Мәнді ғұмыр, сәнді тіршілік, мәңгі бақыт!
Қазақтың сөзінде: «шаңырағына шарапат шұғыласы шашыраған» деген жақсы тіркес кездеседі және бұл кез келген адамның бақытына бұйыра бермейтін сөз.
Мырзағалиевтер отбасына барғанда сол сөз еріксіз есіңе түседі. Расында кіргеннен балалардың риясыз шат күлкісі мен тәй-тәй басқан сәбидің тәтті былдыры жаныңды баурап алып, жаныңды ерекше тәтті күйге бөлейтін жылы да, үлкен шаңыраққа береке мен бірлік, ырыс пен бақыт ұялап, қыдыр дарып, бақ қонған. Әрине, бақ та бірлігі бар жерге қонақтайды. Ал, бірлік пен бақыттың бастауы – еңбек.
Осындай берекелі шаңырақтың иесі жаны таза, көңілі көлдей, жүрегі жомарт, сыртқы сымбатты тұлғасына ішкі мәдениеті сай Болатбек Мырзағалиев. Болатбек ағамыз кәсіпкерлік саласын дөңгелетіп жүргенімен, өнерге, шығармашылыққа үлкен құрметпен қарайтын рухани бай адам. Әдетте кәсіпкерлердің көбі өмірде болып тұратын жүрек жылатар жағдайларға салқынқандылық танытып, мәдени, рухани, тарихи құндылықтарды ақшамен ғана бағалайтыны жасырын емес. Ал, біздің кейіпкеріміз тіпті кез келген әннің сазы мен сөзінің үйлесіміне дейін талдап, жүрегіне талғап сіңіреді. Поэзияға, прозаға, өзі оқыған туындыларының барлығына пікірін білдіріп, талдау жасап отырады. Мүмкін, содан да шығар, жаны нәзік, жүрегі жұмсақ. Тіпті мінезінің өзі елгезек, барынша кішіпейіл, сабырлы да салмақты. «Уәде – Құдайдың сөзі» деген ұстанымда жүретін Болатбек ағамыз біреуге ойланбай сөз беруге болмайтынын, егер уәде етсе, оны орындау керектігін, өйткені ол сөз қашан жүзеге асқанша, орындалғанша Құдайдың назарында тұратынын айтады. Иә, рас, ең жақсы адам – уәдеге берік адам екені құранда да айтылады.
![]()
Мырзағали Болатбек Исаұлы 1954 жылы 2 мамырда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жалағаш кентінде дүниеге келген. 1961 жылы аудан орталығындағы №123 мектептің 1-сыныбына барып, 1971 жылы сол кенттегі №202 орта мектепті үздік бағамен бітіріп шықты. Орта мектепті ерекше аттестатпен тәмамдаған талапкер түлек сол жылы Қызылорда қаласындағы политехникалық техникумының ТОРА бөліміне оқуға түседі. Ер азамат Отан күзетінің сапында болып, әскери дайындықтан өтуі тиіс. Аталған оқу орнында оқып жүрген студент Болатбек 1972 жылы кеңес әскері қатарына алынып, 1974 жылы Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарып келеді. Әскерден оралған соң оқуын әрі қарай жалғастырып, 1976 жылы мамандығы бойынша диплом алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Жалағаш ауданы орталығындағы автотранспорт мекемесінде механик болып бастайды. (1978 жылы Алматы қаласындағы ауыл шаруашылық институтының сырттай бөліміне студент болып қабылданып, 1987 жылы инженер-механик мамандығын алып шықты). Мамандығы бойынша білімі толық жас маман өзінің үйренуге деген талабымен алға ұмтылады және ондай талапты жасқа қай ортада да жақсы ұстаз табылады. Аталған мекемеде он жылға жуық жұмыс істеп, тәжірибе жинаған Болатбек ағамыз 1985 жылы бас инженер лауазымына көтерілді. 1998 жылы тоқырауға байланысты мекеме жабылып, Болатбек Мырзағалиев Жалағаш қыстағындағы автостанцияға басшы болып бекітілді. Атауында сәл өзгешелік бар демесеңіз, Болатбек ағамыздың алғаш жұмыс істеген мекемесі мен басшы болып бекітілген мекемесінің қызметі бір жүйеде жұмыс істейді. Алайда, Болатбек Мырзағалиев ұзақ жылғы қызмет бабындағы өз бойындағы қалыптасқан қағидасы бойынша ең алдымен қарамағындағы қызметкерлерден жауапкершілікті қатаң түрде талап етті. Өйткені, автостанция – жолаушылар тасымалын оңтайлы ұйымдастырып, қамтамасыз ететін мекеме. Әрбір қоғамдық көліктің жүргізушілерінің мойынында жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігі тұрады. Сондықтан аудан мен қала аралығына, елді мекендер бағытына қатынайтын автобустардың уақытылы техникалық тексеруден өтіп, май-суы мен көнерген қосалқы бөлшектерін ауыстырып тұруын Болатбек Мырзағалиевтің өзі қатаң қадағалап отырды. Жолаушыларға қызмет көрсететін мекеме қызметкерлеріне үлкен міндет жүктеледі. Соның ішінде сол мекеме басшысына артылатын жауапкершілік екі есе ауыр. Алайда, адал қызмет қашанда абыройға жеткізеді. Болатбек ағамыз да қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарады, уақытпен санаспай жұмыс істеді, халықтың алғысын алып, қарамағындағы қызметшілердің, ұжымның құрметіне бөленді. Жоғары дәрежеде құрметке бөленіп, қошемет көру үшін кез келген адамның өз қызметіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығынан бөлек, сол ортаға лайық тәрбиелі, орнықты, салмақты мінез-құлқы, үлгілі іс-әрекеті, білімі мен білігі, тәжірибесі және ұйымдастырушлық қабілеті болуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Ал, Болатбек Мырзағалиевтің бойында осы қасиеттердің барлығы бар еді. Сондай азаматтық тұлғасымен, адамдық болмысымен өзі қызмет істеген ортасына, басшылық жасаған ұжымына, аудан халқына, жалпы жұртшылыққа сыйлы, қадірлі, құрметті болды.
![]()
Заманды адам жасайды. Қазір нарық қоғамы және жұртшылық соған бейімделуі тиіс. Бұл – заманның талабы. Болатбек ағамыз 2006 жылы «Авто-қосалқы бөлшектер» жеке дүкенін ашты. Мақсаты – мамандығына сәйкес өзінің ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйеніп аудан халқына техникалық қызмет көрсету. 2012 жылдан бастап кәсібін кеңейтіп, «Техникалық жөндеу орталығын» ашты. 2017 жылы зейнет демалысына шықты. Алайда, зейнеткермін деп үйінде бос жатқан жоқ, балаларын да адал кәсіп істеуге баулып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретуден жалықпайды. Ара-тұра шығармашылық өкілдеріне көңіл бөлуді де ұмытпайды, қаламгерлердің туындыларының жарыққа шығуына қаржылай демеушілік жасап, оқырман ретінде де оларға әрдайым тілекші, қамқоршы болып жүрген азаматтың болмысына дүрбі салып қарасаң да тұла-бойынан тек жақсы қасиеттерін ғана көресің. Сол өзіне ғана жарасатын әдемі күлкісімен күндей күлімдеп қарап тұрады. Кішіпейіл, мәдениеттi, ой-өрісі кең, сыпайы, жұмсақ мінезді, қазақтың салт-дәстүріне жетік, жөн-жоралғысын да жақсы біледі, астамшылығы жоқ, ғайбат сөз айтуды білмейді, болдым-толдым деп таспайды, қиындыққа тап болса саспайды, еңбектен қашпайды. Осы күнге ешкімнің қолдауынсыз өзінің маңдай терін тамшылатып жүріп жеткен. Сондықтан қазір Болатбек ағамыз әр сөзінде жастарға адам баласына абырой да, атақ та, даңқ та, байлық та адал еңбекпен келетінін айтып отырады.
Иә, бүгінде құстың сүтінен басқаның бәрін ақшамен сатып алуға болады. Бірақ, адамдардың пейілі мен ықыласын сатып ала алмайсың. Болатбек Исаұлы өзі қайырым қылған айналасында жүрген жандардың, өзі қапысыз қызмет қылған халықтың ықылас, пейіліне көміліп жүр десек, сөзіміз жалған шықпайды. Елге, халыққа жасаған қызмет, сол жолда төгілген тер, жұмсалған уақыт текке кетпейді. Оны сөз басында айттық: «Халық – Құдайдың бір аты». Сол халықтан Болатбек ағамыздың көңіліне аппақ қардай болып жауған алғыс пен ризашылық кәсіп иесінің абыройын аспандатып, мәртебесін асырды, 2018 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қол қойған «Алғыс хатпен» марапатталды. Сонымен бірге, облыстық «Автотранспортқа – 80 жыл» мерекелік медалі, «Құрметті автокөлікші» төсбелгісі және «Жалағаш ауданына – 80 жыл» мерекелік медалін жарқыратып кеудесіне тақты.
![]()
Әр ер азаматтың қай салада да жеңіске жетуіне, нәтижелі қызмет атқарып, абыройға бөленіп, құрметті азамат атануына әйелдің үлесі бар. Әйел адам ежелден ерінің күрескерлік рухын шыңдап, оған жан-жақты қолдау көрсетіп, тілекші болған. Болатбек ағамыздың Құдай қосқан қосағы, елу жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан Ерәлі Роза Көшекбайқызы 1954 жылы 24 маусымда, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. Роза апамыз 1961 жылы Мәдениет ауылындағы №32 мектепке барып, 1966 жылы Жалағаш кентіндегі №123 мектепке ауысады. 1973 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені, 1979 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтты бітіреді. Сол жылдан бастап 2012 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Жалағаш аудандық Әуез мектебінде өз пәні бойынша шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызмет атқарды. Роза Көшекбайқызының сыныбынан музыкалық білім алып шыққан түлектер бүгінде республика жұртшылығына танымал өнер өкілдеріне айналды. «Жалағаш ауданына – 80 жыл», «Жалағаш жаршысына – 80 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған апамыз «Ән-жырды жүрегімде әлдилеймін», «Перзент парызы» кітаптарының авторы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Мәдени-рухани тақырыптардағы мақалалары мен әңгімелері жергілікті, аймақтық баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. 2008 жылдан бастап желілік жүйедегі кәсіпкер. 2016 жылдан бастап облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Жалағаш аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, 2021 жылы наурыз айынан бастап Жалағаш аудандық әйелдер кеңесінің төрайымының орынбасары болып қызмет атқарып келеді. Жетпіс жасқа таяп қалса да, заманауи таным-түсінігі, бет әлпеті, сырт сымбаты, қимылы өз қатарларынан әлдеқайда жас көрінетін Роза апайымыздан соның сырын сұрасақ, «оның ешқандай құпиясы жоқ, адамның көңілінде қылаудай жамандық болмаса, ешкімге ренжімесе, қолынан келгенше ісімен де, сөзімен де жақсылық жасауға ниеттеніп тұрса, үнемі сергек жүрсе, ашуын сабырға жеңдіріп, күлімдеп жүрсе, қартаймайсың әрі ұзақ өмір сүресің», – дейді күлімсіреп. Расында, Роза апайымыздың қабағы қатулы жүргенін байқамайсыз. Қашан көрсеңіз де әр таймаған ажарлы жүзінен күн күліп, жарқылдап жүреді. Қолынан келгенінше қиналған жандарға қол ұшын беретініне де талай мәрте куә болдық.
Болатбек ағамыз бен Роза апайымызбен отбасында бір қыз, үш ұл тәрбиелеп отыр. Үш ұлын бір төбе көріп, бір қызын әлемнің асылына балайды. Біздің екі кейіпкеріміз қазірде немерелердің атасы мен әжесі ғана емес, бірі елағасына, бірі ел анасына айналған. Үлкен әулеттің ақылшысы, арқасүйер қамқоршысы. Немерелері мен жиендеріне өнеге беріп, ақылдарын айтып, солардың әр қылығын үлкен думанға айналдырып дуылдап отырады.
Тұла бойы тұңғышы – Майра 1980 жылдың қаңтар айының 22 жұлдызында дүниеге келген. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында тұрады, Жеке кәсіпкер, дефектология мамандығы бойынша жұмыс жасап отыр. Жолдасы – Нұрманов Алмат Манатбекұлы полковник шеніндегі әскери қызметкер. Мерейлі отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Ал, Болатбек ағамыз бен Роза апамыздың ұрпағын көбейтіп отырған ұлдары бүгінде елге сыйлы азаматтар. Үлкен ұлы – Мырзағалиев Мақсұт Болатбекұлы 1981 жылы 3 қыркүйекте Қызылорда облысы, Жалағаш кентінде дүниеге келген. 1998 жылы мектеп бітірген соң, Қызылорда қаласындағы арнаулы орта колледжінің заңгер мамандығына оқуға түсті. 2000-2002 жылдар аралығында әскер қатарында қызметте болды. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Қызылорда қаласындағы өрт сөндіру мекемесіне жұмысқа орналасып, қазір сол салада қызмет істеп келеді. Жұмысына өте тиянақты, сауатты, мінезі салмақты Мақсұт Болатбекұлы ұзақ жылдардағы қызметі үшін түрлі Алғыс хаттар мен ҚР Төтенше Жағдайлар Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және мерекелік төсбелгілермен марапатталды. Мақсұт бүгінде отбасылы, үш қыз, бір ұлдың әкесі. Жұбайы Сәуле Келгенбаева жоғары білімді, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Ал, ортаншы ұлдары – Мырзағалиев Мұхтар Болатбекұлы 1984 жылы 1 наурызда Қызылорда облысы, Жалағаш кентінде дүниеге келген. 2001 жылы №246 орта мектепті ерекше белгімен бітіріп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Мұнай және Газ» факультетіне инженер электрик мамандығына түсіп, 2006 жылы абыроймен бітіріп шықты. Сол жылы (ТЭЦ) «Қызылорда Жылу Орталығына» электромонтер болып жұмысқа қабылданды. 2008 жылы электромонтердан ауысым басшысы (НСС) қызметіне көтеріліп, 2012 жылы Қазақстан Ұлттық Компаниясының «КЕГОК» мекемесіне диспетчер қызметіне ауысып, бүгінге дейін осы қызметті абыроймен атқарып келеді. Өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын Мұхтар Болатбекұлы ұзақ жылдардағы қызметі үшін «ТЭЦ» және «КЕГОК» мекемесінің түрлі алғыс хаттар, дипломдарымен марапатталды. Отбасында төрт ұлдың әкесі. Жұбайы Қаламқас Омарова жоғары білімді, информатика пәнінің мұғалімі. Ал, Болат ағамыз бен Роза апайымыздың кенже ұлы – Мырзағалиев Мұрсал Болатбекұлы 1988 жылы 4 ақпанда, Қызылорда облысы, Жалағаш кентінде дүниеге келді. 1993 жылы орта мектепке барып, 2004 жылы бітіріп шықты. Сол жылы Қызылорда қаласындағы жоғарғы оқу орнына түсіп, 2007 жылы әскер қатарына шақырылды. Отан алдындағы әскери борышын 2008 жылы абыроймен өтеп, туған ауылына келді. «Жас келсе – іске». Зор құлшыныспен жеке кәсіп бастады. Атап айтқанда, аудан орталығында барлық техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер дүкенін, желімдеу және басқа да техникалық қызмет көрсету орталығын ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтыды. Мінезі ашық, елмен жақсы тіл табысатын Мұрсал Болатбекұлы өзі өсіп-өнген қара шаңырақтың иесі. Екі ұл, екі қыздың әкесі. Жұбайы – Арайлым Ысқақова жоғарғы білімді, математика пәнінің мұғалімі.
Иә, бақытын еңбекпен тауып, ұл-қызына тәрбиесі мен тілегін, немерелеріне тәлімі мен жүрегін беріп, үлкен шаңырақтың берекесін кіргізіп, шаттығын еселеп, шамын жарқыратып жарасымды жұп болып тату-тәтті, баянды ғұмыр кешіп келе жатқан қос бәйтеректің бүгінде тамыры тереңге тартып, бұтағы көбейіп, саясы молайып келеді.