Ғибратты ғұмыр иесі
Жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін бұл жалғанда ізгілікке ұмтылатын, саналы ғұмырын парасаттылыққа арнайтын жандар аз емес. Солардың бірі – Рауза Рүстемқызы десек қателеспеген болар едік. Табиғат берген көркем мінезімен көпті ұйыстыра алатын нағыз көшбасшы жанның жасы 80-ге жақындаса да әлі тың. Өз ісін шексіз сүйетіндіктен ол уақытпен де санаспай, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Өмірден көргені мен түйгені көп жан ашық тұрған энциклопедия дерсіз. Жанына жақын келіп, әңгімеге тартсаңыз, оның қаншалықты білімді екенін бағамдайсыз. Сөзі нық, шаруасына тындырымды, еш уақытта қабақ шытпайды. Өкпелеу не өзгені ренжіту деген қасиеттен бойын аулақ ұстайды. Көп жылдық тәжірибесін жастарға үйретуден де жалықпайды. Жүрегіндегі аналық мейірімі мен кәсіпкерлік келбетін бір арнаға тоғыстырған ол бүгінде Ақмола облысындағы кәсібі өрге домалаған белгілі кәсіпкерлердің бірегейі. Қараөткел, Көкше өңірлері кәсіпкерлерінің анасы атанған Рауза Рүстемқызы кәсіпкерлік саласына 30 жылын сарп етіп, барлық ынта-жігерін салып қызмет етіп келеді.
Медицина деп аталатын үлкен ғимараттың бір кірпішінің қалануына сеп болып, бүгінгі таңда тұтынушыларды сапалы көзәйнектермен қамтамасыз етіп келе жатқан Рауза Рүстемқызы 1943 жылы 5 наурызда Солтүстік Қазақтан облысының Смирнов станциясынан 40 шақырым жерде, қарапайым отбасында дүниеге келді. Ауыл шаруашылығының басында бақ қонақтап тұрған сол бір Жалтыр ауылы бүгінде тарап, нарықтың көшіне ілесіп кеткен. Әке тәлімін көріп, ана махаббатының бесігінде тербеліп өскен ол үлкен өмірге бағыт берер жарық нұрды, білім мен сенімді Петропавлдағы қазақ орта мектебінде бойына сіңірді. Бала Рауза мектеп қабырғасында жүргенде алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі болды. Үлкенді сыйлай білетін, ұстаз тапсырмасын екі етпей орындайтын жауапкершілігі, істі атқару барысындағы тиянақтылығы, алғырлығы мен қимылының ширақтығы қабілетті жастың беделін өсіре түсірді. Соғыстан кейінгі тіршілік, жауыннан кейінгі шыққан күннің нұры жетпегендей, әрең титықтап жүрген кез болатын. Сұрапыл соғыс кімнің жүрегіне жара салмаған? Қыстан шыққан көтерем сиырдай болған ауыл тіршілігінің адымын аштырмай тұрған кезде Рауза да еңбекке етене араласты. Ұстаздардың жетіспеушілігіне байланысты мектепте жақсы оқыған оқушылардың басы болып, мектеп бітірген соң екі жылдай Полудин ауданында мұғалім болып, балаларды оқытты.
![]()
Өмірге келген әрбір пенде өзінің жолын салып, артына бір із қалдыру үшін қам жасап, адамдық деп аталатын өмір қайығында өз ескегін еседі. Еңбек күрегіне қолы ерте тиіп, ерте есейген кейіпкеріміздің бала жүрегінде бүр жарған арманы бар еді. Кейіннен жоғары оқу орнына барып, Петропавл педагогикалық институтына оқуға түседі. Алайда ол оқуын Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында жалғастырып, биология-химия факультетін ойдағыдай жақсыға бітіріп шығады. Институттан кейін жас маман арман қала Алматыда қалып, мемлекеттік стандарттау комитетінің зертханасына инженер-химик болып жұмысқа орналасты. Жас та болса өзінің еңбекқорлығын, белсенділігін көрсетіп, мақтаулы мамандар қатарынан көрінді. Кейіннен өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында ғылыми жұмыстармен айналысты. Өзінің тындырымдылығымен, тиянақтылығымен ұжым ортасында беделді болды. Ол «Медтехника» өндірістік бірлестігінде қызмет атқарып, қосымша медициналық техникум мен кооператив техникумында лекциялар оқып, студенттерге дәріс берді. Маман ретінде де, оқытушы ретінде де өзінің салмақты ойымен, белсенді қалпымен көзге түсіп, еңбегі лайықты бағаланды.
Қазақ елінің тарих беттерінде қызыл әріптермен жазылып қалған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елдің жағдайы анау айтқандай мәз емес-ті. Тәуелсіздік күңгірт тартқан қазақ елінің көгіне күн сәулесін шашқанымен, Кеңестік жүйеден арыла алмаған қоғам аяғын сылтып басып тұрды. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында алпауыт деген кәсіпорындар, өндіріс орындары мен зауыттар жұмысын тоқтатып, шекара бөлінісі кезінде әр ел өз туған топырағына буынып-түйініп отырған шағында жас елдің экономикасы да, медицинасы мен білімі де кенжелеп қалды. Нарықтың тілін ерте түсініп, кәсіптің көзін дөп басып тапқандар, шағын кәсібін алға жүргізу мақсатында қам жасап, енді бірі қара қазан, сары баланың қамы үшін ала дорбасын арқалап, базар жағалап бара жатты.
Еліміздің 90-жылдардағы жағдайы халыққа оңай болған жоқ. Экономикалық қиындықтар жағадан алып, көптеген жұмыс орны тығырықта қалып, жабылып жатты. Өзі жұмыс істеп жүрген «Медтехника» кәсіпорнына да тықыр таянып, сол кездегі бөлшек сауда бөлімінің бастығы Рауза Рүстемқызын шақырып, осы кәсіпорынды сақтап қалуда жұмыс жасауын сұрайды.
![]()
Әрдайым сананы тұрмыс билеген, күнделікті тіршілік бірінші орынға қойылып, білім мен медицина кейінге ысырылған кезде қолда барды сақтап қалу кейіпкеріміз үшін де оңай болған жоқ. Ақша айналымының әлсіреуі, тұтынушылардың жоқтығы, қызметкерлердің жалақысы қос бүйірден қысқанда, бойындағы қарым-қабілеті мен таным көкжиегінің кеңдігіне, тәжірибесіне бой сүйеді. Осылайша ол бірге еңбек еткен әріптестеріне көзәйнек жинау, жөндеу және сату жөнінде өндіріс құру туралы ұсыныс жасап, кәсіпорынның бұрынғы жұмыс бағытының бәрін ұстап тұра алмаса да, бір-екеуін сақтап қалуға тырысады. Осылайша тоқыраудан кейін бас көтерген кәсіп «Көзәйнек» аталды. Ұжымның қолдауымен қайта жабдықтаушы зауыттарға шығып, бұрынғы байланыстарды қалпына келтіру өз алдына, шет ел фирмаларымен де келісім-шарттар жасасып, немістің «Мецкер», Италияның «Совер» фирмаларының оптикалық өнімдерін алдыра бастайды.
1990-2000 жылдары Көкшетаулық көзілдірік тұтынушылар үшін бұл бір жаңалық еді. Сол кәсіпорнын өрге бастырамын деп Санкт-Петербург, Киев, Харьков қалаларында бірнеше рет білім білігін жетілдіріп келген Рауза Рүстемқызы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел кәсіпкерлерінің 8 форумына қатысты. Нәтижесінде күш-жігер алып, өзінің жаңа ойларымен одан әрі құлшына еңбектене түсті. Оптика тек көзілдірік сату деген ұғымнан ада болып, жан-жақты ізденіп, шет елге дейін сұрау салып, кез келген линзаны көздің көру қабілетіне қарай дайындап, орнатып беретін, көзілдіріктерді винттік жинауды қамтамасыз ететін озық үлгідегі құрал-жабдықтарға қол жеткізе алды. Ұжымы жүре бара офтальмолог дәрігерлермен толығып, көптің сұранысын қанағаттандырып, «Көзәйнек» ел көңілінен шыға берді.
Рауза Рүстемқызы өзі ұнатқан істе жалғыз емес еді. Жұбайы Берік аға да басшылық қызметте тәжірибесі мол болғандықтан, әлі күнге зайыбы қолға алған осы істің бір жағынан демеп, ақыл-кеңесі мен көмек-қолдауын аянбай келеді. Өмірде жұптары жазылмаса, бизнесте де солай. 2000 жылдың басында кәсіпкерлік саласында жүрген ата-анасының қасына қыздары Айгүл де қосылды. Бұл кезде Айгүл Қарағанды медициналық институтын бітірген, одан кейін бөлімше меңгерушісі болып еңбек етіп үлгерген тіс дәрігері еді. Қосымша заңгер мамандығын алып, «Басар» ЖШС ашты. Біле отырсақ, «Басар» бұл тек атауы ғана емес, жанұя мүшелерінің бас әріптерінен тұрады. Былайша айтқанды, ырыммен отбасы мүшелеріне негізделіп қойылған. Қазір айтылуына да, жазылуына да көз үйреніп, құлаққа сіңісті болып кетті. Өйткені кешегі «Көзәйнек» үлкен бизнес субьектісіне айналып, бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің еншісінде де игі істер аз емес. Өкінішке орай, халыққа стоматологиялық қызмет көрсету ісін үлкен жетістіктермен бастаған Айгүл қыздарының ғұмыры қысқа болып, 2005 жылы ерте солған қызғалдақтай, жарқ етіп сөнген жұлдыздай, бұл дүниеден озды. Балалар стоматологиялық емханасын ашсам дейтін асқақ армандарының бірі болатын. Көңілдері қапалы Рауза Рүстемқызы мен Берік Ақанұлының ендігі жандарына медет тұтары – Айгүлден қалған жиені Дарина мен өз ұлдары Асқар еді.
![]()
– Кәсіп жасауға, оның жұмысын алға бастыруға да көп күш-жігер керек. Алдымен адамның өзіне денсаулық пен салауаттылық қажет. Басқаларға пайдалы қызмет көрсету үшін адамгершілік қасиет бірінші орында тұруы керек. Біз тек экологиялық таза өнімдермен және медициналық компаниялармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Ал қызмет көрсету сапасын арттырып отырмасаң, бәсекеге қабілетті бола алмайсың. Бүгінде жан-жақты бәсеке жоғары. Кез келген тұтынушы алдымен сапаға назар аударады, сонан соң қызметіңе баға береді. Адамдармен жұмысың тығыз байланысты болған соң мәдениеттілік, ұқыптылық, сауаттылық керек. Әрдайым тұтынушыңмен санасып, оның қызығушылықтарын қанағаттандыра білу маңызды. «Басар» серіктестігінің негізгі қызметі – халыққа амбулаториялық-емханалық медициналық көмек көрсету. Яғни, хирургиялық, терапевтік, ортопедиялық және офтальмологиялық, стоматологиялық көмек көрсету. Офтальмологтың қабылдауында контактілі линзаларды қолдануды үйрете отырып, диагностика және көз жанаспалы линзаларды емдеу, кез келген көзілдірік жасап, сонымен бірге күрделілігі бір фокальды, бифокальды, прогрессивті, балалар, диоптрлері бар күннен қорғайтын крем, тоналды линзалармен қамтамасыз етеміз. Менде бүгінгі күні жиырмаға жуық адам қызмет етеді. Әрқайсының еңбегін бағалап, тұрақты жұмыспен қамтып отырған жайымыз бар. Елге пайдалы болу, көптің қажеттілігін орындау басты парызымыз,- дейді Бейсекей Рауза.
Бизнес саласындағы қатып қалған заңдылық бойынша сатып алып - сатуға да болатын еді, бірақ кейіпкеріміз өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, тұтынушылардың мүддесін алдыңғы орынға қойды. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын ол ісін дамытып, жеткізіп, ойында саралап, өндіріске қосты. Көзәйнектерді (линза) дайындайтын станоктарды алып, іске қосты. Заман талабына сай, бәсекелестікке қабілетті болу жолында тың дүние жасап шығаруды көздеген Рауза Рүстемқызы жаңа технологияларды қолдана отырып, «фотоменяющимся линзами – легкими, небьющимся, рефлексно-антибликовым покрытием» көзілдіріктерді жасап шығарып, тұтынушылар қажеттігін өтеді.
![]()
Көзілдірік оптикасының қызмет аясы бұрынғыдан анағұрлым кеңейген. Енді күнделікті жұмыс ауқымына «Көзәйнекте» болмаған көз емдеу үрдісі қосылған. Ересектердің ем кабинеттерімен бірге, балалардың көз жанарын емдеу кабинеті де жұмыс жасайды. Ол емханаларда болу керек кабинет, дегенмен ондай мүмкіндік бола қоймағандықтан, маман дәрігерлер құрал-жабдықтары сақадай сай «Басарға» артықшылық берген көрінеді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бұрынғы «Көзәйнекте» көзді тексеріп, бір кінәрат таба қалса, диагнозын қоятын да, көз аурулары аураханасына жолдама беретін. Ал қазір өздерінде емдейтін жағдай жасалған. Оңтүстік Корея, Жапония, Ресей елдерінен алдырған осы заманғы таңдаулы аппараттар көздің глаукома, катаракта сияқты қатерлі ауруларының өзін әп-сәтте анықтап береді. Осылайша бұрынғы диагноз қою әдістері жетілдірілгенін байқауға болады.
Бұл жерде тұтынушы алдымен көзді тексеру процедурасынан өтеді. Заманауи жапондық аппарат көздің нақты көру деңгейін анықтап берген соң ғана барып, врач-окулистің қарауында болады. Егер көзде зақымдаулар болса, емделуге жібереді. Орталық линза жасау барысында экологиялық таза заттарды тұтынады. Жасау барысында тұтынушының талабы мен ескертпесі назарда ұсталып, таңдауы бойынша жеделдетілген тапсырыс 1 сағат ішінде, ал қалғаны 1 күн ішінде дайын болады. Осылайша Рауза Рүстемқызы халыққа офтальмолог, стоматолог қызмет көрсетумен қатар, көзілдірік және контактілі линза жасау барысында тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. «Оптика Басар» сауда залында тұтынушылар эконом класстан бастап премиум классқа дейін Италия, Германия, Франция, Япония, Австрия және Оңтүстік Корея мен Қытайдан шыққан 500-ден асатын түрлі өнімдерді сатып ала алады.
![]()
Отбасындағы берекенің орнауы, рухани теңдіктің көрініс табуы – әйел мен ер азаматтың ғана емес, ұрпақтың тәрбиесіне де оң әсер етеді. «Бір жылын ойлаған ел бидайдың, он жылын ойлаған ел жеміс ағашының, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген халық даналығы бар. Міне, сол ізгілік отбасынан басталады. Жанұядағы мейірім, шаттық, жылылықты бойына сіңірген баланың болашағы жарқын, еліне берері мол болмақ. Ғабит Мүсірепов айтқандай: «Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергеніңді ұмытпайды, тезірек еселеп қайтаруға тырысады». Әйелге көрсетілген қолдау, күллі қоғамды өзгертуге септігін тигізері хақ.
Ұлы Асқар 4-сыныптан бастап есеп-қисапқа, әсіресе шахмат ойынына қатты қызығушылық танытты. Мектепішілік, қалалық, облыстық, тіпті республикалық шахмат байқауларына қатысып, өзінің дарын қабілеттерімен көрінді. Мектепті күміс медальмен аяқтап, халық шаруашылығы институтына оқуға түсіп, одан кейін аспирантураны бітірді. 22 жасында республика аумағында қаржы саласында бедел биігінен көрінді. Бүгінде өзінің ашқан жеке оқу орталығы бар. Отбасында төрт ұл-қызымен бірге жиені Даринаны да қамқорлығына алып, өнегелі отбасы болып, көпке үлгі көрсетіп келеді. Дарина ата-апасының тәлім-тәрбиесін алып, еркін өсті. Ағасы Асқарды әкесіндей қабылдап, оның балаларын біртуған бауырларындай жақсы көреді. Анасы Айгүл секілді білімге құштар болған Дарина мектепті бітіргеннен кейін университетке оқуға түсті. Оны да жақсыға бітіріп, кейін Көкшетауға қайта оралып, бүгінде анасы ашқан «Басар» жеке шаруа серіктестігінде еңбек етіп жүр. Ал Рауза Рүстемқызы өзінің «Көзәйнек» серіктестігін «Басармен» біріктіріп, қызмет аясы кеңейіп, көз емдеу ісінде елге елеулі қызмет көрсетіп келеді. Маман дәрігерлері де, заманауи құрал-жабдықтары да жеткілікті. Тұтынушыны өздері емдеп, ем-шарасынан соң көзілдірік тағайындайды. Маңыз-ды қызметтер кешенін, көзілдірік оптикасын, дәрі-дәрмек пен медициналық техниканы сатуды, стоматологиялық және офтальмологиялық қызметтерді көрсетуді біртұтас біріктіре алған Рауза Рүстемқызының атқарып отырған қызметі әріптестеріне үлгі боларлықтай.
Кейіпкеріміз іскер әйел ретінде ғана емес, қолы ашық жомарттығымен де танымал. Ол үшін қайырымдылық – жай сөз емес, жанның қажеттілігі деп біледі. Жолдасы Берікпен бірге ылғи да балалар үйіне, қарттарға арналған мекемелерге жиі барады. Олар мереке күндері назар мен қамқорлықты қажет ететін адамдарды сыйлықтармен қуантуға асығады. Рауза Рүстемқызы одан бөлек мектептер мен балабақшаларға да қажетті демеушілік көмек көрсетіп, білім саласынан байланысын үзбей келеді.
Рауза Рүстемқызының көпжылдық еңбегі лайықты бағасын алып келеді. Оның жеткен жетістіктерінің ішінде грамоталар, алғыс хаттар жетерлік. 2010 жылы стоматология саласына сіңірген еңбегі үшін омырауына күміс медаль тақты. 2014 жылы «Даңқ» орденімен, Ұлттық бизнестің Халықаралық рейтингтер одағының «Медицина мақтанашы», «Сала көшбасшысы» атағымен марапатталды. Жаны шығармашылыққа құмар жанның төл туындылары да бар. «Өндірістік үй-жайлардың ауасы құрамында мыс бар қосылыстарды бөлек анықтау», «Атомдық сіңіру және өнеркәсіптік үй-жайлардың ауасында мыс қоспасының қолданыстағы экспресс әдістерін жетілдіру», «Көкшетау облысының денсаулық сақтау мекемесін метрологиялық қамтамасыз ету» сынды мақалалары жарық көрген. Адал еңбектің берері де мол, ізгі ниеті, қайырымды қолының, табысты кәсібінің арқасында жетістікке қол жеткізген кейіпкеріміз «Қазақ елінің көрнекті әйелдері» кітабына еніп, 2000 жылы «Деловая Женщина» журналына «Ощушение нужности», «Жиз ярче – в очках «Көзайнека», «Серебро для Раузы Бейсекеевой» тақырыбында мақалалар жарық көрді.
Заманымызда өзінің тұла бойына біткен адамгершілік, ізгілік қасиеттерімен дараланып, бар күш-қайратын еңбекке арнайтын, нағыз еңбек десе ішкен асын жерге қоятын жандар арамызда өте көп. Ер азаматқа бергісіз адал ісімен көптің алғысын арқалап, еткен еселі еңбегінің жемісін жеп, оны қайырымдылыққа жұмсайтын жандар да ортамызда жүр. Өзінің ұжымында ғана емес, отбасында асыл жар, аяулы ана, ел-жұртына сыйлы әйел-аналардың қоғамдағы алар орны бір төбе. Ол еңбекті пір тұтып, өз бақытын еңбекпен тапқан, өз бақытын өз қолымен жасап жүрген жан. Жеке басының туа бітті еңбек сүйгіштігі, тұрақтылығы мен табандылығы, тиянақтылығы мен ұйымдастырушылық іскерлігі, қарапайымдылығы, кішілігі мен кісілігі өз өмірінде қол жеткізген қыруар жеңісі мен жемісінің қайнар бұлағы деуге болады. Бақытын еңбектен тапқандардың санатында тірліктің тоқтап тұрар сәті болмағандықтан, жасынан тіршілікті құр өткізбеуге дағдыланған еңбекқор жанның бір орында байыз тауып қалмасы анық.
Елге береріңіз таусылмай, ұрпақтарыңызбен мың жасаңыз! Отбасыңызға амандық, кәсібіңізге береке тілейміз!