Ата кәсіпті жалғаған кәсіпкер
«Ер дәулеті – еңбекте» деген, қара сөздің қадірін түсінген аталарымыз. Қай дәуірде де тынымсыз еңбек ете білгеннің, берекесі кіріп, маңдайы шылқыған. Бұл туралы ақын-философ Шәкәрім Құдайбердіұлы былай жырлаған: «Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын, Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайың. Ойласын деп ой берді, көруге көз, Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын. Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ, Білім білмек – әр іске шебер болмақ. Қолөнерден пайда қыл үйреніп-ақ, Кетпес дәулет осы ғой Құдайға хақ». Еңбектің қадірін білген адам өмірден нәсібін тапқан десек, әлбетте, қателігі жоқ. Адам баласы үшін қажымас қайратпен адал еңбек ету үлкен абырой. Адал еңбек жолы – өмірдің байлығы. Бұл жалғанда жеңіл жолды таңдаған адам баласы бейнеттен қашамын деп беделін кетіреді. Ал адал еңбек етіп, бар күш-жігерін ерінбей еңбекке арнаса, зейнетін көреді. Өмір жолында еңбек етіп, қиындықпен күресе білетін абзал жандар өзінің өмірлік жолын адаспай табатыны ақиқат.
![]()
Міне, осындай адал еңбектің нанын жеп, нарықтың тілін түсініп, тез дамыған заманмен қоса дамып, ілгерілеп, кәсібін дөңгелетіп келе жатқан азаматтарымыздың бірі кәсіпкер,
Айымбетов Әбдіхалық Дүзелбайұлы. Ғасырлар тоғысында санамызға сыналай енсе де, тұрмысымызды билеп алған кәсіпкерлік ұғымы бүгінгі таңда өз мінберінен түскен емес. Сонау өткен ғасырдың соңғы жылдарындағы тоқырау, бір қазаннан ас ішіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ұжымдық шаруашылықтың келмеске кеткенін білдіріп, қолынан іс келетін, көкірегі ояу азаматтардың бойына серпін беріп, бір-бір кәсіпті меңгеруге баулыды. Сол бір тобықтан қаққан жоқшылық пен тапшылық жылдарды көзімен көріп, тәжірибе жинақтаған азаматтар бүгінгі таңда кәсіптерін жүргізіп, көптеген адамды жұмыспен қамтып, кәсіпкерліктің дамуына, экономиканың ілгері жылжуына себеп бола білді. Сол бір жылдардағы тапшылықтың бұлты сейіле қоймаған кездері, бас болып, бір іске білек сыбана кірісіп кеткен, өзіне деген сенімділігі мен табандылығының арқасында тәуекелді жел қайық етіп өте шыққан, ат төбеліндей топ бастаған саналы азаматтардың сапында бүгінгі кейіпкеріміз Әбдіхалық Дүзелбайұлы да болды.
Әбдіхалық Дүзелбайұлы 1968 жылдың 19 маусымында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бекбауыл станциясында дүниеге келді. Адал еңбек етуге тәрбиелеп, азамат болуға қалыптастырып, әділдік пен адалдықты ту етіп ұстануды өнеге етіп қалдырған әкесі – Айымбетов Дүзелбай Бекбауыл станциясының басшысы қызметін атқарған, Ұлы Отан соғысының ардагері. Ал, перзентінің тілеуі таңдайынан түспеген, әр қадамына үмітпен қараған, мейірімі күн нұрынан да жылы анасы – Аймағанбетова Фатима да әкесі секілді, темір жол саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен, құрметті теміржолшылар.
Сырдариядан бастау алған канал арқылы бойы жіпсіп түрленіп, шаруашылыққа қолайлы жерде орын тепкен, елін жаудан қорғаған атақты батырдың табаны тиген қасиетті топырақта бақытты балалығын өткізген Әбдіхалық осы Бекбауыл аулындағы сегіз жылдық мектептің табалдырығын аттады. Төбе етегіндегі бұралаң жолмен мектепке барып, сыныптағы белсенді оқушылардың бірі болды. Айтқан сөзді екі етпей орындайтын, тиянақтылығы мен жауапкершілігі басым, сабақта алғыр оқушы қай мұғалімнің де мақтанышы емес пе, өзінің алғырлығымен, ширақтығымен, ұқыптылығымен сыныптағы мақтаулы оқушылардың бірі болды.
![]()
1976 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1983 жылы шағын ауылдың балаларына арналған сегіз жылдық мектепті аяқтап, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №17 темір жол қазақ орта мектебінде білімін жалғастырды. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқы дөңгелегі де ізін басатыны секілді, ата-анасы темір жол саласында жүрген соң, еңбектің қадірін түсінген азаматтар перзенттерін де ерте жастан еңбекке баулиды. Ата-анасының осы бір тәрбиесі үшін Әбдіхалық әлі күнге рахметін айтпаса, ешқашан өкінген емес. Өмір көрген, тұжырымында тәлім мен өнеге, сөзінде өмір танымынан туындаған ақыл-кеңестер жатқан тұлғаның перзенті болғанын әрқашан мақтан етті.
Кішкентайынан техникаға әуестігі болып, қолы тиген іске жан бітіретін жас 1985 жылы 10 сыныпты бітірген соң өзінің икемділігінің арқасында ауданда Рай ОРС сауда мекемесінда автокөлік жүргізушісі болып орналасты. Одан кейінгі жылы әскер қатарына шақырылып, Мәскеу облысы, Балашиха қаласында, екі жыл автобатальонда жүргізуші болып азаматтық борышын өтеп келген Әбдіхалық Дүзелбайұлы елге келген соң РайОРС мекемесіне қарасты нан зауытына нан тасушы көлікке жүргізуші болып орналасты. Міне, бүгінгі сауда саласының биік шыңына шығып, абырой биігіне көтеріле білген табысты кәсіпкердің алғашқы еңбек жолдары осылайша басталған еді.
Шудаларын шаң баса желіп өткен өркешті жануардың қомына жабысып, төрт тұяғын тең алған тұлпардың жалына жабысып, туған айдың өтерін, шыққан күннің батарын, тілі тоқтамай зырғыған сағатпен өлшеген уақыт өз дегеніне бағындырып келеді. Адымыңды қысқа алып, аяғыңды кейін тартсаң, шыққан биігіңнен ысырып, кәсібіңді тұралататын, бәсекелестік биіктігіне жетелейтін нарықтық қоғам жаңа технологиялардың жетегіне еріп қарыштап дамуда. Аталарымыздың тіршілік нәріне айналған мал шаруашылығы біраз уақыт ауру адамдай аяғын сылтып басса да, жаңа ғасырдың басында ата кәсіп қайта жанданып келеді. Нарықтың кезеңінің шырмаулы бұғауына түскен кәсіпкерлік әмияны «көк қағаздың көлемін өсіремін» деп, өнім санын арттырғанымен сапасы төмендегені анық. Десек те, арайлы күннің шапағы сауда ісіне шуағын қайта шашты.
![]()
Қазақылығымыздың қаймағы бұзылмаған өңірде тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етіп жүрген, кәсіпкерлік сәйгүлігін сұлы беріп баптаған, текті атаның тұяғы болған арда азаматтар болады. Ел игілігіне қызмет етіп келе жатқан, қажырлығы, қайсарлығы, еңбекқорлығының арқасында сауда саласын меңгеріп, кәсібін ілгерілете білген азаматтардың бірі осы Әбдіхалық Дүзелбайұлы еді.
«Еңбек етпеген адам ішім-жемге жарымайды, еңбектенген адам ішім-жемнен тарылмайды», - деген нақыл сөздер ата-бабаларымыздан бекер қалмаса керек. Ықылым заманынан бері әрбір қазақ баласы еңбексіз ештеңенің өнбейтінін біліп өсіп келеді. Қай заманның болмасын өмір сүру салты мен мәнеріне тез үйреніп, еңбектің қай түрін болмасын иіріп алып кететін қазақ халқы үшін жұмыстың қай түрі болмасын таңсық емес. Біздің заманымыздағы маңызды салалардың бірі – кәсіпкерлік. Уақыт ағымына сай тез бейімделе алатын бұл сала – елімізде алдыңғы орындардың бірінде.
Сол нан зауытында 1999 жылға дейін еңбек етіп, біріккен шаруашылықтар тарап жатқан сәтте, Әбдіхалықтың да мекемесі сол мекемелердің ішінде кетті. Бірақ, ұжымдық шаруашылықтардың көбісі сөгілгенімен, есіктен сынай енген нарық, жаңа ғасыр еңбек етемін деп қолына күрек алғандардың жаңа есігін ашты. Ол, кәсіпкерлік саласы еді. Тек Қазақстан ғана емес, әлемде болып жатқан сол бір жылдардағы өзгерістерді алдыңғылардың бірі болып түсінген кейіпкеріміз, сауда саласына аяқ басты.
![]()
Міне, сол жылдардан бері осы сауда саласында еңбек етіп келеді. Аудан орталығындағы «Ақмаржан» сауда үйі, тұрғындарды тұрмыстық керек-жарақтарымен қамтып, қызмет көрсетіп келеді. Күнделікті тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек материалдармен қамтылған сауда үйі, ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, сауда саласынан бөлек ата кәсіпті қолына алған Әдіхалық Дүзелбайұлы ұлының есімімен «Ақниет» шаруа қожалығын ашып, үкіметтік бағдарлама аясында мал басын көбейтіп асылдандыру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді. Жанұясының ішін жылуға бөлеп, азаматының жағасы ақ болуын қадағалап келе жатқан жары, кәсіпкер Махамбетханова Гүлжан Кенжеболатқызы екеуі 1 ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, оқытып, білім беріп, құтты орындарына қондырып отырған бақытты ата-ана.
Адам еңбектену үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін еңбектенеді. Қамшының қысқа сабымен өлшенген ғұмырда адамның шырайын еңбек қана шығарған. Соқасының жүзі жылтырап, бұзауы желіде байланған жанның өзегі талмай, жүзінде бақыттың мейірімі ойнап, абырой тұлпары қашан да белбеуде байлаулы болған. Өнегенің өлшемі болған Әбдіхалық Дүзелбайұлы кенже қалған ауыл шаруашылығын дамытып қана қоймай, түтіні түзу ұшқан тәуелсіз қазақ елінің қамын ойлар азамат. Ел экономикасының дамуына үлес қосып, «ауыл шаруашылығы» деп аталатын асқаралы алатаудың бір шыңына өз есімін өшпестей етіп қалдырған жан ретінде, халық жүрегінен орын алған. Өркениетті мемлекеттің гүлдене түсуі өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, кәсіби біліктілігі мен білімділігін талап етеді. Кәсіби білімді әрі білікті болу үшін ең алдымен еңбек қажет. «Әлемнің әміршісі еңбек, еңбек бәрін де жеңбек» демекші, дөңгеленген жер шарында жұмырбасты пенденің бір-бірінен абыройын асырып, маңдайын жарқырататын жалғыз құдірет – еңбек. Еңбек адамы қай қоғамда да сыйлы. Өйткені, адал іс пен төгілген тер түбі жемісін береді. Бүгінде айтулы кәсіпкер болып отырған Әбдіхалық Дүзелбайұлы – адал жұмысының арқасында еселі еңбегін тауып отырған жан. Кәсіпкердің еңбегіне табыс, отбасына амандық тілейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()