Жүзі мұқалмас алдаспан
Өмір – сырға толы қызық әлем. Жүрекке бірде қуаныш сыйлап шаттандырса, бірде еріксіз мұңға бөлейді. Өмір – ғажап, өмір – тәтті! Өмір сұлулық пен үйлесімділікті талап етеді, адам мен адамгершілікті қалайды. Иә, өмір, өмір, өмір... Аллаһ адамға өмірді тек бір рет қана береді, сол арқылы адамның бұл өмірде жасаған жақсылығына, адамгершілігіне, өзі алданса да ешқашан өзге адамды алдамай, адал болса ғана өмірде шынайы бақытқа жеткізеді. Өмірде басыңа қандай қиыншылық түссе де, соған төтеп беріп, шыдамды, сабырлы болып, сол қиын кезеңнен шыға білсек, бұл біздің үлкен жеңісіміз. Әрине, өмір жолы – даңғыл емес. Өрі де, ылдиы да жетерлік. Өмір сынынан сүрінбей өту – әр адамзаттың парызы. Әрбір адам аңсаған арманына жету үшін өмір бойы күреседі, талаптанады, талпынады. Өмірдің бір «кірпіші» болып қалануға бар ынта-жігерін салады. «Адам болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға», - деп Мұхтар Шаханов жырлағандай, адамға қанат бітіретін ол – ой-қиялы, мақсат-мүддесі. Армансыз, мақсатсыз адам жарықсыз үңгірмен тең. Өмірге келгесін, ұрпақ жалғастығын сақтап, артымызғы із қалдырып, адамгершілік пен рухани құндылықтарды ұмытуымызға болмайды.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, тарғыл тағдырдың сынын көріп, тасада тұрып тас ататындардың құрбаны болса да, табандылығы мен сабырлылығын серік етіп, қайсарлық пен жігерлілікті, қайраттылықты, адмгершілік пен әділдікті ту етіп ұстанып, теңіз айдынында тағдыр толқындары қайық кернеуін ұрса да, өзінің сенімі мен ар-намысын қос ескек етіп, адамдық атты жағаға жеткен азаматтарымыздың бірі – Сыздықов Баянбай.
![]()
Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра дейді қазақ даналығы, көппен бірге болып, түрлі басшылық қызмет етіп, өнегелі өмір үлгісін көрсетіп келе жатқан Сыздықов Баянбай 1938 жылдың 14 мамырында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, «Тас-Арық» совхозында дүниеге келді. Елдік пен бейбітшіліктің белгісі болып, бірнеше елді бөліп ағып жатқан Сырдарияның жағасында балалығын өткізген кейіпкеріміз еңбекке ерте араласты. Теңіз үстіндегі құйындай үйіре соғып, тез көтеріліп, үлкен ақ бас толқын болып жағаға ұрған сонау қиын жылдардағы Кеңес Үкіметінің түрлі саясаты, қай қазақ баласына бақытты өмір берген. Азаматы түгілі, ойын баласының да балалығын ұрлаған сол бір қиын кезеңдерді көрген Сыздықов Баянбай 1955 жылы Тасбөгет қыстағындағы 10 жылдық мектепті бітіріп шыққан соң, техникалық мамандықтарға баруға бет бұрады.
Еңбек пен тұрмыс адамды ерте есейтеді. Бала кезінен ата-анасының қолғабысы болып, қолына алған қандай істі де ұршықтай иіріп алып кететін жас Қызылорда қаласына барып, Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына оқуға түседі. Ел экономикасының негізгі тірегі ауылшаруашылығы болып жатса сол кездері мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және құрылыс саласындағы мамандықтары сұранысқа ие еді. Оның үстіне темір техникаға деген қызығушылығы басым, тілін таба білетін жас үшін бұл үлкен мүмкіндік еді. Қандай ортаға барса да еркін араласып, қай жерде де адамдық пен адалдықты алдыға тартып жүретін жас, техникумды 1958 жылы бітіріп шығады.
![]()
Біз өмірдің түрлі қалтарыстарынан өтсе де бойындағы адамгершілік қасиеттер қалпын бұзбай сақтап қалған адам туралы, олардың жасаған жақсылықтары мен игі істері туралы айтар болсақ, кейіпкерлерімізді теңеудің түрлі жолдарын тауып жатамыз. Бұл біздің кейіпкеріміздің сом тұлғасын оқырмандарымыздың жүрегіне толық жеткізу жолында жасаған ойымыз болса да, ел құрметіне бөленген жан туралы жазуға келгенде жүрексініп қалатынымыз рас. Ол, халық алғысын алған азамат жайлы жаза алмайтындығымыздан емес, тағдыр теперіштерін көрсе де тұлғалық болмысын тік ұстап, түрлі саясат кесірінен жалалар жабылса да, азаматтық арын таза ұстап, кейінгі ұрпақ үлгі етерліктей өмір жолын көрсетіп кеткен жанның кісілік келбетін, тұлғалық болмысын оқырманның жүрегіне боямасыз қалпында жеткізе аламыз ба деген ой шылбырының аяққа оралуынан еді. Десек те, жастығында жасындай жарқылдап, азаматтық арына кір жұктырмаған азамат жайлы әділ бағаны оқырманның еншісіне қалдырып, қарым-қабілетіміз жеткенше мақаланы жалғастырғанды жөн көрдік.
Мәуелі ағаштың басы төмен болатыны секілді, өмір тәжірибесін мол көрген, еңбек адамы әкесінен әділдік пен адалдықты, «айналайыны» оттан да ыстық анасынан қамқорлық пен имандылықты бойына сіңіріп өскен Сыздықов Баянбай техникумды бітіріп шыққан соң алғашқы еңбек жолын 1958 жылы Қарағанды облысы, Сарыкеңгір савхозында шеберхана меңгерушісі болудан бастайды. Бүгінгідей бөліп-жара еңбек ету жоқ, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған сонау жылдары еңбек майданына араласып кеткен жас, өз діттегеніне қол жеткізді. Басшылық тапсырмасын орындауда тиянақтылық танытып, әрдайым жауапкершілігі мол жұмыстарды атқаруға дайын тұратын жас 2-3 жыл ішінде өзінің еңбекқорлығымен, зейінділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен бас инженерлікке дейін көтерілді.
![]()
Қай заманда да талап пен еңбекті қос қанаты етіп, әділдікті серік еткен әрбір еңбек адамының мұртын балта шаппаған, білім деңгейін көтеру үшін 1961-1966 жылдар аралығында Мәскеу қаласындағы политехника институтын бітіріп, инженер-механик мамандығын оқып алған кейіпкеріміз бас инженерлік қызметін 1966 жылы Қызылорда облысындағы ПМК-42 мекемесінде жалғастырады. Сөзі бекем, қадамы нық, уәдеге берік маман осылайша қызмет сатысында өрлей түсіп, өзінің белсенділігінің, қоғаммен байланысының арқасында үміт пен сенім артар азамат атанып 1971-1985 жылдары қалалық советтің депутаты болып сайланған Баянбай 1969-1990 жылдары Автотранспорт №1 және таксомотор паркінің директоры лауазымды қызметін атқарады.
Міне, осы бір 21 жыл кейіпкеріміздің азаматтығы мен парасаты, адамдығы мен сабырлылығы сынға түскен қиын шақтар еді. Өзгенің торы аты оза шапса, ішінде қызғаныштың оты лап ететін, ішінен шынашақ айнала алмайтын арам ойлы жандар Баянбайдың да жанынан табылды. Қабілеті жетпеген соң қолында барымен қарпып қалуға тырысып, тырнақ астынан кір іздеп, үстінен домалақ арызды қарша жаудырса да өзінің адалдығы мен басшылықтың әділдігіне сенген кейіпкеріміз жел сөзге құлақ түрмей, жұмысын одан әрі жалғастыра береді. Бірақ, айналдырған жау алмай қоймады, қызметті емес құлқын ойлайтындардың дүдәмал талабын ескеріп, Баянбайға жала жабылады. Осылайша, өрлеп келе жатқан өмірге балта шабуды ойлайды. Бірақ, өз ісіне деген адалдығы, жанының тазалығы, иманының күштілігі мен отбасына, ағайындарына деген ерекше махаббаты Сыздықов Баянбайдың сағын сындырмақ түгілі, қабырғасын бекітіп, еңсесін тіктей түсті. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам, араға 5 жыл салып, істің ақ-қарасы ашылған соң кейіпкеріміз жоғарғы соттың шешімімен ақталып шықты. Тіпті, сол кездердегі істерінің қателік болғанын мойындаған комиссия қызметін қайтарып, моральдық шығынын өтеп берді.
![]()
Бірақ, қалған көңіл сынған айнамен бірдей, ақталып шықса да Автотранспорт №1 және таксомотор паркінің директоры қызметіне аяғы тартпай, лауазымнан бас тартты. «Аққа құдай жақ» деген, Сыздықов Баянбайдың басқарушылық қабілеті мен кәсіби біліктілігіне сенген замандасының ұсынысы бойынша 1993 жылы «Салтанат» акционерлік қоғамының президенті болып сайланады. Одан кейінгі тоқырау жылдарындағы тапшылық кезеңде «Салтанат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналған мекемеде, яғни 1993 жылдан бері директорлық қызмет атқарады. Арда азаматтың еңбегі еленбей қалған жоқ, 1981 жылы және 2012 жылы Қазақстан автотранспорт министрлігінің «Құрметті автотранспортшысы», 2008 жылы «Қызылорда қаласының құрметті азаматы», 2018 жылы «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» деген атақтар беріліп, бұдан басқа бірнеше медальдар мен сый құрметке ие болды.
- «Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Медицина саласында еңбек етіп, қиын жылдарда жаныма серік болған жұбайым Дариғадан Асқар есімді ұл болды. Өлшеніп берілген өмір ұзын-қысқа деп қарамайды екен, ауру меңдеген келіншегім 1972 жылы 15 мамырда о дүниелік болды. Ұлым Асқар да қайтыс болды. Екінші рет 1974 жылдың күзінде үйлендім. Әкем келінінің атын «Зина» (Зейнегүлді қысқартып Зина дейтін) деп естігенде «Менің аппақ келініме неге орыстың жаман аты қойылған. Олай болмайды. Бүгіннен бастап келінімді Ақбота деп атаңдар», - деген тілегін жеткізеді. Сол күннен бастап Ақбота аталып кетті.
Жұбайым Зейнегүл Қызылорданың ортасында өскен, мінез-құлқы нағыз қазақы жан. Анадан алған тәлім-тәрбиесі сол заманның талабын орындайтын, үлкен-кішіні сыйлайтын, үй тұрмысына икемді, таза, адал жан екенін дәлелдеді.
![]()
Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры. «Бала – бауыр етің» демей ме? Шынында, өмірде адамның ең жақыны – перзенті болып қалады екен. Қараңызшы алып бәйтеректе жапырақ болмаса сәні болар ма еді? Үйдің де, өмірдің де, адамның да сәні – бала. Өзімнің өзегімді жарып шыққан төрт балам бар. Үлкен қызым Сара – Қызылорда облысының мақтанышы мен абыройына айналған Жарқынбаевтар әулетіне келін болып түсті. Күйеу балам Бақытбек еңбекқор, тәрбиелі жігіт. Қазіргі таңда ішкі істер бөлімінде жауапты қызметкер, шені – полковник. Сүйікті немерем Нұрсұлтан Астанадағы Мемлекеттік Заң университетінің магистратурасын қызыл дипломмен бітірді. Шаңырақ көтерген жарының есімі Асель. Қазіргі таңда Қызылорда облысы әкімдігінде жоғары қызметте.
Екінші перзентім Қазыбек пен келінім Айманнан Айшабибі, Әлихан, Әлішер, Алисұлтан, Айлин атты бес немерем бар. Үшінші перзентім, қызым Салтанат өсіп-өнген ұлағатты отбасы Досманбетовтер шаңырағының келіні. Күйеу балам Динар мемлекеттік қызметте. Үш немерем: Амир, Ален, Алим «біз де ата-анамыздай боламыз» деп ұмтылуда. Азамат та өмірдегі сүйгенін тауып, Динара есімді аруға үйленеді. Динара сияқты парасатты да ақылды келін келгеніне қатты қуандым. Қазір жас отбасы сәбилерін күтіп жүрген жайы бар. Іздеген жан табады дейді ғой. Көкірегіндегі күмбірлеген күй, жүрегіндегі жақсылық әке мен ана деп соғып тұрғанына қуанамын. Ең бастысы елдің туын көтеріп, халықтың адамына айналса, басты арманымыздың орындалғаны деп білемін.
Мінекей, осындай құдаларыммен ортам толып, өмірдің тәтті сәттерін өткізіп жатқан жағдайым бар. Тәубә, құдайға шүкіршілік етемін», - деп өмірдің қиын сәттерінде демеу болған, алтыннан да қымбат отбасы туралы әңгімелеп өткен Сыздықов Баянбай сүрген өміріне ризашылығын білдіріп, Аллаға тәубе етіп, шүкіршілік», - дейді.
Жүрегін кернеп жазылған жырлары республикалық байқауларда жүлделі орын алып жүрген ақынжанды Баянбай Сыздықұлы «Оттан да ыстық өмір» және «Тағдырменен келемін арпалысып» атты қос кітаптың авторы. Ғұмыры өнегеге толы жан туралы Қызылордалық ақын қыз Мөлдір Айтбайдың «Аңыз адам» деп аталатын поэмасы жарық көрді.
![]()
Бұл кісінің өткен жолына үңілген сайын ӨМІР деген ұлы құдіретке еріксіз бас иіп, оған тереңнен, сан қырынан қайта мән бере түсесің. Нақақтан жала жабылып тар қапаста төрт жарым жылын өткізсе де, адамдық дейтін ұлы қасиет жетегіне ертіп, Отанға, отбасына деген адалдығы мен махаббаты сағын сындырмай жігерін қамшылап, шындық пен намыс үшін қайсарлықпен күресе білді.
- «Адамдық қадірлеріңді сақтаңдар! Жүрекке ұялаған имандылыққа табан тіреген жан ұтылмайды. Әдеп пен ақылды биік ұстамаған жан – адам емес. Әкенің қадірін сезген балада пайым да, парасат та болады. Атадан балаға мирас болып қалатын қымбат қазына – аманатқа адалдықтың қасиетін жоғалтпаңдар. Барды бағалаудың өзі – бақыт. Ата-анасын құрметтей білген перзент бақытты!», - деп жас ұрпақтың көкірегіне нұрлы сәулесін құятын өсиет қалдыра білген абзал жан Сыздықов Баянбайдың сын-өткелдерге толы өнегелі өмірі кейінгіге үлгі.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()