Бекетова Мария

Рейтинг:

Еңбегімен еленген есепші

      Жақсы адам жан-жағына нұрын төгіп жүреді. Бастаған ісін тиянақты орындап, әрнәрсеге жауапкершілік танытып, өзінің тәжірибесін басқаларға айтып, өнегелі жолын үлгі ете біледі. Қай ортада болмасын жаны жайсаң, парасат-пайымы келіскен, байсалды мінезді, өз саласының қыры мен сырын жетік білетін, нағыз жұмыс аты секілді сол жұмыстан рухани рахат табатын жандар болады. Жалпы адамның ең басты қағидасы – өмір сүру болса, оның алғашқысы – жақсы жар табу да, екіншісі – өзінің жүрегіне жақын еңбек түрін табу екенін бәрі жақсы біледі. Әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз, Сыр бойылық Мария Нұралиқызы осындай жан. 
      Марияны білетіндер оның қарапайымдылығы мен білімділігін ең алдымен сөз етеді. Алдына келген есеп-қисапқа еніп кеткенде Марияны бір сәтке де сөзге тарта алмайсың. Себебі ол өзінің жұмысына аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарай біледі. Өйткені бір ғана саннан қателесу– бүкіл есептен жаңылыстырып, бір мекемені құрдымға жіберуі ғажап емес. Сондықтан да ол көпжылдық тәжірибесінде бірде бір рет басшылық тараптан ескерту естіп көрмепті. 
      Бекетова Мария Нұралиқызы Қызылорда қаласы, Сырдария ауданы, Тасбөгет кентінде қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Ол 1972 жылы №11 қазақ орта мектебіне бірінші сыныпқа қабылданды. Мектептегі кезінен-ақ ол математика сабағына ерекше қызығатын. Түрлі есептеулерді, түрлі амалдармен шығарғанды ұнататын. Көбіне математика пәнінен болатын пәндік сайыстарға қатысып, өзінің қабілетін шыңдап, білімін дамытып, жүлделі орындар алып жүрді. Уақыт өте келе бұл қызығушылығы оны сандардың жұмбақ сырын білуге деген құштарлығын оятты. Көбіне мектеп кітапханасынан қажетті оқулықтар алып оқыды. Мектеп бағдарламасынан тыс түрлі есептеулерді де сол оқулықтардан оқып, үйрене бастады. Жаны шығармашылыққа құмар Мария ұстазының сүйікті шәкірті болатын. Қай уақытта да мектептің іс-шарасына белсене қатысып, сыныпішілік шараларды ұйымдастыруда қатарластары арасында көшбастап жүретін. Қандай іске болмасын бар ынтасымен кірісетіндіктен, әрбір ісі өнімді болатын. Ұстазы оған барлық тапсырманы сеніп тапсыратын. Осылайша орта мектепті 1982 жылы жақсы деген бағамен бітіріп шықты. 
       Арман-мақсатсыз жас бола ма?! Марияның арманы асқақ-тын. Жаңалыққа елеңдеп, жаңашылдыққа бейім болды. Заманның аумалы-төкпелі кезеңіндегі сан өзгерістерді жатсынбай қабылдай білетін ол замандастары арасында батылдығымен, қажыр-қайратымен дараланып тұратын. Жас түлек 1982 жылы Қызылорда политехникумына оқуға түседі. Студенттік шақтарында да өзінің талпынысының арқасында оқытушылардың айтқанын екі етпей орындап, барлығына жан-жақты үлгеріп, оны 1985 жылы «Техник-құрылысшы» мамандығы бойынша ойдағыдай аяқтап шықты. Білімге құштар жас 1991-1995 жылдары аралығында Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын (ДГМСИ) инженер-құрылысшы мамандығы бойынша оқып бітірді. Сонымен қатар ол 1996-1998 жылдары аралығында Қызылорда «Сейхун» тәуелсіз институтында «Қаржы және несие мандығы» бойынша тәмамдады.
       Тәуекелшіл, шыдамды, сабырлы да иманжүзді Марияның жан-жағында жақсы мен жайсаң жиналған деуге болады. Себебі ол достыққа адам талғамағанмен, жан дүниесіне жақын келетін жақсыны көптің арасынан даралап, таңдап алады. Сонысымен де басқалардан ерек. Көпшіл болғанымен, көп арасынан туысындай етіп алған жақын достары аз. Өзінің көңіл-күйін бір қалыпты ұстайтындықтан, Марияның өкпелеп жүргенін ешкім байқамапты да. Сол секілді ол басқаларға дауыс көтеріп сөйлемейді де. Бірқалыпты биязы, тыныштықты, жайлылықты жаны сүйетін білікті маман қай жерде қызмет етсе де, сыпайылығымен, тиянақтылығымен көзге түсті. 
       Білімді маман Мария Бекетова алғашқы еңбек жолын құрылыс және конструкция комбинатында (КСМ иК) 24.07.85-30.03.1987 жылдары, яғни 2 жыл қарапайым жұмысшылықтан бастады. Қызылорда тәжірибелік жөндеу-механикалық зауытында (КЭРМЗ) табаны күректей 15 жыл абыройлы қызмет етті. 04.04.1987-01.11.1993 жылдары бас конструктор бөлімінің көшірмешісі, 01.11.93-27.04.1994 жылдары инженерлік дизайн, 27.04.1994-06.03.1995 жылдары бухгалтер-оператор, 06.03.1995-01.04.1999 жылдары аралығында бухгалтер, 01.04.1999-02.04.2002 жылдары бас бухгалтер, 5 жыл бойы «Самал» ЖШС мекемесінде бас бухгалтер, УМР Монтажспецстрой ЖШС мекемесінде 4 жыл материальный бухгалтер, бас бухгалтер, СПФ Мотажспецстрой ЖШС мекемесінде 9 жыл есеп айырысу бухгалтері, Медиум ЖШС (Центр урологий и андрологий) 03.01.2020 жылдан қазірге дейін бас бухгалтер қызметінде еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда денсаулық саласында бас есепші болып, қызмет жасап жатқан Мария бұрын құрылыс саласында есепші болғандықтан, әрине, айырмашылықтарын сезінуде. Негізі баяғыда шотпен есептеген кезді де көрген, қазір компьютерленген заман, тек сол қаржы есебін дұрыс сала білу керек. Бұл ретте Мария Нұралиқызы білімін дамытып, біліктілігін арттырып отырудан еш жалыққан емес. Ескілікті есептеулердің қыры мен сырын, артықшылықтарын бүгінгі салалас жастарға айтып отырады. Әрі өзі жастардан бүгінгі күннің жаңашылдықтарын үйренуден де жалықпайды.
       Өзінің мамандығына аса сүйіспеншілікпен қарап, өмірінің бір бөлшегіне айналдырып, шыңына жеткен адамдарды өз ісінің хас маманы дейді ғой. Ондай жандарға көпшілік қызыға қарап, құрметтеп жатады. Еселі еңбегін бағалап, оны мақтан тұтады. Марияны ұжымдастары шынайы жақсы көреді, сыйлайды. Себебі оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен адалдығы, еңбекқорлығы мен іскерлігі көпке үлгі боларлықтай. Қайсы қызмет орнында болмасын ол ұжымында мақтаулы қызметкер атанды.Бұл мақтауға жайдан жай ілікпегенін айта кету керек. Себебі оның бойындағы көрегендік пен тамыры тереңге тартқан темірдей тәлім-тәрбие өзегі о бастан отбасынан алған жылу мен мейірімі болса керек. Себебі әкенің тәлімді тәрбиесінен келген қасиет пен ана сүтімен дарыған адалдық оны бала күнінен еңбекқор етті. Әкесі ылғи да дастархан басында адал еңбекпен тауып жеген нанның тәтті болатынын барлық баласының санасына сіңіріп отыратын.
       Иә, адам еңбектенудің арқасында көптеген нәрселерге қол жеткізеді. Адам өмірінде өзіне ыңғайлы, өзі қызығатын, қолынан келетін істі істесе, еңбегінің өзіне де, өзгеге де пайдасы мол, жемісті болып, еліне, халқына берекелі болады. Сондықтан да «еңбек түбі береке» деп жатамыз. Жалпы қай уақытта болмасын нағыз іскер жандарды төбемізге көтеріп, мақтанып жүретін дана халықпыз ғой. Келешекке сеніммен қадам жасау үшін жас ұрпаққа тәлім аларлық өнегелі істерді, парасатты өмір иелерін үлгі ету адамдық парызымыз ретінде санап, үнемі сондай беделді, абыройлы жандарды алыстан емес, арамыздан іздеп табатынымыз сондықтан.
       Мария Бекетова іскер қызмет ғана емес, жан-жағына аса қамқор жан. Қажет болған жағдайда ағынан жарылып, көңілі жаралы жас әріптестеріне демеу болып, ақылын айтып, жұбатып отырады. Үлкендік жолын көрсетіп, оң бағыт-бағдар беріп, әрдайым тілекші екенін білдіріп келеді. Үлкенді сыйлап, өзінен кішілерге ақылшы болып жүретін жанның расымен де ұжым арасында беделі биік.
       Талай жылдық қызметі лайықты бағаланып, осы күнге дейін алған марапаттары да айтарлықтай. Жеткен жетістіктері аз емес. Алайда, ол жеткен жетістіктерімен ешқашан мақтанып, масаттанған жан емес. Оның тым қарапайымдылығына осы қасиеті куә дер едім. Оның бухгалтерлік есепке байланысты бірнеше сертификаттары бар. Жаңа стандартқа байланысты онлайн оқуларға қатысып, білімін жетілдіріп отыруды әдетке айналдырған. Сонымен қатар мекеме атынан мақтау қағаздары мен грамоталары да бар. Өзі көпбалалы жанұяда тәрбиеленген. 
       Ата-анасы барлық баласына дұрыс тәрбие беріп, өсірген, ауыл аймағына сыйлы жандар. Өзінің үш апасы, үш сіңілісі, бір ағасы, бір інісі бар. Анасы Алтыншаш әжей бүгінде 90 жаста. Өзінің Балзия есімді бір қызы бар. Ол қазіргі кезде Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата университетінің студенті. ІІІ курста оқып жүр. Болашақта математика пәні мұғалімі. Балзия қызын мақтан етеді.
       Өзінің сүйікті ісінен береке тауып, мақтау көрген Мария Нұралиқызына Алла берген абыройы артып, бедел биігіне көтеріле берсін деген тілектеміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....