Кабдуллин Ғалымбек

Рейтинг:

Іскер азамат

      Қазақта еңбек етіп, кәсібін өркендетіп, басқаларға да пайдалы бола алатын адамды іскер азамат деп мадақтап жатады. Қай уақытта болмасын «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген мақалды әрбір адамзат баласы санасына құйып есейеді. Расында маңдай термен еткен еңбек адамды өзі ойлаған биікке қанаттандырады. Адамның шама-шарқына қарай, сонымен қатар ынтасына байланысты қайсыбір шаруаға бейімделе алады. Сондықтан да болар адамның жасағанын адам жасайды дегенді жиі естіп жатамыз. Таза еңбектің бейнетін көрген адам ғана оның зейнетін, тәтті дәмін татады. Таң атып, күн батқанға дейін жұмыс жасайтындар сол еңбегінен рахат тауып, үлкен марапатқа лайықты болады. Өз ісіңнің нағыз маманы болу үшін үнемі ізденіп, білімін толықтырып отыру керек. Қоғамның жаңалықтарына ілесіп, өз өңірінің тыныс-тіршілігін бағамдай білу керек. Жалпы өзінің қай салада бағының жанатынын бағамдап, сол саланың қыры мен сырын ақтарып, кез келген қиындыққа төзбейінше, жаңаны үйренбейінше, жасайтын жұмысын жан-жақты ізденбейінше үлкен табысқа жету мүмкін емес.
      Әрине әрбір адам өмірінде өзінің табиғатына келетін мамандықты таңдайды. Сол арқылы абырой жинап, беделі артады. Адамды алға жетелейтін – арманы ғой. Өмірдің ұзын-сонар көшіне ілескен соң Алланың берген ырзығын теріп жеп, көппен бірге бел-белес, қырат-қырқадан алаңсыз аса береді. Міне, сөйтіп, бірқауым жолды артқа тастаған пенденің бір сәт тізе бүгіп, соңында қалған ізге, белгіге үңілетін, өзіне өзі есеп беретін кезі де келеді. Мұндайда адам ой мен қырды түгендеп, көңіл түкпіріне үңіледі, қиял құсын шартарапқа шарлатып, өткен өмірі мен ілгері болашаққа жанарын тіктейді. Әр адамның жүріп өткен жолы үлкен тарих болып қалады. Сол секілді әр адамның өмір тарихы әрқалай өрбиді. Бастысы адам деген асыл атқа кір келтірмегені абзал. 
      Кейіпкеріміз Ғалымбек Зейноллаұлын өзінің замандастары жақсы таниды. Әкесіне тартқан қарапайымдылығымен, батылдығымен көп арасында дараланып тұрады. Өн бойы тұнған адалдық. Әрдайым өзінің ғана емес, жақындарының, дос-жарандарының жағдайын ойлап, қанша жерден жұмысбасты болса да хал-жағдай сұрасудан еш танбайды. Үнемі жан-жағын түгендеп жүреді. Қолы ашық, жомарттығы тағы бар. Өзінен артылған дүниені босқа сақтағанды ұнатпайды. Көмек сұрағанның қолын қайтарып көрген кезі болған емес. Таңдап алған жары да өзі секілді ақжайма мінезді. Шаңырағына келген құдайы қонағынан бастап, дос, әріптестер жайлы демалып шығады. Дастарқаны дәмнен үзілмейтін шаңырақ иелері көркем мінездерімен қоса қонақжайлылығымен де сыйлы. 
      Үлкенмен іні, кішімен аға болып араласа кететін парасаттылығы бір бөлек Ғалымбек Зейноллаұлының осындай дара қасиеттері әке қанымен беріліп, ана сүтімен дарыған деуге болады.
      Кабдуллин Ғалымбек Зейноллаұлы өнегелі қарапайым қазақ отбасында 1973 жылы 26 мамырда Павлодар облысы, Лебяжі ауданы, Майқарағай кеңшарында дүниеге келді. Әкесі Кабдуллин Зейнолла Садуұлы ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығында зоотехник болып қызмет атқарған, ауыл-еліне сыйлы, қадірлі азамат болды. Ауыл аймақтың жағдайын бес саусағындай білетін азамат талай жылғы мінсіз қызметі үшін марапатталып, өзінен кейінгі жас мамандарға аға-ұрпақ ұстаздық ете білген нағыз еңбектің ері. Ал анасы – Кабдуллина Орынтай Қабылқайырқызы ауылдық ауруханада дәрігер-акушер болып жұмыс істеді. Науқастың жанына шипа беріп, көңіліне үлкен үміт төгіп, оған екінші өмір сыйлайтын денсаулық сақшысы мамандығын меңгерген Орынтай апа алдына келген әр ананың денсаулығы мен баланың өмірін сақтап қалу жолында уақытпен санаспай, күн мен түнді елемей, абыройлы еңбек етіп, медицина саласына еңбегі сіңген, абырой-беделі зор жан болды. Үлкен жүрек, шыдамдылық, білім мен біліктілік, сақтық, жауапкершілік, адамның жанын ғана емес, жанын да емдей алатын психолог бола білген дара тұлғаның көпжылғы еңбегі лайықты бағаланды да. Міне осындай асыл да ардақты жандардың тәлім-тәрбиесін көріп, еңбекқорлық қасиетті бойына сіңіріп өскен азамат.
      Бала Ғалымбек Майқарағай ауылындағы мектепке 1980 жылы 1-сыныпқа қабылданды. Кішкентай күнінен-ақ өзі еңбектеніп, оқушылардың алды болуға тырысып, оқуда озат болып, мектеп мақтанышы атанды. Мектептің қоғамдық іс-шараларынан қалмайтын Ғалымбекті сынып жетекшісі қатарластары арасында көшбасшылыққа да ұсынғаны бар. Өзінің ұйымдастыра білу қабілеті де бар болатын. Қай кезде де мектептің беделді, белсенді оқушысы ретінде мақтау естіп жүретін. 1988 жылы 8-сыныпты бітірген соң Красноармейка ауылшаруашылық техникумына құжат тапсырады. Өзінің қалауы бойынша «техник-электрик» мамандығын жақсыға оқып, бітіріп, диплом алып шықты. Табанды жас 1992 жылдан бастап Майқарағай кеңшарында бас инженер-энергетик қызметін атқарды. 1993 жылы совхоздың жолдамасымен Павлодар мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Оқу-білімге құштар жас «Инженер-энергетик» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын жақсыға бітіріп, дипломын алды. 
      Нағашы ағасымен «Жаңақала» Павлодар ауданы ауылшаруашылық саласында жұмыс істеді. Жұмыстың қандайынан да бас тартпайтын Ғалымбек Кабдуллин қай ортада болмасын мақтаулы болды. Өзінің әріптестері, ұжымы алдында ақшалай, заттай, мақтау қағаздарымен марапатталды. Иә, марапаттар оның қандай еңбекқор екенін дәлелдей түскендей еді. Істің иінін таба білетін азамат кейін келе өзінің жеке кәсібін бастауды ойлана келіп, 2013 жылдан бастап ИП «Кабдуллин» жеке кәсібін құрды. Осылайша Павлодар автобекетінен жолаушы тасымалдауымен айналысуды қолға алды. Павлодар - Ақсу, Павлодар - Екібастұз, Павлодар - Нұр-Сұлтан және қала маңындағы кеңшарларға автобус қатынасын жүргізді. 
      Павлодар-Шалдай, Павлодар-Кемеңгер, Павлодар-Шақат, Павлодар-Заңғар бағыты бойынша жолаушылар тасымалдаумен жұмыс істеді. Сайдың тасындай іріктелген 15 жүргізуші азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтыды. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік жолдауымен жаңа автобустар алуға несиемен көмектесті. Алайда, бүкіл дүниежүзін жайлаған пандемияның әсері өзінің салқынын тигізбей қоймады. 2020 жылдан бастап автобус қатынасы мүлдем тоқтап қалды. Ұжымды сақтап қалу үшін көп ойлануға тура келіп, қосымша басқа кәсіппен айналысуға шешім қабылдады. Арнайы техникамен қызмет көрсету үшін қолайлы жұмыс іздей бастады. Ол үшін астанамыз Нұр-Сұлтан қаласын таңдады. Құрылыстың көптілігіне байланысты жүк тиегішке сұраныс жоғары екенін білді. Нұр-Сұлтан қаласының компанияларымен келісімге келгеннен кейін, қаржы мәселесі де алдынан шықты. 2021 жылы арнайы техникаларды сақтап қалуға несиені «Bank RBK» АҚ «Бизнестің жол картасы – 2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 14% несиенің 8%-ын мемлекет субсидиялады. Даму қорынан 50% кепілдік алды. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай үлкен қолдаудың арқасында жаңа нарыққа бет алды. Бизнес жүргізуде ашықтық пен адалдық болуы керек екенін өзінен-өзі түсінікті де еді.
      Қай кезде де қиындықтардан мойымайтын, сол жолдан шығудың жолын таба білетін азаматқа бұл жағдай да әдеттегідей өтті. Іскер азамат Астана қаласында Албаниялық «Mabetex Group» әлемдік инженерлік-құрылыстық ірі компаниясымен қызмет жасап отыр. Келісімшарт бойынша үш нысан сол «Mabetex Group» жұмысын жандандыруда. Ұлттық банк, Конституциялық Сот және "Diamond Group ТОО" EXPO жанында жаңадан іргетасын қалап, жаңа құрылыстар бой көтеруде. Ол компанияда қазіргі уақытта 9 техника жұмыс істеп тұр, соның ішінде 4 фронтальды жүк тиегіш, 1 экскаватор, 1 хова, 3 автобусы бар. Үздіксіз тасымалмен айналысып, ұжым болып ауызбіршілікпен қызмет атқарып жатыр. Бүгінгі күні Ғалымбек Кабдуллин Астана бойынша 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Соның ішінде басқарып отырған – өзінің туған бауыры, Кабдуллин Жеңісбек Зейноллаұлы деуге болады. "Жақсы аға - орман, жақсы іні - қорған" демекші, Ғалымбек мырза бас болып, жол нұсқаса, бауыры Жеңісбек демеу болып, адал еңбегімен әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында жұмыстың барлығын басқарып отыр.
      – Бастысы еңбектің көзін таба білу керек»,- дейтін үнемі әкем. Біздер әкеміздің айтқанын тыңдап өстік. Ол ер бала деп біздерді ерте жастан түрлі еңбекке баулыды. Ал анамыздың «айналайынын» күні бүгінге дейін естіп келеміз. Сол еңбекқорлық үлгісін бүгінде бауырларыммен бірге балаларымыздың бойына дарытып келеміз. Жұмысым, Аллаға шүкір, жақсы жүріп жатыр, алдағы уақытта басқа да жоспарларымыз бар. Ұжыммен ауызбіршілікте жұмыс жасау, адал болу менің басты ұстынымым, - дейді кейіпкеріміз.
      Ғалымбек Зейноллаұлы 2001 жылы Гүлжихан Маратқызымен отбасын құрды. Мерейлі отбасында бүгінде жұбайы екеуі 3 бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Үлкені Тарлан Павлодар мемлекеттік университетінде оқиды. Болашақ экономика саласының маманы. 
      Арланы мектепте оқиды. Оқу озаты. Кенжетайы – Малика, балабақша бөбегі. Жұбайы Гүлжихан Маратқызы халыққа қызмет көрсету мекемесінде жұмыс жасайды. Берекесі бекем отбасының отағасы Кабдуллин Ғалымбектің ісіне береке берсін дейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....