іс келетін, бойында жауапкершілігі басым, қандай ортаға барса да үздіктердің көш басында болған студент қай салада сұранысқа ие, таптырмас маман. Өзінің алғашқы еңбек жолын 1985 Алматы жеміс-көкөніс саудасының бухгалтериясында бастаған Бейбіт Қалданұлы өзі таңдаған мамандықтың тұңғиығына тереңдей еніп кетті. Мамандықтың жақсы мен жаманы, ауыры мен жеңілі жоқ. Әр саланың өзіндік қиыншылықтары, кедергілері мен қызықтары, ауыртпалықтары мен күрделілігіне қарай көтеретін жүктері, мойынға түсер салмағы және де ең соңында атқарған еңбегіне қарай алатын марапаты болады. Бухгалтерлік салада жүріп, өзінің көріп-білгенін, оқып-түйгенін жұмыс барысында қолдана білген Бейбіт нарықтық экономиканың дамуына қарай, өзінің білімін де тереңдетіп, сауатын арттырып, сала бойынша біліктілігін толықтырып отырды. 1985 Нархоз (Алматы халық шаруашылығы институты) сауда-тауар факультетінің сырттай бөліміне түсіп, «Арнайы бухгалтерлік есеп және бизнесті талдау» саласын таңдады. 1986 жылдың көктемінде барлық емтихандарды сырттай (Эксерно) тапсырып, бір курс жоғары күндізгі бөлімге ауыстырылған Бейбіт Қалданұлы өзінің еңбекқорлығының арқасында түнгі мезгілде наубайханада нан тиеуші болып қосымша жұмыс жасады. Қабілетті, өз ісіне тиянақты, жасаған жұмысы мен сөзін екшей алатын алғыр жас барлығына да үлгеріп, күндіз оқып жүріп те 1989 Нархоздан үздік диплом алған соң, Нархоздағы «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметті талдау» кафедрасында оқытушы болып жұмысын жалғастырды.
Азаматтық ар мен жұмыр жүректі пендеге деген құрметті жоғары қоятын, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге бейжай қарай алмайтын қоғаммен етене араласып кеткен Бейбіт Қалданұлы тарихта үлкен әріптермен жазылып қалған, мұзда жанған алаудың яғни, тәуелсіздік үшін алысқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жалынды жастың бірі болды.
Сонымен қатар, 1988-1992 жылдары жер телімдерін алып, халыққа бөлуді ұйымдастыруға қатысып, «Шаңырақ» қоғамдық қозғалысын құрудың бастамашыларының бірі болып, «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысына қатысып, қозғалыстың тапсырмасы бойынша Семей полигонын, оның ішінде әртүрлі әскери бөлімдерді аралап жүріп өткен қоғам белсендісі.
Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары егеменді болдық деп бөркімізді аспанға атып қуанғанымызбен, халықтың қалтасы тесік, жүдеу көңіл еді. Үкімет басындағылар ел жағдайын көтеру мақсатында түрлі бағдарламалар жасап, іске асырып жатса да, құмға сіңген судай болып, республиканың барлық аймағына толық жетпей жатты. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ұжымдық шаруашылықтардың шаруасы шатқаяқтап, ел тұрмыс дорбасын арқалап базар жағалап кеткен жылдары заводтар мен фабрикалардың да есігін қара құлып күзетіп жатты. Дарияның құяр сағасында, астын ағыс жеп жұқартқан, көбесі сөгіліп жатқан мұздай, көптеген жұмыс орындарының да есігі жабылып бір істі бастауға ел тұрғындары жүрексініп жатқанда, ат төбеліндей болып іс бастаған азаматтар, бас көтерер ел ағалары алдыға шыққан еді. Міне, Бейбіт Қалданұлы да осындай көкірегі ояу, көзі ашық тектілердің алғашқы сапында болды.
Экономика қыстан көтерем шыққан арық сиырдың тірсегіндей дірілдеп, аяғына әрең тұрған кездері Бейбіт Қалданұлы «Нархозда» ұстаздық қызмет атқара жүріп, бір мезгілде әртүрлі ірі шетелдік компанияларда кеңесші (аудитор) қызметін атқарды. Атап айтар болсақ, неміс үйі Doche House, ElfAkiten- Total, Alcatel және тағы басқалар. Бірақ, 1994 жылы ол Narxoz-ды тастап оқулықтардың авторлығынан бас тартып «Бухгалтерлік есептің теориялық негіздері» атты оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралының алғашқы авторлығынан, ірі компанияларға кеңес беруді тоқтатқан ол «Өзім жұмыс істеймін» деп шешім қабылдап, осылайша ол 1995 жылы бірнеше компанияны құрып, табысты кәсіп бастады. Розыбакиев пен Райымбек даңғылдарының қиылысындағы, «Жұлдыз» (халық арасында «Көтерме» деп аталады) базарындағы сауда орындарының ең бірінші жалға алушысы болған Бейбіт Қалданұлы АҚШ тауық санын сатумен айналысты. Ол Қазақстандағы механикаландырылған секциялардағы (яғни, бір секцияда 5 вагон) АҚШ тауық сандарын ең ірі көлемде жеткізушіге дейін өсті. Ресей Федерациясы мен Балтық жағалауы елдерінен делдалдарсыз АҚШ-тан тікелей жеткізілетін ең бірінші қазақ жеткізуші болды. Бірақ осы жылдары құрған кәсіп келеңсіздікке ұшырады. 1997 жылы КОП-3 (No3 қоғамдық тамақтандыру комбинаты) сатып алып, нарық саласында түрлі кедергілер мен қиындықтарды парсаттылық пен сабырлылық таныта отырып жеңіп шыққан Бейбіт Қалданұлы қазіргі уақытта мен бірнеше компаниялармен айналысады. Ассортиментте құс етін көтерме бағада сату (ҚР, РФ, Орталық Азияда үлкен көлемде), Сүтті өңдеу және ірімшік өндіру және де тағы басқа, Жерге орналастыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Қызметкерлердің жалпы штаты 400-ден астам адамды құрайтын бірнеше компаниялардың басын біріктіріп елге қызмет етіп келеді.
Табысты кәсіпкер ғана емес, бірлігі жарасқан отбасының арқа сүйері болып отырған Бейбіт Қалданұлы ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, әкесі мен анасынан көргенін балаларына үйретіп келе жатқан қамқор әке. Шаңырағында әкелік парызын қалтқысыз орындап, қызметте абырой биігіне көтеріліп жүрген азаматтың әлі де еліне берері көп.