Ерғалиев Уәлихан

Рейтинг:


Өнегелі ғұмыр

      Бабалардан қалған асыл сөздерді сарқып, жыр-мұраларды парақтар болсақ, ер жігіт, ер азаматқа қатысты өте көп сын-сипатты ұшырастыруға болады. Соның ішінде елінің ертеңін ойлаған азамат, тарихын түгендеп, өткенін өшірмей, барын бағалап, қазақтың «Ел қорғаны, ер аманаты» - деген асыл сөзіне лайықты болып жүрген бүгінгі сөз болғалы отырған кейіпкеріміз – Ерғалиев Уәлихан Әділкәрімұлы.
      Уәлихан мырза еліміздің Шығыс өңіріне қарасты Тарбағатай ауданы, Қарой ауылында дүниеге келген. Өнегелі отбасында дүниеге келген кейіпкеріміздің әкесі Әділкәрім мырза талай жанның жүрек түкпірінде алғашқы ұстаз ретінде жадында қаларлық бастауыш сынып мұғалімі болған көрегенді жан болса, анасы Күлзипа ханым көпбалалы ана. Тілімізге тиек еткендей, Уәлихан мырза көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Атап айтсақ, ата-анасының ұлдарының ішіндегі сүт кенжесі. Әділкәрім мырза мен Күлзипа ханымның отбасында тоғыз қызғалдақ, екі атұстар ер бала тәрбиеленген. Кейіпкеріміздің ең үлкен апасы Раушан, екіншісі Тілек бүгінде жеке кəсіптері бар майталман мамандар десек артық айтпағандық. Одан кейін қос егіз Əлия мен Ғалия. Ағасы Естай қазіргі таңда Өскемен шаһарында жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жан. Бұл кісілерден бөлек Уәлихан мырзаның Лира, Венера, Бақытжан, Сара, Жайна деген бес қарындастары бар. Отбасының әрбір мүшесі нағыз отбасының үлгісін көрсетіп, кәсіптерін жандандырып отырған ел азаматтары мен азаматшалары деп біз де ауыз толтыра айта аламыз. 
      Уәлихан мырза мектеп қабырғасын алғаш аттаған тұста 1-4 бастауыш сыныпты Қарой бастауыш мектебінде оқып, 5-сыныпты Ақжар селосындағы білім ордасында, 6-сыныпты Ақ Мектеп, 7-сыныпты Құйған совхозында, 8-сыныпты Ақ Мектепте тәмамдаған. Әр заманның өз қиыншылығы болады демекші, кейіпкеріміз қандай жағдай болмасын төтеп беруді місе тұтқан жандардың бірі. Еш қиындыққа мойынсынбай төтеп беруінің нәтижесінде бүгінгі таңда бел-белестерді бағындыруда демекпіз. Уәлихан мырзаның өмір жолындағы 1983-1987 жылдары 9-сыныпты аяқтап Өскеменнің педагогикалық училищесінде білім нәрімен сусындауымен жалғасын тапқан. Кейіпкеріміздің алғашқы еңбек жолы ұстаздық қызметпен бастау алды десек артық айтпағандық болар, себебі 1987-1988 жылдар аралығында жауапкершілікті талап ететін Зырян қаласында жасөспірімдер үйірмесінің жетекшісі қызметін абыроймен атқарады. Еліміздің әрбір ер-азаматының парызына айналған Отан алдындағы борышын өтемек мақсатында 1988-1990 жылдар аралығында Кеңес одағының әскер қызметінде де болады.
      Әскери борышын өтеп келгеннен кейін кейіпкеріміз еңбек жолын жалғастырмақ ниетте 1990-1991 жылдар аралығында Қаройда жер сілкінісінен (зілзаладан) кейінгі жоспар бойынша жаңа үйлерді салуға келген компанияға жұмысшы болып орналасады.
      Ұстаздық атты ұлы істің басы-қасында жүрген жан қашанда балапандармен жұмыс істеуге даяр жүретіндігі жасырын емес. Міне, кейіпкеріміз де мансабына деген ықыласты жандандырып 1991-1994 жылдары Қарой бастауыш мектебінің меңгерушісі және оқытушысы қызметін атқарады. 1994 жылдан бастап Уәлихан Әділкәрімұлы Өскемен қаласында жеке кәсіп бастауды қолға алады. Алғашқы істе ауылшаруашылық ет өнімін сатып, кейін тұрмысқа қажетті киім сатады. Содан кейін көздің жауын аларлық әр үйдің төрінде тұратын кілем сатумен шұғылданады. Еңбек – бәрін жеңбек дейді дана халқымыз, Уәлихан мырза да осы бір шаруашылықтың тізгінін ұстаған тұста кілемдерді сатып алып келіп, оны үйдің жертөлесіне сақтап қойып, əр кəсіпорынды жағалап «кілем аласыңдар ма?» деп сатып жүрген кездердің болғандығын да жасырмайды. Реті келіп жалға базардан орын алып жұмыс атқарып, 2000 жылдары дүкен ашады. 
      Өз кәсібінен нәсібін тауып отырған кәсіпкер әр уақытта өзгеге көмек қолын созудан тартынған емес-ті. Туған ауылын гүлдендіру мақсатында Уәлихан мырза ауылына қаржылай көмектесіп, кейіпкеріміздің ұйымдастыруымен, қолдау көрсетуімен аталмыш мекенде мектеп, мешіт, Қарой мәдениет үйі салынды. Осы өңірдегі мектептің ғимаратын алып беруге және ауылдың кіреберістегі қақпасын жасап бергенін де айта кеткеніміз жөн. Ел үшін қызмет етіп жүріп, көптің көңілінен шығып жүрген кейіпкеріміздің еңбегі бағаланып өз кезегінде алғыс хаттар мен мақтау қағаздардың иегері атанып та үлгерген. Атап айтсақ, Уәлихан Әділкәрімұлының көрсеткен еңбектері үшін 2019 жылы «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Қарасу аудан әкімінен әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Алғыс хат», көпжылдық адал жұмысы үшін «Bal Tekstil»-ден «Алғыс хат», «Үміт» балалар үйінің «Алғыс хатымен», Н.Назарбаев Зияткерлік мектебіне демеушілік көмек көрсеткені үшін «Алғыс хаты», Әлемдік федерация «Қазақ күресінен» «Алғыс хат», Тарбағатай ауданының әкімінен «Алғыс хат», Шығыс Қазақстан облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан «Алғыс хатпен» марапатталып үлгерді. 
      Кейіпкеріміз кілем шаруашылығынан бөлек марал мүйізінен жасалған дәрілік өнімдерді халыққа ұсынып жүр. Марал мүйізінен жасалған «Gemma» табиғи өнімінің адам денсаулығына расымен де пайдалы екеніне көз жеткізе білген жан, оны халыққа кеңірек таныстырып, тікелей тасымалдауды жөн санайды. Бүгінгі таңда кейіпкеріміз осы өнімді жүйелі түрде пайдаланып жүрген жандардың қатарын арттыруда. Болашақта Уәлихан мырза марал мүйізінен алынған өнімді шайдың құрамына қосуды жəне шетелдерге экспортқа шығаруды қолға алуда.
      Өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдей білген жан отбасында қандай тұлға екен десеңіз... 
      Уәлихан мырза бүгінде үш перзенттің асқар тау әкесі. 1998 жылы 6 мамырда тұңғыш қызғалдағы дүниеге келеді. Отбасында еңбектің наны тәтті екенін жақсы ұғына білген, қыздары Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылған тұста алғаш шәкірттердің бірі болып, оқуға қабылданып, үздіктердің қатарынан табылып, ата-анасының мақтанышына айналады. Еуразия Ұлттық университетін туризм саласы бойынша қызыл дипломмен үздік бітіргеннен кейін магистратураға оқуға түсіп, қазіргі таңда жоғарғы шәкіртақы алады. Ана тілінен бөлек орыс, ағылшын, түрік тілдерін жетік біледі. Уәлихан мырза қызы Динараны өзінің артынан кәсіп жолында көмекші, оң қолы ретінде тәрбиелеп, ізбасары ретінде үйретіп жүр. Әке жолын қуып, қазіргі кезде қосымша өзінің кішігірім кәсібі бар. Уәлихан мырза 2016 жəне 2019 жылдары екі рет ұлды болып, бүгінде сол тәтті бөбектерінің шат күлкісіне мәз-мейрам болып отырған жайы бар.
      Жаһандық тұрғыда ойлап, қандай да бір түйінді мәселенің алдын алу жолдарын жақсы біліп, бүгінде жеке кәсіпкер ретінде енгізілген көптеген жаңа идеялар мен тың шешімдердің барлығы Уәлихан мырзаның ізденістері деп түсінеміз. Осы ретте, еңселі ел азаматына алар асуларыңыздың ортаймауын, ісіңізде береке мен бірліктің ажырамауын, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....