Гүлдіран Тұрсынханқызы

Рейтинг:

Заманауи бизнес өкілі

      Еңбек етіп, кәсіп жасаймын дегенге қазіргі уақытта көп мүмкіндік бар. Нарықтың заңдылықтарын зерделеп, қолынан келетін, көңіліне жақын кәсіпті қолына алып, елге пайдасын тигізіп жүрген бақытты жандар арамызда өте көп. «Бақыттың ішіне бәрі сияды» дегенді жиі айтамыз ғой. Расында бақытқа қалай жетуге болады? Адамзат жаралғалы бері талай дүлдүл ақындар мен ғұлама ғалымдар осы сұрақтарға жауап іздеп келеді. Бірі бақыт – балалық балдәурен шақ десе, енді бірі бақыт – отбасының амандық-саулығы дейді. Жөн ғой, бақыттың жұрнағы өте көп. Бұлардың ешқайсысын теріске шығармаймыз. Өйткені, бақытқа әркім әр түрлі жолмен жүріп өтіп барады. Бүгінгі таңда өзінің қарым-қабілетіне қарай заманауи тұрғыда ісін, кәсібін жүргізіп отырған қыз-келіншектер көп. Нәзік жандылар қай салада болмасын өздерінің терең ойлылығымен, яғни, ақылдылығымен көзге түсіп, мақталып жатады. Алла тағала берген қабілеті мен қасиетінің, күш-жігерін, ерік-жігері бойындағы білімі мен үздіксіз ізденісі, алға ұмтылған талпынысы мен асқақ армандары, жетелеген мақсаты әлі де жоспардағы көптеген жобалары іске асырылып, қоғамға пайдасын тигізуді ойлаған нәзік жанды бизнес иелерінің бірі – Гүлдіран Тұрсынханқызын айта алар едік.
      Өмір бұралаңдарында талай қиындық көрсе де қажымай, талмай, қайта қайнаудан шыққан болаттай болып қайралып шыққан қайсар кейіпкеріміз Гүлдіран Тұрсынханқызы 1982 жылдың 15 қаңтарында шекара бөлінісі кезінде аяғы бетте қалған бүгінгі Қытай Халық Республикасының Шыңжан-Алтай аймағы, Жеменей ауданында дүниеге келді. Өмірден өз орнын табуға тырысқан әр перзент үшін ата-ананың орны ерекше. Гүлдіранның да ата-анасы елге сыйлы, өз заманының озығы, халықтың алғысына ие болған абыройлы жандар. Тағдыр желінен қорған болған әкесі Тұрсынхан Әлханұлы мен анасы Гүлзипа Құсыман диқан отбасында өскен еңбек адамдары. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйенерге тұрар ол» дейді қазақ даналығы, оқырманымызға түсінікті, әрі бүгінгі кейіпкеріміздің тектілігі, ұлы тұлғаның перзенті екенін жеткізу үшін Гүлдіран Тұрсынханқызының әкесі туралы кеңірек айтып өткенді жөн көрдік. 
      Тұрсынхан Әлханұлы - ҚХР Шыңжан жазушылар одағының мүшесі, Іле педагогикалық институтының доценті жазушы, сыншы, зерттеуші, драматург, журналист, педагог. Алтай аймағының педагогикалық мектебі қоғамдық ғылымдар класында оқып, 1980-1989 жылдар аралығында Жеменей аудандық №1 орта мектепте оқытушы, ғылыми мүдір болған. 1981-1984 жылдар аралығында Шыңжан радио педагогикалық университетінің әдебиет мамандығы бойынша білім алып, 1989-2003 жылдар аралығында Іле облыстық мәдениет-көркемөнер мектебі оқыту бөлімінің басшысы, 2003-2007 жылдар аралығында Іле оқу-ағарту институты ғылыми журналының меңгеруші редакторы қызметтерін атқарған. 
      Ата-анасынан 9 жасында айырылып, әпке-жезденің қолында ержеткен Тұрсынхан Әлханұлы ата-анасынан ерте айырылғаннан соң ба, әлде қатал тағдырды көргеннен соң ба өте қайсар, оқуда үздік, қиыншылыққа төзімді болып ержетіп, оқушы кезінен бастап әдебиетке қызығып, өлең жазумен шұғылданды. Алғашқы тырнақалды туындылары 1980 жылы жарық көрген оның шығармалары газет-журналдарға өлең, очерік, мақала, әңгіме болып жарияланады. 
      - «1982 жылы «Шыңжан» газетінде жарияланған «Үй күшік» атты өлеңі және «Алтай аясы» журналында жарияланған «Сарқыт» атты әңгімесімен әдебиет алаңына ат басын бұрған әкем содан бері түрлі жанрда әдеби туынды ғылыми зерттеу мақалаларын қамтыған 380-нен артық туындыны дүниеге әкелді. Оның «Бір тамшы жас» әңгіме-повестер жинағы «Ұстаның ұлы» әңгімелер жинағы, «Жүрек мәңгі қартаймайды» повестер жинағы, «Тез басында» әдеби сын зерттеу мақалалар жинағы, «Бір кезде кіп-кішкентай бала едің» романы жарық көріп, оқырмандарынан өз бағасын алды. 
      Әкем Тұрсынхан Әлханұлының «Қиял және ақша» повесі 2003 жылы «Шинжан қазақ-қырғыз әдебиетінің «Тұлпар» сыйлығын алса, «Ұлттық дәстүр және көркемөнерлік ағарту» атты мақаласы қытай тіліне аударылып, 2000 жылы бүкіл мемлекеттік орта дәрежелі көркемөнер Іле ағартуды зерттеу қоғамы жағынан таңдаулы ғылыми мақала болып бағаланды. Бұдан бөлек «Ғашығым» (мәтін), «Келін келді» (радио театры), «Аға буындар мен жастар» (мақала), «Той туралы томпақ ойлар» (мақала) тағы басқа туындылары әр түрлі марапаттар мен сыйлықтарға ие болды. 2007 жылы «Шыңжан әйелдері» журналы жағынан «Үздік автор», 2011 жылы Шыңжан халық радиостанциясы жағынан қазақ тіліндегі радио театрына ерекше үлес қосқаны үшін марапатталды.
      Әкемнің есімі мен еңбектері «ҚХР осы заман жазушыларының есімдік сөздігінде», «ҚХР осы заманғы қаламгерлер сөздігінде», «ХХ ғасыр ҚХР қазақ жазушылары» сөздігінде таныстырылып, әкемнің дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан 2012 жылы «Тірліктен теріп алғандар» атты әңгімелер мен повестер жинағы жарыққа шықты», - дейді қызы Гүлдіран Тұрсынханқызы әке жетістіктеріне кеудесін кернеген мақтанышын жасыра алмай. Әрине бұл тек кейіпкеріміз үшін ғана емес, дүйім қазақ жұрты үшін үлкен мақтаныш.
      «Мен әкем секілді жазушы болмасам да, ата-анамның тәрбиелеуінде бір белестерден көрінсем, өзімнің жеке бизнесім болса деп армандайтынмын. Сол арманға жетсем деп, осы жұмыстармен шұғылданып жатырмын. Бұл да болса менің өнегелі, тәрбиелі отбасында бойжеткенім» деп ішкі сырын жайып салған Гүлдіран Тұрсынханқызы балалық шағын қытай елінде өткізді. Құйтын қаласында №5 орта мектептің табалдырығын аттап, ҚХР үкіметінің саясатына сәйкес 1989-1998 жылдары 8 сыныптық білім алады. Ағайынның құрметіне бөленген әкенің тәлім бұлағынан сіміре су ішіп, имандық мен ибалылықты перзентінің бойына сіңіре білген ананың өнегесін көрген Гүлдіран мектеп қабырғасында жүріп те өзінің алғырлық қабілетін көрсете білді. Кішкентай кезінен анасының жанынан шықпай қолғанаты бола білген кейіпкеріміз білім ордасындағы пән сабақтарын толығымен, тереңірек меңгеріп, өз ортасының үздігі болумен қатар, сыныбының көшін алға сүйреген белсенді оқушы болды.
      Сегіз кластық мектепті бітірген, етеңгі күнге, болашаққа деген ұмтылысы ерекше Гүлдіран 1998 жылы Шыңжан қаласына келіп, Іле автономиялы облыстық медициналық мектепке келіп, медициналық лабораториялық тексеру мамандығын тереңірек кәсіби түрде оқиды. Жанарын да от ұшқындаған жас кәсіби мектепті бітірген соң, 2002 жылы Іле облыстық Құйтын ауруханасының лаборатория бөлімінде іс тәжірибеден өтіп, 2003-2005 жылдары білімін одан әрі жетілдіреді. Табиғаты нәзік, әсемдікке, сұлулыққа құмар әйел заты емес пе, 2005 жылдың желтоқсан айынан 2006 жылдың наурыз айы аралығында Шыңжан қаласында сұлулық өнерін оқып, 4 ай курсынан өткен Гүлдіран Тұрсынханқызы, тағдырдың жазуымен, оның үстіне таудан асып түссең ыстық лебі есіп тұратын атажұрт Алматы қаласына 2006 жылдың 13 наурызында келеді. 
      Осылайша, тілегі мен жүрегі бір атажұртқа табаны тиген Гүлдіран Тұрсынханқызы алғашқы еңбек жолын сұлулық саласында бастайды. Өмір диірмені жұмыр жүректі пенденің айтқанымен айналған ба, таңдаған саласы медицина болғанымен, одан әрі тағдыр сүрлеуі сұлулық салонына ауысып осы салады еңбек еткен кейіпкерімізді сананы билеген тұрмыс, өз дегеніне көндіреді. Өзінің шапшаңдығы, етінің тірілігі, ширақтығының арқасында күнделікті тіршіліктің шамын жаққан Гүлдіран сол жылдары белең алып жатқан көпшіліктің назары ауған желілік (сетевой) компанияға жұмысқа кіріседі. Бұл жерде де өзің қимылдап, тірлік етпесең ешкім келіп сенің аузыңа нан салмайды, уақытпен таласа еңбек ете білді. Жастығын еңбекке, жалынын отқа айырбастап, талап тұлпарына қамшы басқан Гүлдіран Тұрсынханқызының осы бір қиын сәттердегі басынан кешкендерін өз аузынан естісек. 
      - «2016 жылдың ақпан айынан бастап Алматы қаласында сетевой компанияға бизнеске бет бұрдым. Аллаға шүкір бизнеске қалай келдім, менің өмірім 380 градусқа өзгерді. Алматы қаласында жүріп, Астанаға баруды армандайтынмын. Самолетке мінуді, Европаны аралауды, Дубайға баруды қатты қалап, қызығатынмын. Әсіресе, тұрмысқа шыққаныма 10 жыл толғанда шетелге барсам деп армандаған арманым, осы желілік бизнеске келгенде орындалып кетті. 
      Мен 2016 жылы желілік бизнеске өзім қалап, осы жұмыстан бір нәтиже шығарамын деп ниеттеніп келдім. Интернет пен Қытай арқылы жұмыс бастап, тапсырыс алып, ісімді бастап кеттім. Бұл бизнесте өте сапалы денсаулық және сұлулық өнімдері еді. Мен бұл бизнесте қаншама заттарды күннің ыстық-суығына қарамай, автобуспен тасыдым. Қанша шаршасам да ерінбей, жалықпай күн сайын ауыр заттарды тасумен болдым. Үйге алып келіп қораптап орап, буып Қытайға бүлінбей, сынбай, амен-есен жетсін деп, тапсырыс берушінің қолына жеткенше жанымды шүберекке түйіп отыратынмын. Бірақ, ісімді Алла қолдап, бәрі өзім қалағандай болып жатты.
      Бір жыл зат тасып, жалықпай, қиыншылыққа шыдап, жұмыс жасағанның арқасында үлкен нәтиже көрсеттім. Еңбегім бағаланып компаниядан неше түрлі заттарды тегін сыйлыққа да алдым. Сонымен қатар «Қазақстан» қонақ үйінде тұңғыш рет үлкен сахнада сыйлық алып, Астана қаласына 2 күндік курсқа жолдама алдым. Компания атынан барып қайту жол ақысы, 5 жұлдызды қонақ үй, 3 уақыт тегін тамақ мен үшін тосын сый болды», - дейді Гүлдіран Тұрсынханқызы. 
      Өзінің нәзіктігімен, сыпайылығымен, ұстамды қалпымен, ақырын сөйлеп, алдын ойлайтын аңғарымпаздығымен, істің иінін келтіріп, оның уақытылы орындалуына бар күшін салатын еңбекқорлығымен өз ортасына беделге ие болды. Әрдайым өзім білдімге салынбай, көптің кеңесіне құлақ асатын қарапайым әдетімен де көпті тәнті ететін, өзін-өзі ұстауы, ойлаған ісін іске асырмай қоймайтындығы қанға сіңген асыл қасиеті деуге болатындай. Қай кезде көрсең де сергек жүреді. Шаршауды, аз-кем дамылдап алуды, өзгенің артынан артық сөз айтуды білмейтін жаны таза, шыншыл, босқа уәде бермейтін жан. Оның жұмысқа деген белсенділігіне, ықтияттылығына, ұқыптылығына шын разы боласың.
      Іскер жан заман талабына сай үздіксіз іздену мен өзін тұлға ретінде дамытудан бір сәтке де қалыс қалмайды. Үнемі жаңаны үйреніп, жақсыны қабылдап, өзін жан-жақты дамытып отырады. Көп оқиды. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі адамды жігерлендіретін, өмірге қажетті пайдалы кеңестері мол әдебиеттерді оқиды. Өзіне қажеттісін алып, іс жүзінде пайдалана да білді. Сондай-ақ, қай салада да талабы басым Гүлдіран жанындағыларды үйіріп алып кететін бастамашылдығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында және ақсап тұрған заманның кейбір тұстарын алға жетелеуде үлгі етерлік істер атқаруда өзгелерден көш ілгері.
      Сөз кезегін одан әрі кейіпкеріміздің, өнегелі ғұмырының бастамасы болған бұралаңы мен бақытты кездеріне кезек берсек:
      - «2008 жылдың 6 маусымында Мамыр Бағдаулет атты жігітке Алматы қаласында тұрмысқа шықтым. Біз үйленіп қайын апамыздың қолында бір жыл бірге тұрдық. Келіндік міндетімді қолдан келгенше жасадым. Бір жылдан кейін өзгелер секілді жеке пәтерге шықтық. Ол кезде от жағатынбыз. Үйде су жоқ есік алдынан су тасимыз. Әжетхана, монша ортақ (общий) болды. Сол кезден бастап баспанаң жоқ деген сөздің мағынасын түсіндім. Жасыратыны жоқ одан бұрын бала болдым, мұндай қиыншылық көрмегенмін, енді бәріне көнуге тура келді. Балалы болдық. Өмір болған соң неше түрлі қиыншылық болып жатады, оның бәріне көз жұма қарадым. Кейде менің маңдайыма осы өмір жазылған шығар деп ойласам, кейде «бәрі жақсы болады, маған да жақсы өмір сүретін кез келеді» деп өз-өзімді жұбатып қоюшы едім. Не де болса үміт үзбедім, отбасымызда ұрысу деген болмады. Жолдасым Бағдаулет – артық сөзі жоқ, өте ақ көңіл, өзіне емес біреуге болсын деп тұратын сабырлы, өте жақсы адам болды. Біз өте тату болдық, бір-бірімізді сыйлап, әр қиыншылықты бірге ақылдасып шешіп отырдық. Мен әрқашан ер-азаматымды тыңдадым әрі сыйлап келдім. Мені көрген балаларымда менен үлгі алады ғой. Берекелі жанұяда ризық, несібе мол болады деген рас екен.
       Сол кезде түнгі сағат 12-ден кейін үй суық, біз отырған үйге күн түспейтін көлеңке болды. Сонда мен жылы баспанаң болмаса бекер екен деп, қаланың ішінде көпқабатты зәулім ғимараттардан үйім болса екен деп армандай бастадым. Отырсам, тұрсам, жатсам ойлайтыным бір жылы баспанам болса екен деп күнде бір Алладан тіледім. Сол арманым желілік компанияда орындалды.
      2018 жылдың 9-16 маусым аралығында компания атынан Круизге тегін жолдама алдым. Жерорта теңізі мен Европа елін аралап қайтуға керемет бір жолдама алып, 10 жылдықта шетелге барсам деген арманым орындалып, қатты қуандым. LR POWER GRUISE Европа елінің Италия, Испания, Франция және Palma De Mallorca, At sea, Ajaccio/Corsica, Florence/Livorno, Rome/Civitavecchia, Barcelona сынды тіпті түсіме де кірмеген жерлерді өз көзіммен көру айтып жеткізе алмайтын керемет әсер. 18 қабаттың ішінде сауна, салон, кітапхана, магазин, супермаркет барлығы бар. Тіпті жапон, қытай, кәріс ұлттарының дәмханалары бар. Бұл кеменің ұзындығы 300, ені 33 метр, ішінде 3000 адам бар. Бұны ойлап тапқан немістерге таң қалдым. Келесіде балаларымды ертіп келемін деп ой түйдім. Алладан түйе сұрасаң бие береді деген, бұл да болса менің табан ет, маңдай теріммен келген еңбегімнің таза жемісі деп білемін. Зат тасығанда қалай қиналғанымды өзім ғана білемін, ауыр зат, автобус, кептеліс, уақыт, шаршау, баланы балабақшадан алу, кешкі тамақ пісіру бар дегендей, солардың барлығына үлгеру оңай болған жоқ. Менде көлік жоқ, тек қара күшке салып жаяу, ерінбей ғана жұмыс жасау болды. 
      Осылай желілік бизнесте жүріп, 2019 жылдың ақпан айында Қазақстандағы GLOBAL -TREND компаниясына келдім. Табысы мол, өнімі сапалы деп, бұл жұмысты интернетте бастап кеттім. Бұл компанияның өнімдері денсаулық өнімі еді. Қытайға тауар жіберіп, өзім екі баланы ертіп Қытайға барып анамның үйінде отырып интернетпен сатумен қатар команда жинап, жұмыс жасадым. Қытайда бір ай жатып күн ыстық, үй ыстық, екі баламды анам сыртқа шығарып алып кетеді «Сен жұмысыңды жаса, саған кедергі жасамайық» деп. Осылайша бір ай тынбай еңбек етіп, команда жинап, бір аптада бір милионнан жоғары табыс таптым. Бұл табыс менің өмірімді 380 градусқа өзгертті. Тоғыз ай дегенде Алматы қаласынан 3 бөлмелі пәтер сатып алып, екі аптадан кейін тағы да 3 бөлмелі пәтер алдық. Бұл жерде отағасы Бағдәулеттің де еңбегі зор, жұмыстан кеш келемін, кейде тамақ бар, кейде дайын емес дегендей. Сондай қысылтаяң шақта, жұмыс жасауымды қолдап, әрқашан менің қасымнан табылып отырды. Мұның өзі мен үшін үлкен демеу болды. «Өзімізге пәтер алсақ ұлыма да пәтер аламын» деп армандайтынмын. Сол арманым орындалды. Аллаға шүкір! Бұл жетістік – менің күн-түн демей ерінбей еңбек етіп келген табыс, жұмыс деп зыр жүгіріп, табандылықпен жұмыс жасаудың, үлкен еңбектің арқасы. Бағдәулет екеуіміз армандап жүрген Дубайға жанұялық тегін жолдама және ініме де тегін саяхат бұйырды. Тауар сату арқылы ініме де тегін саяхатқа орын алып бердім. Командамнан 13 адам 3 жанұя тегін саяхатқа Дубайға баруына себепкер болдым. Маған еріп жұмыс жасаған қыздар да мол табыс тауып пәтер, көлік, мал, жер алуына себепкер болғаныма қуандым», - деп өзін осы күнге жеткізген Аллаға мың да бір шүкіршілігін айтқан Гүлдіран Тұрсынхан бүгінгі таңда жолдасы Бағдаулет екеуі Нұрасыл, Айбике есімді екі перзент өсіріп, тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана! Осы еңбектерінің еленгені болар Гүлдіран ханым 2022 жылдың 28 наурыз айында «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды.
      Еңбек ете білгеннің тұрмысы да жақсарып, үйінің берекесі де кіреді. Темір соқаның жүзін жалтыратқан егіншінің сүйреуі болса, адамның жүзін жарқырататын адал атқарған еңбегі. Бүгінде, өзінің бойындағы қабілет-қарымының арқасында заманауи кәсіптің түрін дамытып, өзінен кейінгі бизнеске барамын дегендерге үлгі көрсетіп, жол бастап, өзі ғана емес өзгелердің де әлеуметтік жағдайының жақсаруы үшін қам жасап келе жатқан Гүлдіран Тұрсынханқызының еңбегіне табыс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

7 марта 2024 13:56
Рысты
Галя мына естеліктер әкең анаң туралы оте тамаша жазылған екен. Мұхаң әкей туралы халықтан естігеніміз болмаса....
7 марта 2024 13:26
Қалжан
Оқыдым өте дұрыс жазылған нағыз шындық менің әкем де Мұхаңмен Сельхозуправлениеде жұмыстас болған еді бір жылдары бізге...
7 марта 2024 13:08
Насиба
Мұхаш атаны көрген де естіген де жоқпын ғой.Шахта орта мектебінің 70 жылдығында  ма  папаңның кітабын бергенсің. Түгел...