Өнімі мол, ырысты кәсіп
Жаратқанды тіршілігінің тірегі етіп, адал еңбегімен нан тапқан аталарымыз үшін төрт түлік – ерте заманнан бері келе жатқан ата кәсіп. Амандық сұрасқанның өзінде «Мал-жаның аман ба?!» деп, тіршілік қамын бір сөзге сыйдырған бабаларымыз бабын таба білсе – төрт түлік нағыз берекелі кәсіп екенін айтып, дәлелдеп кеткен. Оның сарқыншағы бүгінгі күні күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген дәстүрлер. Қазақ үшін «малыңды бер» деген сөз, «жаныңды бер» деген сөзбен бірдей секілді. Қай дәуірде де ерінбей еңбек еткеннің басына бақ орнап, берекесі шалқыған. Бірақ өзіндік пірі мен киесі бар төрт түлік те баққанға, бабын тапқанға бітеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де төрт түліктің ұсағына жататын қой малын өсіріп, көбейтіп, асыл тұқымдыларын да қамтамасыз етіп, тұрғындарды таза әрі сапалы өніммен қамтамасыз етіп жүрген азамат.
![]()
Бүгінгі заманауи қой шаруашылығы кешендерінде 2000-10000 басқа дейін қой бағылып өсіріледі. Мұның жарқын мысалы ретінде бүгінгі әңгімеміздің басты қазығына айналып отырған «Қуаныш» асыл тұқымды қой шаруашылығы жөнінде айтудың өзі бір мерей. «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөздерде терең ұғым бар. Жан сарайы бай, сыртқы тұлғасына ішкі мәдениеті де сай, тіпті, ерекше жарасып тұратын елгезек мінезді, барынша кішіпейіл Сарыағаштық кәсіпкер – Мықтыбаев Қуаныш Нұртазаұлы. Өмірінің тірегі еткеннің, шаруасын шалқытып, берекесін кіргізетін қой малы ежелден қазаққа жақын. Көшпелі өмірдің күйбең тірлігінде жүрсе де өрісін кеңейтіп, отқа қойған отарының бетін қақпай, ықпалымен жүріп отырған. Ұшса қыранның қанаты талатын дарқан даланы осылайша кезіп өтіп, жазда шөбі шұрайлы алқапты жайласа, қыста тау ықтасында қыстап шыққан. Бүгінгі кейіпкеріміз батыс пен шығысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғап, жайылым етпесе де, мемлекеттік стандартпен шыққан сапалы өнімін дүйім қазақ елінің дастарханына қойылады.
Көгендегі қозысына құт қонған қой шаруашылығымен қатар, бірнеше кәсіпті меңгеріп, әлі күнге дейін жалғастырып келе жатқан табысты кәсіпкер Қуаныш Нұртазаұлы 1979 жылдың мамыр айының 1-ші жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Көктерек ауылында дүниеге келді. Әділдікті ту еткен жанның әкесі Мықтыбаев Нұртаза өзінің еңбекқорлығымен, әділдігі және адалдығымен «Елдің Нұртазасы» атанса, перзентінің тілеуін таңдайынан түсірмеген анасы Мықтыбаева Қаракөз де елге сыйлы адам. Асқар тауы Нұртаза ауданда түрлі қызметтерді абыроймен атқарған, ауданның құрметті азаматтарының бірі, аузы дуалы, сөзі беделді кісі. Бұл шаңырақтан мейман арылмайтын.
![]()
Қарақөз анасының дастарханы бай, көңілі де соған сай, өте ақылды, көпшіл кісі болатын. Ол кісінің бұрынғы үлкендерден алған өнегесi мен тәрбиесi, биiк адамгершiлiк пен парасаттылық қасиеттері кез келген адамды қызықтыратын. Ағасы Нарбек, інілері Нұржан мен Ержан бар. Көпбалалы отбасында өскен Қуаныштың бойынан да осындай үлгілі қасиеттердің белгісін жазбай тануға болады. Іскер адам өзінің сырт көрінісімен, қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, киім киісі, дауыс ырғағы, шешендігі, бірнеше тілді білетіндігі, адамгершілігі, байсалдылығы, батылдығы, бейімделгіштігі, еркіндігі, заманауи техниканы меңгергендігі, сонымен қатар тәртіпті және жоспар құра білетіндігімен ерекшеленеді. Іскер адамның қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы сенімді, салмақты болады. Сасқалақтап, бір отырып, бір тұрып, жүгіріп жүрген жанның біреуге ұнай қоюы екіталай. Адамгершілік, байсалдылық, батылдық, бейімделгіштік, еркіндік, тәртіптілік – іскер адамға қажет жақсы қасиеттер.
Тамырын тереңге жіберген саялы бәйтеректің тәлімін көріп өскен Қуаныш та бала кезінен алғыр, ширақ қимылды, бастамашыл болып өсті. Өмірге құштар бала, тілалғыш өрен кімнің де жақсы көретін адамы емес пе? 1980 жылы балабақшаға қабылданып, тәрбиеленген ол 1984 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы №16 И.В.Панфилов атындағы орта мектептің дайындық сыныбына қабылданды. Досына адал, сөзге берік, ұстаз тапсырмасын екі етпей орындайтын жауапкершілігі мол, ісіне тиянақты болып өскен Қуаныш Нұртазаұлы 1994 жылы мектеп қабырғасынан ұшып шыққан соң, араға жыл салып, 1995 жылы Қапланбек ауылшаруашылық колледжіне түсіп, аталған колледжді «Шаруашылық іс-әрекетінің бухгалтерлік есебі, бақылау және талдау» мамандығы бойынша тәмамдайды. Қолына алған қандай істі де шыр айналдырып алып кететін қабілетті жас оқу орнында жүріп те өзін жақсы жақтарынан көрсетіп, таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеруде тынбай еңбектеніп, үнемі ізденіс үстінде жүрді. Талапты жас қашан да бір қадам алда болатыны секілді, қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық мінезді алғыр жас 1998 жылы оқуын бітіріп шығады.
Тоқыраудың тұманы әлі сейіле қоймаған тұсында өзге қатарластары секілді әр жұмыстың басын салып, алдына мақсат қойып, білімін жетілдіру жолын таңдайды. Талапты жасқа тау да аласа, 2001 жылы Алматы экономикалық университетіне түсіп, 2005 жылы осы аталған университетті «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған Қуаныш Нұртазаұлы білімін одан әрі жалғастырып, 2010 жылы Шымкент университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
![]()
Жаңа ғасыр, жаңа заман, жаңа кәсіпкерліктің күні туып келе жатқан сәтте Кеңес үкіметінің кезіндегі ұжымдық шаруашылықтың күні келмеске кетіп, тәуелсіздік алған жас елдің басшылары да экономикаға назар салып, іс бастаймын деген кәсіпкерлерге қолдау білдіріп бастаған кез еді. Тәжірибесі де, сауаты да бір кісіге жетерліктей, жұмыс жасауға талабы мен құштарлығы басым Қуаныш Нұртазаұлы жас маман ретінде осы тұста кәсiпкерлiк пен нарықтың заңдылығын айыра біліп, кәсіпкерлікпен айналысуды бастады. Өзіндік талабы мен заңдылығы бар істің мән-жайын терең зерттей білген ол 2014 жылы «Қуаныш» шаруашылығын құрып, оның төрағасы ретінде білек сыбана іске кірісіп кетті.
Жақсы ортада тәрбиеленген, ата-ананың ұлағатты тәрбиесін алған, соның бәрін өзіне өмірлік серік етіп келе жатқан салмақты да сабырлы ойдың иесі атанып жүрген зиялы қауымның өкілі, өзі де өнегелі ортадан шыққан, өнегелі тәрбие көрген азаматтың бірі де бірегейі – Қуаныш Нұртазаұлы: – Іскер адамның күн тәртібі белгілі бір жоспарға бағынады. Бұл жоспарда іскерлік кездесулер, тағы басқалары түгел көрсетіледі. Іскер адам өз білімін қай жағынан болмасын үнемі көтеріп отырғаны жөн. Ал өз елін, жерін сүйген патриот болуды әрбір жан кеңессіз де білетін шығар деген ойдамын. Бүгінгі кезде барлық аймақта жаппай жай қой өсіру үрдісі жойылып, оның орнына текті және асыл тұқымды қой өсіруге бағыт ұсталып отыр. Өйткені 4-5 бас жайдақ малдан гөрі, бір бас асыл тұқымды мал ұстау – әлдеқайда тиімді екендігі тәжірибеде толық дәлелденген. Бұдан алынатын өнім сапасы жоғары болатыны да бесенеден белгілі. Тағы бір атап өтерлік мәселе – асыл тұқымды қой өсіретін агроқұрылымдардың көбейіп келе жатқандығы.
![]()
Тұтастай алғанда, өңірдегі қой өсіру ісінің басым бағытын салмақты, етті, қылшық жүнді және қылшық жүнді гиссар қой тұқымдары құрайды. Соңғы жылдары республикамыздың көптеген облыстарында асыл тұқымды гиссар қойын өсіруге деген сұраныс күрт өсіп келеді. Әрине, мұны тектен-тек деуге болмайды. Өйткені гиссар қой етінің сапасы өте жоғары екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Екіншіден, оның қатаң табиғи климаттық жағдайларға төзімді келетіні, бап талғамайтыны, жылқы секілді қыс кезінде де тебіндей жүріп, қардың астынан өз азығын өзі тауып жейтіні оның өзге тұқымдастарынан артықшылығы мен өзгешілігін көрсетеді. Әрине, кез келген шаруа иесі, ең алдымен, өзі өсіріп отырған мал өнімдерінен пайда тауып, қажет болған жағдайда оны экспортқа шығаруға қам жасайтыны хақ. Қазіргі күні малды өз төлі есебінен өсіру ісінде бұрынғыдай әр 100 саулықтан 120 немесе 130 қозы алу деген секілді лепірме, социалистік міндеттемелер мен асқақ ұрандар келмеске кеткенін де айта кеткен жөн. Егер бүгінгі күні меншік иелері әр жүз саулықтан 85-90 қозы алса, мұны қанағат тұта алады. Мұндағы басты мәселе төлдің көптігі емес, саны аз болса да сапалы болып, тез ширығып өсірілуінде екенін айқын аңғардық.
Мен мал шаруашылығын бастағалы 8 жыл болды. Менде қаншама бизнестер болды: ломбард, дүкендер, сауда орындары, жылыжайлар, бау-бақшалар. Қаншама бизнесті жүргізіп, бәрі уақытша екенін түсіндім. Мен ешқашан қалай өмір сүрем деп қорыққан жоқпын. Неге? Өйткені басқа бизнестерім жабылып жатса, алдымда малым бар. Мал деген ол – тәуелсіздік, болашаққа деген сенімділігіңіз. Мен бала-шағам немен күн көреді деп қорықпаймын. Алла тағала жұт-бәледен, қазіргідей нәубеттерден аулақ қылсын. Бірақ малың болса ешкімнен, ештеңеден қорықпай, сенімді өмір сүруге болады. Қой шаруашылығы – мал шаруашылығының басты саласының бірі, әрі қазақ даласы дәл осы кәсіппен айналысуға ең қолайлы мекен. Сан ғасырлар бойы жеріміз бен ауа райымызға бейімделіп, уақыт өте сұрыпталып шыққан біздің елге тән бірнеше қойдың тұқымдары да қалыптасқан. Әрине, еліміздің әр өңіріне тән қойлардың атаулары да алуан түрлі. Десек те, суық пен ыстыққа төзімді, сирақтары ұзын, құйрықты, етті деген сияқты барлығының да ұқсас тұстары бар.
Асыл тұқымды қойларды, қозыларды өңірдегі асыл тұқымды қой шаруашылықтарынан сатып алуға болады. Асыл тұқымды қой өсіріп отырған шаруашылықтар негізінен Түркістан облысы өңірлерінде көптеп көрінеді. Біздің өсіріп жатқан малымыз – қазақтың қылшық жүнді қойы.
Біздің кәсібіміз – Сарыағаш ауданы бойынша ең ірі мал шаруашылығы. Қазіргі таңда «Қуаныш» шаруашылығында 5 мыңнан аса аналық қойымыз бар. Етті бағыттағы мал болғандықтан, жаңа тұқымның, қозы етінің дәмдік сапасы да өте жоғары. Құрамында ең жақсы арақатынастағы амин қышқылдары, ақуыздар мен көмірсулар, сонымен қатар дәрумендер, микро және макро элементтері мол қозы еті нәзік, жұмсақ және дәмді. Бұл етті адам ағзасы жақсы қабылдап, жақсы қорытады,- деп сөзін аяқтаған кәсіпкер ауылдың ғана емес, ауданның, облыстың мерейін өсіріп отыр.
Сенімге сызат түсіп, өзім деген адамға да сену қиын болып тұрған бүгінгі заманда істеген ісі мен сөйлеген сөзіне риза болып, адалдық пен әділдіктің туын жықпай жүрген, бастаған әр ісі берекелі азаматтардың бірі де бірегейі деп Қуаныш Нұртазаұлын айта аламыз. Осындай қарапайым да биязы мінезді, білімді де мәдениетті, жүзінен мейірімділік лебі есіп тұратын, парасат-пайымы келіскен, ойы орамды, сөздің емес істің адамы, кәсіпкерлік саласымен қатар тәуелсіз қазақ елінің бір өңірінің жарқырап дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген бір сөзді азамат.
Адами болмысы мен кісілік келбетін көпшілікке танытқан Қуаныш Нұртазаұлы отбасы берекесінің ұйытқысы болған ардақты әке. «Ер – үйдің тірегі, әйел – шегесі» дегендей, кейіпкеріміз сыртқы шаруаны тындырар болса, зайыбы үйішілік тіршілікті тап-тұйнақтай етуге тым шебер, ықтиятты ана. Түтінін түзу ұшырып отырған жары Қансейтова Алия екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Нұртаза Қажымұхан Қуанышұлы 2013 жылы, екінші ұлы Нұртаза Абылайхан Қуанышұлы 2015 жылы, қызы Нұртаза Еркесұлу Қуанышқызы 2020 жылы дүниеге келген. Кейіпкеріміздің отбасында береке, бірлік мәңгі қонақтасын дейміз!
Еңбек – адамды ер атандырады. Қай дәуірді алып қарасаңыз да білек түріп, іске белсене кірісіп кеткеннің ырысы шалқып, соқа тісі топыраққа тиген диханның өнімі мол болған. Қай салада қызмет етсең де алға ұмтылу мен еңбексүйгіштік, ердің де, нәзік жанды әйел затының да талмайтын қос қанаты болған. «Еңбек етсең емерсің»,- дейді қазақ даналығы. Сөз салмағын ұғынған қазақ – табиғатынан еңбексүйгіш халық. Жаны таза, ниеті адал қазақ арам жолмен табылған нанды дастарқанына қоймаған. Күдіктенген кезде бөтеннің дастарқанынан дәм татпаған. Алла молынан несібе берсе, шүкірлік етіп, аз берсе, қанағат қылған.
Әр қоғамда да алған бетінен қайтпай, алға қарай қадам басатын жандардың да аз емес екенін көзімізбен көріп, пенделік көңілімізге түйіп келеміз. Міне, бүгінгі біздің кейіпкеріміз де адалдық пен әділдікті ту еткен, ақ жолдан аттамаған, адал еңбегімен тәңір жазған несібесін тауып, өзінің бойындағы адамгершілік қасиеттерімен ағайынның да, ауылдың да арасында құрмет төріне көтеріле білген Қуаныш Нұтазаұлының деніне саулық, отбасына амандық, кәсібіне береке тілейміз!