Бедел биігіндегі азамат
Атақты философ Пифагор «Бақытты қуып қара тер болма, оны өзіңнің ісің мен ішіңнен ізде» деген екен. Өз саласында абыройлы қызмет етіп, елдің игілігі жолында маңдай терін төгіп жүрген, парасат-пайымы келіскен, өзінің адами қасиеттерімен көпшіліктің көңілінен шығып, алғысына бөленіп жүрген білікті басшы Бақдаулет Құлыбекұлы әңгімемізге арқау болып отыр. Жалпы билік қызметіне келуге әр адамның құқы бар. Дегенмен, белгілі бір билік лауазымына оның дайындығы, білімі, біліктілігі, қабілеті, мінез-құлқы, адалдығы, әділдігі, тазалығы сияқты толып жатқан талаптарға жауап бере алатын мүмкіндіктері болуы керек. Биліктің биігінде жүргенде мейлінше елге адалдықпен қызмет етуге тырысатын тұлғалар арамызда жетерлік. Ондай азаматтар еңсесі көтеріңкі, беті ашық, жүзі жарқын, сөзі орынды, құрметке ие. Бақдаулет Құлыбекұлы жайлы әңгімелегенде оның бір жақты ғана емес, жан-жақты азамат екенін айтуға болады.
«Интегрострой» Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігі мекемесінің директоры – Ысқақов Бақдаулет Құлыбекұлы 1957 жылы 2 қаңтарда Қызылорда облысы, Бірқазан ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап шыққан соң, 1973-1975 жылдары Қызылорда дистанциясы ПЧ-47 мекемесінде жолшы маманы болып жұмыс атқарып жүріп, 1975-1977 жылдары Кеңес Әскері қатарында болды. 1977-1980 жылдары СССР Мелиорация және су шаруашылығы Министрлігі Қызылорда политехникумының толық курсын «Өнеркәсіп және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп шықты.
![]()
Одан соң Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының Қызылорда филиалына түсіп, ауылшаруашылық құрылысы мамандығының «Құрылыс инженері» деген біліктілігі бойынша бітірді. Алға қойған мақсатына жетуге барын салатын, жоғары білімді маман өзінің сүйікті кәсібі құрылыс саласында күні бүгінге дейін жарқын істерімен көрініп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Мамандығы бойынша еңбек жолын 1980 жылы Қызылорда қаласында «Қызылорда сельстрой-16» ПМК-1601 мекемесінде төртінші разрядтағы монтаж-құрылысшысы болып бастады. Жұмысқа жаңадан кірген жас маман болса да, өзінің табандылығының арқасында басшылық көзіне тез түсіп, 1982-1987 жылдары осы мекемеде құрылыс шебері, одан соң 1988-1991 жылдары Бас инженері қызметіне көтерілді. Ер қашанда елге жағымды істерімен ардақталады емес пе?! Өзінің талапшылдығымен, талғампаз әрі байқампаздығымен, жанына мықты жұмысшы тобын жасақтай білген ол көреген басшы ретінде де жасаған жұмыстарының нәтижесін көрсетіп, биік белестерді бағындырды. Қолынан көшбасшылық іс келетінін дәлелдеп, айналасына танылған Бақдаулет 1991-1993 жылдары МСПМК-03 мекемесінің басшысы, 1993-1998 жылдары СУ ОКП «ШАҚ» мекемесінің басшысы қызметтерін абыройлы атқарды.
Басшылық қызметті биік абыроймен алып жүрудің өзі көп жауапкершілік пен іскерлікті талап етеді. Басшы үшін жұмыс барысын реттеу мен жұмысшылардың жағдайын ескеріп, олардың да сұраныстарын қанағаттандыра білу өте маңызды. Құрылыс саласын басқаруда қабілетті ғана емес, өзіндік ой-пікірі бар, сөзі өтімді, уәдесіне берік азаматтар ауадай қажет. Жұмысты үйлестіре білу мен көпті ұйымдастыра алудың өзі де үлкен күшті талап етері сөзсіз. Бұл ретте Бақдаулет Құлыбекұлының мерейі үстем деуге болады. Ол 1998 жылдың 5 қаңтарынан бастап күні бүгінге дейін «Интегрострой» Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігінің директоры қызметін абыройлы атқарып, Сыр құрылысының қарқынды дамуына өзіндік үлес қосып келеді.
![]()
Басқару қызметінде өзінің құрылыс саласында сауаты және тәжірибесі мол білікті маман екенін көрсетіп, жас мамандарға кеңес беріп отыратын, бойында үлгі тұтар іскерлік пен адамгершілік қасиеттері тұнып тұрған, талапшыл көшбасшыға ұжым барынша риза деуге болады. Себебі мекеменің еңбек және ішкі қызмет тәртібін талапқа сай ұстайтын басшының әрбір ісі тиянақты. Республикалық және жергілікті бюджеттен күрделі құрылыс саласына бөлінген қаржыларды игеруде әрдайым қырағылық көрсетіп отырады.
Білімді де білікті басшы Бақдаулет Құлыбекұлы құрылыс саласында атқарған сүбелі еңбектері үшін Қазақстан Республикасы Индустрия және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» құрмет белгісін, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалін, Қазақстан Республикасы Президентінің «Ерен еңбегі үшін» медалін, Қызылорда облысы әкімінің «Қызылорда облысына – 70 жыл» медалін омырауына жарқырата тақты. Сонымен қатар «Жыл құрылысшысы» номинациясымен, Қызылорда облысы, қала және аудан әкімдерінінің алғыс хаттарымен марапатталды. Қазақстан Республикасының шаруашылық жүргізуші субъектілерінің қызметіне 2021 жылы жүргізілген рейтингтік талдау нәтижелері туралы куәлік, «Интегрострой» ЖШС Қазақстан Республикасының құрылысы мен экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін құрылыстағы «Сала көшбасшысы» құрметті атағын иеленді. 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Бұл аталғандардан басқа да толып жатқан алғыстар мен марапаттарының көптігі Бақдаулет Құлыбекұлының еңбекқорлығы мен көшбасшылық іскерлігінің айғағы десек қателеспейміз.
![]()
«Интегрострой» Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігі 1998 жылы бұрынғы облыстық «Агропромстрой» тресіне қарасты №01 ЖМК базасында құрылған. 1998-2012 жылдар аралығында мекеме облыс және аудандарда, Қызылорда қаласында көптеген құрылыс нысандарын салып, күрделі жөндеуден өткізіп, халық игілігіне пайдалануға беріп келеді. Атап айтар болсақ:
Қызылорда қаласындағы белгілі Ә.Тәжібаев атындағы 400 мың кітапқа арналған облыстық әмбебап ғылыми кітапхана құрылысы, Сырдария ауданына қарасты Айдарлы, Іңкардария, Бесарық ауылдық округтеріндегі әкімшілік ғимараттардың құрылысы, Айдарлы ауылындағы 150 орындық ауылдық клубының құрылысы, Қармақшы ауданы, Төретам кентіндегі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы, Тасбөгет кентіндегі 140 орындық балабақша сынды құрылыс нысандарымен Сыр жері әдемі ғимараттарға толықты.
Қазіргі Қызылорда қаласының ең жас мөлтекауданы Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтеріп жатқан көрікті тұрғын үйлер де «Интегрострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыстары екенін мақтанышпен айтуға болады.
Сол жағалаудағы және СПМК-70/4 тұрғын кварталында 40,50,60,70 пәтерлі тұрғын үйлер құрылыстары салынып, тұрғындар игілігіне берілуде. Жалағаш ауданы М.Шаменов ауылдық округіндегі 140 орындық мектеп құрылысы, Жалағаш ауданы орталығындағы Жеңіске 50 жыл көшесінде жабық спорт бассейнінің құрылысы жұмыстары қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылды.
![]()
Кез келген өсіп-өніп, кемеліне келген адамның өз кіндік қаны тамған туған жеріне тағзым жасап, оның көркейіп, өркендеуіне өз үлесін қосуы перзенттік парызы болмақ. Облыстың құрылыс саласын дамытып, қаланы сәулеттендіруге үлес қосып жүрген кейіпкеріміз Бақдаулет те өз туған жері Бірқазан ауылына Жеңістің 70 жылдығында Ұлы Отан соғысы және Тыл ардагерлеріне арналған арнайы аллея құрылысын салып берді.
Қазіргі таңда СПМК-70 тұрғын ауданында 50 пәтерлік үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Мекемеде 150-ге жуық жұмысшы-қызметкерлер тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар өз иелігінде құрылысқа қажетті жабдықтармен, механизмдермен, көліктермен толық жабдықталған. Қайырымдылық ретінде де көптеген қоғамдық шараларға белсене араласады.
Бақдаулет Құлыбекұлы - жұмыс барысындағы кез-келген күрделі істе салиқалы ой, келелі пікір білдіре отырып, мәселені сана-сарабына, тәлім-таразысына салып шешетін, үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, үйлестіре білетін, ұстамды, артық сөйлемейтін, әр іс-қимылында білікті тұлғаға лайық ізгі қасиеттері мол беделді басшы.
![]()
Қызмет бабымен де, жеке мәселе барысында да ол өзінің ұстамды мінезі, ел-жұртпен қарым-қатынастағы қарапайымдылығымен, пікірінің тазалығымен, тоқ етерін айтқанда биік болмысы мен кісілік келбетімен айналасына сыйлы, ұжым құрметіне ие. Осындай ізгілік үлгілерін бір бойына жинаған оның бойынан адами асыл қасиеттердің ғажайып үлгісін көруге болады. Білікті басшы Бақдаулет – жүрген жерінде жұртпен еркін тіл табысып, көркем мінезінің арқасында жанына жақсы-жайсаң жолдас жинай білген адам. Оның үйіндегі қазанның астындағы от әсте өшіп көрген емес. Дос-жарандардың бірі келіп, бірі кетіп жатады. Жұбайы Бибіжан да сол мол қонақтың ешбіріне қабақ шытуды білмейтін, дастарқаны жаюлы, ерінің мерейін асырып, сыйлы меймандардың алдында мейманасын тасытып отырған пейілі кең, қонақжай жан. Алла қосқан жұбайы, Бибіжан Ибрагимқызымен 40 жылдан аса уақыт бірге 3 баланы тәрбиелеп өсіріп, немерелерінің қызығын көріп отырған ардақты ата, аяулы әже. Қазіргі таңда, балалары әрқайсысы өз кәсіптерімен халыққа қызмет көрсетуде. «Біз айтып жатамыз ғой, әуелі Алла, сосын сенің арқаң деп. Олай айтуға тек ата-ана ғана лайықты!», - деп Бақдаулет ағамыздың әрдайым айтатын сөзі. Өзінің жеткен жетістігінеде осы уақытқа дейінгі ел құрметтеген азамат болуы да тек анасы Ысқақова Шолпан Нұрқышқызы мен әкесі Ысқақов Құлбек ағамыздың арқасында екендігін айта кеткен жөн. Құлбек ағамыз бен Шолпан апамыз темір жол саласында ұзақ уақыт еңбектерін сіңіріп, «Құрметті теміржолшы» атағын иемденген ардагерлер. Нұрқышқызы Шолпан апамыз 10 баланы дүниеге әкелген кең құрсақты ғазиз, мейірбан ана, «Батыр Ана» медалі иегері екендігін айта кеткіміз келеді. Бақдаулет ағамыз қазіргі таңда ол кісілердің әруақтарына Құран бағыштап, есімдерін мақтанышпен айтып жүреді. Құрылыс саласына келуіне үлкен ықпалын тигізген, қиын кезде өздерінің көмек қолын соза білген, ағалық қамқорлығын бере отырып, жол көрсетіп жүрген нағашы ағалары «ҚР Еңбек сіңірген құрылысшысы» Нұрқышұлы Жанәбіл мен «ҚР Құрметті автокөлікшісі» Нұрқышұлы Жәнібекті ерекше мақтанышпен атап өтеді. Сонымен бірге құрылыс саласының маңдай алды маманы болуына үлесін қосқан облыстық агро өнеркәсіп құрылыс саласын басқарған, облыс әкімінің құрылыс жөніндегі орынбасары болған Фаткульдинов Фарит Хабибуллаұлы мен Шаменов Айтмұрат ағаларыныңда үлесі зор екендігін атап өткіміз келеді. Қай заманда болмасын әрбір азаматтың халық алдында атақ-абыройының артып, бедел-құрметінің өсуіне ел үшін атқарған қызметі ықпал ететіні анық. Адал еңбек, төккен терінің арқасында Бақдәулет Құлыбекұлы қажырлы қайратымен, жайсаң мінезімен есімі елге танылып келе жатқан іскер азаматтардың бірі. Ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп, биік мақсатқа күш-қайратын жұмсаған азаматтың өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Жүз жасаңыз, жақсы аға!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()