Тәжірибелі көшбасшы
Қазақта «Азаматты туған жерінің қасиетті топырағы жаратады» деген әдемі сөз бар. Сыр бойында тұлғалы азаматтар, ел дамуына үлес қосқан ерлер көп қой. Қасиет қонған өлке күріштің отаны атанғандықтан, жүздеген жас күрішшілерді рухтандырып, өңірдің өркендеп, дамуына зор үлес қосқан күрішші Ыбырай Жақаевтың атын еске алу да заңдылық. Қызылорда – өзге аймаққа ұқсамайтын ерекше өңір. Аға ұрпақ мол еңбек сіңіріп, кейінгілерге мол жемісін беріп кеткені де рас.
![]()
Адам өмірге келгеннен, үміт отын тұтатып, айналасына қолынан келгенінше мол ықпал мен қолқабыс тигізуге ұмтылатыны бар. Көпшілігінде оның бәрі жүзеге асып та жатады. Дегенмен туысы бөлек, жаратылысы өзге болымды азаматтарға бұл мақсат аздық етеді. Олардың үміті жоғары, көздегені биік, өмірлік жолы мен ұстанымы да өзгеше. Сондай жаратылысы бөлек азаматтардың қатарына Дихан Уәлиханұлын жатқызуға әбден болады. Ол жасынан зерек болды. Қиындыққа төтеп бере алатын, қажырлы да қайратты, өр де өжет мінезді болып есейді. Жақсы оқып, соның арқасында осы өңір үшін маңызы жоғары мамандық иесі атанды.
Дихан Уәлиханұлы өмірде жолы болған, мол несібелі азамат. Адамның өмірінде жақсы жұмыс атқарып, қоғамға қолынан келген үлесін қосса, оның тірлігі зая кетпегені. Екінші, азамат осының барлығына иелік жасап, оған қоса жұртқа пайдалы ісімен мақталып жатса, оның өмірі одан да мәнді болғаны. Үшінші, азамат осыларға қосымша есімін кітапқа қалдырса, оның бағасы мен қадірі жоғары болғаны деген сөз.
Әубәкіров Дихан Уәлиханұлы 1962 жылы 14 шілде күні Қызылорда облысы, Сұлутөбе ауылы, 1 май елді мекенінде қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Ол 1969 жылы №40 мектепке 1-сыныпқа қабылданды. Мектеп кезінен-ақ өзінің оқу-білімге деген талпынысымен, ізденгіштігімен, табандылығымен, жан-жақтылығымен,
![]()
батыл шешім қабылдай алатындығымен үлгілі де көшбасшы оқушылар қатарынан табылды. Мектептің қоғамдық шараларынан қалмайтын. Үлкен-кішіге қолынан келгенше көмектесуге дайын тұратын елгезек-тін. Ұстаздары оның жылдам әрі ширақ белсенділігіне шын тәнті болатын. Қатарластары арасында беделді, сыйлы болған бала Диханның дос-жолдастары да көп болатын. Ойланып сөйлеп, дұрыс шешім қабылдай білетін ақылды жас осы мектепті 1979 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.
Жас түлек мектеп бітірген жылы Шиелідегі ПМК-9 мекемесінде жұмысшы болып істеді. Тәжірибелі аға мамандардың жанында жүріп ысылып, еңбектің қайнаған ортасында жүріп, аз-кем тәжірибе жинақтады. Ұжыммен тез-ақ араласып кеткен ол, өзінің жұмысын тиянақты орындап, уақытпен санаспайтын. Бір жыл еңбек етіп, 1980 жылы Қызылорда политехникалық техникумына оқуға түсіп, талапты жас осы оқу орнын 1983 жылы техник-гидротехник мамандығы бойынша жақсыға бітіріп шықты. Білімді жас 1983-1985 жылдары әскер қатарына алынып, отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келді.
![]()
Жоғары білім алу мақсатымен 2012 жылы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетін құрылыс мамандығы бойынша тәмамдап шықты. Өзінің еңбек жолын 1985-2011 жылдары аудандық суландыру жүйелері басқармасына құдық қазушы болып жұмысқа қабылданып, инженер гидрометр, участок бастығы, бас инженер болып табысты қызметтер атқарды.
Әдетте көп мамандықтың атауының өзі қандай міндет атқаратынын айтып тұрады. Оның қызметін кез келген адам түсінеді. Мәселен, мұғалім оқытады, дәрігер емдейді, сот үкім шығаратыны секілді тағы басқа мамандықтардың да өзіндік бәсі жоғары. «Су – тіршіліктің көзі» десек, осы су шаруашылығымен айналысатын маманның қадірі де соншалықты биік. Өрісімізді, егістігімізді өзен суымен көлдетіп, суарып алу солардың жұмысы. Су бар жерде – байлық бар. Мал азығымыздың да, қамбамыздың да астыққа толуы суға байланысты. Ал енді осы мамандықты таңдап, сол жұмыспен айналысып, абыройға жеткен адам қандай мақтауға болмасын лайықты-ақ.
Білікті маман 2011-2021 жылдар аралығында «Шиелісушар» өндірістік участке басшысының орынбасары болды. 2015-2016
![]()
жылдары Сырдария өзенінде салынған үрлемелі плотинаны салуға маман есебінде жетекшілік етті. 2021 жылдан бері «Шиелісушар» өндірістік участкесінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Иә, көп еңбек еткен адамға бақыт басын иеді. Маңдай термен келген еңбекпен ғана бақытқа кенеліп жүрген жандарды көргенде «əп, бəрекелді!» деп, қуанышпен кеуде керетініміз тағы бар. Алайда кез келген істің өзінің қиындығы болады. Егістік құрылымдардың сусыз қалмауы, дер кезінде қажетті суды алуы секілді мәселелер бойынша сауатты жұмыс жасау керек. Міне, сонда ғана бұл жұмыс абырой әпереді.
Әубәкіров Дихан Уәлиханұлы аудан әкімінің алғыс хаттары мен облыс әкімінің марапаттарын иемденген. 2015 жылы «Су саласының үздігі» медалін, 9 шілде – су шаруашылығы күніне орай омырауына медалін жарқырата тақты. 2021 жылы аудан әкімінен екі мәрте социалистік Еңбек Ері, күрішші Ы.Жахаевтың 130 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталды. Көп мақтауды сүймейтін Дихан Уәлиханұлының ауыз толтырып айтарлықтай марапаттары жетерлік.
Рас, қай мамандықтың та оңайы жоқ. Қай-қайсының да өзіне тән қиыншылығы мен қызығы бар. Сол себепті әр адам алдымен мамандық таңдауда әбден ойланып, қолынан келетін істің тізгінін ұстағаны дұрыс. Ал жұмысында мақтаулы, тындырымды, еңбекқор маманға қандай мақтау айтса да жарасады. Салмақты сөзімен, абыройлы ісімен өз ортасында сыйлы азамат өнегелі отбасының басшысы. Алла қосқан қосағымен бүгінгі күні 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Өз саласын бес саусағындай жетік меңгерген тәжірибелі көшбасшыға мықты денсаулық тілеп, ел үшін еткен еңбегі еленіп, жемісін жей берсін демекпіз.
![]()