Еңбегі ерен ер
Бір саланың тізгінін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, абыроймен жалғастырып келе жатқан әулеттер еліміздің қай түкпірінде болмасын жетерлік. Ондай әулеттер көпшілік ел арасында сыйлы да құрметті болады. Ата-баба салған жолмен дәстүрді бұзбай, күні бүгінгі ұрпаққа дейін алып жүрудің өзі мәртебе болып саналатындықтан, ондай жандар жайлы қалам тербеп, көпке үлгі ретінде айтып отыру да ләзім. Рас, қай саланың болмасын маңызы зор, адамзат өмірі үшін аса қажетті. Тіршілікте өздерінің саласын шексіз сүйіп қана қоймай, оны жалғастыратын балаларының бойына оның маңыздылығын ұғындыра білу де көрегенділікті байқатады. Өскелең жас үшін ата-ана салған жол – үлгі. Олардың күнделікті тіршілігінен тамыр тартып, өздерін тәрбиелей бастайды. Сондықтан да қазақта: «Тәрбие басы отбасынан бастау алады»,- деген әдемі тәмсіл бар. Отбасынан басталатын тәрбие бала өмірінің айнасы, болашаққа нық бағыты болып қаланбақ. Бұл ретте біз әңгіме еткелі отырған мұнайшылар әулеті қатарындағы Есенжановтар отбасы болмақ.
Әулеттің қазынасы – Есенжанов Кәукен – қазақтың сайын даласында мұнайды алғаш рет игеруге ат салысқан ауыл-аймағына белгілі тұлға. Ел басына күн туған сәтте Отан қорғауға аттанып, бейбіт өмір үшін етігімен қан кешкен майдангер. Мұнай саласында қарапайым жұмысшылардың бірі болған Кәукен қарттың және оның ұрпақтарының есімі бүгінде облысқа ғана емес, республикаға танымал мұнайшылар әулеті болып табылады.
![]()
Есенжанов Кәукен 1920 жылы Маңғыстау облысының Ақтөбе ауылдық кеңесінде, қазіргі Онды ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. 1942-1946 жылдары аралығында соғысқа қатысып, ерлік көрсетіп, кейінірек қираған қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбекқор азамат болды. Майдан даласынан келгеннен кейін де өр мінезді өжет Кәукен ақсақал мұнай саласында есепші болып еңбек жолын жалғастырды. Жұмысқа бар ынтасымен кірісетін, жауапкершілігі мол азаматтың адалдығын көрген басшылық тарап оны кейіннен бас есепші қызметіне дейін көтерді. Артық ауыз сөзі жоқ, көпшілік ортасында беделі жоғары болған Кәукен ақсақал 1959 жылы Геологиялық барлау экспедициясымен Өзен кен орнына келіп, тыңнан түрен салып, алғашқы мұнай ұңғымаларын қазуда өзіндік үлесін қосқан айтулы азамат еді. Бейбіт өмірдегі тындырымды ісімен ауыл-аймағы мен жан-жағына, отбасына, балаларына өнегелі жол көрсете білген тұлға. Кәукен ақсақалдың Алла қосқан қосағы – Берниязова Фарида 1934 жылы Гурьев, қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген. Екеуі де мұнай саласының ардагерлері болып құрметті еңбек демалысына шыққан жандар. Жұбайы Фарида Кәукен отағасының жанында мекеме қоймашысы, әрі операторлық қызметтерін абыроймен атқарды.
Киелі Маңғыстау деген сөз бекер айтылмайды ғой. Білетіндер бұл өңірдің нағыз кие қонған мекен екенін ауыз толтырып әңгімелейді. Ынтымағы жарасқан берекелі мұнайшылар отбасында 1967 жылдың 23 тамызында 362 әулие тұрақ еткен киелі Маңғыстау өңірінің Өзен, қазіргі Қызылсай елді-мекенінде дүниеге келген Сәрсенбай Кәукенұлын әңгімелемекпіз. Ол 1974 жылы Жаңаөзен қаласына қарасты Өзен елді мекеніндегі №4 орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданды. Бала күнінен әке ақылына құлақ түріп, анасының айналайынын естіп өскен бала мектепке асығып баратын. Оқу-білімге құштарлығымен, алғыр да ұстамдылығымен, жан-жақты қабілеттілігімен мектептің мақтанышы атанды. Оқу үздігі түрлі жарыстарда алдына жан салмайтын. Қайсыбір пәнді болмасын үздікке оқып, сол пән бойынша кез келген сайыстарға қатысатын. Белсенді оқушы алтын ұя мектебін 1984 жылы жақсыға бітіріп шықты. Айта кететін бір жайт – 1980 жылы қалалық жалпы білім беретін алты мектептің арасынан олимпиададан озат шығып, атақты «Артек» бүкілодақтық пионер лагеріне жолдама алып, демалып қайтқан болатын. Бұл сол уақытта үлкен жетістік әрі марапаттың да ең жоғарысы еді. Талапты жас түлектің арман-тілегі, мақсаты айқын болатын. Мектеп бітіргеннен кейін өзін қарапайым еңбекпен сынап, отбасына қолғабыс көрсетті. Ал 1985-1987 жылдары аралығында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Кеңес үкіметінің сарбаздары қатарында Германиядағы кеңес әскерлерінің тобында абыройлы қызмет етті.
![]()
«Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті»,- деп Аристотель айтқандай, білім мен өнер кез келген жанның болашағының жарқын болуына бірден-бір кепіл. Мұны жақсы түсінген, әдеби шығармаларды оқуды жақсы көретін жас Ресей Федерациясының Волгоград қаласында экономикалық техникумды техник-экономист және Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін «Тау-кен инженері» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шықты. Жас әрі кез келген жаңалықты жатсынбай қабылдайтын Сәрсенбай Кәукенұлы студенттік шақтарында өзінің талапшылдығымен, жауапкершілігімен көзге түсті. Қайсыбір оқытушымен болмасын теңдей отырып пікір алмасып, өзінің ойын тіке айта білетін. Білім жолындағы жетістіктері де аз болмады. Көп ізденіп оқитындықтан ол сол саланың қыры мен сырын терең білуге күш жұмсады. Қажет болған жайларды қағаз бетіне түсіріп, жазып алып жүруді әдет қылғаны оны өзгелерден ерек етіп тұрады. Қазірге дейін сол әдеті кәдесіне жарап келеді. Көп сөзден көрі іске көшкенді жақсы көретін азаматтың ұстанымын көпшілік қолдап отырады. Айтылған сөзіне өте қатты мән береді. Құр уәде бермеуге тырысады. Адамдардың ақысы мен хақысына мән беріп қарайды. Адал еңбектенген жанды көтермелеп, демеп, қолдау көрсетіп отырады. Бұл оның әкеден алған тәрбиесі мен алдындағы үлкен бауырларынан көрген тәлімдері деуге болады.
Білімді де білікті маман 1988 жылы алғашқы еңбек жолын «Мұнара» құрастыру басқармасында бастады. Онда 2-дәрежелі мұнара құрастырушыдан бригадир, прораб, цех бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында және 1998 жылдан ЖШС «КРУЗ» (қазір ӨзенМұнайСервис) мекемелерінде қойма меңгерушісі, жабдықтаушы инженер, материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы, сатып алу бөлімінің бас-тығы, логистика және материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарып келеді.
– Мұнайшылар династиясында дүниеге келген мен
![]()
үшін әкемнің, ағаларымның жүріп өткен жолдарымен жүру бақыт. Өңіріміздің қара алтынын игеруге аз да болса өз үлесімді қосып, өзіндік қолтаңбамның қалуы мен үшін үлкен қуаныш. «Кәукеннің баласы» деген сөздің өзі мені биікке көтермелейді. Бүгінгі күні алған білімімді осы салаға салып еңбектеніп келемін. Әлі елге берерім мол,- дейді Сәрсенбай Кәукенұлы.
Мұнай саласындағы еңбектері лайықты бағаланып, ол «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның, «ҚазМұнайГаз» БӨ АҚ-ның, жергілікті әкімнің бірнеше алғыс хаттарымен марапатталды. «Маңғыстау мұнайына 50 жыл», «Маңғыстау облысына 40 жыл», «Скважиналарды күрделі жөндеу басқармасына 45 жыл», «ӨзенМұнайГаз АҚ-на 55 жыл» төсбелгілерінің иегері.
Бала күнінен әдеби шығармаларды сүйіп оқитын Сәрсенбай Кәукенұлы әлі күнге дейін кітапты жанына серік етіп келеді. Оның үйінің бір бөлмесі кітапхана десек те артықтық етпейтін еді. 11-12 жасынан бастап оқығандары әлі күнге дейін есінде қалған.
![]()
Кей кездері жастарға телефонға емес, кітапқа көбірек көз жүгірту керектігі жайлы айтып отырады. Табиғатынан биязы мінезді Сәрсенбай Кәукенұлы отбасында да өте жайлы отағасы. Отбасын ең қымбат қазынам деп мақтанатын азамат Алла қосқан жұбайы Гүлайыммен бірге бүгінгі күні 1 қыз бен 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Қызы Гүлнұр мен үлкен ұлы Мақсат жоғарғы оқу орындарын бітірген, білікті де білімді мамандар. Қызынан бүгінгі күні үш жиен сүйіп отыр. Үлкен ұлынан екі немересі бар. Кенже ұлы Асхат болса қалалық мектеп-гимназиясын бітіріп, бүгінгі таңда Қазақстан-Британ техникалық университетінің 3 курс студенті. Негізгі мамандығына қосымша әскери кафедрада оқып, Алла қаласа запастағы офицер атағын алады. Сәрсенбай Кәукенұлы қазіргі кезде бауырларымен бірігіп шаруа қожалығын ашып, жер алып, жылқы малын өсірумен айналысып отыр. Өзінің жұмысынан қолы босаған уақытта шаруашылыққа да барып, оның жұмыстарын реттестіріп отырады. Еңбегімен еленген азаматқа әрдайым денсаулықта болып, ел игілігі жолындағы еңбегіңіз өнімді болсын демекпіз.