Чунчубаев Жолымқан

Рейтинг:

Сала үздігі

      «Мінсең – көлік, жесең – ас, кисең – киім». Осы бір сөздің астарында берекелі өмір менмұндалап жатыр. Ол – аталарымыздың негізгі тіршілік көзіне айналған, шұрайлы жайылым үшін төрт мезгіл көшіп-қонып жүрген ұсақ мал мен мүйізді ірі қарасы. Көгендегі қозысын әдемі теңеуге алып, ойнақтаған лағын кенже қызының еркелігіне балап, ноқталы бұзауын сүзеген енесінен «әукемдеп» емізген, жүйрік болар тұлпарын құлын күнінен құйрық-жалын шарт түйіп, мұрындықтағы аруанасынан береке іздеген аталарымыз шынайы әрі бақытты өмірдің болмысын, төрт түлігінсіз елестетпеген. Қаншама дәуір ауысып, жарықтың жылдамдығынан да тез хабар алып отырған бүгінгі таңда да осы бір Қамбар Ата мен Шекшек Атаның, Зеңгі баба мен Ойсыл қараның төлдері адамзаттың айнымас бөлігіне айналған. Десек те, шүйгінді жайылымның аясы тарылып, тұма бұлақтың көзіне «фильтр» орнатуға тура келген бүгінгі таңда төрт түлік те ерекше бапты, күтімді, уақытылы жем беру мен ветеринарлық иньекция, екпе салулды талап етеді. Міне, осы бір жерде бізге көмекке келетін ол – ветеринарлық дәрігерлер. Адал ас, табиғи өнімді тұтынып, өз денсаулығымызға жақсы күтім беруді ойласақ, ветеринарларды да құрмет төріне көтере білуге тиіспіз. Сол кезде ғана елдің, халықтың, ертеңгі күні ұлттың денсаулығы мықты болмақ!
      Ветеринария – адамзатпен бірге жасап келе жатқан, төрт түлік бар жерде, әрдайым жанынан табылатын сала. Десе де, тобықтан қаққан тоқырау, етектен алған сонау бір жылдардағы ашаршылық, төрт түліктің бабы түгіл қара бастың қамын ойлауға мәжбүр етті. Соның нәтижесінде, кедей деген отбасының өзінде бір қора қойы болған берекелі заманның басынан бұлт көшіп, аз ғана ұсаққа шүкіршілік етіп қалдық. 
      Заман өзгерді, ғасыр да 100 жылын құшақтап жатқан жерінен аунап түсті. Жаңа ғасыр. Жаңа Қазақстан. XXI ғасыр қазақ жеріне ерекше бір леп, екпін алып келді. Құдық басында қауғасы құрғап, қайысын күн жеген ноқтасы көлеңкеде елеусіз қалған тұста, ауыл шаруашылығының бойына қан жүгірді. Міне, олардың бойына қан жүгірткен оқиға – ветернинария саласының бойын тіктеуі еді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осы бір ветеринария саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, әлі күнге аттан түспеген ветеринар, ғылым докторы, кәсіби маман Чунчунбаев Жолымқан Қалиқанұлы. 
      Чунчубаев Жолымқан Қалиқанұлы 1967 жылдың 16 тамызында Шығыс Қазақстан облысы, Большенарм ауданы, Ново-Хайрузовка ауылында дүниеге келді. Саршұнақ аязы қысып жібергенмен, жазы малға жайлы өлкеде бақытты балалығын өткізген Жолымқанның әділдікті ту етіп ұстанған, адами қасиеттерді барлығынан жоғары қойған өнегелі отбасында тәрбиеленді. Арқасынан қағып, азаматым деп өсірген әкесі Чунчубаев Қалиқан Уәлиұлы саналы ғұмырын мал бағуа арнап, совхозда мал өсіруші болып қызмет етсе, мейірімі күн нұрынан да жылы, аялы алақанында әлемнің мейірім-махаббаты тұнып жатқан анасы Чунчубаева Күлжанат Бақтиярқызы азаматының ақ жағалы болуы үшін қам жасап, жеті баланы дүниеге әкеліп, өсірген алтын құрсақты Ана. Үйдің кенжесі болса да, тәлім-тәрбиені перзенттерінің бойына бірдей етіп сіңірген еңбек адамдарынан өнеге алған Жолымқан 1974-1984 жылдары Ново-Хайрузовка орта мектебінде білім алды. Малшы ауылдың баласы бола тұріп еңбекке араласпау мүмкін емес еді. Кішкентайынан еңбекке ерте араласып, түздегі әкесі мен үйдегі анасының қолқанаты бола білген, алдындағы аға-әпкелерінің ізін басқан Жолымқанның таңдаған мамандығы мал дәрігерлік еді.
       Талаптының табаны тайған ба, мал шаруашылығын бір кісідей біліп, ем-домының да қыр-сырын түсінген бозбала мектепті бітірген соң үлкен арман құшағында аймақ орталығы Семей қаласына аттанады. Сенімі алдамапты. 1984 жылы Семей зооветеринарлық институтының ветеринария факультетіне оқуға түседі. Студент атанып жүріп, екінші орынға ысырылмайтын, Отанын сүйген әрбір азаматтың борышын өтеу жолында 1985-1987 жылдары Кеңес Армиясы қатарында Бурятия, Кяхта, Забайкалье әскери округінде әскери борышын өтеп келеді. Жанып жібергеннен от шығаратын жалынды жас, ветеринария саласының тәлімін бойына сіңіруге деген құштарлық, еңбек етуге деген талпыныс Жолымқанды ілгері сүйреп, 1991 жылы «Ветеринария» мамандығы бойынша толық курсты бітіріп, мал дәрігері біліктілігін алып шығады. 
      Сол бір кездердегі беделді мамандық саналып, көптің қолы жете бермейтін дипломды қолына, тәжірибесі мен тәлімін сана түйсігіне қондырған жастың алғашқы еңбек жолы Ново-Хайрузовка кеңшарында мал дәрігері болуымен басталды. Осы кеңшарда үш жыл мал дәрігері болып қызмет атқарған соң, 1994 жылы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің институтына (Академиясына) бір жыл оқуға дайындалып, оқуға түсті. 1995-1998 жылдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚР ҰҚК органдарында қызмет етті.
      Тоқсаныншы жылдардың басында тәуелсіздікпен бірге келген тоқырау, аяғын енді басқан жас мемлекеттің жолын аштырмады. Ұлттық құндылықтардың беті көмескі тартып, білім мен мәдениеттің есігін қара құлып күзетіп қалған шақта ел санасын бір серпілтіп, нарық дегенде толыққанды түсінбесе де сауда саласына шығып жатты. Дәрігерлер мен мұғалімдер алты айлап жалақы алмай жүні жығылғын тұста, қара қазан сары баланың қамы үшін көптеген отбасы мүшелері ала дорбасын арқалап базар жағалап кетті. Бірақ, ағаш айқайға құлаған ба, қаржылық сауатсыздық болғасын ала дорба көп адамның жыртығын жамай алмады. Тек, көзі ашық көкірегі ояу, әр ісін жеті рет өлшеп бір рет кескендердің ғана асығы алшысынан түсіп, тасы өрге домалап жатты. Міне, осы бір ат төбеліндей бөлінген шағын топтың ішінде ҰҚК қызметінен босап шыққан Жолымқан Қалиқанұлы да бар еді. 1998 жылы Ақмолаға келіп, жаңадан бой көтеріп ел жүрегі болып жатқан Астананың төңірегінде кәсіпкерлікпен айналыса бастады. ҰҚК қызмет еткен жылдары тәжірибе жинап, ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілетін арттыра білген Жолымқан өзінің сертін жатқа бермес досы екеуі «Шығыс» ЖШС ашты. Осы жерде директордың орынбасары болып жүріп, өзінің қолынан келетін мал дәрігерлікке қайтадан бет бұрды. 2000 жылдың қаңтарында ветеринариялық препараттарды өндіру мен қадағалаудың бастамасы болған «Жұлдыз Астана» ЖШС ашылды. Одане әрі 2003 жылы компания «Вита-СТ» ЖШС болып өзгертілді де Жолымқан Қалиқанұлы директор болып тағайындалды. 
      2000 жылдардан кейінгі уақытта ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығын дамыту жолында түрлі бағдарламалар жасалып, қолдау мақсатында, ата кәсіптің қайтадан бас көтеруі мақсатынды жұмыстар көптеп жүргізілді. Осындай ауқымды істердің жүзеге асырылуының қасында Жолымқан Қалиқанұлы «Вита-СТ» ЖШС-де жүрді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесі арқылы бүкіл Қазақстан бойынша 30-дан астам дәрілік түрлер (вакциналар, диагностикалық жинақтар) өндіріліп, республикамыздың нарығына жеткізілді.
      Тарихтың сары парақтары қатталып, күн өтіп, экономика жаңарған сайын, табиғаттың да шұрайлы жайылымы өзгерістерге ұшырайды. Сол секілді, бір қораға қамалған, әрдайым шектеуде болған төлдің де түрлі ауруларға ұшырып, адамзаттан көмек күтетіні мәлім. Бұл жағынан келгенде жас ветеринар біліктілігін көрсетті. Десек те, заңмен бекітіліп қатып қалған протокол, жер жағдайларына байланысты пайда болған аурулар жас маманнан біліктілікті, тағы да білім алу мен зерттеулерді, талдауларды талап етті. Көз ашқалы мал танып, төрт түліктің ауруын тап басып айта алатын Жолымқанның ендігі аңсары өзін-өзі дамытып, осы бір кенже қалған ветеринария саласын дамытып, дәрі-дәрмектерді зерттеп, шипасыз қалған ауруларға дәрі табуға ауып тұрды.
       2003-2005 жылдары аралығында Алматы аграрлық университетінің магистратурасын сырттай бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл ғылыми мақсаттағы жұмыстар да аз уақытта өз нәтижесін берді. Жолымқан Қалиқанұлы 2005 жылдың 26 мамырында ветеринария ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. Одан арғы қызметінде де табысты еңбек ете білген кейіпкеріміз 2007 жылы «Бицентр» ЖШС компаниясының негізін қалады. Алматы қаласында жұмысшылар командасымен вирусологиялық және микробиологиялық бағыттағы препараттар өндірісін ашу, Диагностикалық жинақтар шығару, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесі арқылы Қазақстанның барлық ветеринариялық зертханаларына жеткізу секілді жұмыстарды атқарған Жолымқан Қалиқанұлы өзге де кәсіпкерлік, ет өндіру саласында жаңа бастамаларды қолға алды. 2009 жылы серіктестікпен қатар Ақмола облысы, Қорғалжың ауданы, Сабынды ауылында ет комбинатының құрылысын бастады. Арағы жыл салып, 2010 жылы Екпінді ауылында мал бордақылау цехын ашты. 2014 жылы осы компаниядағы өзінің үлесін сатқан кейіпкеріміз 2014 жылы «Вет-Эксперт» ЖШС ашып, жалғыз құрылтайшысы болды. Бүгінгі таңда компания ірі Ресейлік, Белоруссиялық, Еуропалық және Америкалық компаниялардың дистрибьюторы болып табылады. Кәсіпорын Қазақстан нарығына бүкіл Қазақстан бойынша қолданылатын ветеринариялық препараттарды жеткізеді. 
      Бүгінгі таңда ветеринария саласында еңбек етіп, Қазақстан ветеринариясының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан Жолымқан Қалиқанұлы табысты кәсіпкер ғана емес, талантты ғалым, білікті басшы, көңіл жықпайтын дос, абыройлы азамат, отбасында аяулы жар, асқар тау әке. «Invest ZH» компаниясының негізін қалаған Чунчубаева Гаухар Мубараковна екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Шаңырақтың ішін шаттыққа бөлеп, 1990 жылы дүниеге келген тұңғышы Жолымқанов Айдын Англиядағы Оксфорд университетін тәмамдады, отбасылы. Қазірде бір ұлы бар. Өрісін кеңейтіп отырған 1992 жылы дүниеге келген қызы Арайлым Алматыдағы Қазақ Британ университетін аяқтаған. Қазірде отбасылы, бір ұл, бір қызы бар. 
      «Дәрігер адамды, ветеринария адамзатты емдейді» дейді совет физиологы, академик, Нобель сыйлығының лауреаты Иван Павлов. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз түрлі салада қызмет етсе де, еліміздің ветеринар саласының дамуы үшін еңбек етіп келе жатқан білікті маман, құрмет тұтуға лайықты тұлға. 
      Мал шаруашылығы – ел экономикасының дамытатын құрылымды күші. Ендеше, ел экономикасының дамуы жолында еңбек етіп, білімі мен білгенін, мол тәжірибесін ветеринария саласына арнап келе жатқан Жолымқан Қалиқанұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз! 
      Сенім артар азаматы бар елдің аспаны қашан да ашық болмақ!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
25 февраля 2023 18:58
Бесимбаев Чынгыс Бесимбинович

Жасай беріңіз аға🤲

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....