Мақсаты биік табысты азамат
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қазақтың аталы сөзі қалай дәл тауып айтылған десеңші?! Үйде баталы ауызды үлкен болғаны баға жетпес байлық. Үлкеннің ақылы қай кезде де керек, онсыз болашағыңды да бағдарлай алмайсың. Көпті көрген көнекөздерді тұнып тұрған кітапқа теңеуге болады емес пе?! Ауыл-аймағына сыйлы, абыройлы, өте білімді, ілімді молда, баталы қария болған Қорғанбек ақсақалдың киелі қара шаңырағы қонақтан арылмаған, дастарқаны дәмнен арылмаған қасиет қонған әулет болған. Қорғанбек ақсақалды өзінің ұрпақтары ғана емес, бүгінде дүйім елі оның қадір-қасиетін, дінін қастерлей білген, салтын сақтап, жан-жағына ізгілікті ілімімен рухани азық берген азамат ретінде ардақтайды. Есімін еске алып ұлықтайды.
![]()
Бұл әулетті былайғы ел өнегелі, тұрмыс-тіршілігі баянды, өзара сыйластықтары жарасқан, ауызбіршілігі мол, еңбекқор әрі қамқор пейілді мейірімді қалыптарында жақсы біледі. Көпшілігі осы әулеттей болуға ұмтылып, баталы қарияның батасын алуға асығатын. Бүгінде бұл әулеттің балаларының өзі адамгершілікке бай, алды мен артын бағамдап сөз сөйлейтін, уәдесіне беріктігімен, қазақы ұстанымдарына адалдығымен, адамдармен аралас-құраластығымен, ағайын-жақынға деген қамқорлықтарымен де сыйлы. Біз әңгімелегелі отырған Бекмурзаев Бауыржан Сейтбекұлы міне, осындай киелі қара шаңырақта 1989 жылы дүниеге келген. Яғни, Бауыржан Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласына қарасты Құрбан-Ата ауылының тумасы. Орта жүзден шыққан, руы Оразгелді, Тиекті. Арғы атасы Қорғанбек атасы Оразгелді елінің молдасы, ақыл айтар ақсақалы болған.
Бала күнінен өте зерек те ақылды болған Бауыржан атасы Қорғанбектің жанында көп болатын. Оның өсиетке бергісіз әңгімелерін, ертегі-аңыздарын естіп, еңбекқорлыққа, адалдыққа, әдептілікке тәрбиеленіп есейді. Атасы мен әкесінің жанынан бір елі шықпайтын зерек бала ер азаматқа тән барлық қасиеттерді бойына сіңіріп өсті. Иә, балаға ата-ананың тәлімді тәрбиесі бүкіл ғұмырына азық болатынын осыдан-ақ байқауға болады. Үлкеннің тілін алып, еңбекке жақын болып, өзінен ауысқан пайданы еліне де теңдей үлестіре білу кез келгеннің қолынан келмейтін іс дер едім. Бауыржанның әкесі Сейтбек өте еңбекқор азамат. Өзінің жеке автобустары бар, өзі талай жылдардан бері көлік жүргізушісі болып еңбектен қол үзбей келеді. Ал анасы ақ халатты абзал жан. Медицина саласында 38 жыл бойы адал қызмет еткен жан. Отбасында 3 ер бала, 2 қыз бала тәрбиелеп өсірген жандар. Бес баласына тәлімді тәрбие берген Сейтбектің өзі де қолынан келгенінше адамдарға көмек бергісі келіп тұратын, жақсылық жасағанды жаны сүйетін азамат. Бес баланың кенжесі болғандықтан әсіресе, Бауыржанды қатты еркелететін әкесі өте балажан кісі. Міне, сол қасиеттердің барлығы Бауыржанның бойынан табылып жатады.
![]()
- «Атам мен әкемнің жанында болу маған қатты ұнайтын. Білмеймін, өзге қатарлас балалар далада доп теуіп жүргенде мен атамның жанында отырып қызықты өткен-кеткен әңгімелерін тыңдап, әкемнің жанында жүріп, ертерек еңбек етіп, азамат болуға талпындым. Ойын баласы болсам да, барлығына уақыт табуға тырысатынмын. Ойымды сергітіп бірауық ойын ойнап келіп, қайтадан қарт атамның жанына жантая кететінмін. Атамның «айналайын құлыным» деген сөзінен кейін жанында тым-тырыс отыра қалып, ақыл-кеңестерін тыңдаймын. Онан қалса білгім келген нәрселерді сұрап жай таптырмаймын. Атам ашық тұрған кітап іспетті. Қандай сұрақ қойсаң да жауабы тап-тұйнақтай дайын тұратын. Мен болсам кітапханадан бір жақсы кітап алып оқығандай әсер алып, сол күнгі естіген-білгенімді ойын балалары, достарыма айтқанымша асығатынмын. Әкем Сейтбек өте қайратты кісі. Қай шаруаны болмасын дөңгелетіп әкететін. Ешуақытта «Мен шаршадым, дамылдап алайын» демейді. Анам Бибіханда бәйек болып, «Шаршадың-ау, демалсаңшы» демей, үн-түнсіз жағдайын жасап, ас-ауқатын беріп, «қайда барасың, қайдан келдің?» деген сықылды сұрақтармен уақыт алмайтын. Екеуі үнсіз түсінісіп, бірін-бірі қолдап отыратын жандар. Ата-анамның мызғымас сыйластығы мен татулығына мен де бала болып сүйсінетінмін. Болашақта менің де отбасым осындай берекелі болады деп армандайтынмын. Кішкентай кезімде әкем Алматыдан апта сайын келген әрбір автобустан әртүрлі ойыншықтар (джип машиналар) әкеліп беретін. Сол кезде бала жүрегіммен әкеме: «мен сізге өскенде осындай машина сыйлаймын» деп айтатынмын. Арман демекші, армансыз адам болмайды ғой. Менің арманым көп болатын. Мектепті үздікке оқып, аяқтасам, өзімнің кәсібімді ашып, елге пайдам тисе, ата-анамды, отбасымды ең жақсы жерлерге қыдыртсам дейтін бала арманым көп болатын. Тіпті мектеп кезінен бастап мен ақшаны қалай табуға болатыны жайлы көп ойланатынмын. Ақшасыз өмір сүру мүмкін еместігін де білетінмін. Ия, менің балалық арманым айна-қатесіз жүзеге асқанына Аллама мың мәрте шүкіршілігімді айтамын, мен бақытты азаматпын», - дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.
![]()
Бауыржан Сейтбекұлы Құрбан-Ата ауылындағы Н.Оңдасынов атындағы орта мектепке алғаш қадам басып, сол мектепте 11 жыл бойы білім алды. Кішкентайынан өте зерек болған ол бастауыш сыныптан бастап барлық пәндерді дерлік үздікке оқыды. Тіпті оқу озаты болып, сыныптастары арасында көш бастап, түрлі пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды алып жүрді. Мектептің қоғамдық өмірінен тыс қалмайтын. Сыныптың қайсыбір іс-шарасын ұйымдастыруға атсалысып, ұстазының оң қолы болып жүрді. Кез келген іске белсене, құлшына араласа кететін өте елгезек болды. Ұстазының тапсырмасын екі етпей орындайтын, жауапкершілік өзіне түсетін болса, оны аяғына жеткізбей тынбайтын табанды болды. Атасының жанында көп болғандықтан да болар сөзге ұста, уәдесіне берік, жан-жақты, жаңалыққа құлағын түре жүретін, байқампаз, сақ болып есейді. Ізденімпаз арманшыл бала алғашқы табысын 6-сыныпта оқып жүргенде тапқан еді. Еңбек етуден ұялмайтын. Қолынан келсе кез келгенге көмектесуге әзер тұрады. Ұстаздары оның сондай жан-жақты қасиеттерін мақтан ететін, сыныптастары болса онымен дос болуға ұмтылатын.
Сабағына өте мұқият болды. Себебі, ата-анасы үнемі «білімді болсаң, бай боласың» дейтін, әрине, бұла ата-анасының байлықты меңзегені емес еді. Алайда, оны бала Бауыржан да білетін. Естияр бола келе батыр атасының атын алғанын да мақтан ететін. «Мен Бауыржан Момышұлы атамыз секілді тілімнің жанашыры боламын, қандай іс істесем де елім үшін жасаймын», - дейтін. Бала Бауыржанның бұл сөзіне үйінің үлкендері де мәз болып, арқасынан қағып, өркенің өссін деп жататын. Бала арманы орындалып, Бауыржан 2018 жылы «Aura Kazakhstan» компаниясында қызмет етіп жүрген кезінде, адал еңбегімен әкесі мен анасының 60 жылдығына Lexus автокөлігін сыйға тартты. Әрине, оған дейін бірнеше рет көліктер алып берген. Ал, анасына Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы өмір жолында абыройлы 38 жыл еңбек еткені үшін «Алтын жүрек» медалін тақты.
![]()
Алтын ұя мектебін ойдағыдай жақсыға бітіргеннен кейін 20 жасында Ақтау қаласына барып, «Aura Kazakhstan» компаниясына жұмысқа орналасады. Жаңа жұмыс ортасына өзінің қарапайым адам жатырқамайтын мінезінің арқасында тез сіңіп кетті. Әрі өзіне тапсырылған жұмысын жақсы көріп істегендіктен, аянбай халыққа қызмет етіп, аз уақытта сол компанияның белді мүшесіне айналып үлгерді. Өзінің ашық-жарқын қалпымен кез келген адамды өзіне баурап алатын тамаша қасиеті бар. Үлкенмен де, кішімен де сіз бен бізді ұмытпайды. «Сіз» деп сыйлап тұрған азаматты кім болса да өзіне жақын тартатыны рас қой. Өзінің биік беделімен, білімімен бар болғаны 23 жасында 2012-2014 жылдары Атырау қаласында директорлық лауазымына тағайындалады. 2014-2015 жылдары Алматы қаласында директор лауазымы қызметін, 2015-2017 жылдар аралығында Ақтөбе қаласында директор қызметін, 2017-2019 жылдар аралығында өзінің бұрынғы жұмысқа қабылдаған жері Ақтау қаласында директорлық қызметтерін атқарады. Осылайша, Бауыржан мырза Атырау қаласында 2 жыл, Алматы қаласында 1 жыл, Ақтөбе қаласында 2 жыл, Ақтау қаласында 3 жыл аталмыш компанияда еңбек етеді. Жас та болса өзінің тынымсыз еңбектенуінің арқасында біраз белестерден сүрінбей өтті.
Осылайша, 10 жыл адал қызмет атқарып, қаншама мықты шәкірттер дайындап шығарды. 2019 жылы «Aura» компаниясының басшылығына үлкен алғысын айтып, өз еркі бойынша жұмыстан шығып, өзінің «Everest Kazakhstan» компаниясын ашты. Бауыржан өзі он жыл «Aura Kazakhstan» компаниясында жұмыс жасаған уақытында тәжірибелі, мықты маман болып шығуына бағыт-бағдар берген Ахметов Надыржан ағасына шексіз алғысын айтады. Ол кісі тек жол көрсетуші ғана емес, әкесі мен анасындай қамқор болып кеткен кісі. Себебі, ол кісінің жұмыста ғана емес, өмірге де берген рухани азығы ешқашан өшпейтін ақылдың мәйегі. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, Надыржан салған сара жолымен «Everest Kazakhstan» компаниясын ашады. Компания жыл сайын отбасы жағдайы төмен жандарға қайырымдылық шараларын жасап тұрады. Мақсаттары айқын, мүдделері биік Бауыржан мырзаның алға қойған мақсаттары көп. Солардың негізгісі: біраз ауылдық жерлерге мешіттер мен мектептер салу, білім беріп, үйрету, тренингтер жүргізу. Ал өзінен кейінгі жастарға: «Жетістікке жеткің келсе, биіктен көрінгің келсе, жалындап тұрған жастық шақта энергияң бар кезде, денсаулығың бар кезде 20-35 жас аралығында аз ұйықтап көп жұмыс жасап еңбек етіңдер! Жалқау болмаңдар! Еңбек етіңдер!» - деген ағалық ақыл-кеңесін айтады.
![]()
Әлихан Бөкейхановтың: «Тірі тұрсам, елге қызмет етпей тұрмаймын» деген сөзін өмірлік ұстанымы санайтын Бауыржан мырза досқа адал, бес уақыт намазын үзбейтін жан. Қазіргі таңда шет елден Түркия елінен халықтың денсаулығына өте пайдалы зат-су тазалайтын фильтр алып келіп, оны сатумен айналысуда. Сонымен қатар, денсаулыққа пайдалы диеталық тағамдар дайындайтын, түрлі шырындар шығаратын «Supercook» асханалық комбайнын Германиядан алдырып компаниясында сатып жатыр. Қазақстанның Алматы, Ақтау, Шымкент қалаларында филиалдары бар. Тынымсыз еңбекқор азамат сонымен бірге, Жетісайда диқаншылықпен де айналысып, қауын егіп, оны өздерінің фураларымен Ресейге экспорттап отырады.
Бауыржан мықты маман, табанды көшбасшы ғана емес, үлгілі жар, ардақты әке. Өзі бала кезінде арман еткендей бүгінде адал жары бар. Инабатты, иманды жары Дана екеуі отбасында Мұхаммедәли есімді ұлы мен Иланнұр есімді қызын тәрбиелеп, өсіріп отырған бақытты жандар. Бар арманы еліне, туыстарына адал қызмет етіп, діні мен тілінің жанашыры болу. Міне, осындай азаматтар қатары көбейе түссе, еліміздің еңсесі биік, тұғыры мықты боларына сеніміміз зор. Табысты азаматқа табысыңыз арта түссін деген тілек білдіреміз.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()