Тлеубаева Марьяша

Рейтинг:

Жақсылықтың жаршысы

      Жақсы жан жайлы сөз бастау расында оңай емес. Адамның беделі өзінің жеке басының толықтығына, өз еңбегімен, қажыр-қайратымен оның бойындағы ата-анасы дарытқан тәрбиесімен білінеді. Міне, заты нәзік болса да, отбасы берекетімен қатар ер азаматтың да иығына ауырлық танытар кәсіпкерліктің жүгін көтеріп келе жатқан кәсіпкерлеріміздің бірі – Тлеубаева Марьяша Серікқызы жайында сөз қозғасақ.
      Оқырманға түсінікті болу үшін, уақыт желімен жарасып, қоғамға пайдасы тиер түрлі идеяларды іске асырып, 300-дей адамды жұмыспен қамтып отырған кейіпкеріміздің жеке өмірі мен кәсібі туралы толығырақ айтып өтсек. Марьяша Серікқызы 1979 жылдың 6 маусымында Алматы облысы, Талғар қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келді. Бұлтпен тілдесіп жатқан асқаралы Алатаудың етегіндегі көк майсалы, табиғаты сұлу мекенде дүниеге келу кім-кімнің де арманы емес пе, ұлылардың табаны тиген қасиетті топырақта бақытты балалығын өткізген бала Марьяша болашаққа жол сілтер білім ордасының да табалдырығын осы мекенде аттады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қабілетімен, алғырлығымен, жанындағыларды үйіріп алып кететін ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен, есепке жүйріктігімен көзге түскен оқушы Марьяша мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Қазақ инженерлік-техникалық университетін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша оқуға түсті.
      Қолына алған қандай істі де жандандырып жіберетін Марьяша жоғарғы оқу орнында да өзінің алғырлығымен, мәдени, қоғамдық, спорттық іс-шараларда белсенділігінен айырылмады. Осылайша, Қазақ инженерлік-техникалық университетінен «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын игеріп шықты.
      Өзінің өмірлік серігі – Серікбай Тлеубаевпен 18 жасында отау құрып, жас келін міндетін бұлжытпай орындап, қайын жұртының көңілінен де шыға білді. Алғаш рет ана атанып, тұңғыш қыздары Тоғжанды 1998 жылы дүниеге әкелді. Содан әрі екінші ұлы Ерсұлтан, қызы Сымбат және сүт кенжесі Зердені дүниеге әкеліп, ана бақытын сезінген жан деп айта аламыз. Он жылдай үйде бала-шаға қамымен отырған Марьяша Серікқызы бір орында отыра алмайтын тынымсыз мінезінің арқасында жұмыс істеуге ден кірісті.
      Еңбек жолын 2008 жылы «Отырар» медициналық орталық директорының орынбасары болып бастап, ұжымдастарының құрметіне бөлене білді. Марьяшаның әділдігі, ана тіліне деген құрметі, жұмысқа деген жауапкершілігі оның әрбір іс-қимылынан, сөйлеген сөзінен байқалып тұрады.
      Тасқа салса да қайтпайтын алдаспандай, қандай істе де сабырлылық пен табандылық таныта білуінің арқасында тәжірибесін молайта түскен Марьяша Серікқызы 2011 жылы өзінің жеке кәсібін бастап, мемлекеттік мектептер мен ауруханалардың тамақтануын ұйымдастырумен айналысатын «ТЕС» жеке кәсіпкерлігін ашты. Көктем шыға қозғалған сеңдей, сапырылысқан халықтың ішінде өзгеше жолды ұстанып, кәсіпкерліктің тізгінін ұстады. Ірі жетістікке жеткен әр адамның бойындағы жетінші түйсігі секілді, өзінің ішкі сезіміне сенуінің арқасында, сол кезде бастаған кәсібін бүгінде іргелі ұжымға айналдырды.
      Жан-жағына күндей күлімдеп, ай нұрындай нұрын шашып, халқының қамы, елінің игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген жанның біріне айналған Марьяша Серікқызы кәсіпкерлігін ұлт болашағын тәрбиелеу саласына бұрды. Өзінің төртінші баласы – кенже қызы Зердені толыққанды тәрбиелейтін заманауи балабақшаға бергісі келіп, бірақ талабы мен талғамына сай балабақша іздеп таппаған соң, ол 2016 жылы 1 маусым күні алғаш рет «Зердеш» балабақшасын ашты. «Zerdesh» атауы кіші қызы Өскенбай Зерде Серікбайқызының есімімен байланысты дүниеге келген. Балабақшада қазіргі таңда 75 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақшаның басты ерекшелігі бүлдіршіндер қазақи тәрбиемен өсіп келеді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу арқылы балалардың бойында елжандылық қасиеттері ашыла түсті. 
      Балабақша бүлдіршіндері өте талантты әрі өнерлі. Көптеген конкурстар мен байқауларға қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болып жүр. Қысқаша ғана айтсақ, 2021 жылы «Зердеш» балабақшасының тәрбиеленушісі Тукулова Айару 16-17 қазан аралығында каратэден өткен турнирге қатысып, 4-5 жас ерекшелігі бойынша 1-орынды иемденді. 2021 жылы тәрбиеленуші Мақсат Әбілмансұр Алматы облысының «Legion Фит» ашық турнирінде 4-5 жас ерекшелігі бойынша І орын иемденді. 
      Ғылым мен білім тереңіне бағдаршам болып бағыт сілтеген кәсіпкер, жұмысын одан әрі жандандыра түсіп, 2018 жылы бастауыш сыныптарға арналған «Зердеш» Зияткерлік мектебін, 2021 жылы «Zerdesh 2» Ұлттық логопедиялық балабақшасын, «Zerdesh Innovation School» жалпы білім беретін жеке мектебін және 2022 жылы «Зердеш 3» балабақшасын ашып шәкірт тәрбиесіне өзіндік үлесін қосып келеді.
      «Зердеш» Зияткерлік мектебінде қазіргі таңда 196 бала білім алуда. Негізгі бағыты бастауыш білім беру. (0-4-сыныптар). Барлығы – 49 қызметкер, оны ішінде – 34 педагогикалық қызметкер жұмыс істейді. Жалпы ұжымда жоғары деңгейдегі біліктілік санаты бар педагог-шеберлер, педагог-зерттеушілер, педагог-сарапшылар басым жұмыс жасайды.
      Республикалық «BILGEN BAIGE», «Ұлы дала баласы» зияткерлік білім сайысының қалалық (аудандық) олимпиадасында зеректігі мен тапқырлығын дәлелдеген оқушыларымыз жеткілікті. М.Мақатаев атындағы XII Халықаралық байқауларынан жүлделі орындарға ие болуда. Математикадан «LUX ALTAIS-2019» халықаралық олимпиадасынан 1 оқушы жүлделі орын алды, т.б. 2020-2021 жылдары Республикалық шахмат жарыстарынан 1-орын иегері 1-сынып оқушысы Шолпанбек Жансая. Қала бойынша 2-разряд қорғап, 1-орынға ие болған Ақынбек Тамерлан – 2022 ж. сынды оқушылармен мақтанамыз.
      «Zerdesh 2» ұлттық логопедиялық балабақшасы 1 маусымда 2021 жылы Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Атамекен, 113 мекен-жайы бойынша ашылды. Қазіргі таңда балабақшада 75 бала тәрбиеленуде.
      Балабақша меңгерушісі Шамаева Ғалия Омаровнаның авторлық «Тәп-тәтті бала» бағдарламасы желісінде толықтай безендіріліп, сол бағдарлама бойынша сабақтар жүргізіледі. Ұлттық құндылықтарды бала бойына тал бесіктен сіңіру – басты мақсат. Балабақша логопедиялық бейім бойынша білім береді. Яғни, сөйлеу тілінде артта қалушылығы бар, бірақ, диагнозы жоқ, проблемасы бар балалармен жұмыс жасайды. Марапаттары: «Жас дарын» балалар орталығының ұйымдастыруымен Республикалық балалар арасындағы конкурсқа 29 бүлдіршін қатысып, 4 бас жүлдемен, 25 бүлдіршін І орынмен арнайы медаль және мадақтама алып қайтты. Конкурс көркем өнер, ән, би бойынша өтті. 
      2022 жылдың сәуір айынан бастап «Zerdesh 3» балабақшасы іске қосылады. Мекен-жайы: Алматы қаласы, Бөлтіріков көшесі, 50-үй. Балабақша 120 бүлдіршінге арналған. Сапалы білім мен саналы тәрбие – барлық «Zerdesh» балабақшалары мен мектептерінің негізгі ұстанымы. Қазақ ұлтының бірегей тәрбиесі мен мол қазынасынан өскелең ұрпақты сусындататын болсақ, болашақта соның мол жемісін көретініміз анық.
      Марьяша Серікқызының кәсіби ұстанымы: «Әр қазақтың баласы дарынды», «Тәрбие. Білім. Даму». Ол қазақ халқын ұлт ретінде ерекше құрметтеп, жас ұрпақ бойына ұлттық тәрбиені дарытудан еш жалықпайтын жан. Себебі, оның жүрегі «қазақ» деп соғады. Қазақ тілінің дамуына бірден-бір үлес қосып жүрген ұлтжанды тұлғалардың бірі деп нақ сеніммен айта аламыз. Себебі, балабақшасы мен мектебінің табалдырығын өзге тілде сөйлеп келген бүлдіршіндер біраз уақыт аралығында қазақша сөйлеп, айналасындағыларға сөздерді дұрыс айтып, қазақша аудармасын үйретіп жүретін кездері көп болған.
      Қазіргі таңда 300-дей адамды жұмыспен қамтып отырған Марьяша Серікқызы өскелең ұрпақтың қазақ ұлттық тәрбие негізінде өсуіне және қазақ тілін жетік меңгеруіне аса зор мән береді. Сонымен қатар ол белсенді түрде қайырымдылықпен айналысады, атап айтсақ, мектептері мен балабақшаларында жағдайы төмен отбасы балаларының тегін тамақтануы мен жеңілдікпен оқуларына жағдай жасап жүреді. Тегеуріні темірдей нарықтың тілін түсініп, ел мұқтажын өтеген кәсіпкер қайырымдылық іс-шараларына үзбей қатысып келеді. 
      Әр істің, атқарылған еңбектің өз бағасы болатыны секілді, кәсіпкерлік саласында еңбек етіп ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып қана қоймай, ұлт болашағын тәрбиелеуде еліміздің талантты ұл-қыздарын тәрбиелеп, азамат етіп шығаруда аянбай еңбек етіп келе жатқан Марьяша Серікқызы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтен, Алматы қаласының әкімдері Б.Байбек және Б.Сағынтаевтан, Қалалық білім бөлімі жетекшісі Л.Жылқыбаевадан, Республикалық жеке меншік білім беру ұйымдарының ассоциациясы директоры Р. Садықовадан және де тағы басқа тұлғалардан «Алғыс хат» пен Мадақтамалар иеленді. 
      Кәсіпкерлік саласында жүрсе де, азаматының ақ жағалы болуы үшін қам жасап, текті әулеттің түтінін түзу ұшырып, шаңырағын шаттық пен берекеге бөлеп келе жатқан Марьяша Серікқызы отбасында адал жар, төрт баласының аяулы анасы және жиен немересінің мейірлі апасы.
      Тек өз кәсібін дөңгелетуді ғана ойламай, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан келгенше сәбилерді күлдіруге, ана көңілін демеуге, қарттардың алғысын алуға ұмтылатын, кейінгі 
ұрпақтың жақсы да сапалы білім алуы үшін еңбек етіп келе жатқан Марьяша Серікқызы қандай мақтауға да лайықты кәсіпкер және тұлға.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

11 мая 2022 11:42
Галина

Марьяш Сериковна! Поздравляю, умница! Красавица! Талантище! 

Последние комментарии

27 июня 2022 15:12
Nataly
Хаирова Гульнара Абзаловна стала моим проводником в новую и счастливую жизнь. Это один из тех людей, за которым хочется...
20 июня 2022 16:34
Роза Ерәлі
Кітап өте жақсы шыққан екен, рахмет Сіздерге!...
19 июня 2022 17:36
Тапалова Фереде
Саламатсызба.  Жарқын ағайдың көмегі керек еді. Телефон номері немесе Қызылорда қаласындағы мекен жайы болса....