Табысты кәсіпкер
Бүгінгі жаһандану кезеңінде әр адам өзінің мамандығынан бөлек, өмірдің қажеттіліктеріне қарай, қолынан келетін кәсіптің шыңына жетіп, елдің игілігі жолында еңбектене алады. Ал ондай адамдарды өз ісінің хас маманы дейді. Ел-халықтың қажеттіліктерін жеткізіп, қалтаға ауыр тимейтін бағамен босатып отыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі деуге де болады. Әңгімелегелі отырған Гүлдария Еркебайқызын елі құрметтеп, оның ілкімді ісін бағалайды, тіпті мақтаныш та етеді. Өзінің ісіне деген жауапкершілігі мен адалдығы, еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында өзін ғана емес, басқа да жандарды жұмыспен қамтып отырған жан. Бұл оның әкенің тәлімді тәрбиесінен келген қасиет, ананың сүтімен дарыған жан-жақтылық деуге негіз бар. Себебі бала күнінен еңбекке құштар қылып тәрбиелеген ата-анасы, адалдық пен қайырымдылық секілді асыл қасиеттерді бойына сіңіре алды.
Иә, адам еңбектенудің арқасында көптеген нәрселерге қол жеткізеді. Адам өмірінде өзіне ыңғайлы, өзі қызығатын, қолынан келетін істі істесе, еңбегінің өзіне де, өзгеге де пайдасы тиіп, жасаған ісі жемісті болып, еліне, халқына пайдасы берекелі болады. Сондықтан да атам қазақ әу бастан-ақ «еңбек түбі береке» екенін жадында ұстаған. Біз қашаннан елдің жүгін қара нардай көтеріп, келешектің қамы үшін аянбай еңбек еткен ерлерімізбен мақтанамыз. Ал сол ерлермен қатар иін тіресе еңбектеніп жүрген нәзік жандыларымыз да аз емес. Өз ісіңнің нағыз маманы болу үшін үнемі ізденіп, білімін толықтырып отыратын Жапарқұлова Гүлдария Еркебайқызы үйренбей, ізденбей табысқа жету мүмкін емес екенін айтады.
- «Адам өмірінде өзінің табиғатына келетін мамандықты таңдайды. Сол арқылы абырой мен бедел жинайды. Адамды алға жетелейтін арман емес пе?! Өмірдің ұзын-сонар көшіне ілескен соң Жаратқанның берген ырзығын теріп жеп, көппен бірге бел-белес, қырат-қырқадан алаңсыз аса бересің де. Мен өз мамандығым бойынша қызмет атқарып, талай жетістіктерге жеттім. Өз саламның мақтаулы маманы бола тұра, ойлана келе заман талабына ілесіп еңбектенуді жөн санадым. Әрі отбасыммен ақылдаса келе жеке кәсіптің тізгінін ұстадым. Рас, бастапқы кездерде қорқыныш басым болды. Ойлағаным болмай қалса ше? Қолымнан келмесе қайтемін? Елдің сұранысынан шыға аламын ба? Елге не керек? Қандай қажеттіліктер бар? Міне, осындай толып жатқан сұрақтар болды. Алайда көз қорқақ, қол батыр екенін сонда білдім. Жайлап бастап, әрі қарай кәсібіміз өздігінен жүріп кете берді. Аллаға шүкір, кәсібіміздің жемісін жеп келеміз, біз де, тұтынушы да разы. Бастысы бағаның тұрақтылығына баса назар аударамыз. Реті келгенде қайырымдылық шараларына қатысып, мұқтаж жандарға қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын», - дейді кейіпкеріміз.
![]()
Жеке кәсіпкер Гүлдария Еркебайқызы Жапарқұлова 1956 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Текес ауылында дүниеге келген. Ол 1973 жылы мектепті ойдағыдай тәмамдап, арман жетегімен Алматыға келіп, медициналық училищеге оқуға түседі. Оқу орнын ойдағыдай аяқтап шыққан жас маман 2005 жылға дейін Райымбек ауылдық емханасында фельдшер-акушер болып қызмет атқарды. 1986 жылы аудандық үздік номинация бойынша «Үздік фельдшер» атағын алып, дипломмен марапатталды. 2005 жылдан бастап жеке кәсібін қолға алды. Ол алдымен дәріхана ашты, кейіннен «Мұрагер» дүкенінің негізін қалады. Аты айтып тұрғандай дүкеннің атын балаларына мұра болып қалсын деген мақсат еді. Бүгінде жолдасы Мұратпен бірге Алтынай, Мақсат, Азамат, Нұрлан есімді ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Барлығына да жоғары білім алып беріп, мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүр. Балаларын құтты орындарына қондырып, немере сүйіп отырған бақытты жан. Гүлдария Еркебайқызы қашанда келінге кеңесші, абысындарының ақылшысы болып келеді. Отбасымен барлығы яғни, ұл-қызы, келіндері фармацевт болып қызмет атқарады. Әр оқу жылының басында 30 оқушыға көмек ретінде оқу-құралдарын алып беріп, қайырымдылық акциясына үлесін қосып отырады.
2021 жылдың қыркүйек айына Райымбек ауылдық окуругінен «Райымбек батыр» спорт кешенін ашты, онда барлық үйірме бар. Фитнес, күрес, шахмат, би, теннис.
![]()
Қазіргі таңда дәріхана мен дүкен халық сұранысын қанағаттандырып, сапалы түрде қызмет етіп келеді. Заманға сай нарықтық қатынасқа бейімделген кәсіпкер қажырлы еңбегінің арқасында жақсы жетістіктерге жетіп жүр. «Мұрагер» дүкені және дәріхана ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін жеткізіп, көптің көңілінен шығып, азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып отыр. Отыздан астам отбасыны жұмыспен қамтамасыз етіп отырған Гүлдария ханымға халықтың айтар алғысы зор.
Ел сенімін ақтап, аса зор ұйымдастырушылық қабілетін танытып жүрген Гүлдария Еркебайқызына осының барлығы оңайшылықпен келмеген еді. Оның қарапайымдылығы, сабыр-парасаты, байыпты ұстанымы, бірсөзділігі, бастаған ісін алға жылжытып отыратын табандылығының арқасында еткен еңбегі еселеп жемісін беріп келеді. Ол өз ортасына мейірімін төге білуімен, еркін ойлайтындығымен және қандай істі де жеңіл ұйымдастыра білуімен ерекшеленді. Алысты болжайтын жүйрік қиялы, кісіге болысқыш адамгершілік қасиеті көп нәрсені аңғартады. Иә, адамға бедел де, абырой да еңбекпен келеді. Әрқашан еткен еңбектеріңіздің ырзық-несібесі мол болып, ұрпақтарыңызбен мың жасаңыз, Гүлдария Еркебайқызы!
![]()
![]()