Әбілғазиева Назым

Рейтинг:

Біліктілігі мол тәлімгер

      Бүгінде бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен нәзік жандылар қоғам дамуына өз үлесін қосып жүр. Өз еңбегіне, тәжірибесіне сеніп еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер көп. Нарық заманы ол отбасын да, мансап жолын да қатар алып жүретін іскер әйел болуға талпынғандардың уақыты дер едік. Соқпағы мен тәуекелі көп кәсіптік ортада өз орнын еншілеп қана қоймай, табысқа кенелген арулардың бизнеске белсенділігі жоғары деп айтуға болады. Өз ісін дөңгелетіп жүрген қыз-келіншектер қалада болсын, ауылда болсын көшбасшы ретінде көрініп келеді. Оларға қарап өзгелер үлгі алады, сондай болуға талпынады. Үйде аяулы ана, асыл жар, ал жұмыста тынбай еңбектеніп, қызметте көшбасшы, шебер ұйымдастырушы бола білетін әйелдер легі жиілеп те келеді. Бірақ әйел қандай мықты басқарушы, табыскер болса да ер азаматынан әрқашан бір саты төмен тұра біледі. Қазақ әйелі сонысымен де ерекше.
      Иә, қазақта ақыл-парасатымен, тапқырлығы және тәрбиесімен, дуалы сөзі, дара мінезімен әлі күнге дейін ел жадында жатталған аналар аз емес. Қазақ әйелі дегенде ақылымен ел билеген, айбатымен жауға шапқан нағыз мықтыны көре аласың.
      Міне, біздің де бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған нәзік жандыларымыздың бірі, нарық пен экономика тілін ерте түсінген алғашқы ат төбеліндей топтың құрамында болып, ел тұрғындарын кәсіп бастауға, өзіне қызмет етуге, жеке істің нәтижесін көруге құлшындырып, ынталандырып, елдің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан бизнес-тәлімгерлеріміздің бірі –Әбілғазиева Назым Иманмәдіқызы.
      Қазіргі заман басқа, өткен ғасыр еншілегендей бір орталыққа ұжымдасып жұмыс істеп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын дәуірдің құмы суырылып көшіп кетті. Сағат тілінен де жылдам дамыған нарықтың тілін түсініп, танымына түйгені мен тәжірибесінен туындаған кәсібилікті, ісі жандануы үшін жұмыс атқарып келе жатқан Назым Иманмәдіқызы 1979 жылдың 4 желтоқсанында Алматы облысы, Нарынқол ауданында дүниеге келді. Әкесі – Иманмәді Әбілғазыұлы педагог, математика пәнінің мұғалімі, мектеп директоры болып қызмет атқарса, анасы – Күлшара Нүсіпқызы бес баланың анасы, есепші бухгалтер болып еңбек еткен. Қазір екеуі де зейнеткер, 13 немере, 1 шөберенің атасы мен әжесі. Назым кішкентай кезінен әкесінің әпкесі Айкүміс тәтесінің қолында тәрбиеленіп, өседі. Айкүміс ата-анасына, Әубәкір ағасына көмектесіп, Иманмәді, Тұрар інілеріне қарасып, ерте жастан еңбекке араласқан. Айкүміс тәтесі өте кірпияз, тазайын, ұқыпты, ешкімнен қаймықпайтын өжет, алғыр, бойынан үлкенге құрметі мен кішіге ізеті арылмаған инабатты жан болған. Назымның бойындағы ұқыптылығы мен тиянақтылыққа тән қасиетінің болуында анасындай болып кеткен осы кісінің еңбегі жатыр. Өмірінің соңғы күндерінде Астана қаласында той жасап, Назым қызын тұрмысқа беріп, қуанышын көріп кеткен Айкүміс тәтесі 58 жасында өмірден өтіп кетсе де, Назымның жүрегінде ерекше жан ретінде сақталатыны анық. 
      Бақытты балалық шағын, асқаралы Алатаудың етегіндегі әсем қалада өткізген бала Назымның кішкентай кезінен білім ізденуге, үлкендердің ақылдары мен кеңестерін құлағына құйып өсуге деген ынтызарлығы басым болды. Отбасының өнегелі тәрбиесін үлгі тұтып, көріп өскен Назым бір мамандықтың білікті иесі болуға тырысты.
      Жарқын болашақтың нұрын себелейтін білім ордасының табалдырығын Назым өзінің алғырлығы, белсенділігі, сабақты меңгерудегі дарындылығы, істе тиянақтылығы мен жауапкершілігінің арқасында 1996 жылы Алматы қаласының №145 қазақ орта мектебін үздік аяқтады. Осы жылы Назым Иманмәдіқызы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Басқару Академиясын (Нархоз) Халықаралық экономикалық қатынастар факультетіне оқуға түсіп, 2000 жылы қызыл дипломмен бітіріп шықты. Осылайша, қолына алған ісін шыр айналдырып алып кететін, қызметтік міндеттемелерін уақытылы орындай білген жас маманның алғашқы еңбек жолы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясында басталды. Әр жылдары экономика және жоспарлау басқармасының бас маманы, сектор басшысы, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Сөйтіп, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясында 10 жыл үзбей қызмет жасап, кейін «Казатомпром» Ұлттық компаниясына шақырумен ауысып, «Astana Solar» фотоэлектрлік модульдер зауытында экономика бөлімін басқарды.
      - «Экономист болып жұмыс жасасам да, шығармашылыққа, психология саласына өте қатты қызығатынмын. Қолым бос уақытта осы салалардағы кітаптарды оқып, курстар мен тренингтерге қатысатынмын. Экономист қызметін қоюуыма да, осы себеп болды.
      2016 жылы «Тұран Астана» университетінде психология және педагогика факультетінде магистратураға түсіп, трансгенерациялық байланыс тақырыбында дипломдық жұмыс жазып, 2017 жылы аяқтадым.
      2016 жылы Түгелбай деген атамыздың 350 жылдығына орай Райымбек ауданының Шәлкөде жайлауында үлкен той өтті. Сол тойға қонақ болып барып қалдым. Сонда ауылға жолым түсіп, Нарынқолға барып қайттым. Кезінде дүркіреп тұрған қалалық типтегі ауылдың үйлері қаңыраған, мектептері жабылуға айналған, көшелері бос қалған. Осы ауыл жағдайын көргенде мен қатты күйзелісте болдым. Сондағы ең бірінші келген ой, ауылға келіп мемлекетіміз жасап жатқан бағдарламалары туралы айтып, халыққа ақпаратты жеткізу болған. 
      Астанаға келген соң, кездейсоқ Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Бастау» жобасы іске асырылатынын естіп, жобаға қатысып, бизнес-тәлімгерлер құрамына кірдім. Жоба 2017 жылы 14 облыстың 80 ауданында жүзеге асты. Мен бірінші жылы Райымбек ауданын таңдап, ауылға барып 6 ай сонда жұмыс жасадым. Аймақтық бизнес-жаттықтырушы қызметі барысында Алматы және Ақмола облыстарында Нұр-Сұлтан қаласында 1000-нан астам жоба қатысушыларына кәсіпкерлік негіздерін оқыттым. Олардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы алып, өз кәсібін ашты.
      «Атамекен» палатасында жұмыс жасаған кезде ауылшаруашылығындағы кіші және орта бизнес қиындықтарын біліп жүргендіктен 2020 жылы Праймериз партия ішіндегі сайлауына қатыстым. Қалай болса да, халықты мазалап жүрген өзекті мәселелерді айтып жеткізуге тырыстым», - дейді бизнес-тәлімгер Назым Иманмәдіқызы бұл салаға қалай келгені туралы аз-кем ақпаратпен бөлісіп. 
      Өмірде әр адам өзіне бұйырған салада еңбек етеді, қарым-қабілет, қызығушылығына, икемділігіне қарай ізденеді. Бел жазбай, тізе бүкпей табыс табады. Нәтижесінде еңбегінің жемісін көреді. Иә, қалтарысы мен бұлтарысы көп мына өмірде әркімнің өз бетінше алға ұмтылуға, жақсы өмір сүруге құқығы бар. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Алайда, кәсіп жолына келіп, істің ебін табу, халыққа қызмет көрсету кез келген адамның қолынан келе бермейді. Істеген ісің өзіңе ұнаса, көпшілікке пайдалы болса, еңбегің берекелі болады. Бүгінгі таңда өз кәсібінің негізін қалап, маңдай тер, табан ақысымен жетістікке жеткен Назым Иманмәдіқызы осы ұстанымымен бүгінге дейін талай істің алға жылжуына себепші болып келеді. 
      Үнемі ізденіс үстінде болып, өзін де дамытып, таным көкжиегін кеңейтіп отыратын Назым Иманмәдіқызы 2021-2022 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры ЮНИСЕФ ұйымдастырған инклюзивті аралас білім беру, балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету жайлы Қазақстанның барлық аумақтарын қамтыған жобада тәлімгер болып қатысып, 1500 -ден астам мұғалімге онлайн сабақ өткізді. Сонымен қатар шығармашылық жұмыспен де айналысып, 2019 жылы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде қысқа мерзімді жоғары режиссерлік курсы ашылып, жұмыстан қол үзбей білім алуға мүмкіндік туған сәтті пайдалана отырып, өзінің армандарының біріне қол жеткізді. «Таңдау», «Қонақ» атты қысқаметражды фильмдердің сценариін жазып, режиссер ретінде түсіріп, көрермендерден өзіне лайықты бағасын ала білген кейіпкеріміз 2021 жылы «Қонақ» фильмін Канн фестиваліне жіберді. Енді қорытындысын күтіп отырған жайы бар.
      Әйелдің шын бақыты оның сүйікті мамандығы, жаны қалаған ісі. Сонымен қатар қоғамдағы орны, отбасы мен бала-шағасы деуге болады. Егер әйел баласы өмірлік серігінің сүйіктісі, қажет болған ортасына керек екенін сезінсе ғана нағыз бақытқа бөленеді. «Ақылына көркі сай» деген халық даналығын жиі естиміз ғой. Сол айтылғандай жаны да, өзі де сұлу жанның ой-өрісі де биік болады. Табиғатынан көрікті, Алла Тағала берген нығметін иманымен, ақылымен ұштастыра білген нәзік жаннан артық сұлулық жоқ деуге болады. Иманды әйелдің өзі де, сөзі де сұлу, өйткені, ол ылғи да ақылына жүгінеді. Сондықтан жаратылысынан әйел-анаға мына әлемді, адамдарды аялай алатын аялы алақан мен мейірім берілген. Кейіпкеріміз Назым Иманмәдіқызы арқа сүйер азаматы, жолдасы Денсаулық сақтау министрлігінде Инвестициялық саясат департамент басшысы қызметін атқаратын Смагулов Данай Мұратұлы екеуі Әдемі есімді перзент сүйіп, тәрбиелеп келеді. Шаңырақтың шаттығын бөлеп келген Әдемі бүгінгі таңда Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы мектебінің 7-сыныбында оқиды.
      Еліне елеулі еңбек етіп, бақытын еңбектен тапқан нәзік жан Назым Иманмәдіқызының еңбегі елеусіз қалған емес. Қарымы кең, іскерлік қабілеті мол, тығырыққа тірелген шақтарда жол таба білетін, кәсіп пен нарықтың болашағын болжай алатын қасиеті бар оқытушы-тәлімгердің бүгінгі келбеті міне, осындай!
      Бүгінгі қоғамда саясатта да соны үрдістер салып, ел экономикасының дамуына үлес қосып, салауатты өмір салтын ұстануда да өзіндік орнын алып келе жатқан аналар қауымының, әйелдер қауымының қоғам үшін алар орны ерекше. Осындай саяси сауаты мол, кәсіп иелерінің көшін алға жетелеп келе жатқан әйелдер қауымының әлеуетін арттырып, қоғамдық өмірге белсене араласып келе жатқан Назым Иманмәдіқызы құрметтеуге лайықты тұлғалардың бірі. Кәсіпкерлік саласында жол көрсететін бағдаршам болған кейіпкеріміздің деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....