Табысты кәсіпкер
Қасиетті Қармақшы топырағының перзенті Нағима Тоқсанбаеваны ауыл-елі тегіс таниды. Дипломы бойынша өз саласында талай жылдар бойы абыройлы қызмет атқарса, бүгінгі күні кәсібін дөңгелетіп отырған сыйлы да беделді жан. Әрдайым өзінің ғана емес, жан-жағындағы жұмысшыларының да жағдайын жасап жүретін ақ пейілді, жаны жақсылыққа құмар, байыппен ойланып әрекет ететін білікті көшбасшы.
![]()
Мамандығы бойынша алған дипломын сандыққа салып, көп ойланбастан күнкөріс қамына кірісті. Алла Тағала берген балаларды аяқтан тұрғызу керек, шаңырақтың шырайын келтіру де әйел-анаға байланысты ғой. Сөйтіп, әр түрлі кәсіпті зерттеп-зерделей келе аудан тұрғындарына арнап сауда орнын ашуды жөн деп тапты. Сол ойын іске асыру мақсатында кәсібінің жүйелі жоспарын жасап, мықтап қолға алды.
Жалпы іскер адам жан-жақты, білімді де білікті болуы керек. Нағиманың өзі әу бастан көпшіл. Өз ойын еркін айта алатын, батыл әрі тіл білетіндігі, адамдармен тез тіл табыса алатындығы, уәдеге нық, сөзінде тұратындығы көп көмегін тигізді. Осылайша кәсібі өрге домалаған кәсіпкер атанып, аудан тұрғындарына игілікті ісімен көрініп келеді. Нағиманың жүрегінің кеңдегі, жомарттығы бір бөлек әңгіме. Бойындағы адалдық қасиетті ата-анасының қанымен келген деуге негіз бар. Оның ата-анасы да еліне сыйлы, ардақты жандар. Ұл-қыздарына тәлімді тәрбие бере алған өнегелі отбасында өскен Нағима мектеп кезінен көшбасшы жастар қатарында болды. Мектептің қоғамдық өмірінен де шеткері қалмай, үнемі белсенділік танытып, мектеп мақтаныштарының бірінен саналды. Тоқсанбаева Нағима 1974 жылдың 18 сәуірінде Қармақшы ауданы, Жосалы кетінде дүниеге келді. Ол 1981-1991 жылдар аралығындағы №26 Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінің түлегі. Мектепті ойдағыдай бітіріп шыққаннан кейін, 1991-1997 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түсіп, дипломын қорғап шықты. Жас маман өзінің алғашқы еңбек жолын 1997 жылы Қармақшы ауданындағы Обаға қарсы күрес мекемесінде лаборатория меңгерушісі болып бастады. Табаны күректей бір мекемеде 16 жыл абыройлы қызмет атқарды. Ал 2016 жылдан бастап ауданда «Адина» сауда орталығын ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуды қолға алып келеді. Ол басқарып отырған сауда орталығында бүгінде 20-дан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Әрқайсысы өз ісін жақсы білетін еңбеккерлер Нағимадай көшбасшымен ауызбірлікте, түсінісіп жұмыс жасап отыр.
Кәсіптің оңайы болмайды. Сауданың жөні картаның ойыны іспетті деп бекер айтпайды ғой. Алайда, Алланың берген ырзық-несібесі үзілген емес. Азға қанағат, көпке шүкіршілік етуді жақсы біледі. Заман талабына сай елдің қажеттіліктерін өтеуде аса қырағылық керек. Тауарда сапа мен талғам қажет-ақ!
![]()
Әр толқынның талабы мен таңдауы әрқалай болары сөзсіз. Ал сауда орнына соларды тарта білу әрине, қиын. Есеп-қисаптан бөлек, ішкі-сыртқы жұмыстардың барлығы үнемі Нағиманың назарында. Әрбір күнін жіті бақылаудан, сараптаудан бастайтын кәсіпкер ұжымымен де ақылдасып, кеңесіп отырады. Онсыз жұмыс алға баспайтыны да рас. Ұжымды ұйыстыра білу, олардың пікірімен санаса отырып, жұмыс істеуде еңбектің өнімді болатынын да жақсы біледі. Жанындағы еңбеккерлері де әрбір тиынды есептеп, тапқан табыстың қажырлы еңбекпен келіп жатқанын түсіне білетін, кәсіптегі нағыз көмекшілеріне айналған жандар.
Нағиманың өзі ұл мен қыз тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты ана-әже болса да, аяулы анасынан әлі күнге дейін ақыл-кеңес алып отырады. Өсіп-өнген отбасында екі ағасы да үлкен кәсіп иелері, інісі болса мұғалім. Еліне сыйлы да құрметті үлкен әулеттің көпке берер тәлім-үлгісі де көп.
- «Әлемнің әміршісі – еңбек» дейді дана халқымыз. «Терлеп еңбек етпегеннің тілегеніне жеткенін көргенім жоқ» деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыз. Асылында, ер – егіз, ал еңбексіз ол жалғыз. Шын мәнінде, адал еңбекке бет бұрып, соны қазіргі нарықтық заманға сай кәсіпкерлікпен ұштастыра білу де өнер. Әлбетте, шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жайып, өркендеуіне мемлекет тарапынан да тиісті бағдарламалар арқылы нақты көмек-қолдаулар көрсетіліп отырғаны көңіл қуантады. Кәсіпкерлік саласы – өмірдің өзегі, тәуелсіз еліміздің дамуына, халық тұрмысының да жақсаруына елеулі әсер етеді. Бұл ретте отбасымызбен анамның ақыл-кеңесіне әлі күнге дейін сүйенеміз. Себебі, анамыздан асқан ақылшы жоқ. Қандай істі болмасын бауырларыммен ортаға саламыз. Ата-анамыздың бойымызға сіңірген тәлім-тәрбиесі ол – ауызбіршілікте болу. Өз басым отбасындағы жалғыз қыз болғандықтан еркелігім да басым. Дегенмен, жауапкершілік жүгі айналып келетіндіктен, ұйымдастыру жағын да өзім қадағалаймын.
![]()
Кәсіпті қолға алғанда жүрексінгенім рас. Дегенмен, жанашыр жақындарыма сендім. Өз саламды біржолата тастап, жаңа кәсіпті қолға алу, оны әрі қарай жүргізіп кету оңайға соққан жоқ. Алдымен елге не керек, қандай қажеттіліктер бар, соның барлығын зерделеу үшін де талай уақыттар жұмсадым. Өзім ысырап, босқа шашылу дегенді ұнатпайтын адаммын. Неге десеңіз, үнемдеуді білмейтін, иегінің астындағы кәсіпті игеріп кете алмайтын, тер төккісі келмейтіндерді де жақсы білемін. Несие алып, той жасап, бір-екі күндік қызық үшін қарызға белшеден бататын ағайынға үнемдейік, әр жұмсаған тиынның артында зор еңбек жатқанын, әр басқан қадамды жеті рет өлшеп, бір рет пішкен абзал деп айтудан жалықпаймын. Өзімнің ұжымымдағыларға да соны айтамын. Әр ісін, басқан қадамын есептеп, мүлт кетуге, жаңылыспауға, отбасы ұйытқысы, балаларының бақыты үшін тер төгуге үндейтін өзге қиналған жанның қасынан табылатын Анашым мен бауырларым менің өмірімнің өзегі. Өзім олардан әр кез сайын үлгі алып келемін.
Еңбектің көзін тапқан адам байлықтың өзін табатыны сөзсіз. Алға қойған мақсатым: отбасында өсіріп отырған ұрпағыма жақсы тәрбие беру. Сонымен бірге кәсібімді әрі қарай дөңгелету. Табан ақы, маңдай тердің өтеуі тек адал еңбек арқылы ғана өтелмек. «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деген ғой, елге пайдам тисе болғаны», - дейді кейіпкеріміз.
Нағима Тоқсанбаева қажырлы еңбегі үшін бірнеше рет аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен және алғыс хаттарымен марапатталып, «Жыл кәсіпкері» номинациясына ие болған. Аудандағы дәстүрлі жыл сайынғы қайырымдылық шараларына да белсенді түрде қатысып, өз үлесін қосып отырады.
Бүгінде әр істің қиюын келтіріп, кәсібін нәсіп етіп отырған жандарды көргенде іштей риза болып қаласың. Нағимаға сәттілік серігі болсын дейміз.
![]()
![]()
![]()
![]()