Нұрмағамбетов Мақсат Көшерұлы

Рейтинг:

Сырдың шырайлы кәсіпкері

      Кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі тірегі. Бұл біздің қаламымыздың ұшында қағаз бетіне түскен сөз емес, заман тудырған, нарықтың талап етіп, халықтың осы ағыммен жүзе білгендігінің кәсіпкерлердің өз ісін дөңгелете білгеннің дәлелі. Тарғыл тағдырдың үйіре соққан қиыншылықтары мен кедергілерінен сүрінбей өтіп, өмірдің қай арнасына түссе де қиындыққа мойымайтын, қайта қайсарлық пен табандылық танытып отырып жеңіп шығатын, жүріп өткен жолы көпке үлгі боларлық қара нардың ауырлығын азаматтық жауырынымен көтере білетін нар тұлғалы азаматтар бүгінгі таңда да баршылық. Бір адам от жақса, мың адам сол оттан тараған жылумен жылынады. Бүгінде от секілді айналасына жылу шашып, қоғам дамуы үшін жомарттық таныту кез келген азаматтың қолынан келе бермейді. Ал «елім маған береді деп емес, мен еліме не бере аламын» деп ойлану, қоғам дамуы үшін игі іс жасау тек нағыз жігіттің ғана қолынан келетін іс. Міне, осындай кішкентайынан сауда саласына аяқ басып, қалауын тауып қар жандырған, бүгінгі таңда «Нұрбер» дүкендерін ашып, халықты керекті заттармен қамтамасыз етіп келе жатқан кәсіп иелерінің бірі – Нұрмағамбетов Мақсат Көшерұлы.
      «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз қазақта өз саласының білікті маманы, ісмер азаматына арналған. Мектеп қабырғасында жүріп сауда жасап, сонау бір тоқырау жылдары кәсіп көзін бастаған арқалы азамат Мақсат Көшерұлы 1983 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келді. Өмір бұлағының бастауы болған алтынан да қымбатты жандары әкесі Көшер теміржол саласында ағаш ұстасы болып зейнеткерлікке шықса, айналайынында аналық мейірімі мен махаббаты тұнып жатқан анасы Қалбибі де 1990 жылдардан бері сауда саласында еңбек етіп келеді.
      Тау мұздықтар мен тұма бұлақтардан бастау алып, бірнеше елді бірлестіріп, тіршілігіне береке беріп ағып жатқан Сырдарияның төменгі ағысындағы шағын ғана кентте бақытты балалығын өткізіп, сырдың самалымен жарысып өскен бала Мақсат кішкентай кезінен-ақ еті тірі, айтқан сөзді қағып алатын, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын шапшаң, ширақ қимылды балалардың сапынан болды. Әділдік пен адалдықты перзент бойына сіңіре білген әке тәлімі, қамқорлық пен мейірімділікті аялы алақанымен сәби жүзіне шарпи білген аяулы анасынан өнеге мен үлгі ала білген жас өз қатарының алды болды.
      Жарқын болашаққа бағыт сілтер білім ордасының табалдырығын 1989 жылы №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде аттаған жас өзінің алғырлығы, талапкерлігі, бір істі ұйымдастыра білу қабілетімен ұстаздарының көзіне түсе білді. Ісін тиянақты орындап, тапсырмаға жауапкершілікпен қарайтын шәкірт қай ұстаздың да қуанышы емес пе, жатсынуды білмейтін ашық мінезімен қандай ортаға да еніп, тонның ішкі бауындай араласып кете беретін Мақсат сыныптағы белсенді оқушылардың біріне айналды. Сабақ барысында зеректік танытып, сыныпішілік, мектепішілік өткізілген пән сайыстары мен спорттық-мәдени, қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүрген шәкірттің өресі өсіп, ертеңгі күнге сеніммен қадам басып келе жатты.
      Бірақ, сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кімнің көңіліне қаяу түсірмеді десеңізші, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында үлкендер жағы қара қазан, сары баланың қамы үшін иығына ала сөмкесін арқалап базар жағалап кеткенде, бала Мақсат та қарап отыра алмады. Сабақ оқуы өз алдына, қолы бос уақытта ойын қуып кетпей ата-анасына қол ұшын беру мақсатында, 4-сыныбынан бастап, кішкене вагонда азық-түлік сата бастайды. Бұл бүгінгі таңда үлкен кәсіп көзіне айналған сауда жүйесінің, сол кездегі басталған алғашқы ұшқындары еді. Осылайша сабақтан тыс уақытын, үлкендерге көмек берумен өткізіп, өзінің да танымын кеңейткен Мақсат Көшерұлы 2000 жылы мектепті тәмамдады. 
      Аламанда топ жарар жүйрікті шабысына қарап таныған атбегідей, баласының бойындағы саудаға деген икемділігі мен талабын, қадамының құтты болғанын көрген ата-анасына деген алғысын жаудырған Мақсаттың таңдағаны да сауда саласына қатысты мамандық еді. Ел экономикасының тірегі болған сауда, кәсіпкерлік әлеміне енген Мақсат Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қаржы және несие» мамандығы бойынша оқуға түсіп, студент атанған соң да өзінің қабілетін арттырып, сауда саласы бойынша танымын кеңейтуді екінші орынға ысырып тастамады. Алтыннан да қымбат уақыттың қадірін түсінген жалынды жас, таңдаған мамандығы бойынша ізденіп, тағылымы мен тарихы бай жоғарғы оқу орнының әлемін аралап, білімін арттырды.
      Қолына алған істі шыр айналдырып алып кететін, қандай іске де үлкен жауапкершілікпен қарайтын Мақсат Көшерұлының алғашқы еңбек жолы осылайша 2006 жылы «Қазақстан темір жолы Шиелі жол» дистанциясында инженер-экономист болудан бастады. Қолына іс келетін, қиындықтан қорықпайтын, сенім жүгін арқалай білетін маман өзінің міндеттерін атқара жүріп, басшылықпен қатар ұжымдастарының да көзіне түсе білді. Шиелі жол дистанциясында абыроймен қызмет атқарып «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның президентінен марапатқа ие болды. Осы марапаттың өзі-ақ, кейіпкеріміздің саналылығын, талапкерлігін, жауапкершілігін және қандай күрделі істе де сабырлылық танытып жеңіп шығатын табандылығын айғақтайды.
      Еңбек адамы – ел тірегі. Еліміздің дамуына теңіздің бір тамшысындай болса да үлесін қосу әрбір мамандық иесінің азаматтық парызы. Әрбір ер адам отбасының, отанының қамын ойласа, ел ішінде ауызбіршілік болса, біз алмайтын қамал жоқ. Экономика саласында жұмыс жасай жүріп, тәжірибе жинақтаған Мақсат Көшерұлының аңсары, өзінің оң жамбасына келетін сауда саласына, кәсіпкерлікке ауып тұрды. 1994 жылдары бастауыш сыныбында жүріп саудаға қол тигізген кейіпкеріміз, бұл кәсібін тастамай, қайта жанданған үстіне жандандыра түсіп, ауқымын кеңейтті. Саудасы өрге домалап халық ризашылығына бөленіп, әлі күнге дейін сол кішкентай жер «Мақсат базары» аталып кеткен.
      Белгілі бір кәсіппен айналысып, кәсібін сол істен тауып отырған жандарды көргенде іштей риза боласың. Мұндай азаматтардың саны қазір аз емес. Олардың қатарында ел экономикасының көтеріліп, әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізіп жүргендері қаншама. Осы арқылы өздерінің де отбасын асырап, өзгелердің де еңбекпен қамтылуына мүмкіндік туғызып жүр. Осындай адамдардың қам-қарекеті мен тіршілігіне қарап қызығасың, сүйсінесің де. Сондықтан, екінің бірінің тісі батпайтын істің қиюын келтіріп, шаруасын дөңгелеткен жандарды қалай мақтасақ та жарасады. Батыс елдері кәсіпті өнер деп бағаласа, шағын кәсіпті өсу үстіндегі балаға теңейді. Жалпы, әлемдегі өркениетті елдердің қай-қайсысын алып қарасақ та өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешу үшін кәсіпкерлікке арқа сүйейді. Жалпы, осы салада білім мен тәжірибені ақшаға айналдырып, табысқа кенелгендер ешқашан ақшаның соңына түспеуді, керісінше, ол сені іздеп табатындай кәсіп қылу қажеттігін айтады. Сонда ғана ойға алған іс орындалып, мақсат-армандарға жетуге болатынын, ол үшін алдымен білім мен еңбектенудің маңызды екенін алға тартады. Әрине, бұл бірінші кезекте көп уақытты, ізденіс пен мол тәжірибені және сабырлылықты қажет етеді. 
      Бірақ, кішкентайынан сауда деп аталатын өзеннің суына шомылып өскен Мақсат Көшерұлы үшін үлкен кәсіпкерлікке аяқ басу қиындық тудырған жоқ. Өйткені, оның бойында өзіне ғана тән табандылық, бір іске белін бекем байлайтын беріктік, тасқа салса да жүзі мұқалмайтын қайсарлық пен темір етігі тебендей болса да тозбайтын талап деп аталатын, табысты кәсіпкердің бойынан ғана көрінетін қасиеттер бар еді. Осылайша, 2008 жылы «Нұршапағат» дүкенін ашып халық пайдалануына берілсе, уақыт өте келе қасынан наубайхана салып, нан және кондитер өнімдерін тұтынушыларына ұсынып келеді. Бүгінгі таңдағы халықтың өресі биік, талғамы жоғары, көкірегі ашық, көзі ояу. Олай дейтініміз, сауда деп аталатын үлкен аламанда, күріштің арқасында су ішкен күрмек секілді, өнімдерін тек сату үшін дайындайтын кәсіптер жоқ емес. Кім сапалы қызмет ұсынып, өнімдері елдің көңілінен шығатын болса, сол кәсіпкердің арбасының дөңгелегі өрге жорғаламақ. Бұл жағына келгенде Мақсат Көшерұлының бағы болды десек те болады. Әрбір ісін, дүкен өнімдерін заман талабына сай, заң шеңберінде, тұтынушы қоғаммен бірлесе жұмыс жасап отырып ұсынатын Мақсат Көшерұлы басшылық ететін сауда үйлері көптің көңілінен, халықтың қалауынан шықты. Оған дәлел, тұтынушылардың күннен-күнге еселеп көбейіп келе жатқандығында. Азаматтың еңбегі еленді деген сөз міне, осы!
      Бірақ, сауда деп аталатын үлкен теңізге кәсіпкерлік қайығын түсірген Мақсат Көшерұлы бір іспен шектеліп қалмады. Нарық талабы, халық сұранысына сәйкес 2014 жылы «Нұрбер» құрылыс дүкенін ашып, ел игілігіне пайдалануға берді. «Нұрбер» ұжымында Бақберген, Мақсат, Елдос есімді інілері мен Ғабит, Нұрсұлтан, Арман, Олжас, Арман есімді жігіттер сенімді серіктестері болып жұмыс жасайды.
      Өзінің қажыр-қайратының мықтылығымен, көкірек көзінің ашықтығымен, ізденімпаз әрі жаңашылдыққа бейімділігінің арқасында қайсыбір ісі болмасын оңынан туып, жүріп келеді. Кәсіпкерлік саласында жүрсе де, ата-анасына деген құрметі шексіз кейіпкеріміз Мақсат үлкен әулетте өскендіктен бауырларына көмектесіп, әрдайым қолдап отырады. Отбасында да асқар тау әке, бес баланың тірегі. Жары Салтанат екеуі Нұршапағат, Ақниет, Нұрмұхаммед, Нұрару, Айлин есімді алтын асықтай ұл-қыздар тәрбиелеп, өнегелі өмір үлгісін көрсетіп отырған бақытты ата-ана. 
      Өскен, өнегелі шаңырақ иесі болып отырған отағасы Мақсат мырза мен отанасы Салтанат ханымның балалары тәрбиелі, мектепті үздік оқитын белсенді оқушылар. Олай болуы да заңдылық. Себебі, ата-аналары да оқу ордаларын үздікке оқыған. Үлкен қыздары Нұршапағат 7-сыныбында Англияның Лондон қаласына барып білім алып келген. Ағылшын тілін жетік біледі.
      Екінші қыздары Ақниет – математик десек те болады. Себебі, математика пәнін өте жақсы біледі. Үшінші перзенттері Нұрмұхаммед. Түрлі турнирлер мен олимпиадаларға қатысып, орындар мен халықаралық грамоталар алып жүрген озат оқушы. Қазірден бастап осы ұлын 
      Мақсат мырза қасына алып еңбекке баулып, бизнес саласының қыр-сырын үйретіп жүр. Ал төртінші перзенттері Нұрару 1-сыныпта оқыса, үйдің кенжесі Айлин – балабақшада.
      Ел үшін еткен еңбектің бағасы да жоғары болмақ. Қаланың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың керегін өтеп, алғысын алып келе жатқан Мақсат Көшерұлының алған марапаттары мен қол жеткізген жетістіктері да аз емес. Бұл кәсіп иесіне берілген адал еңбегінің бағасы.
      Адам баласының алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі болмайтынын ескерсек, оған жету мүмкіндіктері өте үлкен. Бүгінде оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс дейді. Иә, «Ерінбеген еңбекке, дәулет дайын» деп айтқан екен ақын-философ Шәкәрім Құдайбердіұлы. Еңбектің қадірін білген адам өмірден кәсібін тапқан десек, әлбетте, қателігі жоқ. Адам баласы үшін қажымас қайрат пен адал еңбек ету үлкен абырой. Адал еңбек жолы – өмірдің байлығы. Қазір кәсіп ашып, оны дамытқысы келетіндер үшін мол мүмкіндіктер бар. Міне, осындай тапшылық тобықтан қаққан тоқырау жылдар, бала болса да ата-анасына көмектесіп, сауда саласына келіп, кәсіпкерлік саласын таңдап, ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан табысты кәсіпкер Мақсат Көшерұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...