Өтеулин Бақберген

Рейтинг:

Бақ қонған Бақберген

      «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» деген тәмсіл бар ел арасында. Адам баласының кіндік қаны тамып, алғаш тұсауын кескен жерінен асқан ыстық мекен жоқ шығар. Бәлкім, суына шомылып, құшағында асыр салғаннан ба, туған топырақтың құнары бойға дариды дейтін еді ертедегі кісілер. Бақбергеннің бойында да туған жерге деген іңкәрлік бар. Сол іңкәрлік оны биіктерге самғатты.
      Бақберген Қасымұлы Өтеулин – 1964 жылдың 10 наурызында Қостанай облысы, Таран ауданы, Павлов ауылында дүниеге келген.       Ал негізі әулеттің атамекені – Өлгейік өзені бойын әлмисақтан бері қоныс қылған Сарқопа төңірегі. Бұл талай ақынның жырына арқау болған кербез сұлу Қызбел. Әдеби тілмен әспеттесек, түгін тартсаң майы шығатын құйқалы өңір. 
      «Қызбел» дегенде, елең етпейтін адам жоқ. Әкесі – Қасым Өтеуліұлы, 1914 жылы 9 мамырда осы тарихи мекенде өмірге келіпті. Ұлы Отан соғысының ардагері. Заманында геологиялық барлау және құрылыс мекемелерінде шебер болып еңбек еткен. 1978 жылы дүниеден озды. Қасым Өтеулин – еліміздегі ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі Міржақып Дулатовтың немере інісі. 
      Анасы – Ракуль Нұрахметқызы Өтеулина, 1924 жылы 15 мамырда Қостанай облысы, Таран ауданындағы Сабанкөл ауылында өмірге келді. Дүкенде сатушы, мұнай базасында аға маман болып қызмет еткен асыл ана 2002 жылы өмірден озды. Жұбайы екеуі жарасымды жанұяда Бақберген, Әлия, Салтанат есімді үш перзент тәрбиелеп өсірді. 
      Әкенің ақылымен, ананың нақылымен өскен бала Бақберген де жаман болған жоқ. 1971-1981 жылдарда Таран ауданындағы Павлов орта мектебінде білім алды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оның жетекшілік қабілеті байқалып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Пионер дружинасының кеңесін, комсомол ұйымын басқарып, ерте жастан көзге түсті. 1977 жылы бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жолдамамен барып, демалып қайтты. Орта мектепті бітіргеннен кейін өзінің алғашқы еңбек жолын Вачасов атындағы кеңшарда бастады. 1983 жылы Қостанай ауылшаруашылық институтының Агрономия факультетіне студент болып қабылданды. Институтты аяқтаған соң Вачасов атындағы кеңшарға оралып, бөлімше агрономы, тұқымшы-агроном болып еңбек жолын жалғастырды. Жас маманның жұмысқа деген жауапкершілігін байқаған басшылық оны кеңшар директорының жем-шөп өндірісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындайды. 1996 жылы Бақберген Қасымұлы «Рассвет» өндірістік кооперативіне бас агроном қызметіне тағайындалады. 1998 жылы «Әділет-Т» ЖШС құрылтайшысы ретінде аталған кәсіпорынға жетекшілік етті. Ол еліміздегі агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың барлығына қатысып, агротехнологиялық шараларды сәтті жүзеге асыра білді. «Әділет-Т» ЖШС 2000 жылы Қостанай облысының ең үздік салық төлеушісі атанса, 2004 жылы ҚР үздік салық төлеушісі қатарына қосылды. Ол осы кезеңде өндірістен қол үзбестен, Челябі мемлекеттік университетін бітіріп, заңгер мамандығын меңгеріп шықты.
      2007 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен ауданның әлеуметтік өміріне қосқан үлесі үшін «Шапағат» медалін омырауына тақты. Осы жылы Қостанай облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы ретінде астықты өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласуы, оның танымалдылығын арттыра түсті. 2008 жылдың қаңтарында Қамысты ауданының әкімі болып тағайындалып, бұл лауазымды 2012 жылдың қыркүйегіне дейін атқарды. Әкім лауазымын атқарған уақытында оның кәсіби шеберлігі бар қырынан ашылып, алдына қойылған тапсырманы аяғына дейін жеткізе білетін ерекшелігі айқын көрінді. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген емес пе? Бақберген басқарған Қамысты ауданының әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Мәселен, өңірдің елді мекендерін газбен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асырды, ауданда жаңа орта мектеп бой көтеріп, 10 мектепке және аудан орталығындағы 3 көп пәтерлі үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
       2012 жылдың қыркүйегінде Бақберген Қасымұлы Таран ауданына әкім болып тағайындалды. Кез келген қызметті асықша үйіретін ол, мұнда да аудан экономикасының барлық саласын жандандыруға айрықша көңіл бөліп, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті арттыруға, аудан жұртшылығының әл-ауқатын жақсартуға көңіл бөлді. Таран селосының су құбыры және су беру станциясының құрылысын жүргізіп, Тобыл поселкесіне магистральдық су құбырын тартып, Тобылдың жылу жүйесіне газ тартқызды. Ол қай жерде қызмет атқармасын, тарихи құндылықтардың мәртебесін көтеруге атсалысып келеді. «Әділет-Т» ЖШС басқарған кезінде Қызбел ауылында өткен этно-фестивальді ұйымдастырса, Таран ауданына әкім болған жылдары «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығына және 2014 жылы Бейімбет Майлиннің 120 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияларды сәтті ұйымдастырды. Өңірдегі спорттың өркендеуін де үнемі назарда ұстады. Атап айтқанда, Қамысты ауданында еркін күрестен, Таранда дзю-додан Тәуелсіздік күніне орай турнирлер ұйымдастырылып, аталған жарыстар спорт шараларының республикалық календарына енгізілді. Нәтижесінде көптеген палуан спорт шебері атанды. 2013 жылы Таран ауданында ат спортынан жүлде қоры 5 миллион теңгені құрайтын аудандық спартакиада өткізілген болатын. Өтеулин Бақберген Қасымұлы 2013 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 
      2017 жылдың желтоқсанында қайтадан «Әділет» компаниясының бас директоры болып тағайындалды. 13,5-14 мың гектар алқапқа егіс егіліп, одан алатын өнім молая түсті. Егіспен қатар 750 бас қазақтың ақбас сиыры мен 300 бас жылқы өсіріліп, өңірде ет өндірісін жандандыруға үлес қосты. Қазақтың ақбас тұқымы Ұлттық палатасымен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы асыл тұқымды мал өсіру жүйесі де жолға қойылды. Бақберген Қасымұлының бар ғұмыры ауыл шаруашылығымен байланысты болғандықтан, ол жаңа технологияларды қолдануға, жұмыс стилін үнемі жетілдіруге, қордаланған мәселелерді шешудің тың жолдарын назарда ұстауға көңіл бөледі.
      Ол жоғарыда атап өтілген марапаттармен қатар, 2012 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», 2017 жылы ҚР ҰҒА «Алашорда мен Алаш автономиясының 100 жылдығына» арналған естелік медальдармен марапатталды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс, аудан әкімдерінің құрмет грамоталарына ие болды. Сонымен қатар көптеген ведомстволық марапаттарға да қол жеткізді. 
      Жан жары Шарапат Сарсенбайқызы екеуі бес бала тәрбиеледі. Аңсаған мен Ақерке «Әділет-Т» ЖШС еңбек етіп, әке жолын жалғастырып келеді. Ортаншы қызы – Ақмарал «Варваринское» АҚ қызмет етеді. Қызы – Анеля, Бристоль университетінің студенті, кенжесі Айбатыр – мектеп оқушысы. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....