Іскер әйел
Қолынан іс келетін адам ғана жаңа заманға ілесіп, келісті кәсібін жасай алады. Ал қолға алынған нақты кәсіп ол күнкөріс көзі ғана емес, елдің көркейіп, дамуына да септігін тигізері анық. Бүгінгі күні нәзік жандылардың көбісі жеке кәсіптерін ашып, дөңгелетіп, ерлермен қатар келісті еңбек етіп жүр. Оны күнделікті тіршілікте де көріп, байқап жүрміз. Рас, қолынан іс келетін, табанды нәзік жандылардың қоғамға әкелер пайдасы да зор. Өзінің табысын ғана көксемей, елдің табысты болуы үшін, басқа да адамдарды да жұмыспен қамтып отырған қоғамшыл, батыл, көшбасшылық қасиеттерге ие, мақсаты мен міндетін дұрыс қоя білетін жанның бірі – Гүлсім Бодықованы нағыз өз ісінің білгірі деуге болады.
![]()
Бодықова Гүлсім Уәйісқызы өзінің еңбек жолын ұстаздықтан бастаған жан. Білімді шәкірт тәрбиелеп, мектептің мақтаулы ұстаздарының қатарында болған. Жалпы адам қандай істі қолға алмасын оның ынта-жігері болуы керек қой. Кейіпкеріміз заманауи ойлайтын, өзінің ойын бүгінгі күнмен ұштастыра білетін, көпшілікпен дұрыс тілтабыса алатын, әрі дұрыс шешім қабылдай білетін жан.
Рас, кәсіпте бәсеке, озу және жұмыс істеу ғана болады. Сондықтан кәсіп ашқан адамға тынығуға және демалуға болмайтынын ол жақсы білді. Бастаған ісін жандандырып, тірлік-тынысына дем бере отырып, қажетті технологияларды қолданып, тиімді жаңалықтарды кәдесіне жаратып, ісін жандандыра берді. Қарап отырсақ, әйел адам тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің маңызды мәселелеріне белсене араласатын қоғам мүшесі екенін де байқауымызға болады. Сондықтан да елімізде әйелдің саяси һәм қоғамдық белсенділігіне айрықша көңіл бөлініп, беделді де іскер, білімді де білікті қыз-келіншектерге даңғыл жол ашылғаны белгілі.
Кейіпкеріміз Бодықова Гүлсім Уәйісқызы Арал ауданы, Арал қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Арал қаласындағы №71 орта мектепке 1981 жылы бірінші сыныпқа қабылданды. Мектеп кезінен оқу-біліммен қоса, өнерге де бейімді болды. Көпшілік іс-шараларда, мектептің қоғамдық өмірінде өзінің әдемі қоңыр дауысымен ән салып, көпті тәнті ететін. Оқудан ізденуден еш жалықпайтын. Қай уақытта болмасын қолынан кітаптары түспей, күндіз-түні қатарластары секілді қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын қызығушылықпен оқып тауысатын. Өзінің ой арманында да шек жоқ-тын. Елдің, қоғамның ішінде болып жатқан жаңалықтарға құлақ түре жүретін. Отбасындағы тәлім-тәрбие негізін дұрыс ала білген Гүлсім шыншыл, адал, еңбекқор болып есейді. Алтын ұя мектебін 1991 жылы ойдағыдай жақсыға аяқтап шықты. Жас түлек арман жетегімен сол жылы Ақтөбе қаласындағы мәдени ағарту Д.Нұрпейісова атындағы колледжіне оқуға түсті. Ол оқу орнын 1996 жылы тәмамдап шықты. Табиғатына жақын білім жолын жалғастыру мақсатында 2006 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы өнер академиясына оқуға құжат тапсырып, оған да сәтті түсіп, 2009 жылы академияны үздікке аяқтап шықты. Өзінің алған білімін ел игілігі жолында пайдалануды көздеген Гүлсім Уәйісқызы еңбек жолын 1996 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы №91 орта мектепте «ән-әуез» пәнінен дәріс беріп бастады. 2007-2009 жылдар аралығында Қазалы ауданындағы Р.Бағланова атындағы «Аудандық мәдениет үйінде» аға әдіскер болып қызмет атқарды. Ойы орамды, қай уақытта да он ойланып барып, бір-ақ кесімді сөзін айтатын Гүлсім Уәйісқызы өз саласында мақтаулы қызметкер болды. Ұжым арасында ұйымдастыра білу қабілетімен, белсенділігімен көзге түсіп, лайықты марапатқа да ие болды.
![]()
Бүгінде Ғ.Мұратбаев ауылында тұратын кейіпкеріміз 1995 жылы Алланың қалауымен тұрмысқа шықты. Жолдасы – Әбиев Жанболат Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің тумасы. Бүгінде берекелі шаңырақта Гүлнұр, Айдана, Ринат, Алтын, Айбар, Айдәулет есімді ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп, ұрпақ қызықшылығын көріп отырған бақытты жандар. Қызылорда қаласында тұратын қыздары Айдана Жанарыс күйеу баласымен бірге 2 баласын, тәп-тәтті Дарын және Асылым атты немерелерін тәрбиелеп отыр. Отбасылық жағдайына байланысты 2009 жылы өзінің жасап жүрген қызметінен шыққан Гүлсім кәсіпкерлік жолды таңдады.
Өзінің балаларын Гүлсімнің әкесі бала кездерінен еңбексүйгіштікке үйреткен еді. Сол 2009 жылдың ортасында Ғ.Мұратбаев ауылында шаруашылықпен айналысуға бел буғаннан кейін, «Талды-аша» учаскесінен жер алады. Міне сол уақыттан бастап отбасымен келісіп, бастаған кәсібін жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта «Талды-аша» шаруа қожалығының жұмысы жүйеленіп, төрт түлік мал басын көбейтумен айналысып отыр. 2021 жылы қой шаруашылығын қолына алып, асылдандырумен айналысып келеді. Одан бөлек жыл сайын гектарлап бақша өнімдерін егеді. Берекенің барлығы жер-ананың төсінде ғой. Ол осыны жақсы біледі. Әдемілеп баптасаң жерден алатын несібе шаш етектен. Қайсыбір істің орайын келтіріп, бабымен жасайтын болсаң, одан алатының да соғұрлым мол болмақ. Гүлсім Уәйісқызы мұны жақсы біледі. Өзі де табиғатты қатты жақсы көретіндіктен, барлық уақытын шаруашылық басында өткізіп, сонда демалып, серуендегенді ұнатады.
![]()
Шаруасы дөңгеленген кәсіпкер жан кәсібімен қатар қоғам өміріне де белсене араласып, ауылының дамуына өз үлесін қосып келеді. Округ бойынша ұйымдастырылатын жиналыстарға, іс-шараларға шақырылып, сөз алып, өз пікірін білдіріп отырады. Ауылдық әйелдер кеңесінің мүшесі ретінде де өз ойын орнықты айта білетін нағыз заманауи іскер тұлға. Айта кету керек ол Қызылорда қаласында өткен іскер әйелдер форумына белсене атсалысып, «Іскер әйел – 2022» номинациясын иеленді.
Әр адамның іскер, жан-жақты болуы адамның өзіне байланысты. Адамның жақсы болуы, жақсы өмір сүруі, жақсы ортада жүруі өзіне байланысты деп санайтын Гүлсім ханым өнердің ғана емес еңбектің де адамы. Өзінің ауыл-аймағын мақтан тұтатын азаматшаның ауылы туралы берген сұхбатына шолу жасасақ.
- «Ауыл – береке. Айылда барлық өнім табиғи. Халыққа, Жер Анаға қызмет жасау әрқайсымыздың парызымыз деп білемін. Мен егістік басында жүріп өзіме күш-қуат аламын. Табиғатты жақсы көріп, гүл өсіргенді ұнатамын.Түрлі дәнді дақылдарды егіп, оның ішінде қарбыздың адам ағзасына пайдасы мол екендігіне толық көзім жетті.
![]()
Ағзадағы бүйрекке тас, тұз бен қан аздықтан сақтау жолында қарбыздың суы өте пайдалы. Бұл жобаны өз отбасыма жасап, тәжірибеден өткізгендіктен қарбыздың емдік қасиетін жүз пайыз қолдаймын. Әсіресе, тамыз бен қыркүйек айларында жеген пайдалы. Бейнеттің зейнеті болатыны рас. Қыста егінімді жинап аламын. Көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға, ауыл-аймаққа әрдайым көмектесуге тырысамын. Барлығына үлгеруге, уақыттың алтын екендігін бағалаймын. Біздер әйел заты болғандықтан, екі елдің басын қосып, біріктіріп, берекені келтіріп, ұстап отыратын біздерміз. Мен ең бірінші Аллаға, отбасыма, балаларыма, халқыма ризамын. Осындай рухани мәдениетке, ақындарға, спортқа, қолөнерге, еңбекке бай елде, республикаға белгілі Ғани Мұратбаев ауылында, өнегелі отбасында туғаныма ризамын. Мақтан ететін Ғ.Мұратбаев ауылында өнімнің түр-түрі ғана емес, иманды, іскер әйелдері, сыйластық пен қонақжайлылықтың қаймағы, рухани қолөнері бұзылмаған өлке. Маусым айында ауылымыздың 120 жылдығын тойлайын деп жатырмыз. Осы ретте Ғ.Мұратбаев ауылының әкімі Рыстығұлов Абай мырзаға, Ақсақалдар төрағасы Төлеген Күнділда Төлегенұлына, Әйелдер кеңесінің төрайымы Жәлімбетова Базаркүл Каршигаевнаға, Қоғамдастық төрағасы Даутов Серік Алмуратовичке ерекше алғыс айтқым келіп отыр. Міне, осы кісілердің ауылдың өркендеуіне қосқан үлестері ерекше», - деп ауылының берекесін көріп отырған Гүлсім ханым нағыз еңбектің адамы.
Өз ісіне тиянақты, қай кезде болмасын ізденіс үстінде жүретін, терең ойлы, өзіндік пікірі бар Гүлсім жан-жақтылығымен, жұмысбастылығымен әр бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын, батыл қадамдары қиындықтан қорықпайтын, сол жол арқылы өзінің көздеген мақсатына жете алатынын дәлелдей түседі.
- «Еңбекке шабыттандырған әкемнің тәрбиесі деген болар едім. Әкем – Бодықов Уәйс 1929 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Көп жыл су бөлімнің саласында басшылық қызмет атқарған, ауыл-елдің қадірлі, сыйлы азаматы болатын. Сол су бөлімінен құрметті зейнеткерлік демалысына шықты. Әкем екі әйел алып, содан 14 бала өсіп өнді. Үлкен анам – Бодықова Несібелі Қожагелдіқызы 1929 жылы Арал қаласында дүниеге келген.
![]()
Кіші анам – Жакенаева Жаңыл Естерекқызы 1947 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда 13 бауырым бар. Мақшат, Жәдігер, Құнқияш, Күлфариза, Әубакир, Күнзира, Бахит, Ғалымжан, Мейрамбек, Ләззат, Алтай, Айбек, Бақытжан, Мақсұт. Аллаға шүкір көп ағайынды болу бір қауым ел болу ғой. Өзім көпбалалы отбасында дүниеге келгендіктен бе көпшілмін. Алла қалауымды беріп, көпбалалы отбасына келін болып түстім. Жолдасымның есімі Жанболат. Атамның есімі Жұмаділ Әбиев. Енем – Әбиева Күләш Ағаділ, Шынболат, Лиман, Әбілхан, Күләнда, Гүлжан, Рысты есімді 8 баланың анасы. Батыр ана. Ағайын-жұртымның барлығы ауыл-елге белгілі, сыйлы да қадірлі жандар. Мен толыққанды бақытты жанмын. Еткен еңбегімнің берекесін көріп, еліме де қолымнан келгенше еңбектене беремін. Жолдасым менің әрбір ісімді қолдап отырса, балаларым жанымда көмекшілерім деуге болады. Еткен еңбегімнің жемісін де көріп, лайықты марапатталып та келемін. Ауыл – береке байлықтың жұмақ мекені ғой. Таза ауа, таза өнім! Тек ерінбей еңбек қылсаң болғаны. Әрі жасап отырған ісіңнің өнімді болуын назардан тыс қалдырмай, ұсақ-түйегіне дейін қадағалауың маңызды», - дейді кейіпкеріміз Гүлсім Уәйісқызы.
Адам баласы үшін бақыт деген отбасы мен ілкімді кәсібі ғой. Біз әңгімелеген Гүлсім Уәйісқызы екі есе бақытты жан деуге болады. Еткен еңбектің Алла берекесін беріп, еңбектері жемісін төге берсін дейміз.
![]()
![]()