Демегенова Набат

Рейтинг:

Мамандық иесі емес, білікті маман иесі

      Әр мамандықтың өмірде қызығы мен ауырлығы болады. Сондықтан өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Сүйікті мамандығыңа деген зор ынта мен сүйіспеншілігің болу керек. Өмірінің қырық жылға жуығын заң саласына арнаған және оны абыроймен атқарып келе жатқан жан туралы мақала жазарда әуелі ол кісінің саналы ғұмырындағы қызығы мен шыжығы мол «өмір кітабын» бір емес, бірнеше қайыра «парақтап» шығуың керек болады. Біздің бүгінгі әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз заң саласында, атап айтқанда нотариаттық қызмет көрсетуші нотариус – Демегенова Набат Жәумітбайқызы. 
      Набат Жәумітбайқызы 1961 жылы Түркіменстан Республикасының Красноводск қаласында дүниеге келген. Өскен жері Түркіменстан жері болса да Қазақстан жері Набат апамыздың өнегелі өмірінде ерекше орын алады. Себебі, қаламыздың дамуына Набат апамыздың қосқан үлесі зор. 1963 жылы әулеті Қазақстан Республикасына қоныс аударып көшіп келген соң, Набат Жәумітбайқызы 1968 жылы 1-сыныпқа барып, 1978 жылы Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай станциясындағы №5 орта мектепті бітіріп, еңбек жолын «НГДУ» Жетібай мекемесінде бухгалтер көмекшісі болып бастайды. Сонымен қатар, 1980 жылы Талдықорған заң техникумына оқуға түсіп, 1982 жылы бітіріп, жаңа белестерді бағындыруға бағыт алған ол, 1982 жылы заңгер мамандығы бойынша жас маман болып келіп, Жаңаөзен қаласындағы Жаңаөзен қалалық сотында сот орындаушы қызметінен бастайды. 1992 жылға дейін аға сот орындаушысы қызметін атқарып, 1987 жылы Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсіп, 1993 жылы бітіреді. Міне, Набат апайдың еңбек жолы да қарт Каспийдің жағасында соққан толқыны іспеттес, бірін-бірі алмастырып жатты. Ары қарай, 1992 жылдан бастап мемлекеттік нотариус қызметін атқарады. 
      Жалпы нотариат дегеніміз – даусыз азаматтық құқықтар мен заңдық нысандарды куәландыру жолымен жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін заң жүзінде бекітуге бағытталған нотариалдық іс-әрекеттерді орындайтын, заңдық тұрғыда бекітілген органдар жүйесі. Нотариатпен сот азаматтық іс айналымында заңдылықты алдын-ала және істен кейін бақылаудың бірыңғай қызметін жүзеге асырады. Бірақ азаматтық іс жүргізуде құқық туралы дауды қарайтын соттан айырмашылығы, нотариат азаматтық құқықтарды заң жолымен бекітуге және олардың болашақта бұзылу мүмкіндігін алдын алуға бағытталған қызметтерді орындайды. 
      Демегенова Набат 1997 жылы ҚР-ның «Нотариат туралы» заң қабылданып, 2002 жылы Әділет Министрлігімен берілген Мемлекеттік лицензия алып, 2003 жылдан бастап жеке нотариус қызметімен айналысып келеді. Ұжымында 7-8 көмекші жұмысшылары бірге қызмет атқарады. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Бүгінде Набат анамыз да өз күшімен уақытын аямай, қайырымдылық ісімен де айналысуда. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің», - деген екен дана халқымыз. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Жанашырлыққа жан риза дегендей, Набат апамыздай жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске ат салысу – әрбір адамның азаматтық парызы. Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Сонымен бірге, Набат Жәумітбайқызы 20 жылдан аса ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Набат Демегенова еңбек жолында өз әріптестерінің арасында да сыйлы, беделді жан. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Набат апай қоғамда жүріп жатқан үрдіс істерді де назарынан тыс қалдырмайтын жан. Осы орайда, тынымсыз еңбегімен қоғамдық қатынастардың даму үрдісіне атсалысқаны үшін оның республикалық, облыстық мадақтамалары бар. Атап айтсақ, Нотариат саласында кәсіби қызметін жоғары деңгейде атқарып, Маңғыстау облысының нотариатын өркендетуге қосқан үлесі үшін «Алғыс хат», Нотариат мерекесін атап өтуде көрсеткен белсенділігі үшін «Алғыс хат», Қалалық «Үміт бер!» қайырымдылық акциясына қосқан үлесі үшін «Алғыс хат», Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай «Мақтау қағазымен» марапатталса, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 мейірімді іс» жобасының аясында өткен 1 маусым – халықаралық балалар күніне арналған «Үміт бер!» мүмкіндігі шектеулі жастар арасындағы қалалық өнер шарасына қолдау көрсеткені үшін, Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңының қабылданғанына 10 жыл мерейтойына орай, өзінің кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде орындағаны үшін «Алғыс хат», Қазақстан Республикасы жекеше нотариатының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін және жекеше нотариаттың 15 жылдығын мерекелеуге байланысты «Грамота», Маңғыстау облысының нотариатын өркендетуге қосқан үлесі үшін «Алғыс хат», Жаңаөзен қаласының дамуына қосқан үлесі үшін «Алғыс хат», әділет пен заңдылық жолында халық үшін атқарған қарымды еңбегі үшін «Алғыс хат», қызметтік міндеттеріне тиянақтылығы, жұмысына шығармашылық көзқарасы, ізденгіштігі және жоғары орындаушылық тәртібі үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталған. 
      «Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді»,- деген сөз бекер емес. Демегенова Набат Жәумітбайқызы өз бақытын еңбектен тапқан жан. Елге жасаған елеулі ісі де, арқалаған абыройы да Набат апамызға ендігіде бейнетінің зейнетін көріп, ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешуіне даңғыл жол ашатынына сеніміз мол. «Биікке қалықтап қыран да шығады, жорғалап жылан да шығады» дегендей, Набат апайдың өз еңбегімен өрге шығуы, өрлеуі, еліне елеулі, халқына қалаулы болуы – кейінгі буынға тағылымды өнеге. 

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...