Бекмуратов Нұрғали

Рейтинг:

Кең жүректі кәсіпкер

      Қай елдің де экономикасы дамып, халқының әл-ауқатының жоғары болуы кәсіпкерлік саласының дамуында жатыр. Кәсіпкерлік - нарықтық экономиканың желі үйіре ескен бүгінгі таңда, білек сыбана кіріскен жұмыр жүректі пенденің еңбегін еселі етіп, нәпақа табу жолында тұрмыстық жағдайын көтеретін, үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашатын ерекше сала. Бүгінгі таңда қазақ елінің өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең тұруына да сеп болған осы, дарқан қазақ елінің төсінде қанатын жайған кәсіпкерлік саласының дамуында жатыр. Ердің елге танылуы еңбектің арқасы, оның айғағы – қазіргі қоғамда өзіндік орны бар еңбекқор жандар. Ұзақ жылдар бойы еткен еңбегінің жемісін көріп, өскелең ұрпаққа үлгі боп отырған табысты кәсіпкер азаматтардың бірі – Бекмуратов Нұрғали Мейіржанұлы. Ол қажыр-қайратының, Қазақстанды дамытуға жасаған қалтқысыз қызметінің арқасында өмірі өнеге, жастар пір тұтар азамат. Жастайынан еңбекке ерте араласқан кейіпкеріміз үлкен кәсіп ашып, тек өзін ғана жұмыспен қамтыған жоқ, ауыл азаматтарының
да құр жүрмеуіне, еңбек етуіне мүмкіндік жасады. Ауданда игі істер ұйымдастырып, өз жерлестерінің де тұрмысын түзеу үшін жаңа жұмыс орындарын ашты. Ерінің ерен еңбегін елі ешқашан елеусіз қалдырмайды. Қашанда өскелең ұрпақ үшін үлгі етеді.
      Міне, осындай қандай құрметке де лайықты, азаматтығында адалдық, бекзаттығында бекемдік, пайымында парасат тұнған Нұрғали Мейіржанұлы 1950 жылдың 3 ақпанында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Ақбұлым елді мекенінде дүниеге келді. Жастайынан еңбекке ерте араласқан жас 1956 жылы сол жерде «Гоголь» атындағы орта мектебінің табалдырығын аттап, 
      1966 жылы үздіктер сапында бітіріп шығады. Бойында қайсарлық пен өжеттілік менмұндалаған жас Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласына барып, №38 механиктер даярлау училищесіне оқуға түсіп, 1967 жылы бітіреді. Қолының қандай іске де икемі бар, тұрып қалған техникаға тіл бітіретін Нұрғали өзінің оң жамбасына келетін саланы тәмамдаған соң, Жамбыл қаласындағы облыстық кинофикацияға жұмысқа орналасады. 
      Еңбек ете жүріп, Отан алдындағы азаматтық борышын 1969 жылы Кеңестік Одақтың Қарулы Күштер қатарында өткеріп келген жас 1971 жылы сол кездегі Жамбыл облыстық «Казвторчермет» бөлімшесіне жүргізуші болып еңбек жолын жалғастырды. Қай саланың маманы болсаң да, өзіңе сеніп тапсырылған істі тиянақты аяқтап, толыққанды орындау үлкен жауапкершіліктің белгісі. Қандай іске де белсене кірісіп кететін, қиындықтан қорықпайтын, күрделі істерде табандылық таныта отырып жеңіп шығатын Нұрғали Мейіржанұлы 1972 жылдың маусым айында Жамбыл қаласындағы бөлімшеге цех мастері болып жұмысқа ауысып, 1974-1978 жылдары сол цехтің басшысы болып қызмет атқарады. Білімін жетілдіру мақсатында 1982-1988 жылдар аралығында Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтында инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шықты.
      Әр түрлі қызметтерді атқара жүріп, өзінің шапшаңдығымен, тапсырған жұмыстың нәтижелілігімен, қайраттылығымен көзге түсе білген Нұрғали Мейіржанұлы 1988 жылы сайлау арқылы Жамбыл облыстық «ҚазҚайқармет» өндірістік басқармасының директорлық лауазымына тағайындалады.
      Басшылыққа сайланғаннан соң, Алматы қаласында орналасқан «Казвторчермет» республикалық қауымдастығының бас директоры болып 1987 жылы тағайындалған Махмұт Ақбиулы Ақбиев 33 жыл қызмет еткен, белгілі республикамыздың қара металлургия өндірісіне із қалдырған, Қарағанды металлургия комбинатының тұңғыш қазақ директоры, отыз бес жыл өмірін от ішінде өткізген ардагер ағамыз еді. Тағдыр сол кісімен кездестіргенін Нұрғали мырза мақтан тұтады. Ол кісінің басқаруымен «Казвтрочермет» мүлдем өзгере бастады, бас директордың басқаруымен біздің де Жамбыл облыстық «Қазқайқармет» ұжымына да өзгерістер ене бастады. 1994-2004 жылдар аралығында «Қазқайқармет» (Казвторчермет) республикалық акционерлік қоғамының Кеңес мүшесі болды.
      Нұрғали Мейіржанұлы өңіріміздегі кәсібін дөңелетіп, бірнеше азаматты тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырған кәсіпкер ретінде белгілі болды. Сонау 1995 жылдан бастап нарық заманына да тез ыңғайласты. Кәсіпкерліктің көсегесін көгерте білді. Оның басшылығымен 1997 жылы сол кездегі мөлтек аудандардың ортасына қаланың табысты базарларының бірі болып саналатын алғашқы сауда кешенін салтанатты түрде ашып, жүздеген адамды еңбекпен қамтамасыз ететін «Қайқармет» сауда кешені қолданысқа берілді. Ашылуына облыс әкімінің орынбасары мен қала әкімі Б.Жылқышиев қатысты.      Қызметтің қай саласына жіберсе де, қайда жүрсе де, қандай жұмыс атқарса да, қай істі қолға алса да, ол аса дарынды, аса шебер, өзінің ісіне шын берілген, тұрақты өлшемі кең, өрісі жоғары, тәжірибесі бай, шоқтығы биік тұлға ретінде қызмет етті. 
      Оның елімізге бергенінен әлі де берері көп. Елге қызмет етуді мақсат етіп қойған әрі әуелі өз жолынан бастаған ол – қарамағындағы қызметкерлерінен осыны күтіп, талап қоя білді. Оның мектебінен еңбек етуді өмірлік темірқазық жұлдызындай бағыты етіп алған жандар өтті. Көптеген жастарға берген тәлімгерлігі, ақыл-кеңесі осы уақытқа шейін ұмытылар емес. Ол өз жолын таба білген жан. Жаңа ғасырда жаңа бастама, жаңаша көзқарас, нұрлы жолды ашқан, ашып берген ел басының нұсқауын есіне ала отырып, көп ізденеді, қандай іс болсын инемен құдық қазғандай үңіле зерттеп, соны үйрете біледі. 
      ХХІ ғасыр қай салаға болмасын, оң әсерін тигізіп, бұрынғыдай қазақ даласындағы дүмпу туғызғанымен, зымырап аққан жұлдыздай жедел дамыған заман сұранысына сай, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» болуды талап ретінде алға тартып отыр. Заманауи кәсіп ашу негіздерінен мәлімет біліп қана қоймай, оны практикада шебер пайдалана алу қабілетін игеруі шарт. Сонымен бірге, халықаралық деңгейдегі білім, ақпарат, кеңістігіне шығуға, яғни, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге қабілетті болуы керек. Ол нағыз майталман маманның ғана қолынан келеді.
      Ол осы ауыр жолда үлкенді-кішілі істерді абыроймен атқарды. Шоқтығы биік жан екенін көрсетіп, биік мінберлерден де көрінді. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жүргізіп, ел игіліне пайдалануға беріп келе жатқан Нұрғали Мейіржанұлының атқарған жұмыстары мен қызметтік жолын хронологиялық ретпен жалғастырып өтсек. Нұрғали Мейіржанұлының басшылығымен 1988 жылдан бастап Жамбыл облыстық «Қайқармет» мекемесі «ҚазҚайқармет» акционерлік қоғамының облыстық мекемелерінің арасында үздіктер қатарында көріне білді және жұмысшыларға әлеуметтік жағдайды жақсарта бастады. 1990 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл бөлімшесінде 100 орындық асхана салынып, сауықтыру орталығы, теннис және бильярд бөлмелерінің құрылысын бітіріп, бір мезгілде қолданысқа берілді. Жұмысшы санын екі есеге көбейтіп, оларға жақсы жағдай жасай білді. Күнделікті барлық қызметкерлерді ыстық нанмен қамти білді.
      1993 жылға дейін «ҚазҚайқармет» республикалық мекемесінің қолдауымен, сол кездегі одақтағы қара металлургия министрлігіне барып, келіссөздер жүргізіп, көліктермен арнаулы техникалардың ондаған түрлерін Қазақстанға тікелей Ресейдегі автомобиль және темірсынықтарды тасымалдауға, өңдеуге арналған техника мен жабдықтарды алдыруға зор үлес қоса білді. Сонымен қатар облысымыздың әлеуметтік акцияларына қатысып, аз қамтылған жанұяларға, жетім балаларға және көмекке зәру жандарға жәрдем көрсетті.
      Сонымен қатар 1994-1995 жылдары туған жері ақсақалдар алқасының сұрауымен өз ауылы «Қазақ ауылы» деп аталатын елді мекенге газ құбырын жүргізіп, толық газбен қамтамасыз етуге демеушілік жасай білді.       Орталықта қаңырап бос қалған ауылдың клубын, қызылша совхозының балансына қарайтын ғимаратын жекелендіру үшін совхоз басшысымен келісім жасап жекелендіріп алып, мешіт ретінде күрделі құрылыс жөндеу жұмыстарын жасап «Намаз ата» атын беріп ел игілігіне 300 орындық намазхана пайдалануға берілді. Ашылу салтанатын 1998 жылы Жамбыл облысының әкімінің орынбасары Сағынтаев Бақытжан мырза өзі келіп ашылуына қатысты және өз ризашылығын білдірді. Сонымен қатар мекеменің соғыс ардагерлеріне жыл сайын 9 мамыр күндері көмек көрсете білді. Жұмысшыларға облыстық кәсіподақ арқылы түрлі шипажайларға жолдамалар алып беруді ұйымдастырды.
      1999 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Н.А.Қаржауова өзі келіп базар жұмысымен танысып, өз ризашылығын білдіріп, әрі қарай тұрғындарды барынша жұмыспен қамтудың дұрыс жолы осы екенін атап өтсе, 1998 жылы Меркі ауданының таулы аймағында Меркі Санаториясының жанынан «ҚазҚайқармет» Жамбыл облыстық бөлімшесінің жұмысшыларына арналған демалыс үйінің құрылысын жүргізіп, 1999 жылы қолданысқа берілді. Радон суын жүргізіп, емдеу бөлмесін де ашып қойды. Сыртқы бассейнімен және асханасымен қамтамасыз етіп, Қазақстандағы барлық «ҚазҚайқармет» мекемелеріне арналған демалыс орталығына айналды. Әрине, сол кездегі Меркі ауданының Сергей Громов деген әкімінің қолдауымен жер телімі де тез арада заңдастырылды. Алғашқылардың бірі болып демалғандардың бірегейі Мемлекет және Қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов ағамыз бен жұбайы Әскеркүл ханым еді. Сонымен қатар алғашқы демалушылардың легін бастаған белгілі Асанәлі Әшімов ағамыз да келіп демалып өз алғысын айтып, қолтаңбасын қалдырды. 2000 жылдары Жамбыл облыстық «Қайқармет» мекемесінің ұжымы, республикадағы «Қайқармет» мекемелерінің жұмысшыларына жолдамалар беріп, жүздеген еңбеккерлері тұрақты демалыс орнына келіп, демалып жүретін болды.      2000 жылдар да «Қайқармет» мекемесіне басшылық ететін Нұрғали Мейіржанұлы үшін толағай табыстарға толы жыл болды.
      1991-2004 жылдар аралығында Тараз қаласы №1 сайлау учаскесінің төрағасы болып сайланған, көп жылдар бойы «Қайқармет» мекемесіндегі қызмет барысында Нұрғали 
      Мейіржанұлы аймақтағы металлургияның дамуына үлкен үлес қосты және оның қаладағы кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі де айқын көрінеді. Бір салада 33 жылдан аса уақыт қызмет еткен Нұрғали Мейіржанұлы 2004 жылдан бастап еліміздің шағын және орта бизнес саласының дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінде ол «Сауда-Қайқармет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Сонымен қатар «Айырылмас» қоғамдық қорының Президенті болып қызмет атқарады.
      Жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Нұрғали Мейіржанұлы аймақтағы бизнестің дамуына өз үлесін қосып келеді. Жаңа жұмыс орындарын ашып, қаланы абаттандыруға, қоғамдық қалалық іс-шараларды өткізуге белсене қатысуда және қайырымдылықпен айналысады. 2014-2016 жылдары түгелімен жарамсыз қалған балабақша ғимаратын қайта күрделі жөндеуден өткізіп, бұрынғы қалпынан да өзгертіп, заманауи балабақша ретінде пайдалануға беріліп, 2017 жылдан бастап Тараз қаласының әкімдігінің білім бөлімімен шарт жасасып, кәсіпкерлік-мемлекеттік бірлестік жобасымен 175 орындық балабақша жұмысы тұрақты түрде қала тұрғындарына қызмет етуде.      Қазақта жақсы азаматтың жалынды ісін, жарқын тірлігін көргенде, ел-жұрты сүйсініп, шынайы ризашылықпен «Сегіз қырлы бір сырлы екен» деп баға беріп жатады. Осы бір ауыз сөзден азаматтың кескін-келбеті, болмыс-бітімі, барлық қыр-сыры жан-жақты ашылады. Нұрғали Мейіржанұлы ашық мінезді, ақ көңіл азамат. Қай іске де бейімділігінің, іскерлігінің, еңбекқорлығының арқасында қай жерде еңбек етсе де абыройлы болған азамат. Өз ортасында беделі бар азаматты қашанда елі жақсы көреді, сыйлайды, құрметтейді. Еңбегің адал болса, еңбекқор адамды қоғам өсіреді, көпке танытады, беделін арттырады. Оған кейіпкеріміздің өмір баспалдақтары, батыл жүріп өткен жолдары, алқынбай асып өткен асулары айқын дәлел. Кәсіпкерлік саласындағы өлшеусіз еңбегінің өтеуі болған, марапаттарына кезек берсек:
      ✦ 1988 жылы Отанымыздың игілігі үшін шабытты жұмысы үшін және қол жеткізілген жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін «Казвторчермет» (ҚазҚайқармет) басқармасы «Социалистік жарыстың үздігі» деген төсбелгісі;
      ✦ Ұзақ жылдар бойы адал еңбегі үшін Тараз қаласының әкімі Б.Сауранбаевтың «Алғыс хаты»;
      ✦ 1997 жылы облыс әкімі Амалбек Тшановтың «Алғыс хаты»;
      ✦ 1975 жылы қабылданған Социалистік міндеттемелерді орындауға еңбектегі табыстары үшін «ҚазҚайқармет» басқармасының «Құрмет Грамотасы»;
      ✦ 2000 жылы Тараздағы қазақ-түрік лицейінің дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін лицей басшылығынан «Алғыс хат»;
      ✦ 2003 жылы қазан айында Нұрғали Мейіржанұлы басқаратын «Қайқармет» сауда кешені «Қазақстандағы үздік нарық» республикалық байқауының «Қазақстандағы үздік азық-түлік нарығы» номинациясында III орынға ие болғаны үшін Қазақстан Республикасының индустрия және сауда министрі А.Жақсыбековтың Дипломы;
      ✦ 2003 жылы «Қайқармет» сауда кешені «Жамбыл облысындағы үздік азық-түлік нарығы» номинациясында 1 орынға ие болғаны үшін Жамбыл облысы әкімі С.Үмбетовтың Дипломы;
      ✦ 2003 жылы Жамбыл облысындағы металлургия жүйесінде қара металл сынықтарын дайындау бойынша көп жылдық жемісті еңбегі үшін Жамбыл облыстық мәслихатының «Құрмет Грамотасы»;
      ✦ 2003 жылы «ADM Business Consulting» Халықаралық Альянсының құрылтайшы кеңесінің шешімімен «2003 жылдың менеджері» Дипломы және Алтын медалі (Мәскеу қаласы);
      ✦ 2010 жылы «Қала күнін» мерекелеуге қосқан үлесі, қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін Тараз қаласының әкімі Е.Астаевтың «Алғыс хаты»;
      ✦ 2014 жылы Нұрғали Мейіржанұлы басқаратын «Қайқармет» ЖШС Ұлттық бизнес рейтингі Халықаралық рейтингтік Одағының «Сала көшбасшысы – 2014» рейтингінің қола жүлдегері 
атанды;
      ✦ Қазақстан Республикасындағы Ұлттық бизнес рейтингі ұйымдастыру комитетінің шешімімен «Даңқ жұлдызы – Қазақстан экономикасы» ордені;
      ✦ 2015 жылы «Қайқармет» ЖШС Қазақстан Республикасындағы Ұлттық бизнес рейтингі ұйымдастыру комитетінің шешімімен Жамбыл облысы кәсіпорындары арасында «Әлеуметтік салық» көрсеткіші бойынша ТОП-10 (қола) номинациясы бойынша «Сала көшбасшысы» атағына ұсынылды;
      ✦ 2016 жылы Ресей Федерациясының қоғамдық марапаттау мен атақ беру бойынша Комитеті «Ресейдің құрметті азаматы» атағына ұсынылды;
      ✦ 2017 жылы «Қайқармет» ЖШС Қазақстан Республикасындағы Ұлттық бизнес рейтингі ұйымдастыру комитетінің шешімімен Қазақстан Республикасы кәсіпорындары арасында «Өсу қарқыны» көрсеткіші бойынша ТОП-100 (күміс), Жамбыл облысы кәсіпорындары арасында «Өсу қарқыны» көрсеткіші бойынша ТОП-7 (алтын) номинациялары бойынша «Жыл көшбасшысы» атағына ұсынылды.
      Досқа адал, туыс-туғанға бауырмал, ағайынға қамқор. Сөзінде тұратын уәдеге берік азамат. Кісі жатырқамайды. Қашанда алып-ұшып, көмекке жетуге дайын тұрады. Қиналған кезінде адам жанынан табыла білетін елгезек, жанашыр. Әсіресе, қолынан келген жәрдемін аянып қалмайды. Ал оның сөз көмегінің өзі қандай! Жақсының жақсылығын айтып жүретін ерекшелігі де бар. Қайсыбір жанды жанына жақын көрсе, сол адамнан міндетті түрде бір жақсы қасиетін тауып алып танитын, танымайтын жандарға айтып, нұрын тасытып жүреді. Көңілінің кіршіксіздігі сол оның осындай адал қасиетіне сүйсінесің де.
      Осы игілікті істерінің бәрін шын жүрек, ақ пейілімен істеп, қолында барды елінен аямаған арда азамат Нұрғали Мейіржанұлы өмірлік серігі екеуі екі ұл, үш қыз өсіріп, тәрбиелеп, жоғары білімді етіп шығарып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан тараған жиырмаға жуық немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты ата, қызығы мен қуанышына бөленіп жүрген ардақты азамат. Перзенттері Қазақстан Республикасының аумағында әр салада қызмет етуде. Жиырмаға жуық немерелердің жомарт жанымен, дарқан пейілімен, сабырлы да парасатты, келісті де келбетті, қажырлы да қайратты қалпымен үлкен-кішіні баурап тұратын көркем мінезді азамат жайлы жазудың өзі бір бақыт. «Бидайдың басында дәні неғұрлым көп болса, ол соғұрлым иіліп тұрады, ал ол аш болса соғұрлым қайқиып тұрады» деген тәмсіл осы азаматқа арналғандай-ақ. Қашанда қарапайым қалпынан танбаған, адамгершілігі мол, көзі ашық, көкірегі ояу, тіршіліктегі тірлігі, жүріп өткен жолы көпке үлгі боларлық жан.
      Әрбір жақсы адам – өзі өмір сүрген орта үшін рухани байлықтың бірі де бірегейі емес пе?! Өйткені, ондай адамдар жан-жағына жақсылықтың нұрын шашып, көптің ұйытқысы, тілекшісі болады. Кісілігі мен кішілігі, ақкөңілділігі мен елгезектігі, жаны мен тәнінің үндестігі, адалдығы мен әділдігі, ойының биіктігімен дараланады. Тума-туыс, дос-жаранның, Қазақстан кәсіпкерлерінің арасында ойып тұрып орын алатын қадірлі Нұрғали Мейіржанұлына болаттай берік денсаулық тілейміз!



Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
22 октября 2024 12:39
Динара

Керемет біртуар тұлға Нұрғали Мейіржанұлы! Кез-келген жасұрпаққа үлгі болар АЗАМАТ!

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....