Уәлиев Дәурен

Рейтинг:

Сапалы өнім – саналы өмірдің кепілі

      Ғылым дамып, қоршаған орта өзгерген сайын адамның да өмір сүру дағдысы жаңа бағыт ала бастады. Құбылмалы уақыт пен қарқынды дамушы нарықтың талабына сай өмірге жаңа қауіпсіздік құралдары келді. Таң атса, кеш бататын жүйрік уақыттың ағымына ілесіп, адамның күш қолданысын азайтып қана қоймай, тұрмыстық өмірін жеңілдеткен, кәсібін жіті қадағалап, әрі сырттай бақылап отыруына мүмкіндік берген сенімді қауіпсіздік құралдары жақсы өмір сүру дағдысына айнала бастады. Бұл – әлем мойындаған өзгермейтін аксиома. Осы бір көштен өркениеті мен мәдениеті дамыған Қазақ елі де қалыс қалған жоқ. Дегенмен, сан салалы қауіпсіздік жүйесі қазақ даласын толықтай қамтыды деп айтуға әлі ерте. Сондықтан сұраныс тақтасынан түспей тұрған аталмыш саланы дамытып, әлемдегі соңғы технологиялармен жарыққа шығып, қолданысқа енгізіліп жатқан сапалы бейнебақылау камералары мен қауіпсіздік жүйелерін әр қазақтың төріне жеткізу жолында еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер туралы айтқанды жөн көрдік.
      Кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға, мемлекеттік мекемелер мен жеке тұтынушыларға адамзаттың құзырына бағынбайтын жүгенсіз уақытты үнемдеп, кәсібі мен отбасының, үй-жайы мен қызмет орнының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне мүмкіндік беретін бейнебақылау камералары арқылы тиімді қауіпсіздік жүйесін ұсынып келе жатқан кәсіпкерлеріміздің бірі – Уәлиев Дәурен Ермекұлы. 
      Дәурен Ермекұлы 1988 жылдың 28 ақпанында қысы қарлы, боранды болғанымен, жазы жасыл желекті Павлодар облысы, Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) ауылында дүниеге келді. Аталары аттан түспей-ақ ағайынның ар-намысын бәрінін биік қоя білген Арғын тегінен тараған ол – кәсіпкерліктің көк дөненін тақымға басқан азамат. Тағдыр желінен қорған болған әкесі Уәлиев Ермек Дәулетұлы – Қорғаныс саласының Әскери-әуе күштерінде (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері) әскери қызмет еткен, подполковник шеніндегі қолбасшы. Ал жүзінен жылуы төгіліп тұратын анасы Уәлиева Жаннат Кенжебекқызы алғашқы жылдары француз тілінен сабақ беріп, кейіннен әскери салада қызмет атқарды. Нағыз әскери отбасында тәрбиеленген бала Дәурен де ата-анасының бойындағы ұқыптылық, дәлдік, жауапкершілік, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін өз бойына сіңіріп өсті. Керегесін кеңдікпен керіп, уықтарын ұйымдаса жүріп қадап, шаңырағын шаттықпен көтерген оттан да ыстық әке шаңырағын алғаш сәби күлкісіне бөлеген кейіпкеріміздің артынан ерген Ернұр есімді інісі мен Әсия атты қарындасы бар. 
      Кішкентайынан зеректігімен көзге түсіп, іс бастауға деген құлшынысы мен алғырлығы арқасында үлкендердің сүйіспеншілігіне бөленіп, ақ батасын алып өскен Дәурен 1994 жылы «Октябрьдің 25 жылдығы» атындағы білім ордасының табалдырығын аттады. «Шабамын» деген тұлпарға қырлы дөң оралғы болып па, ата-анасының ыстық алақаны мен жан жылуынан қуат алып, жаңа өмірге аяқ басқан жас өрен үшін мектеп тың белестей көрінді. Ойын баласы болса да, бойындағы ұшқырлығымен, зейінділігімен ерекшелене білген шәкірттің білімге деген құштарлығы ұстаздарын тәнті етті. Әкесі қатардағы әскери қызметкер емес, жоғарғы офицерлік құрамда болғандықтан, қызмет бабымен тұрғылықты жерін жиі ауыстыратын. Мықты деген маманын шаруасы шатқаяқтап тұрған жерге жіберіп, аяғына тұрғызатын басшылықтың да есебі болады емес пе?! Әкесінің қызметіне байланысты Дәуреннің де жиі мектеп ауыстырып, бірнеше білім ордасында оқуына тура келді. Екінші сыныпты Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Георгиевка ауылындағы орта мектепте оқыса, одан арғы білімін 1996-1999 жылдары Маяковский атындағы мектепте, кейіннен 1999-2005 жылдары Алматы қаласы, Түрксіб ауданындағы №32 мектепте жалғастырды.
      Бала кезінен байқампаз, жұмыс барысын ептей білетін, тапсырылған істі аяқсыз қалдырмайтын жас Дәурен мектеп қабырғасында да өзінің жақсы жақтарынан көріне білді. Мектеп бағдарламасын еркін меңгерумен қатар, пән апталықтары, интеллектуалдық сайыстар мен мерекелік іс-шараларда сыныптың көшін сүйреп, алғы шептен табылды. Қолына алған істі ұршықша иіріп әкететін танымы терең, түйсігі мол жас ұлан мектепті үздіктер сапында бітірді.
      Алдына мақсат қойып, соған жету жолында аянбай еңбектенетін Дәурен мектепті бітірген соң, өзі таңдаған мамандығы бойынша 2005 жылы Алматы технологиялық университетіне оқуға түсті. Бағалай білгенге, студенттік өмір – қайта айналып келмейтін ерекше сәттердің бірі. Бусанып тұрған жастығының аузын бумай, құлшынып тұрған шағында қай іске де білек сыбана кірісіп кететін ол өзіне жақын достар да тапты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, арман қанатында қалықтаған өзге де студенттермен тонның ішкі бауындай етене араласып, білім алу жолында бірлесіп іздене білді. Ой ұшқырлығы мен зеректікті талап ететін есеп саласына бағыт алу, көп адамның жүрегі дауалай бермейтін, жаңа ғасырдың жаңа терминдерін танып-білу – бұралаңы көп соқпақты жолдан сүрінбей өтумен пара-пар. Бұл жағынан алғанда, Дәуреннің «жолы болды» деуге болады. Жаңаны танып-білуге, жаңа технологияның тәпсірлерін ұғынуға келгенде, ол қатарластарының алды болды. Осы бір таным көкжиегінің кеңдігі, іс барысындағы жауапкершілігі мен достары арасындағы адалдығы, түйінді мәселелерде тез шешім қабылдауы, оқу орнының өмірімен біте қайнасып кетуі – оны университет алдында да, достары алдында да бедел биігіне көтерді.
      Дәурен жоғарғы оқу орнында оқып жүріп, аталмыш білім ордасының жанынан құрылған еріктілер ұжымының ұсынуымен Қазақстан Республикасы үкіметі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «Еуразия» ХКФ Бас дирекциясы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Акционерлік Қоғамының ұйымдастыруымен өткен Төртінші Халықаралық «Еуразия-2007» кинофестиваліне шақырту алды. Бұл кинофестиваль – алыс-жақын шетелден, оның ішінде Еуропа елдерінен, АҚШ-тан, Германия, Түркия, Франция, Үндістан, Өзбекстан сынды әлемнің түрлі мемлекеттерінен келген актерлер, режиссерлер мен продюсерлер бас қосқан ірі жоба болатын. Кез келген іске асқан жауапкершілікпен қарайтын Дәуренге осы елдерден келген қонақтарды мейманханаларға орналастыру, кинофестиваль бағдарламасына сай қаланың көрнекі жерлерімен таныстыру, шетелдік қонақтар тарапынан туындаған кез келген мәселе бойынша дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, ұлтаралық араздыққа жол бермеу міндеттері жүктелді. Өзіне тапсырылған істі тиянақты түрде орындап, келген қонақтардың көңілін таба білген кейіпкеріміздің ұқыптылығы басшылық тарапынан жоғары бағаға ие болып, тіпті, Өзбекстандық режиссерлерден киноға шақырту алады. Алайда, болашағын кино әлемімен емес, қауіпсіздік саласымен байланыстырған Дәурен Ермекұлы Жоғары Оқу орнында білім ала жүріп, 2008-2009 жылдары өзі таңдаған мамандығы бойынша «Хладо-Сервис» ЖШС-де бейнебақылау маманы болып қызмет атқарады. Жұмыс барысында қауіпсіздік жүйелерін орнату және баптау, сондай-ақ оларға әрі қарай техникалық қызмет көрсету, коммерциялық ұсыныс жасау, процестерді бақылау, техникалық бақылау, IT маманы, тәжірибелі ДК пайдаланушысы, жергілікті компьютерлік желілерді құру, желілік жабдықпен жұмыс істеу, қауіпсіздік жүйелерінің техникалық сипаттамаларын білу міндеттемелерін жауапкершілікпен орындады. 
      2010 жылы Алматы технологиялық университетін «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бітірген Дәурен Ермекұлының алғашқы еңбек жолы «NGTelecom» ЖШС-де байланыс инженері болудан басталды. Ericsson Altel CDMA базалық станцияларын орнату, «WiMax» технологиясын пайдалана отырып, кең жолақты Интернетке қол жеткізу, RRL «Huawei» орнату; TELE2 «Huawei», ZTE «Kcell» базалық станцияларын орнату және конфигурациялау (ішкі, сыртқы), жабдықты тиеу-түсіруді бақылау, монтаждау жұмыстарының орындалуын техникалық тұрғыдан қадағалау, талаптарға сәйкес есеп беру, қабылдау-тапсыру актілерін жасау, Техникалық шарттарды, спецификацияларды әзірлеу, жобалармен жұмыс жасау, Сметалық құжаттаманы дайындау негізгі міндеттемелері болған жас инженер Дәурен Ермекұлы жақсы көретін жұмысына бірден білек сыбана кірісіп кетеді. Қалың жұртшылықты нарық талабына сай ұялы байланыс жүйесімен қамтамасыз ету үшін еліміздің көптеген қалаларында іссапараларда жүрді. 
      Өзінің қолынан келетін, жақсы көретін, жасаған сайын құлшындыра түсетін іспен айналысуы – маман иесіне тек қуаныш қана сыйлап қоймай, оны ілгерілеу жолында да алға сүйрейді. Әр ісін тиянақты атқаруды сүйетін азамат үшін бұл қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызмет алаңы мол тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік болды. Осы жылдары өзі де біліктілігін арттыру мақсатында бірнеше арнайы курстардан өтті. Қазақстандық құтқарушыларды даярлау орталығында «Биік ғимараттарда жұмыс істеу» бағдарламасы бойынша білімін жетілдіріп, «Мемлекеттік нормалар, стандарттар мен ережелер», «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы», «Альпинизм жабдықтары және оларды қолдану», «Жарақат түрлері және алғашқы медициналық көмек көрсету әдістері» бойынша тәлім алды. Мұның барлығы жас маманның болашақта бейнебақылау камераларын орнату және оның жүйелі жұмыс істеуін қадағалау кезінде көп септігін тигізді.
      Дәурен Ермекұлы келесі қызметін нысандарда орнатылған қауіпсіздік жүйелерін қашықтықтан бақылау қызметтерін көрсетуге және мобильді қауіпсіздік бөлімшелерінің «дабыл сигналдарына» жедел әрекет етуге мамандандырылған кәсіпорын «ASIBO» ЖШС-де жалғастырды. Мемлекеттік ұйымдар мен коммерциялық банктерге, сауда кәсіпорындары мен компания кеңселеріне, азаматтардың жеке үйлері мен пәтерлеріне қызмет көрсететін бұл орталықта радиоинженер болып жұмыс істеген кейіпкеріміз кейін сол Орталықтандырылған мониторинг бөлімінің басшысы (ПКМ жүйелік әкімшісі) лауазымына тағайындалады.
      Осындай іргелі компанияларда жұмыс істей жүріп, тәжірибесі шыңдалып, кәсібилігі арта түскен Дәурен Ермекұлы 2014 жылы жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Қолына алған істі шыр айналдырып әкететін, тұтынушыларға қызмет көрсетудегі тәжірибесі мен бейнебақылау саласында толымды білімі бар жас «Уәлиев» жеке кәсіпкерлігін ашып, жұмысын жалғастырды. Негізгі қызметтері бейнебақылау жүйелерін, өрт сигнализациясын, кіріп-шығуды басқаратын жүйелерді жеткізу мен орнату болған Дәурен Ермекұлы тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін алдымен өз білімі мен біліктілігін көтеруді бірінші жолға қойды. Ғылым жыл сайын емес, күн сайын дамыған қазіргі заманда бейнебақылау мен қауіпсіздік саласы желден жылдам қарқынмен өзгеруде. Сондықтан, бұл саланы таңдаған әрбір маман үшін білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отыру – нарықтың талабы. Дәурен де заман көшінен қалмай жыл сайын бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері бойынша көрмелер мен семинарларға қатысып тұрды. «Kazakhstan Security Systems» Халықаралық қауіпсіздік жүйелерінің көрмесі мен конференциясына, Алматы қаласындағы Атакент көрме орталығында өткізілген Securex Kazakhstan «Қорғау, қауіпсіздік, құтқару және өрттен қорғау» халықаралық көрмесіне, Қауіпсіздік пен бейнебақылау жүйелеріне қатысты басқа да көптеген семинарлар мен конкурстарға қатысып, тиісті Сертификаттарға ие болды. 
      Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі және «Атамекен» Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен кәсіпкерлерге арналған «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша тәлім алды. Ең үлкен инвестиция өз біліміңді тереңдетіп, сала бойынша біліктілігіңді арттыру екенін түсінген Дәурен Ермекұлы бизнестегі құзыреттілігін, көшбасшылық қабілеттерін жетілдірді, есеп пен қаржы негіздерін меңгерді. Ол өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарады. Тұрақты тұтынушыларының қатары күн санап көбейіп, халықтың алғысы мен ризашылығына бөленді. Қажырлы еңбегі мен өз мамандығына деген адалдығының арқасында бірқатар дистрибьюторлармен келісім жасады. Бейнебақылау саласы бойынша әлемдегі ең ірі өндіруші, әрі жеткізушісі болып табылатын Hikvision, Dahua, Ezviz сияқты алпауыт компаниялардың ресми өкілі болып, кәсібін ұлғайтқан Дәурен Ермекұлы 2018 жылы «DAURАN GROUP» ЖШС негізін қалады. Бүгінгі таңда нарық талаптарына сай келетін, соңғы технологиялармен жабдықталған, бағдарламалық жаңартуы жылдам құрылғыларды тұтынушыларға ұсынып келеді. 
      Басты бағыттары: жеткізу, бейнебақылау жүйелерін орнату, техникалық қызмет көрсету және қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз ету болып табылатын «DAURAN GROUP» ЖШС өрт дабылын, күзет дабылын, бейне домофон, дыбыстық жабдық пен хабарландыру құрылғыларын, SCS және байланыс желілерін (жергілікті желілер және Wi-Fi), ACS және Smart Home бағдарламаларын құруда Алматы қаласы бойынша көш бастап тұр. Hikvision, Dahua секілді танымал брендтермен ғана жұмыс істейтін аталмыш компания жоғары сапалы жабдық пен қызметке кепілдік береді. Қауіпсіздік жүйелерін орнатуда кәсіби шеберлігімен көзге түсіп жүрген DAURAN GROUP өз тұтынушыларына үнемі техникалық қолдау көрсетіп, қауіпсіздік саласында тиімді шешім табуға көмектеседі. 
      Алматы қаласында орналасқан компания кеңсесінде шоурум ретінде күзет пен бейнебақылау жүйесінің бірқатар түрлері ұсынылған. Кез келген тұтынушының кеңседегі бейнебақылау камераларын салыстырып көруі мен өз бюджетіне сай жабдық таңдауына барлық жағдай жасалған. «ТехноНИКОЛ», «Фуд Мастер» сынды ірі зауыттар, Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша 70-тен астам жекеменшік балабақшалар, «Бауырсақ City» ұлттық тағамдар орталығы, «МАРАНИ» мейрамханасы, көптеген Жиһаз дүкендері, ірі сауда орталықтары мен супермаркеттер сынды 200-ден астам нысан аталмыш компанияның тұрақты тұтынушыларына айналған. 
      Қазіргі таңда DAURAN GROUP – болашағы зор, қарқынды дамып келе жатқан, қауіпсіздік жүйесінің мәселелерін шешуде сенімді серіктес бола алатын бірегей компания. «Кәсібилік бар жерде – сапа бар» деген ұстанымды ұран еткен Дәурен Ермекұлы 2021 жылы қауіпсіздік жүйелері саласындағы HCSA (Hikvision Certified Security Associate) семинарына қатысып, Hikvision стандарттарына сай білімі мен біліктілігін растайтын Халықаралық дәрежедегі арнайы сертификатқа ие болды. 
      «Білімдіден не пайда? 
      Білгенін көпке айтпаса, 
      Үйреткеннен не пайда?
      Қайырымы қайтпаса»
, - деп ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, Дәурен Ермекұлы өзінің еңбек жолындағы мол тәжірибесінен түйгені мен танып-білгенін кейінгілерге, осы салаға бағыт алған жастар мен кәсіпкерлерге үйретіп жүр. Қауіпсіздік саласындағы тағылымды тәжірибесі бар кейіпкеріміз 2021 жылдан бастап жас мамандарға қазақ және орыс тілдерінде бейнебақылау жүйелерін құру туралы курстар өткізіп келеді. 
      2012 жылдың жазында «31 арна» телерадиокомпаниясында бағдарламалар қызметінің редакторы болып қызмет атқаратын Толқын Бақытбекқызымен шаңырақ құрған Дәурен Ермекұлы – тек қана кәсіпкер емес, аяулы жар, ардақты әке. Жас та болса, бас болып, кейінгі ұрпаққа үлгі беріп жүрген бұл өнегелі отбасы бүгінгі таңда үш перзент тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Аль-Мансур 4-сынып оқушысы болса, ортаншы ұлы Алихан даярлық сыныбында оқиды. Ал кенжесі Ерасыл 2020 жылы дүниеге келген. 
      «Балаларды жастайынан еңбекке, тәртіпке, спортқа баулып келеміз. Ұлттық салт-дәстүріміз бен адами құндылықтарды бойларына сіңіріп өссе екен дейміз» деп, өмірден көргені мен кәсіпкерліктен түйгендерін ақыл-кеңес сұраған жастарға айтудан жалықпайтын Дәурен Ермекұлының кәсібіне табыс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
9 марта 2025 15:21
Даурен

Maruash,
Көп рахмет!
19 марта 2023 10:57
Сайра

Жастарға тек алға дейміз🙏👍
19 марта 2023 10:55
Maruash

Дәурен салем.Жумусін жемісті болсын,биіктен көрін.
19 марта 2023 10:54
Maruash

Даурен салем.Жумүсын жемісті болсын,биіктен көрінебер.
3 марта 2023 20:55
Сулейменов Нурлан

Знаю как очень ответственного человека, профессионала своего дела! 

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...