Төлепов Алмабек

Рейтинг:

Кәсіпкерліктің көзін тапқан азамат

      Шудаларын шаң баса желіп өткен өркешті жануардың қомына жабысып, төрт тұяғын тең алған тұлпардың жалына жабысып, туған айдың өтерін, шыққан күннің батарын, тілі тоқтамай зырғыған сағатпен өлшеген уақыт өз дегеніне бағындырып келеді. Адымыңды қысқа алып, аяғыңды кейін тартсаң, шыққан биігіңнен ысырып, кәсібіңді тұралататын, бәсекелестік биіктігіне жетелейтін нарықтық қоғамның жаңа технологияларының жетегіне еріп, қарыштап дамуда. Аталарымыздың тіршілік нәріне айналған мал шаруашылығы біраз уақыт ауру адамдай аяғын сылтып басса да, жаңа ғасырдың басында ата кәсіп қайта жанданып келеді. Нарықтың кезеңінің шырмаулы бұғауына түскен кәсіпкерлік әмияны «көк қағаздың көлемін өсіремін» деп, өнім санын арттырғанымен, сапасы төмендегені анық.
      Адам өзінің күшіне, біліміне, адал еңбегіне ғана сенетін уақыт. Адам ерінбей еңбектенсе ғана ойындағысының бәрі орындалады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Төлепов Алмабек Болатбекұлы да жоғарыда айтып кеткеніміздей өзінің күшіне ғана сеніп, нар тәуекелмен кәсіпті қолына алып, күні бүгінге дейін жолда кездескен кейбір қиындықтарға қарамастан, жемісті еңбек етіп, ел ризашылығына бөленіп, абыроймен қызмет етіп келеді.
      Жомарт жанымен, дарқан пейілімен, сабырлы да парасатты, келісті де келбетті, қажырлы да қайратты қалпымен үлкен-кішіні баурап тұратын көркем мінезді азамат жайлы жазудың өзі бір бақыт. «Бидайдың басында дәні неғұрлым көп болса, ол соғұрлым иіліп тұрады, ал ол аш болса соғұрлым қайқиып тұрады» деген тәмсіл осы азаматқа арналғандай-ақ. Қашанда қарапайым қалпынан танбаған, адамгершілігі мол, көзі ашық, көкірегі ояу, тіршіліктегі тірлігі, жүріп өткен жолы көпке үлгі боларлық жан. Қазақы тәрбие мен тәмсілге сусындаған азаматтар қашанда ел игілігі үшін қызмет етуді парызы санайды. Міне, осындай еңбектің кетпенін сілтеп, адами асыл қасиеттерін өмірінің негізгі тірегі етіп келе жатқан аудандық мәслихат депутаты, республикалық «Үздік депутат» аталымының және «Жомарт жүрек» номинациясының иегері Алмабек Болатбекұлы 1984 жылы Ақтөбе облысы (қазіргі Әйтеке би) ауданының Тұмабұлақ ауылында дүниеге келді. Шөбі шүйгінде өңірдің тамырлы тарихымен танысып, саф ауасымен тыныстап, бақытты балалығын қасиетті топырақта өткізген Алмабек ата-анасының жұмыс бабымен аудан орталығына көшіп келіп, білім ордасының табалдырығын осы өңірде аттайды. 
      Әр дәуірдің де өз ағымына сәйкес, бейімделген, кішкентайынан машықтанған ортасы болатыны секілді, әділдік пен адалдықты ту еткен, өнегелі отбасында тәлім алған жас мектеп қабырғасында да қабілетті шәкірттердің сапында болып, сыныптың, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласты. Сабақ бағдарламасын еркін меңгерумен қатар, спорттық, қоғамдық-мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүріп, игі істердің бастамашысы бола білген жастың техникаға деген әуестігі, қолы тиген жерін жөндеп жіберетін, іске қосатын қолының ебі бар жігіт болып өсті. Осылайша, икеміне бас ұрып, М.Жұмабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектепті 1998 жылы бітірген соң Комсомолдағы оқушыларды түрлі мамандықтарға баулитын кәсіптік-техникалық мектебіне түсті. Ел экономикасының дамуы – ауылшаруашылығының тұралап алмауына байланысты болған сол жылдары, осы бір дәстүрлі салаға ерекше көңіл бөлініп жатқан еді. Қазіргідей жеке даралап іс бастап кетпесе де, қолынан іс келетін, ісінің тиянақтылығы бар, жауапкершілігі басым жастарды колхоздар мен совхоздарда, өзге де ұжымдасқан шаруашылықтарға тартып жатқан кез еді. Оның үстіне техниканың тілін білетін жас өзінің таңдауымен «Автожүргізуші» мамандығын игерсе де, 2001 жылы Ақтөбе политехникалық колледжінің дизайнерлік бөлімінің студенті атанып, 2005 жылы аяқтап шықты. 
      Бірақ, тоқыраудан енді басын көтеріп, еңсесін тіктеп жатқан сол жылдары, ауыл шаруашылығының ажарынан өң кетіп, нарық талабына сәйкес басқа да тың мамандықтар шығып жатқан күрделі кезеңдері, оқуды бітірген жас маман үшін сала бойынша жұмыс табыла қоймады. Бірақ, назары тік, қимылы ширақ, қандай істің де ебін таба білетін Алмабек Болатбекұлы алдымен ауылдағы жеке дүкенде жүкші, сосын сатушы болып еңбек жолын бастады. Одан кейінгі жылдары белең алған құрылысшы 2006 жылы еңбек етсе, әр салада тәжірибе жинақтаған Алмабек 2007 жылы енді жеке кәсіпте бақ сынап көруді ұйғарды. 
      Талаптыға тау да аласа, бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, күрделілігі басым болса да табандылық пен сабырлылық таныта отырып жеңіп шығатын жас Алмабек алдымен аудан орталығында пластик терезелер және жиһаздар дайындайтын шағын цех ашты. Тың саланың да қиындықтары, өзіндік кедергілері болатыны секілді, көлденең кездескен тежеулер болмай қалған жоқ, бірақ, өз ісінің дұрыстығына көзі жеткен жас кәсіпкер аянып қалмады. Уақытпен санаспай еңбек етті. Оның үсіне құрылыс нарығы күннен-күнге өрістеп келе жатқан сол кездері заманауи пластикалық терезелерге деген сұраныс өте көп еді. Сапалы дүниеге қашанда сұраныс болады. Шағын бизнестен үлкен кәсіпкерліктің баспалдағы басталды. 2016 жылы аудан орталығында екі қабатты «Мақсат» сауда орталығын ашты. Түрлі тұрмыстық тауарлар, өз өндірісінің жиһаздары, құрылыс материалдары сатылатын сауда орталығының иесінің сөзіне құлақ түрсек:
      - «Біз тұтынушылардың тапсырысы бойынша жұмыс жасаймыз. Бұл жерде менің мамандығым өте пайдалы болды. Ауданның Сарат және Басқұдық мектептері біздің өндірістің жиһаздарымен толық жабдықталған. Бетон өнімдерінің шағын өндірісі бар. Біз құдықтар мен кәріздерге арналған сақиналарды дайындаймыз. 
      Мен өз кәсібімді шағын істерден бастадым. Алғашында қиындықтар болды. Барлығына шыдап, алған мақсатымды орындауға бар күшімді салдым. Жылдар өте жетістікке жете бастадым. Сауда орталығымен қатар, басқа да кәсіп түрлерін жолға қойдым. Бірақ алғашқы сәттегі қиындықтарды жеңу оңай емес. Аудан басшылығы өз тарапынан қай кезде де қажетті қолдау көрсетуде», - деп кәсіп бастаудың алғашқы кездері туралы айтып өткен Алмабек Болатбекұлының имани ұстанымы оны ешқашан адастырған емес. Қолынан келсе көмектескенді құп көретін, қашанда жан-жағындағылардың тұрмыс-тіршілігін бағамдап, кем-кетіктерін түзеуге, мұң-мұқтаждықтарын толықтыруға асығып отырады. Өзінде барды бөліп беруге дайын азаматтың даладай дарқан көңілін ел тегіс біледі. 
      «Қолыңнан келсе қол ұшын соз, жақсылық жаса, бұл адамшылығыңның көрсеткіші» дегендей, қамыққан жанға қуаныш сыйлауға, жабыққанға жұбаныш болуға тырысатын, озық ойлы, көргені мен түйгені мол, жомарт жүректі азамат.
      Әрине, сырт қарағанда бизнес жасау оңай көрінеді. Бірақ, ол ойға ғана. Ал, сол істі қолға алғанда қандай қиындықтар болатынын, көзге көрінбейтін кедергілердің кездесетінін, ол тығырықтан тек іскерлікпен, өзіңе деген сенімділікпен, қайсарлықпен ғана шығуға болатынын білсең ғана, жетістікке жетуге болатыны сөзсіз. Алмабектің де бұндай қиындықты бастан өткергені көпке белгілі. Бірақ, оған мойымады, өз жүрегіне сенді, кәсібіне деген құрмет оны талай тосқауылдардан алып шықты. Сондай іскерліктің арқасында Алмабек Төлепов аудандағы белгілі кәсіпкер, беделді азаматтың бірі. Аудандағы болып жататын түрлі қайырымдылық шараларынан шет қалып көрмеді, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып келеді.
      Кәсіпкерлік саласында жүріп қол жеткізген жетістіктері де баршылық, бұған қатталып жатқан дипломдар мен алғыс хаттары дәлел. Атап айтар болсақ:
      ✦ 2013 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында елге еткен мүлтіксіз, адал қызметі мен қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін Ақтөбе облысы әкімінің «Алғыс хаттары»;
      ✦ 2017 жылы Елбасы, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын табысты жүзеге асыруға өз үлесін қосқаны үшін «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының «Алғыс хаты»;
      ✦ 2018 жылы Өңір экономикасына және кәсіпкерліктің өркендеуіне қосқан үлесі үшін Ақтөбе облысы, Кәсіпкерлер палатасының «Алғыс хаты»;
      ✦ 2020 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және жоғарғы кәсібилігі мен мәслихат депутаты қызметіндегі бірлесіп атқарған еңбегі үшін Әйтек би ауданы әкімінің «Алғыс хаттары»;
      ✦ «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастырған кәсіпкерліктің экспресс-курсынан өткені жөнінде Сертификаттар;
      ✦ 2021 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Алғыс хаты»;
      ✦ Туған өлкені дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Жыл меценаты» аталымы бойынша «Жомарт жүрек» медалінің иегері;
      ✦ «Біздің депутат» Республикалық қоғамдық-саяси газетінің рейтингі бойынша үздік деп танылғаны үшін «Үздік депутат – 2021» төсбелгісін иеленді.
      Кейіпкеріміз кәсіп саласында жүрсе де, қоғамдық істерден шет қалған емес, әрдайым ел арасында жүрді. Өзінің біліктілігі мен сенім артуға болатын азаматтығының арқасында 2014 жылы «Жас Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филалы тарапынан Елбасы Н.Назарбаев қатысқан съезге делегат болып қатысып, ол жерде өзімен қатар кәсіп иелерінің сөзін тыңдады, пікір алысты, ой бөлісті. Өзін қызықтырған көптеген сауалдарға жауап тауып, ауылға оралған соң ізденісін одан әрі дамыта түскен кәсіпкер 2018 жылы аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Бұл кәсіпкердің халықтың сенімінен шыға білгендігі, құрмет төріне көтеріле білгендігі еді. Осылай жалғасын тапқан сенімінің арқасында аудандық мәслихат депутаты ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерде белсенділік танытып, аумақта бизнестің дамуына және жас кәсіпкерлер қажетті қолдау жасау жолында өз ұсыныстарын енгізіп келеді. Бұл мәселе Алмабектің назарынан түскен емес. Кейіпкеріміз жастардың өз кәсібін ашуына қолдау жасауда, оларға қажетті көмегін еш уақытта аяған емес. Оған жұртшылық куә.
       - «Мен мемлекеттің әрі қарай дамуына шағын жəне орта бизнестің де маңызы зор деп білемін. Сонымен қатар, жұмыссыздар санын азайтуға өз үлесімді қосып келемін. Тұрақты 8 адам жұмыс жасаса, маусымдық жұмысқа да жеті адам тартылады. Осылай бірнеше отбасына жұмыс тауып беріп отырмын. Алдағы кезде де мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жолдауындағы кəсіпкерлерге айтылған тапсырмаларды орындау жолында жеке кəсіпкер ретінде ғана емес, аудандық мəслихат депутаты ретінде де атсалысатын боламын», - деген Алмабек Болатбекұлы қайырымдылық көмегін көрсетуден ешқашан бас тартып көрген емес. Мысалы, алыстан іздемей-ақ, өткен жылдың өзінде аз қамтылған төрт отбасына ауыз су құбырын тартып, кәріз жүйелерін жүргізіп берді. Сондай-ақ, желілерде қолдау күткен талай сырқат бейтаныс жандар туралы ақпарат көрсе, одан өтіп кетпей, қаржы аударып, танымаса да жүрек мейірімін көрсетіп келеді. Оны санамаласақ, біраз уақыт алары анық. Бұл да Алмабектің адамгершілік қасиетінің бір көрінісі. Аудан орталығымен іргелес Талдысай ауылына 3 млн. 800 мыңға спорт кешеніне сметалық жобалау құжаттамасын әзірлеу үшін өз қаражатынан ақша бөлді. Күнкөрісі төмен отбасылар мен аз қамтылған отбасыларына қашан да көмегін көрсетіп, өз жәрдемін жасауда. Ұлттық мерекелердің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, мұрындық болып жүреді.
      Кәсіптің табысты да берекелі болуы үшін, қабілет қана емес отбасының қолдауы да маңызды. Кейіпкеріміздің шаңырағын шаттыққа бөлеп, түтінін түтетіп отырған жары Тынымжан бизнес саласындағы барлық ауыртпалықты бірге көтеріп, істің ілгері басуына өз септігін тигізуде, сонымен қатар, отанасы ретінде үйдегі шаруаларға да уақыт табады. Өнегелі отбасының екі баласы мектепте оқиды.
      Қолынан келгенін жасап, кәсіп қылғанның өмірі жарқын болады. Ал кәсіптің көзін тауып, ісін дамыта алса, нарықтың талаптарын бағындырар болса тіпті құба-құп. Жалпы қандай да болмасын кәсіптің ұтымды жолы ол отбасылық бірлікте деп едім. Себебі, ол дәлелденген ақиқат. Онсыз қолға алған кәсіпті өркендету қиын болады. Кәсіпті қолға алған адамда тәуекелшілдік пен еңбекқорлық, сондай-ақ, нарықтық аумалы-төкпелі өзгерістерге дайын болып, күнбе-күн болып отыратын жаңашылдықтарды меңгеріп отыруы керек. Сонымен бірге кәсіптің ең маңыздысы жарнамасын жарқырата жасауды жүйелей білуі бастысы болмақ. Жалпы кәсіпті бастайтын адамға талмайтын талап, шынайы ниет, жоғары ынта, мықты жігері болуы керек. Кәсіп ашып, нәсіп қыламын деген адам тынбай еңбек еткенде ғана ісі берекелі болатынын айта кеткен де дұрыс. Білетін кәсібін ашып, елге де, өзіне де пайдасын тигізу бүгінгі заманның талабы десек, кез келген кәсіпті аяғынан тік тұрғызу оңай шаруа емес екенін де білген жөн. Бұл жолда қандай да бір қиындықтарға кезігері рас. Күн өткен сайын табысы молайған кәсіпкерліктің ғана болашағы жарқын, несібесі мол болатыны сөзсіз. Бұл қағиданы барлығы жақсы біледі. Өмірдің өзі күрестен тұрады ғой. Жолда кездесетін қиындыққа мойымай, өзінің қажырлы, қайратты адам екенін дәлелдей түсу үшін алған бетінен қайтпай еңбек ете беру керек. Міне, осындай қасиеттер бойынан табылған Алмабек Болатбекұлының жүретін өз жолы, шығатын өз биігі бар. Біз оның кемелді келешегіне, кәсіпкерлік жұлдызды сәттеріне талай куә боламыз. Оған қазіргі өз ісімен өнеге болып келе жатқан сәулелі сәттері дәлел. 
      Сенімді серік етіп, өзінің көріп-білгені мен таным-түйсігінде тәжірибе болып қалыптасқан білімін ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлерге ақыл-кеңес ретінде айтудан жалықпай, ізбасарларына жол көрсетіп келе жатқан Алмабек Болатбекұлының кәсібіне табыс, береке, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...
14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...