Төлегенов Марат

Рейтинг:

Еңбек ептілікті сүйеді

      Қазақ халқының ата кәсібі – мал шаруашылығы. Ерте кезден-ақ күн көрісі, жан-жақты тіршілігі негізінен төрт түлік малға байланысты болғандығы, өмір салты мен әдет-ғұрпының барлық түрінде төрт-түліктің алар орны ерекше екендігі тарих беттері мен әдебиет пен мәдениет ғұмырнамасына қарап отырып, көз жеткізе аламыз. Қазіргі дамыған заманда да заманауи техникалардың негізінде жүзеге асырылып отырған ата кәсіп өз құнын жойған жоқ. Жеке шаруашылықтың тізгінін ұстап ел игілігі аясында аянбай еңбек етіп, көптің көңілінен шығатын өнім ұсынуды қолға алып отырған бүгінгі кейіпкеріміз – Төлегенов Марат Армияұлы.
      Марат Армияұлы еліміздің батыс өңіріне қарасты Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Талдысай ауылында 1972 жылдың сәуір айының 26-жұлдызында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген кейіпкеріміз бала күнінен бауырларының жылы лебізі мен ерекше мейіріміне қанық болып өсті. Бұл әдет қазірде өз жалғасын тауып, отбасы ажары болуымен қатар, әрбір бастама ретінде жүзеге асып келе жатқан келелі істерде де өз қолдауларын білдіретіндіктерімен ерекшеленіп келеді. Кейіпкеріміздің отбасындағы асқар тау әкесі Байшуақов Армия Төлегенұлы 1938 жылы дүниеге келген. Ғұмырдерегіне көз жүгіртсек, Армия ақсақал ауыл шаруашылығы басқармасында экономист болып қызмет атқарған. Армия Төлегенұлы ауыл ішінде ерекше ықыласқа ие, алғыс пен адал еңбектің арқасында көпке танылған азамат. Марат мырзаның әкесі 2006 жылы тағдырдың жазуымен келместің кемесіне мініп кетті. 
      Кейіпкеріміздің анасы Байшуақова Жазық Ғанибайқызы есеп-қисапты жанына жақын тұтып, еңбек жолында бухгалтер болып қызмет еткен жан. Кейіркеріміз үйдің ортаншы перзенті болып, апасы және екі бауырымен бірге өседі.
      Балалық шағын еліміздің батыс өңірінде өткізген Марат мырза 1979-1987 жылдары аралығында Октябрьск қаласында №1 орта мектебінде білім алып, сол оқу орнының бітіруші түлегі атанып шығады. Мектеп қабырғасын тәмамдаған соң әрбір ер азаматтың парызы саналатын Отан алдындағы әскери борышын өтемек ниетте 1991-1993 жылдары Марат Армияұлы әскер қатарына қабылданып, абыроймен өтеп, елге оралады. Әскер өмірі кейіпкеріміздің жадында 1993 жылы Қазақстан тарихындағы тұңғыш рет «Әскери шеруге» қатысып, «Катюша» айдап өткендігімен мәңгі естелік болып жаңғырып тұрады. 
      Елге оралған ер азамат екі қолға бір күрек алып, 1994 жылдан бастап өзін түрлі салада жетілдіріп көреді. Атап айтсақ, көлік, автокран жүк көліктерді айдап, мұнай саласындағы оператор сынды қызметтің тізгінін де ұстап көрді. Соңғы он жылында алдына мақсат етіп, өмірлік міндетке айналған шаруа қожалығын ашып, жандандыруға бар күшін салады.
      Арманы мен мақсаты жүзеге асып, Марат Армияұлы 2017 жылы жеке шаруа қожалығының ашады. Сол сәттен бастап кейіпкеріміз «Байшуақ» шаруа қожалығының төрағасы атанады. Шаруа қожалығының атауын отбасындағы үлкен атасының есімі Байшуақ ақсақалға арнап қойған. Өзімен бірге екі-үш адамды жұмыспен қамтып, текті түлік жылқы малының бабын жасауды қолға алды. Қожалықтың төрағасы болса да жаз мезгілдерінде қыстың қамын ойлап, шөп шауып, малға азық дайындайды. Қожалықта трактор, шөп шапқыш, орғыш сынды техникалар толықтай қарастырылған. Бүгінде Марат мырза елімізді таза табиғи өнімдермен яғни ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған белгілі кәсіпкер демекпіз. Шаруа қожалығының мақсаты - аудандағы асыл тұқымды жылқының, ірі қара малдың санын арттырып, жылқы шаруашылығының өрісін ұлғайту, «Әулиекөл» тұқымының аналығын 500 басқа жеткізу. «Әулиекөл» тұқымындағы ірі қара малының өнімдері - Қазақстан бойынша бренд. Сол себепті осы брендтің танымалдылығын арттырып, аясын кеңейтіп, мал басын асылдандыру жұмыстары жүзеге асырылып келеді. 2017 жылы алғашқы қожалыққа әкелінген мал - Қостанай облысынан 2 бас «Әулиекөл» бұқасы, 40 бас «Әулиекөл» аналық сиыры. Кейіннен кәсіп аясы кеңейіп, мал басы арта түсті. Қазіргі уақытта жылқы малын өсіріп, шаруашылықты әрі қарай өркендетуде. Елді мекенде «Мұғалжар» тұқымды жылқылар өсіріліп келеді. Ең алғашқы алынған түрі «Құлагер» айғыры. Жоспарда жылқы малын 1000 басқа жеткізу міндеті тұр. Әлі де шаруа қожалығының табысын арттырып, қанат жайып, өркендету қызметтері тиімді атқарылып жатыр.
      Жылқы өсіру барысында жаңа, заманауи технологияларды пайдаланып отырған жұмыс орны өз кезегінде тиімді қызмет желісін көрсетіп келе жатыр. Әр үйірдің басында 1-2 жылқыда координатын көрсететін GPS құралдары орнатылған. Бұл құрылым мал бағуға кеткен шығынды едәуір азайтатын әдіс. (Мысалы, жанар-жағармай, мал іздеу уақыты, техника пайдалану).
      Мұғалжар жылқысы суыққа төзімді, қыс бойы тебінге түседі. Көп шығынға ұшыратпайтын жылқы түрі. Зерттеу деректеріне сүйенсек, Мұғалжар жылқысын Якутияға алып кетіп зерттеген мамандар оның 60 °С -ге дейінгі суыққа шыдамдылығын, тебінге түсе беретінін байқаған. Марат мырза жылқы өсіруге, мал шаруашылығымен айналысуға ниеті бар жастарды үйретуге дайын екенін үнемі айтады. 
      Өз ісінің үздігі атанып отырған ел азаматы бүгінде отбасының тірегі, жарының арқа сүйер азаматы, екі баланың асқар тау әкесі. 
      Алмағайып заманның тамырын ыңғайымен басып, дүрмегі мен күрмеуі көп өмірдің өрі мен еңісін таразы басында екшеп, телегей теңіз жұмыстың арасынан өз жолын адаспай тапқан заман адамымен, ел азаматымен таныстыруымыздың өзі - біз үшін ғанибет. Бүгінгі сөз болған кейіпкеріміз еңбек жолынан бөлек отбасының, өз ортасының нағыз азаматына айналып отырған ардақты жан Марат Армияұлының әрбір ісіне береке, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....