Кәсіптен тапқан нәсіпті
Тамырын тереңге жайып, мәуелі шаңыраққа айналған Сәбит Жұмағалиев пен Ғазиза Рахметқызының құрған жанұясында 1989 жылдың 18 қыркүйегінде дүниеге келген Сәбитов Бекзат Сәбитұлы бүгінде жетістіктерге жетіп, өзінің өнегелі отбасының шырағын жағып отырған ел азаматы. Әкесі Сәбит Жұмағалиев 1953 жылы 7 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданында дүние есігін ашса, анасы Ғазиза Рахметқызы 1955 жылы 16 мамырда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Жекенді ауылында дүниеге келген. 1981 жылы жолдамамен еңбек жолын Орал қаласының іргесіндегі Еңбек совхозында бастаған ұлағатты жандар бар саналы ғұмырын педагогика саласына арнап, мыңдаған шәкірттерді оқытып, тәрбие берген ардагер ұстаздар.
![]()
Бекзат 1995 жылы Ақжайық орта мектебінің табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қабылданды. Бала күнінен оқу-білімге құштар Бекзат мектеп қабырғасында белсенді, көшбасшы оқушылар қатарында болды. Білім сайыстарынан жүлделі орындар алып, мектептің қоғамдық іс-шарасынан да қалмайтын. Әсіресе ағылшын тілі пәнін тереңдетіп оқытатын бейімді сыныпта оқып, шет тіліне ынтызарлығы артып, құштарлығы оянды. Бұл тұрғыда 10-11-сыныптарда тәлім берген америкалық ұстаздарының еңбегі ерекше. Ауыл баласы үшін АҚШ азаматтарының оқу-білімге деген көзқарасы ғана емес, қоршаған ортамен қарым-қатынасы, саламатты өмір салтын ұстануы, өзін-өзі ұдайы дамытып отыруға ыждағаттылығы – бәрі-бәрі таңсық-тын. Шетелдік білім жүйесінде оқушыға жан-жақты тұлға болып қалыптасуы үшін тек оқу-біліммен шектеліп қалу жеткіліксіз, жас күнінен қайнаған қоғамдық жұмыстың бел ортасында шыңдалып, ширауы керек. Міне, сол шетелдік ұстаздарының ықпалымен мектепішілік қоғамдық іс-шараларға белсене, білек сыбанып кірісті. Мектептегі «Жас өркен» жас тілшілер клубының жетекшісі атанып, шығармашылыққа талабы бар оқушылардың мақалаларын апта сайын облыстық «Еділ-Жайық» газетінің «Жас қалам» бетінде ұйымдастырып, жариялауға ұйытқы болды.
![]()
Бекзат ата-анасының кенжесі, кішкентайынан спортқа жақын болды. Бала күнінен спортты жанына серік етіп өскен ол бұл салада еш қамшы салдырған жоқ. Әсіресе «Жігіт сұлтаны», «Қол күрес» сайыстарының талайында маңдайы жарқырап, топ жарып жүрді. Ал әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған өнерге деген құштарлық қатарының алды, ортасының гүлі болуға ықпал етті. Мектеп сахнасында талай әуелетіп ән айтып, күмбірлетіп күй төгіп, қойылымдарда басты рөлдерді сомдады. Сондай-ақ техникаға құмарлығы, көлік жөндеуге, ағаш жонып, темір түюге ептілігі әкесінен дарыған қасиеттер деуге болады. Мектеп мақтанышы, ұстаздарының сүйікті шәкірті атанып, 2006 жылы білім ұясын алдыңғы қатарлы түлектер сапында зор жетістіктермен тәмамдап шықты. Қатарластары секілді арман жетегімен жас түлек Шымкент қаласындағы А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Заң факультетіне оқуға түсті.
Ата-анасының кенжесі студент бола жүріп, бар жауапкершілікті өз мойнына алып, алғашқы курстардан-ақ еңбекке араласуды дұрыс көрді. Сауда-саттық пен кәсіпкерліктің алғашқы іргетасын, міне, сол кезден қолға алды. Оқуына да үлгеріп, жұмысын да тиянақты атқарып, екі жақта та табысты бола білді. Оқуын бітірген соң «Алатау» сауда кешенінде әкімші қызметін атқара жүріп, жүзге жуық қызметкермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасады. Соның арқасында коммуникациялық, үйлестірушілік тәжірибе жинақтай алды. Бұдан кейін кәсіпкер Марат жездесінің шақыруымен біраз уақыт студенттерге қызмет көрсету орталығында еңбек етіп, қызмет көрсету саласының қыр-сырын меңгерді.
Білімді, еңбекқор Бекзат 2013 жылы туған жерге оралып, өмірлік жары Сәбитова Асылзат Мақсотқызымен 17 тамызда шаңырақ көтереді. Көп ұзамай «Батыс Сервис Плюс» ЖШС өрт сөндіру қызметіне орналасты. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, ортасына тез сіңіп, жұмысқа араласып кетті. Табиғатынан төзімді де батыл, өжет те қайсар мінезді Бекзат қиын сәтте тез шешім қабылдап, қиыннан қиыстырып жол табуды да үйренді. Ол материалдық құндылықты ғана қанағат тұтып жүре берсе, осы қызметте табан аудармай еңбек ете беретін еді. Алайда шығармашылыққа жақын, жан дүниесі өнер мен мәдениетке аңсары ауған Бекзат Шымкент қаласындағы Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде жоғары музыкалық білім алды. Осылайша ол көп ұзамай мәдениет саласына бет бұрды. Ауылдық мәдениет үйіне қызметке орналасқан ол, бұл саланың да ыстығына күйіп, суығына тоңып, жемісті қызмет атқарды. «Киномеханик» және «Мәдени ұйымдастырушы» қызметтерін атқарғанымен, аудан, облыс сахналарында домбырамен, гитарамен ән шырқап, рухани кештердің көркін қыздырды. Аудандық, облыстық сахналарда өнер көрсете жүріп, қол жеткізген табыстары өз алдына, ең бастысы, өзін тағы бір қиянға салып көріп, тұлға ретінде шыңдала түсті, баға жетпес өмірлік тәжірибе жинақтады. Адам өмірдегі өз миссиясын дөп басып таппаса, шарқ ұрып, ұдайы өзін-өзі іздеумен болатыны рас екен-ау. Бір орнында отырып қалуды қаламайтын ол, ылғи да жаңалықтарға құлақ түріп, жаңашылдыққа бет бұрып отырады. Алға жылжып отыруды өзіне мақсат тұтады.
![]()
2021 жылы бәрін тастап, кәсіпке қайта бет бұруға белді бекем байлайды. Бұған, ең алдымен, «IMG Go Sauda» компаниясының Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік директоры атануы түрткі болады. Осы бір жетістік арманына қанат байлап, өзіне деген сенімін арттыра түсті. «Go Sauda» – IT саласындағы әлемде еш баламасы жоқ отандық онлайн сауда платформасы. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан бұл компания Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан нарығына кіріп, халықаралық дәрежеде жұмыс істей бастады. Міне, осындай келешегінен зор үміт күттіретін отандық компанияның бастауында тұрған жігіттермен тізе қосып, ортақ идея жолында асқар шыңдарды бағындыруға құлшына кірісіп кетті. Жүрек жалынын маздататын өз көңіл қалауыңдағы істі тапқанда, адам шаршап-шалдығуды білмей, уақытпен де санаспай жұмыс істейтініне осы күні анық көзі жетті. Өйткені жаңа кәсіптегі әр қадамы табысқа қарай жетелеп, қанаттандыра түсті. Бүгінде компанияның өрістеп дамуы үшін аянбай тер төгіп, елеулі үлес қосып жүр. Әсіресе халық арасында түсінік-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу мақсатында Қазақстанның түрлі облыстарын аралап, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы компанияның танымалдылығын арттыруға күш салып келеді. Атап айтқанда, «Ақжайық», «ТДК-42», «Ақтөбе», «Қызылорда», «Түркістан», «Оңтүстік», «Жамбыл» телеарналарына және облыстық газеттерге берген сұхбаттары көрермен мен қалың оқырман тарапынан қолдау табуда.
![]()
Қазіргі кезде тұлғалық даму мен кәсіби өсуді мақсат еткен кез келген табысты кәсіпкер компания шарықтап дамығанда ғана өзінің де компаниямен бірге қарқынды өсуіне жол ашылатынын жақсы түсінеді. Расында да солай. Корпоративтік мәдениеттің құдыреті сол – бірге дамитын орта қалыптастырып қана қоймай, армандарыңды жүзеге асыруға шексіз мүмкіндіктер көкжиегін ашады. Мәселен, «Go Sauda» компаниясының басшылығы былтыр қажырлы еңбек еткен қызметкерлерін елеп-ескеріп, Түркияда өткен Халықаралық бизнес конференцияға жолдама берсе, биыл Мысыр еліне тегін демалыс ұйымдастырды. Көңілге қанат бітіретін мұндай жоспарлар мен жобалар өте көп. Әлемді «жаулауды» мақсат етіп отырған отандық компанияның бір мүшесі, бөлінбес бөлшегі болудың өзі үлкен мақтанышқа айналар күн алыс емес екеніне қалтқысыз сенеді. Өйткені табыс пен жетістік жаңашылдық пен еңбекқорлық жағында екенін уақыт дәлелдеген.
Бекзаттың жетістіктері де аз емес. Ол Абай әндерінен аудандық байқаудың бас жүлдегері, 2015 жылғы облыстық «Жігіттер сұлтаны»
![]()
байқауының бас жүлдегері, 2016 жылғы облыстық «Ауған әндері» байқауының І орын иегері. 2017 жылғы ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Жігіттер сұлтаны» байқауының І орын жеңімпазы. 2018 жылғы аудандық дәстүрлі ән, терме, күй өнері бойынша өткен «Мен қазақпын» байқауының ІІ орын иегері. 2019 жылы «Денсаулық алаңы» атты спорттық шарада қол күресінен ІІІ орынды олжалады. «Асық ату», «Қой көтеру» секілді ұлттық спорт ойындарының бірнеше мәрте жеңімпазы. 2021 жылы Түркияның Сидэ қаласында өткен Халықаралық «Конгресс Просперити» кәсіпкерлер форумының делегаты. «GoSauda» компаниясының менеджері, лидері, өңірлік директоры. Business IMG кәсіпкерлікті оқыту жүйесінің оқытушысы, «IMG» миллионерлер клубының мүшесі.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, үнемі қайырымдылықты дәріптеп отыратын отбасындағы өнегелі тәрбие кейіпкеріміздің де бойына дарып, қанына сіңген қастерлі қасиеттердің бірі. Өздері де шекесі шалқып отырмағанымен, әке-шешесінің мұқтаж жандармен мүмкіндігінше жарты нанды жарып, бүтін нанды бөліп
![]()
жеуге ыңғай танытып отыратынын ауылаймақ жақсы біледі. Дәл осы әулеттің бастамасымен, аудан бойынша тұңғыш рет «Қамқорлық» әлеуметтік-қайырымдылық көмек көрсету орталығының ашылуы да сол сөзіміздің дәлелі болса керек. Бекзаттың ауылдағы қарулы жігіттердің басын құрап, көмекке зәру отбасыларға отын тасып, көмір түсіріп, қарын аршып, қорасын түзеп, азық-түлік үлестіруге ұйытқы болып жүретіні де сол тәлімді тәрбиеден тамыр тартқан азаматтық мінез десек, шындықтан алыс кете қоймаймыз.
«Өнегелі отбасы елдің тұтқасы» демекші, отбасының ұйытқысы, тыныштық шырақшысы болып отырған Асылзат Мақсотқызы орман шаруашылығы маманы. Жарасымды жанұяда бүгінде Ақберен, Ақтөре, Ақсұңқар атты 3 ұл мен Ақкербез есімді қыз тәрбиелеп отыр.
2019 жылы ырысты шаңырақ, ынтымақты әулет ретінде «Мерейлі отбасы» жалпыхалықтық байқауының аудандық деңгейінде бас жүлде, ал облыстық деңгейінде бірінші орынға ие болып, ұлттық тәрбиені берік ұстанған ұлағатты отбасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
2020 жылы үлгілі әулетті өңір жұртшылығына кеңінен насихаттау мақсатында облыстық «Ақжайық» телеарнасының «Алтын кереге» хабарына арнайы шақырып, отбасы мүшелерімен берекелі шаңырақтың алтын қағидалары мен берік ұстанымдары туралы келелі әңгіме өрбітті.
Замандастары мен жаңа толқын жастарына үлгілі жол көрсетіп жүрген Бекзат Сәбитұлының еңбегі жемісті болып, елге игілігін көрсете берсін деген тілектеміз.