![]()
Өр мінезді өжет жан
Адамзат баласына берілетін ең жоғарғы әрі жүрекке жақын баға – абырой. Адамның абыройы елінің игілігіне қосқан үлесі мен қоғам үшін жасаған ілкімді ісімен өлшенсе керек. Әрине, тірнектеп жинаған абырой – көктемнің жылымығындай жалғандықпен емес, қиындығы қырық қарыс қайсар еңбектің қайтарымындай жанды жадыратса ғана қайырлы болатыны рас. Байқасақ арамызда жайдары жандар аз емес.
![]()
Әңгімемізге арқау болып отырған Жұматаева Бахытжамал Әшімқызы 1977 жылы 7 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол 1995 жылы Қорқыт Ата атындығы Қызылорда мемлекеттік университетінде Экономика факультетінің «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығына оқуға түсіп, 2000 жылы «Экономист-бухгалтер» біліктілігін алып шықты. Ал 2006 жылы Қорқыт Ата атындығы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Экономика» мамандығы бойынша магистратураның толық курсын аяқтап, Экономика магистрі академиялық дәрежесіне ие болды. 2011-2014 жылдар аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Экономика мамандығы бойынша докторантурада оқып, тәмамдады.
Білімге құштар, ізденімпаз жан өзінің ғылыми-педагогикалық қызметін 2001 жылы Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетінде оқытушы болып бастады.
Ұйымдастырушылық әрі көпшіл қабілетінің арқасында өз қызметін мінсіз атқарып, ұжым арасында мақтаулы маман атанды. Білімі мен біліктілігінің арқасында қолға алған шаруасын дөңгелетіп алып кететін өр мінезді өжет жанның ерекше қасиеті – көпшілікті қандай мәселеге болсын иландыра біледі. Өзекті нәрсені нақты фактілермен дәлелдеп, көкейге қондырып, кімнің болмасын көзін жеткізіп, сендіре алады. Бойындағы бұл асыл қасиет, өршіл мінез, шешендік тіл Бахытжамал Әшімқызына ата-анасынан дарыған деуге негіз бар. Ата-анасы «Еңбекке икемді болсаң – еліңе сүйкімді боласың» деген даналық сөздерін айтып, балаларына тәлімді тәрбие бере білген дана жандар. Сондай ел құрметіне бөленген, жаны жайсаң, жүрегі дархан, пейілі кең, көкірегі көктем ата-ананың өнегесімен есейген Бахытжамал оқу-білімге құштар болды. Мектепте өзінің жан-жақтылығымен сыныптастары арасында көшбасшы болып, мектеп мақтанышы атанып, ұстаздарының мерейін асырар мақтаулы шәкірт болды. Жас түлектің арманы – қалаған оқу орнына түсіп, мықты маман атанып, өз саласының білгірі ғана емес, ғылым жолына да бет бұруды ойлайтын. Өзінің қарым-қабілетінің арқасында алға қойған арман-мақсаттарына жету жолында шаршап, шалдыққан жан емес.
![]()
Иә, адам – құдіреттілігіне ой жете бермейтін, саналылығының, даналығының, қабілеттілігінің шегі, теңі мен телісі жоқ, киелі де қасиетті, аса күрделі жаратылыс иесі. Кейіпкеріміз аса сезімталдығымен, парасатты пайымдылығымен, боямасыз болжамды ойымен де өз ортасында дараланып тұрады. Білім жолындағы амалы мен тәсілі мың сан деуге болады. Бүгінгіні ертеңге қалдырмайтын, жаңалыққа жаны құмар, жаңашыл, заманауи, ізденімпаз, талапты, өзіне қажетін таңдай білетін, жоғын табатын, барын жаңарта, жасандыра білетін тұлға.
Адамның дүниетанымдық қуат көзі, нағыз адамдықтың негізі, нәзік болмысы – ақыл, ес, ой-өріс, жады, түйсік және сезім дейтін болсақ, Бахытжамал Әшімқызының мінезі жайлы да салмақты. Нәзік болмысымен қабаттас дарыған табиғат берген сыр-сипаты, іс-әрекеті, бет-бағдары мен күнделікті бір қалыптан таймайтын өмір сүру дағдысы жан-жағына керемет үлгі боларлықтай. Ақыл мен мінез кісіліктің парқын көрсетсе, парасаттылығы мен бітім-келбеті оның өмірге деген көзқарасын айқындап тұрады емес пе?! Бір бойында барлық асыл қасиеттер тоғысып жатқанына бір жағынан қызыға қарасаң, бір жағынан шын тәнті боласың.
![]()
Білімді жан кейіннен «Қаржы, Бухгалтерлік есеп және аудит» кафедрасының аға оқытушысы болып, еңбек жолын жалғастырды. Беделді қызметті өзінің ақыл-парасатымен алып шығып, әріптестері мен ұжым арасында абырой биігінен көрінді. 2007-2019 жыл аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Есеп, талдау және аудит», «Мемлекеттік аудит» кафедрасының доценті болып қызмет атқарды. Ал 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «ESIL University» мекемесінде «Есеп және аудит» кафедрасының доценті, «Бизнес және басқару» факультеті деканының орынбасары болып, абыройлы қызмет атқарып келеді.
Жұматаева Бахытжамал Әшімқызы 70-тен астам ғылыми жұмыстардың авторы. Диссертацияны қорғағаннан кейін 100-ден астам ғылыми жұмыстар жариялады. Оның ішінде 15 мақаласы – «Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті» ұсынған басылымдарда, 7 мақала – Scopus ғылыми журнал басылымдарында, 20 мақала – Халықаралық конференция материалдарында, бір монография, 5 оқу құралы бар.
Білімді де білікті парасат иесінің жалпы жұмыс өтілі 27 жылды құрайды. Оның 20 жылы жоғары оқу орындарында ғылыми-педагогикалық жұмыспен байланысты. Бахытжамал Әшімқызы жыл сайын оқулықтарға, оқу құралдарына, ғылыми мақалаларға, докторлық және магистрлік диссертацияларға, дипломдық жобаларға рецензиялар береді. Ол өзінің кәсіби деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөлетін жан. Қай уақытта болмасын жаңалықтарға құлақ түріп, жаңашылдықтарды өзінің саласына ендіруге күш салады. Көпжылдық тәжірибесі көрсеткендей, ол – педагог кадрлардың кәсіби шеберлігін жетілдіру және дамыту үшін жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Білімін жетілдіріп, дамытып отыруды әдетіне айналдырған парасат иесі 2012 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында ғылыми тағылымдамадан өтті. Осыншама жылдық еңбегінің жемісін көріп, талай түрлі марапаттарға да қол жеткізді. Дегенмен марапатпен мақтануды хош көрмейтін кейіпкеріміз өзінің жауапты қызметімен бірге, отбасына баса назар аударады. Алла қосқан қосағымен бірге бүгінгі күні көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері атанып, өнегелі отбасында 8 бала тәрбиелеп отыр. Сонымен қатар шаңырақтарына бір немере қосылып, шаттыққа бөленген аяулы әже.
Иә, әлемнің жарығын сыйлайтын жандардың сан қырлы еңбектерімен ардақталып, мадақталып жүргендерін көргенде сүйсінесің. Олардың ғибратқа толы өмір жолы басқаларға үлгі болса дейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()