Заманауи кәсіп иесі
Әр кезеңнің талабы, сұранысы әрқалай болатыны рас. Заман ауысқан сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас та пайда болып, қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыс, сәйкесінше, түрлі мамандық келе бастайды. Қазіргі уақытта қолынан іс келетін әрбір адам өзінің кәсібін ашып, еңбектенеді. Қоғамға қажетті сан түрлі кәсіп бар. Ал кәсіп – қарапайым өмір сүру көзі екені рас. Ол жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Біреулер үшін ол ойға алған арманның орындалуы болса, келесісіне отбасы дәстүрін жалғастыру, басқа біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс болып табылады. Жалпы бүгінгі күні кәсіп көзін табу тағдырыңды таңдау деген сөз іспетті. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау өте маңызды. Әңгімемізге арқау болып отырған Дінислам Манарбекұлы заманауи кәсіп иесі деуге болады.
![]()
Дінислам Манарбекұлы Монғолия, Баян-Өлгей қаласында 1990 жылы 28 қазанда дүниеге келген. Әкесі Манарбек кәсіптің көзін білетін, жан-жақты, көрген-түйгені мол үлкен кәсіпкер болса, анасы ақ халат киген, балалар дәрігері. Елдің алғаусыз алғысын алып жүрген, өз ортасында абырой-беделі бар ата-анасының тұңғышы Дінислам да табиғатынан байыпты ойлап, ақылмен шешім қабылдайтын, алысты болжап, іс қылатын азамат. Дінисламның аталары Монғолияда үлкен қызметте болған, зиялы кісілер. Бірі академик профессор болса, бірі Президент кеңесшісі және Венгрия елінде елші болып жұмыс жасаған. Бір атасы үлкен заводтарды басқарып, белді қызмет жасап, ел құрметіне бөленген. Текті ұрпақтың жалғасы Дінислам төрт ағайынды. Өзінен кейін қарындастары мен інісі бар. Бауырларының қамқор ағасы, ата-анасының мақтанышы Дінислам мектепті қазақ тілінде оқыды. Бірнеше мәрте математикадан, орыс тілінен олимпиада жүлдегері болды. Мектепті үздіктер қатарында болып, алтын медальмен бітіріп шықты.
Алтын ұя мектебін аяқтағаннан кейін, жас талапкер арман жетегімен Ресей еліне жол тартады. Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Қаржы академиясының жоғарғы оқу орнына грантпен оқуға түседі. Жоғары оқу орнында «Аудитор» мамандығын тәмамдап шықты. Университеттен кейін Монғолияда әкесінен қалған кәсіппен айналысты. Біраз жетістіктерге қол жеткізді де. Өзінің бала күнгі арманы атажұртына қоныс аудару болатын. Қазақ еліне келіп, көп жылғы арманын орындап, еліне адал қызмет ету еді. Кішкентайынан бері «Музартты» тыңдап өскеннен соң ба, көңілі ата-жұртына тартып тұратын. Табанды азамат бұл арманына да қол жеткізді. 2016 жылы қазан айында Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударды. Алғашында әрине қиын болды. Неше түрлі жұмыстар жасады, қаншама адамдармен танысты. Алайда, өзіне бір нәрсе жетіспей тұрғандай сезінетін. Өзінің жүрек қалауымен бір кәсіпті бастағысы келді. Көп ойланып, бір тоқтамына келе алмай, қоғамға не қажет болатынын зерттеп, зерделей бастады. Алайда, барлығының жасап жатқан тіршіліктері бірдей, бәсекелестік ортаның жоқтығын түсінді. Осылай ізденіс үстінде жүрген кезде 2018 жылы Украина кәсіпкерлерімен жолығып, кофейный бизнесті Қазақстанға ашуды ұсынады. Ойлана келе бұл кәсіп жаңашылдық әкелетінін, әрі бәсекелестік тудыратынын білді. Сонымен өзі кофейный бизнесті бастап кетті. Әрине, бастапқыда оңай болған жоқ, себебі жаңа бизнес түрін, әрі оны қалай алып кетуді ойлады. Адам тарта білу, кәсібін кеңейту, жұмыс қолын тарту да маңызды еді. Кейіннен Монғолиядан туған інісін шақырып алды. Артынша жақын араласатын досын шақырды. Олар өз кезегінде Дінисламға мықтап қолдау көрсетті. Кәсібінің дөңгеленіп кетуіне көп ықпал етті. Ұмтылыстарының арқасында көптің көңілінен шығып, кәсіптері таныла бастады. Жаңадан аяққа тұру әрине бірден бола қоятын дүние емес ғой. Жылдар өтіп дамып, арасында қателіктер жасап, одан мықтап сабақ та алды.
![]()
Қазір Қазақстан бойынша ең ірі кофейная компаниясының құрылтайшысы «WORLD OF COFFEEMACHINES» (Кофемашина Әлемі) деп аталатын заманауи әрі елдің сұранысына ие кәсіпті өркендетіп отыр. Бүгінгі күнге 20-дай адамды жұмыспен қамтып, орта, кіші бизнес секторын дамытуға күш салуда. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында кеңселері бар. Кофемашинасын жалға береді, сатады. Кофе қуыратын цехы бар, сервис жөндеумен айналысады. Кофе жасауды үйретеді және де кофеханалар ашуды ұйымдастырады. Компаниясы осындай бірнеше бағытпен жұмыс жасайды.
- «Мамандық алдым. Алайда сол салада қызмет етуді емес, қазіргі қоғамға аса қажетті кәсіпті қолға алуды ойладым. Әкемнің жолымен жаңа бір кәсіпті қолға алсам деген оймен жүргенімде, көрші елдің азаматтарынан осындай ұсыныс түсті. Өзім күтпеген, жаңа дүниені ел игілігіне әкелу, оны әрі қарай дамытып алып кету мен үшін үлкен сын болды. Біраз ойланғаным рас. Таңсық кәсіп түрін таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет қой. Өз-өзіме бұл қалай болар екен, ел қабылдай ма деген сұрақтарды қойып, көп ойландым. Кәсіп ашуда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйенуі керек қой. Ең алдымен, осы сұрақтарды өз-өзіме қойған кезде, бір сәт болсын үлкен жауапкершілікті сезініп, нақты әрі салмақты түрде ойлана бастадым. Алған мамандығым да сыртта қалмауын ойладым. Әрине, қаражат керек. Бірақ оның қатарында мықты бизнес-жоспар болса игі. Кәсіпте бәсекеге деген ұғым бар. Бәсекеге қабілетті болу үшін, сіздің халыққа ұсынып отырған қызметіңіздің сапасы жоғары және көңілге қонымды бағада болуы тиіс. Яғни, тек пайда табу үшін емес, сапалы өнім ұсыну үшін жұмыс жасаса кез келген кәсіп табыс әкеледі. Америкада «Ақылды болсаң, неге бай емессің?» деген нақыл бар ғой. Байқаған адамға бар-жоғы бес сөзден құралған мәтелдің астарында көп дүние жатыр. Табыс пен ақшаның көзі қара күште емес, ұтымды жүзеге асырылған жоспарда екенін кәсіп бастайтын әрбір адам білуі тиіс деп ойлаймын. Яғни, ақылда. Дана Абайдың тілімен айтқанда: «Ісім өнсін десең, ретін тап». Мен бірінші, таңертең ерте тұруға бейімделгенмін. Себебі, табысты адамдар әдетте құстар секілді ерте оянады. Таңғы уақыт – мидың тынығып, маңызды істерді жоспарлайтын, жетістікке жетудің алғашқы қадамы. Екіншіден, кітап оқуға уақыт бөлемін. Бүгінде жастардың басым бөлігі телефонға телмірумен уақытын өткізетіні жасырын емес қой. Сондықтан да осы бос кеңістіктің орнын толтыру үшін әлемдік деңгейде жетістікке жеткен кәсіпкерлер мен ел басқарған көшбасшылардың кітабын оқу керек. Үшінші, ол тайм-менеджмент. Яғни, уақытты тиімді басқаруды әдетке айналдыру керек. Әрбір істі жоспарлай білу де маңызды. Мәселен, «Microsoft» компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтсті танымайтындар кемде-кем. Бүгінде әлемдегі ең бай адам саналатын Гейтс аз ғана уақытта жетістікке жеткен жоқ. Оның артында табиғи дарынмен қоса, қажырлы еңбегі тұр. Ол – өз уақытын бағалаған жандардың бірегейі. Жастайынан күн тәртібін түзіп, атқаратын істеріне жоспар құратын болған. Өзіме де, өзімнің жанымдағы жұмысшыларыма да ылғи осыны айтып отырамын. Алла шүкір деймін, қазіргі кезде шаруам жүріп жатыр. Жұмыс беруші ретінде жұмысшыларыма адал болуға тырысамын. Ата-анам ылғи да «адамның ақысын жеме» деп санама құйып отыратын. Ешуақытта ешкімнің ақысын жемей, қайта қолымнан келгенше көмектесуге асығып тұрамын. Нарықтың бағасына ілесеміз ғой. Алайда елдің қалтасына түскенді ұнатпаймын. Барынша қарапайымдылықты жақсы көремін», - дейді кейіпкеріміз.
![]()
Дінисламның анасы – Татьяна Халифақызына айтар алғысы шексіз. Жолдасы өмірден өткеннен кейін бар ауыртпашылық өзіне түсіп, балаларын қатарынан қалдырмау үшін еңбек етіп, мектепте дәрігер болумен қатар қосымша екі жерде жұмыс жасап, тер төкті. Білім алуда да, кәсіп бастауда да қолдау көрсеткен анасының балаларының жаңа бастауларына моральдік және материалдық түрде көрсеткен көмегі шекіз. Балаларының ешқайсысының бетін қайтармай, қолдап отырды. Мәскеуде білім алған Дінисламның барлық білім алуға деген ниеті мен қаражатын қамтамасыз етті. «Осындай мәртебелі жетістікке жетіп, бір кәсіпті дөңгелетіп отырғаным анамның арқасында» деп анасына айтатын алғысы шексіз.
2021 жылы Дінислам Манарбекұлының компаниясы өз саласының үздігі атанып, «Лидер Отрасли» куәлігін алды. Болашаққа жоспары үлкен және үміті зор. Қазақ елінің экономикасына қолынан келгенше өз үлесін қоса беруге деген ниеті бар.
Әулеттің ұйытқысы ақ жаулықты анасы олардың тілекшісі. Әуелі Алла, сол кісілердің тілеуімен өніп-өсіп, тіршілік кешіп жатыр. «Жақсы әйел жарты иман» деген, Жаратқан адал жарға жолықтырды. Алланың берген 3 ұлын тәрбиелеп, өсіріп отыр.