Болмысы бөлек тұлға
«Өмір деген – көк мұхиттың толқыны»,- деп Төлеген ақын жырлағандай, өмір сан түрлі тағдырлар тоғысқан алаң секілді. Өмірге келген әрбір адам осы алаңда өз орнын тауып, бұйырған ризығын иеленіп, адам деген ардақты атына сай тірлік кеше білсе, өмірдің мәні де сол болса керек.
![]()
Өз өмірін өкінбейтіндей сәттермен өрнектей білген, өмірлік мақсат-мұратына айнымас адалдықпен, тапжылмас табандылықпен жете білген қазақтың қарапайым да қайсар қызы Гүлшат Алимханқызы Джакитова, міне, осындай көпке үлгі болған жарқын тұлға. Өмірде өз дара жолын қалыптастырып, елінің бір кірпіші болып қаланып, еңбегін арнай білген жан.
Гүлшат Алимханқызы Джакитова 1955 жылы 28 қыркүйекте Семей облысы, Көкпекті ауданы, Большевик совхозында (қазіргі Тассай) қарапайым отбасында дүниеге келген. Бақытты балалық шағы осы ауылда өтті. Әкесі Алимхан механизатор, анасы аспаз болып жұмыс жасады. Большевик орта мектебіне 1962 жылы қабылданып, 1972 жылы үздік бітіріп шығады. Мектеп өміріне белсене араласып, пионер жетекшісі болды. Гүлшаттың бала арманы журналист болу еді. Сол мақсатпен 3-5 сыныптарда «Балдырған» журналы мен «Пионер» газетіне мақала жазып, өсе келе «Лениншіл жас» газетіне өлеңдері тұрақты шығып тұрды. Көзі ашық, көкірегі ояу әке мен ананың берекелі жанұясында өскен екі қыздың үлкені Гүлшат балауса кезінен-ақ арманшыл, табанды болып бойжетті.
1972 жылы мектеп бітірісімен бүкіл Республикалық комсомол жастар бригадасы құрылып, Гүлшат та өмір жолын еңбектен бастауды жөн көріп, осы жастар бригадасымен еңбекке араласты. Ерінбей еңбектену өрімдей қызға таңсық емес еді. Мектеп кезінен-ақ жазғы демалыста шөмеле жинап, әкесіне қолғанат болып жүрген қыз еңбектен қашқан емес.
1973 жылы КазГУ-ге "Журналистика" мамандығына оқуға тапсырып, жолы болмады. Іштей қатты күйзелсе де, қайсар қыз жасымады. Ол заманда талапты жастардың оқуға түсе алмай қалуы өте өкінішті еді. Ата-анасының бұл тұста демеуі көп болды.
Алимхан ақсақал ұлы болмаса да, екі қызының тәрбиесі мен талабынан ештеңе аямаған дана адам болған. Бүлдіршіндей қыздарына туған елдің тарихын баяндап, Абай, Сәкен жырларын жаттатқызып, талдатып отыратын. Көзі ашық жан газет-журналды үзбей оқып, балаларына да оқытып, жан-жақты дамытып отырды. Қайша анамыз болса азаматының, әулетінің бабын таба білген аяулы келін бола білді. Оның пісірген асы, тіккен киімі, ойған оюы, жасаған сырмақтары ел аузында жүретін. Бесаспап ана қыздарының тәрбиесі мен болашағына бей-жай қараған емес. Әкелерін үлгі етіп, ер-азаматты құрметтеуге, еңбекке жастайынан баулып отырды. Бүгінде 83 жаста, немерелерінің, шөберелерінің ардақты әжесі болып отыр. Алимхан атамыз 2006 жылы дүние салды.
![]()
Гүлшат апай 1973 жылы әкесінің өтінішімен Көкпекті аудандық автомектебіне оқуға түседі. Әкесіне ұл жоғын сездірмейтін қайсар қызды әкесі де: «қара ұлым»,- деп еркелететін.
Ақыры өжет мінезімен 6 айлық кәсіби шоферлар дайындайтын оқуды әкесімен бірге оқып, үздік бітіріп, жүргізуші куәлігін қолына алды. Өңкей ер балалармен оқыса да, олардан әсте кейін қалған емес. Автомектеп директоры Меллат ағайы ылғи ұлдарға үлгі етіп отырады екен.
Инструктор Орынбек ағайы қатал болса да, талап қоя білетін жан еді. Сол талаптың арқасында батыл қыз емтиханның бәрін беске тапсырып, машинаның құлағында ойнауға машықтанды. Негізі әкесінің ерен еңбегін ескерген жұмыс орны өкіметтен «Жигули» машинасын берген екен. Әкесі Алимхан ақсақал да әуесқой жүргізушіден кәсіби жүргізуші болып шықты.
Қолына алған істі құлпыртып жіберетін, еңбекке адал қайсар қыз көптің көзіне түсті.
Облыстан МАИ қызметкері болуға ұсыныс түсе бастады. Бірақ оны еркектің жұмысы деп қол көрмеген Гүлшат апай бас тартты.
1974 жылы Көкпекті аудандық мемлекеттік банкке кассаға жауапты маман болып жұмысқа орналасады. Осы жерде екі жыл жұмыс жасап, 1976 жылы Алматыдағы есеп-кредит техникумына оқуға түседі. Оқуға аттанған балауса қыздың чемоданы 1-2 көйлектен басқа, толған кітап еді. Техникумда да топтың оқу секторы болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 1978 жылы техникумды бітірген жас маман Семей қаласына жолдама алады. Сберкассада ревизор болып жұмыс істеп, 6 айдан соң мемлекеттік банкке кредит бөліміне инспектор болып қызметке ауысады. Жас та болса өз ісіне мығым, жауапты жас қызды басқарушы Күләш Жакупова ерекше жақсы көріп, бауырына тартып, тәжірибесін шыңдады. Гүлшат та оны анасындай көрді.
![]()
Гүлшат апай ата-анасының дамылсыз еңбекпен өткен күндерінің бәрін көріп өскендікі ме екен, еңбексіз отыруды білмейтін. Ешбір істі қиынсынбай, жанын салып атқара білуінің арқасында ылғи сенім мен құрметке ие болды. Жүрген ортасына сыйлы жан, түрлі салада өзінің мықтылығын көрсете білді.
1981 жылдан 1983 жылға дейін Көкпекті аудандық ауылшаруашылық бөлімінде экономист болып, 1983 жылдан 1996 жылға дейін Семей қаласындағы тері-мех комбинатында бухгалтер-экономист, 1996 жылдан бастап Кожмехке қарасты тазарту ғимаратында бас бухгалтер, 1997-1998 жылдары осы мекемеде директор қызметін атқарды. 1999-2001 жылдары тұтынушы құқықтары қоғамында инспектор болып қызмет жасады.
2002 жылы Жаңа Семей аудандық Коммунистік партиясының екінші хатшысы болып сайланды. Осы жылдардағы Гүлшат апайдың еңбек жолы ылғи халықтың ортасында өтті. Тұла бойға біткен тәрбиенің, сенімнің үдесінен шыға біліп, жылдарын жақсылыққа толтырды.
2007 жылдан бері еңбекқор жан жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Кәсіппен айналыса жүріп, 2010 жылдан 2013 жылға дейін, Семей қаласындағы «Асыламан Интернейшн» сервис орталығында басшы қызметін атқарды. 2013 жылы құрметті зейнет жасына шықса да белсенді жан қарап отыруды білмейді. 2017 жылдан бері IMG компаниясының серіктесі, негізін қалаушылардың бірі әрі инвесторы. Талабы таудай жастармен жұмыс жасап, оларға тәжірибесін үйретуді жаны сүйетін жан отандық компанияның құрылуына мұрындық болды. Компания еңсерген 5 жылдың ішінде отандық өнімді қолдауға көптеген инвесторларды тартты.
Кеңестік тәрбиені бойына сіңіріп, еңбекті ер-әйелдікі деп бөлмей жайқалта білетін Гүлшат апай осындай қауқарлы, қарымды істерді атқара жүріп, отбасының да ұйытқысы болуды ұмытпады. Тынымсыз жан жұмыспен шапқылап жүрсе де үйдегі жарының қас-қабағын, қызының бабын да таба білді.
![]()
Өмірде ештеңеге мойымайтын жанды да бір кем дүние сынамай қалмады. 2020 жылы жолдасы Мелис аға өмірден озды. Гүлшат апай қасқайып, бұл сынақты көтере білді. Балалармен бірге болуды шешіп, 2021 жылы Алматыға қоныс аударды. 2019 жылдан бері «Gosauda» Семей бойынша өңірлік директоры қызметін атқаратын Гүлшат апай бұл жұмысы туралы былайша баяндап берді. «Gosauda» – бұл заманауи ІТ технологияға негізделген отандық өнім. Бұл «IMG Gosauda» компаниясын ашқан ұлтын сүйген 3 азамат: Жандос Ерланұлы Аширбеков, Думан Боранбайұлы Игенов, Айбек Ерғалиұлы Жартыбаев еді. Оларға алғысым шексіз. Олардың есімі алтын әріппен жазылуға лайық деп санаймын. Бұл қазіргі кезде әлемде теңдесі жоқ сауда алаңы. Кәдімгі базардың онлайн түрі. Сауда алаңында сатылмайтын нәрсе жоқ деуге болады. Тек қана қару-жарақтар, есірткі-уытқұмарлық заттар, темекі, ішімдік өнімдері ғана сатылмайды. Бүгінде «Gosauda» бүкіл әлемге танылып, қанатын кеңге жайып келеді. Елдегі қарапайым әр қазақ пен қазақстандықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, сондай-ақ шетелден инвестиция құйып, ҚР экономикасын көтеруге бағытталған осы бір компанияны жаным жақсы көреді. Кеудемді зор қуаныш пен патриоттық сезім билейді. Осы компания өмірге келмегенде, мен де директор болып отырмас едім. Президенттің өзі ІТ саласын қолдап отыр емес пе?! Қазақстанды қосқанда Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттерінде компанияның отауы құрылып, қазығы қағылды. Түркия мемлекеті бойынша бас директор қызметін Ғалымбек мырза, Қырғызстан мемлекеті бойынша бас директор Еркебұлан мырза, Өзбекстан мемлекеті бойынша бас директор қызметін Жарас мырза, Әзербайжан мемлекеті бойынша бас директорлықты Гүлдана ханым атқарады. Сонан соң келешекте осы директорлардың ішінен Абзал, Тілек, Али, Айсұлу, Галия, Динаш, Дина және т.б. жастар бес мемлекет бойынша жұмыс жасап тұрған компанияның өзге де елдерге таралатын сәті алыс емес, олардың ары қарай дамитынына сенемін. Сол қатарда ең өзіме жақын баламдай болған «Госауданның» серіктесі
![]()
Азамат Болатбек мырзаны, қызым Гүлжанды көргім келеді. Ана арманы таусылған ба? «Gosauda» 50 директорға толған кезде клуб миллионері құрылмақ. Бұл біздің басшылардың Қазақстанның келешегін ойлауы»,- дейді Гүлшат ханым.
Жастық шағын еңбекке, тынымсыз тірлікке арнаған жан қол қусырып отыруды жаны сүймейді. Жұмыс жоқ деген сылтау жалқаудың сөзі деп біледі. Құрметті зейнет жасына шығып, қарт анасын балаша мәпелеп отырған аяулы жан өзі де бүгінде әдемі әже болып отыр. Сіңілісі Баян да кітапханашы болып жұмыс жасап, қазір зейнет жасында. Төрт ұлды өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты ана. Анасымен, қызы Гүлжан мен күйеу баласы Дәулетпен, жиен немересі Әдемімен бір шаңырақта бақытты ғұмыр кешіп жатқан Гүлшат апайдың өмір жолы нағыз өнегеге толы. Қызы да өзінің ізін жалғап, экономист мамандығының иесі болды.
Күйеу баласы Дәулет нәзік жандарға қорған болып отырған кең жүректі қамқор азамат. Немересі Әдемі – суретші, биыл КАЗГСА колледжінің архитектура факультетін бітіреді. Еңбексіз отыруды білмейтін жандар бүгінде жанұясымен «Gosauda»-ның үлескері екендігін мақтанышпен айтады. Жасым келді деп жабырқап отыруды білмейтін Гүлшат апай ізденуден тынбайды. Заман ағымына ілесе отырып, ілім-білім үйренуден жалықпайды. Жастармен жұмыс жасай жүріп, өз ісінен қуат ала біледі. Еленген еңбектің нәтижесіндей түрлі алғыс хаттар, мақтау қағаздардың санында есеп
![]()
жоқ. Оны санап, кеуде кермейтін Гүлшат апай ең басты жеміс – ол халықтың ықыласы мен ризашылығы деп санайды. «Ең басты ұстанымым – адалдық» дейтін аяулы жан 1991 жылдан бері Қазақстан Халық Емшілер қауымдастығының мүшесі.
Бір бойында қаншама талап пен талант, ерік-жігер мен ұшқыр қасиеттер табылатын тұлға өзін бақытты жанмын деп есептейді.
Біз әңгімелеген үлгілі жанның өнегелі өмірі міне, осындай. Еліміздің тарихында өз дара жолын қалдырған, елге еңбегі сіңген жандар қаншама! Олар атақ-даңқ аңсамай-ақ, сара мектебін қалыптастыра білген ерен тұлғалар. Олардың еңбегін ұрпақ біліп, үлгі тұтуы тиіс. Сонда ғана өмірлік ұрпақтар сабақтастығы нығайып, ел болашағы жарқын бола түспек. Қарапайым қыздан халықтың қайсар қызына, еңбекпен есейген балалықтан еңбегі еленген даналыққа жеткен Гүлшат Алиханқызы сияқты жандар ұрпақтың үлгілісі, халқының қалаулысы болары сөзсіз.
«Gosauda»-ның берген жолдамасымен Мысыр елінде демалып жүр. Демалысын өткізуде Түркия мемлекеті бойынша «Gosauda»-ның бас директоры Ғалымбек мырза мен Раушан ханымға алғыстары мол. Аман болыңыз, еңбектің зейнетіне бөлене беріңіз аяулы жан! Сіздің сара жолыңыз ел жадынан өшпек емес!