![]()
Өнегелі отбасының керегесі алтын
Тал бесіктен бастап үлкен өмірге қадам басқан жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне әкенің қосар үлесі зор. Бала жадында «Әке» атты алып тұлға биік шыңдарды бағындыруға үлесін тигізетін, қажет кезде жылы жүзімен көңіліңе сенім білдіретін, кейде қас қабағымен бар әлемнің тәлім тәрбиесін бойына сіңіре алатын құдіретке ие жан екендігі сөзсіз құбылыс. Міне, бүгін сөз болғалы отырған кейіпкеріміз шөберенің қолынан дәм татып, балдай тәтті немере мен баланың қызығына мейірлене өткен Нұрмағамбетұлы Жалпақбай әкеміздің отбасы жайында болмақ.
![]()
Жалпақбай әкеміз Сыр өңіріне қарасты киелі аймақ – Арал ауданы, Ұялы елді мекенінде орналасқан, есімімен аттас Жалпақ ауылында 1932 жылы дүниеге келеді. Кейіпкеріміз қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – Жолтайұлы Нұрмағамбет, анасы – Өтепбергенқызы Ақсүйрік аталмыш елді мекенде балықшылық кәсібімен шұғылданған жандардың бірі болған. Әрбір адам баласына тағдыр өз тосын сыйымен келеді. Жалпақбай әкеміз де балалық шағы ерте аяқталып, ата-анадан ерте айырылып, жастайынан жетім қалады. Өз кезегінде қатарластарынан кешеуілдетіп, Жданов атындағы колхоз мектебінің табалдырығын аттады. 1950 жылы үздік шәкірттің бірі атанып, оқу орнын тәмамдап шығады. Есеп-қисапқа, математика пәніне икемі бар бала бойындағы оқу-білімге деген құштарлық талай жанды тәнті ете білгендігі де жасырын емес-ті. Үлкен қалаға, үлкен оқуға қадам бассын деген ана тілегі қабыл болып, Қызылорда қаласындағы іргелі оқу орнына қабылданады. Соңғы курстарда өмірлік серігі Айнагүлмен тілдесіп, бір болуға шешім қабылдайды. Өз кезегінде қазақтың салты бойынша қос ғашық отау құрып, оқуларын тәмамдау үшін қайта Сыр шаһарына оралады.
Білімді әрі білікті жас маман 1956 жылы арнайы жолдамамен Жданов колхозының мектебіне «Оқу ісінің меңгерушісі» болып қызметке орналасса, жұбайы Айнагүл анамыз бастауыш сынып мұғалімі болып орнығады. Жас отбасы 1957 жылы алғаш ата-ана бақытына ие болып, тұңғыш қыздары Светлана жарық дүние есігін ашады. 1958 жылы Жалпақбай әкеміз бен Айнагүл анамыз екінші рет ата-ана болу бақытына ие болып, өмірге атұстары Талант дүниеге келеді. Араға бірнеше жылдар салып, қызғалдақтай құлпырған перзенттері Мағрифа 1960 жылы, Лена 1962 жылы, Гүларша 1964 жылы өмірге келеді. Заман көшіне еріп, сол тұстағы балалардың көбі дерлік орыс тілінде хат танып, білім алатын. Қоғамға өзгеріс еніп, қызмет барысындағы көптеген ел азаматтары орыс тілінде тілдесімге келіп, тіл меңгере түскен уақыт болатын. Міне, үйдің екінші баласы Талант орыс мектебіне қадам басқан жылы отбасындағы алтыншы перзент Марат жарық дүниеге келеді. Көп ұзамай, 1966 жылы аудандық партия комитетінің хатшысының нұсқауымен Жалпақбай әкеміз қызмет барысын өзгертеді. Атап өтсек, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздың партия хатшысы болып орналасады. Араға біршама уақыт салып кейіпкеріміз қызмет барысын ауыстырып, Қазалы қаласындағы №17 мектептің директоры қызметіне отырады. Өз кезегінде аталмыш білім ордасының жағдайын жақсартуға бар қолдан келген көмегін тигізеді. Өз ісіне аса жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтын ел азаматы Энгельс атындағы совхоздың шаруашылық партия ұйымының хатшысы қызметіне тағайындалады.
![]()
Ел үшін игі істер атқарып, балаларының әрбір жетістігіне іштей мақтанып, отбасының тірегі болып жүрген Жалпақбай әкеміз үшін 1974 жылы тұңғыш қыздары Светлананың мектепті үздік бағамен тәмамдап, Алматы шаһарына оқуға түсуімен есте қалады. Әрі қызмет барысында өзгерістер еніп, «Октябрь» совхозына директор болып отырады. 1974 жыл отбасында тағы да толығу болып, өмірге жетінші перзенті Эльмира есімді періште келеді. Бала тәрбиесіне келгенде Жалпақбай әкеміз бен Айнагүл анамыз аянып қалған емес-ті. Әр баланың қыр-сырын тереңнен зерттеп, білім мен білік жолында таңдау беріп, өз мамандықтарының майталмандары атануларына әрдайым өз үлестерін қоса білді десек артық айтқандық емес. Кейіпкерлеріміздің балаларының алды оқу бітіріп, тұрмыс құрып жатса, кейінгілері өз кезегінде мектептегі үздік шәкірттердің қатарынан бой көрсетіп жүрді.
1981 жылы Жалпақбай Нұрмағамбетұлы қызметі бойынша өзгерістер болып, «Сельхозхимия» мекемесіне директор болып тағайындалады. Сол жылдары өмір заңына сәйкес отбасындағы балалардың бірі өз отауларын құрып жатса, енді бірі басқа үйдің түтінін түтетіп, тұрмысқа шығып жатты. Жанұяның отағасы мен отанасы ата-ана бақытынан бөлек, немере сүю бақытына қол жеткізіп, ата-әже атанып, мәре-сәре болды. Қызмет барысында білікті маман бола білген кейіпкеріміз бейнетінің жемісін жеп, 1992 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Айнагүл анамыз екеуі немерелерге тәттісі мен жылы-жұмсағын беріп, нағыз адами бақытқа кенелді.
Уақыт көші алға жылжи түсіп, тағдырдың бұл отбасыға өз кезегінде дайындап қойған сыйы да аз болмады. Қос ұлы ел ішінде ер жігітке сай азаматтар бола білді. Отбасының үлкен ұлы Талант ауыр дерттің салдарынан көз жұмып, өмір кітабын ерте жазып бітіргендей...
![]()
Талант ағамыз сырт-пішіні қатал көрінгенімен, жүрегі нәзік, жаны таза, ерекше жан болатын. Әсем әуенге ден салып, баянын тартып, ән салып, қара сөздің қаймағынан кей тұстарда өлең шығара білген Талант аға шынымен талантты жандардың бірі бола білді. Көңілі ашық, ортасын ойын-күлкіге толтырып отыратын, достарымен әзілдесе алатын, өзі де қалжыңды көтере алатын жайдарлы, жайсаң жан Талант Жалпақбайұлы жайлы айтылар естеліктер толассыз. Отбасының атұстар ер азаматы, ата-анасының екінші перзенті Талант 1958 жылы қыркүйек айының 7-ші жұлдызында дүниеге келген болатын. Бала кезінен нағашыларының қолында болып, одан заман ағымына қарай орысша білім алып, қайта қазақ мектебіне ауысып, үздіктердің қатарынан көріне білген, атына заты сай шәкірттердің бірі болған. Отбасының көз қуанышына айнала білген Талант ағамыз мектеп қабырғасын тәмамдағаннан соң талайдың арманына айналған Алматы шаһарына оқуға түседі. Әрдайым үлкендердің қатарында болып, әкесімен ақылдасып, бауырларына қамқорлық танытып, тектілік тұнған тұла бойындағы асыл қасиеттермен қашан да айналасындағы жандарды қуантып жүргендігі жасырын емес-ті. Ол ұрпағын жақсылыққа, бауырмалдыққа, кішіпейілділікке, сабырлыққа үндеп, ақыл-кеңес, тәрбие бере білді. Бүгінде Талант ағаның еңбекқорлығының арқасында қолға алған, тұралап қалған істерін, ойға алған, мақсат еткен істерін ары қарай жүргізіп, жалғастырып отырған ұлдары бар. Талант Жалпақбайұлы жұбайы Дүйсенова Бақыт екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы жоғары білім алып, бүгінде елге қызмет етуде. Үлкен ұлы Ермек Ақтау қаласында Ш.Есенов университетінде проректор қызметін атқарса, келіні Махаббат Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде сабақ береді, қазіргі таңда екеуі де Америка Құрама Штаттарында білімін жетілдіруде. Кіші ұлы Ернұр Талантұлы аудан прокуратурасында қызмет атқаруда.
Талант аға жарының жадында, отбасының, жора-жолдастарының, достарының, туған-туыстың алдында мәңгіге жүзі жарқын, адалдықты ар санаған, жайдарлы жан болып есте қалатындығы ақиқат. Талант Жалпақбайұлы 2014 жылы ақпан айының екінші жұлдызында небары 55 жасында ауыр дерттің салдарынан дүниеден өтті.
![]()
Отбасының үлкені Светлана Жалпақбайқызы қазіргі уақытта зейнеткерлік жасында, жолдасы ҚР Мәдениет қайраткері Серік Нұрғазыұлы екеуі 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, немерелерінің қызығын көруде. Барлығы жоғары білім алған, бүгінгі күні Ақтау қаласында тұрады.
Мағрифа Жалпақбайқызы жолдасы Қарғабайұлы Абдуалимен 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, немере сүюде. Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев ауылында тұрады.
Лена Жалпақбайқызы жоғарғы білімді медицина саласының қызметкері, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп, қазіргі таңда Ақтау қаласында тұрады.
Гүларша Жалпақбайқызы Маңғыстау облысы, Шетпе кентінде гимназия директоры болып қызмет етеді. Жолдасы Сармурзин Асанмен бірге 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған отбасы.
Отбасындағы екінші ұл – Нұрмағамбетов Марат Жалпақбайұлы – бүгінде бір әулеттің ұйытқысы болып отырған әкенің тәлім-тәрбиесін көріп, көпбалалы отбасында тәрбиеленген, елге сыйлы, білім мен білік жолында қызмет еткен ананың ұрпағы.
Үйдің кенжесі Эльмира Жалпақбайқызы 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Қазалы қаласында «Алпамыс» балабақшасының меңгерушісі қызметін атқарады.
Марат Жалпақбайұлы 1965 жылы тамыз айының 16 жұлдызында Сыр өңіріне қарасты Қазалы ауданы, Жаңа Қазалы станциясында дүниеге келген. 1982 жылы №216 Қ.Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебін аяқтап, отбасылық жағдайына байланысты еңбек жолына қадам басады. Сол тұстағы іргелі жұмыс орындарының бірі – «Казсельхоз-техника» МТС базасында жұмысшы болып орналасады. 1983 жылы болашақ мамандығына таңдау жасап, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда қаласындағы филиалына оқуға түсіп, 1990 жылы Жамбыл қаласынан «Инженер-механик» мамандығын еншілеп шығады. Білім мен білік еш уақытта артықтық етпейтіндігі ақиқат. Міне, осы жолда Марат Жалпақбайұлы 1997 жылы Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетіне оқуға түсіп, 2001 жылы сырттай оқу бөлімін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Ағымдағы жылы Алматы қасындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университетін «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» мамандығының сырттай бөлімін аяқтайды.
![]()
Әрбір ер азаматтың өмірдегі міндеттерінің бірі – Отан алдындағы әскери борышын өтеу. Бұл жолда Марат мырза да кенде қалмай, 1984-1986 жылдар аралығында Мәскеу облысы, Звенигород қаласында №43007 в/г Совет Армиясының қатарында өз борышын өтейді. Марат мырза еңбек жолын 1990-1991 жылдары Қазалы ауданындағы «ПМК-86» мекемесінде жөндеуші, есеп жөніндегі механик, бас механик болып кіріседі. Өз мамандығына деген сүйіспеншілік кімді болсын биік белестерден көрінуді нәсіп ететіндігі сөзсіз. Сөзіміздің дәлелі, өз ісіне аса жауапкершілік пен ұқыптылықты серік етіп қарайтын Марат Жалпақбайұлы 1993-1994 жылдар аралығында «Қызылорда мелиорация» мекемесінде бас инженер болып қызмет атқарады.
Ел үшін игі істер атқарып, балаларының әрбір жетістігін іштей мақтан етіп, отбасының тірегі болып жүрген Жалпақбай Нұрмағамбетұлы іспеттес Марат Жалпақбайұлы да өз еңбек саласында біршама бел-белестерді бағындыра білді. Кейіпкеріміз 1994-1996 жылдары Қызылорда облысының Кеден басқармасында «Қызылқұм» кеден бекетінде инспектор, аға инспектор болып сүбелі қызмет етсе, 1996-1998 жылдар аралығында Мемлекеттік тергеу комитетінің Қазалы ауданындағы бөлімінде, Қазалы аудандық Ішкі Істер бөлімінде экономикалық қылмысқа қарсы күрес бөлімшесінде оперативтік уәкілі атанады. Ел халқының саулығы мен саламатын қамтамасыз етуде күрделі мамандықтың қыр-сырын терең меңгеріп, қазіргі таңда қоғамға қажетті мамандықты қатар игеріп, көптің көңілінен шығып жүрген Марат Жалпақбайұлы 1998-2012 жылдар аралығында Салық полициясы басқармасының Қазалы ауданындағы бөлімінде инспектор, аға инспектор, Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің Батыс аймағы және Төретам аймағы бойынша ауданаралық бөлімінде басшы, Департаменттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады. 2012 жылдан бастап шекті жасының келуіне байланысты зейнетке шығады. Еңбек жолын одан әрі жалғамақ ниетте Марат Жалпақбайұлы 2014-2021 жылдар аралығында Қызылорда облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы, басшының орынбасары болып қызмет атқарады. 2021 жылдан осы күнге дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Қызылорд
![]()
а облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы қызметін атқарып келеді.
Ерен еңбектің ақталғаны болар, Марат Жалпақбайұлы есімі біршама жерлерде жаңғырып, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жылдық», «ҚР Ішкі істер министрлігіне 30 жыл» медалі мен Құқық қорғау саласының төсбелгісі, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталып, көптің қолдауына ие бола білді. Сонымен қатар ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің құрмет грамотасымен, Облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Ата-ана махаббаты мен қамқорлығына бөленіп, бауырларының ыстық ықыласына шомылып өскен кейіпкеріміз тұла бойына тұндыра білген осы бір асыл қасиеттерді еңбек барысында ғана емес, өз жанұясында да, балапандары мен асыл жарына да қамқорлық ізгілігін көрсете білді. Марат Жалпақбайұлының жары Дармағанбетова Жанар Хайруллақызы екеуі бүгінде төрт баланың ата-анасы атанып, алты немеренің мейіріміне бөленіп отырған жайдарлы жандар.
Жанар ханым қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» КММ есепші болып қызмет атқарып отыр. Тұңғышы Асылзат Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы, жұбайы Өнербаев Маркен кәсіпкерлікпен айналысады. Кіші қыздары Назерке бала күтімімен үй шаруасында, жолдасы Нұрболат жеке кәсіпкер. Атұстар ұлдары Дәулет «Крэк» АҚ мекемесінде бөлім басшысы қызметін атқарады, жары қара шаңырақта, екі сәбилері бар. Кенже ұлдары Дінмұхаммед Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4 курс студенті.
Қорыта келе, сан ғасырлық тарихымызда жүрегі қазақ деп соғар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат болар, ұрпаққа өнеге етіп көрсетіп, ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығы мен жерінің бүтіндігін мұрат еткен, Отаным деп аянбай тер төгіп жүрген ел азаматтары қазақ елінде жетерлік. Елінің ертеңін ойлаған азамат тарихын түгендеп, өткенін өшірмей, бабаларын бағалап жүретіндігі сөзсіз дүние. Ал ғұмыр жолын ұстаздыққа арнаған отбасының перзенті болу көптің басына бұйыра бермейтін бақ іспеттес. Бүгінгі сөз еткен кейіпкеріміздің ғибратты өмір жолы, өзіндік өнегеге толы отбасы өзінше бір тарих.
Өз ісінің шебері Марат Жалпақбайұлының еш қорықпастан, уақытты тиімді пайдалана отырып, бір істі соңына жеткізетін табандылығына тәнті болып, одан әрі қызметтік өрлеу тілеп, мамандығының майталманы боламын деген әрбір жан үшін өнегелі өмірі, еңбек жолындағы табысты істері жастар үшін темірқазық боларына үлкен сенім артамыз!
Осы ретте, сізге, сіз қызмет жасап жүрген ұжымның ісіне сәттілік тілеп, отбасыңыздың бақыт пен берекесі арта берсін демекпіз!