Өмірі өрісті азамат
Еңбектің ебін тапқан адамға бақыт құшағын жаяды. Адал еңбек адамды биіктерге жетелеп, арман-мақсаттарына жеткізеді. Қазақ елі әу бастан еңбекқор халық қой. Өздерінің ынтасына, ықыласына байланысты өз алдына кәсіптерін бастап, ел-халқына өлшеусіз еңбекпен келетін тірліктің бейнетімен қоса өзіндік рахатын да көріп отырғандар аз емес. Оны мойындау керек. Себебі бейнетті еңбектің зейнеті де болады. Адам өмірінде еңбекпен ғана көгеріп-көктейді десек, әркім өзінің табиғатына жақын еңбек түрін таңдауы тегін де емес. Сол кәсіпті бастамас бұрын адам әуелі, оның қыры мен сырын меңгеріп, елге қаншалықты пайдалы екенін, өзіне сол шаруаның тиімділігін әбден пісіріп, зерттейді. Бүгінгі күні қандай шаруаны қолға аламын деген адамға жол ашық, тек ниеттенсе болғаны. Қолдан келетін іске талас та жоқ. Десек те әр істің өзіндік қиындықтары болатыны сөзсіз. Оған шексіз шыдамдылық, сабырлылық керек-ақ.
![]()
Әңгімемізге арқау болып отырған Абай Әбдіраманұлы бала күнінен жан-жақты аңғарымпаз, еңбекқор болды. Қарапайым еңбек адамының отбасында туылып-өскен Абай әке тәлімін, ана ақылын тыңдап, зерделі ойлы болып есейді. Бала болса да ата-анасына болысып, үй шаруасына араласып, шама-шарқы жеткенше даланың тіршіліктерін жасайтын. Үлкендерге сәлем беріп, үнемі батасын алуға асығып тұратын бала Абай атына сай өте ақылды болды. Ата-анасының ғана қуанышы емес, ұстаздарының да озық ойлы шәкірті атанды. Кез келген сабақтың қиындығына қарамастан тез меңгере кететін елгезек баланың тіл байлығы да мықты болды. Шығармашылық қабілеті де бар болатын. Өзі әдеби кітаптармен қатар, есепке де жүйрік еді. Мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын Абай сыныптастары арасында өзінің ұйымдастыра білетін қабілетімен ерекшеленетін. Иә, жалпы адамның болашақта қандай болмағы бала кезінен білінетіні рас. Табанды, уәдесіне берік азамат, бүгінде өз ортасында абырой беделі үстем нағыз іскер, көптің алғысын алып, өмірін өрісті етіп отырған жан.
Жәдігеров Абай Әбдіраманұлы 1967 жылдың 3 қаңтар күні Ташкент қаласында дүниеге келген. Өзінің алғашқы еңбек жолын 1987 жылы Қызылорда облысындағы Төменарық совхозында құрылыс инженері лауазымы бойынша бастаған. Жас та болса өзінің шаруасына тындырымды маман, аз уақыттың ішінде басшылық көзіне түсіп, алғысқа ие болды. Жай жүріп жанындағы аға маман әріптестерінің ақыл-кеңесін тыңдап, олармен бірлесіп жұмыс жасау барысының қиындықтары мен артықшылықтарын білуге ұмтылды.
![]()
Білікті маман қайсы ортаға болмасын ауадай қажет. Іскерлігі, көпті ұйыстыра білу қабілеті оны қызметі барысында сұранысқа ие маман ретінде танытты. Ол 1991-2005 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан «ЭлектросетьСтрой» мекемесінде монтаж қызметін атқарды. Расында да жұмысын шексіз жақсы көретін, үнемі ізденуден шаршамайтын азамат өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Қажырлы еңбегінің арқасында сол мекеменің құрылыс учаскесінің бастығы лауазымына ауыстырылды.
Абай Әбідраманұлы 1999-2004 жылдары «Алматы энергетика және байланыс институтында» инженер-электрик мамандығы бойынша оқуын ойдағыдай тәмамдады. 2005-2008 жылдар аралығында ПСК «Евразия» мекемесінде бас энергетик лауазымын атқарды. Білікті азамат 2008-2009 жылдары «Анель» жеке шаруа серіктестігінде инженер қызметін жалғастырды. Ал 2009 жылдың наурыз айында «АЙКОМ Ltd.» жеке шаруа серіктестігіне құрылыс бастығы лауазымына жұмысқа орналасты. Жұмыс жасаған уақыт арасында өзінің білімі мен біліктілігін арттырып отырудан еш жалыққан емес. Соның арқасында көп ұзамай, яғни 2009 жылдың маусым айында «АЙКОМ Ltd.» ЖШС бас инженері болды. Ал 2015 жылдың қаңтар айынан бастап сол мекеменің директоры лауазымына тағайындалды.
![]()
Абыройлы еңбегі лайықты бағаланып, Абай Әбдіраманұлы 2014 жылы Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевтың алғыс хатын, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің алғыс хатын иеленді. Сонымен бірге 2015 жылы Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевтың құрмет грамотасымен марапатталды.
Иә, өмірде мамандығына аса сүйіспеншілікпен қарап, өмірінің бір бөлшегіне айналдырып, шыңына жеткен адамдарды өз ісінің хас маманы дейді. Ондай азаматқа елі құрметпен қарайды. Елеулі еңбегін бағалайды. Көпке үлгі етіп мақтан тұтады. Ісіне деген жауапкершілігі мен адалдығы, еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында Жәдігеров Абай мықты көшбасшы ғана емес, көптің көкейіндегісін дөп басатын мықты психолог, жүрегі жұмсақ, қолы ашық жомарт азамат. Өмірдің ағысында көргені мен түйгені мол азаматтың айта берсек, үлгі тұтарлық қырлары өте көп. Бастысы, міне, осы адамгершілік қасиетінің жоғарылығы. Себебі бұл әкенің тәлімді тәрбиесінен келген асыл қасиет. Бала күнінен еңбекке құштар қылып тәрбиелеген әкесі, адал еңбекпен тауып жеген нанның тәтті болатынын санасына сіңіре алды деген сөз.
Рас, адал адам ғана өзінің ойлағанынан да көп дүниеге қол жеткізеді. Адам өмірінде өзіне ыңғайлы, өзі қызығатын, қолынан келетін істі істесе, еңбегінің өзіне де, өзгеге де пайдасы мол, жемісті болып, еліне, халқына пайдасы берекелі болады. Сондықтан да «Еңбек түбі береке» екенін жадымызда ұстаған абзал. Біз қашан да елдің жүгін қара нардай көтеріп, келешектің қамы үшін аянбай еңбек еткен ерлерімізбен мақтанып отыратын елміз. Себебі болашақ жас ұрпаққа парасатты азаматтың жүріп өткен жолы үлгі болмақ.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()