Жүректерді әнімен тербеткен
Музыка адам жанын тебірентетін, ерекше сезімге бөлейтін, әдемі көңіл-күй сыйлайтын өзге әлем, көңілдің кілті. Ішкі сезімді қозғайтын жүрек тілі. Дыбыстар арқылы бейнеленетін адамның жан сарайы. Myзыка – кескіннің сұлулығын және эмоционалды бейнелілікті білдіру үшін вокалды немесе инструменталды дыбыстарды араластыратын өнер түрі.
![]()
Қазақ халқының ән өнері ерте кезеңнен бері қалыптасып, дамып, тұрақты орныққан асыл қазына. Тіптен, халқымыздың тарихында күрделі орын алған үлкенді-кішілі оқиғалардың қай-қайсысы болса да халық әнінің мазмұнынан көрініс тапқандығы жасырын емес-ті. Қазақтың ән әлемінде маңдайына біткен әнші қыздары, тума талант иелері де аз болмады. Сыңғырлата салынған әрбір ән жүрек түбінен орын алып, халықтың қошеметіне бөленіп келеді десек қателеспейміз. Бүгінгі сөз кезегі ән өнерін жүрекпен қабылдап, көптің көңілінде жиырма жылдан астам сахна өнерінің саңлағы атанып, Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әртісі атанып жүрген жан – Жидебаева Гүлдәурен Молдабайқызы.
Гүлдәурен Молдабайқызы 1979 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Қарағаш ауылында дүниеге келген. Бала күнінен болашағын музыка саласымен байланыстыратынына күмәні болмаған талдырмыш қыз өзінің өнер жолын мектеп қабырғасында көркемөнерпаздар үйірмесінің жеке әншісі, белсенді мүшесі ретінде бастайды. Бала арманы оны түрлі байқауларда жігерлендіре түсіп, бірнеше рет аудандық, қалалық, облыстық байқауларда жүлделер иеленіп, ел назарына ілігіп, өзінің табиғи дарынымен таныла бастайды.
Арман – адамды алға жетелейтін, орасан күш-қуат пен ерік жігер сыйлайтын құдірет. Ал бала арманның құдіреті тіптен жоғары. Міне, Гүлдәуреннің де өнері, үкілеген үміті асқақтаған арманына айналып, Жезқазған музыкалық колледжінің шәкірті атануға сеп болады. «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» демекші, іргелі оқу орнына оқуға түскен жан ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединнен дәріс алып, аталмыш білім ордасын 2000 жылы ойдағыдай тәмамдап шығады. 2003 жылы алғашқы еңбек жолы әрі сахнасы Жезқазған филармониясына келіп, киелі өнер жолына қадам басып, әртіс атанады. Бүгінгі таңда кейіпкеріміз жиырма жылды артқа тастап, филармонияның дамып өркендеуіне үлес қосқан, жылдан-жылға шеберлігі шыңдалып, даралығымен,өрнегі бар жол тауып, ұлттық жанрда ерекшеленіп, халықтың дәстүрлі әндері мен халық композиторларының әндерін насихаттап келеді. Солардың ішінде Ақан сері, Біржан сал, Мәди, Естай, Жаяу Мұса мұраларын ел арасына насихаттап жеткізуде.
![]()
Қандай да бір елдің әлемге әйгілі болуы – сол елдің білімді де өнерлі ұл-қыздарының ізгілікті іс-қарекеттеріне, игілікті жетістіктеріне тікелей байланысты. Сондай өркенді өнерімен елінің мәртебесін көтерген, келер ұрпаққа өшпестей өнегелі із қалдырып жүрген кейіпкеріміз өзін әр уақытта білім-білігін жетілдіруден жалыққан емес-ті. Сөзіміздің дәлелі, 2012 жылы кәсіби шеберлігін одан әрі дамыту мақсатында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын «музыкалық білім бакалавры» академиялық дәрежесі бойынша білім алып шығады.
Дәстүрлі халық әндерімен қатар кейіпкеріміз Қазақстан композиторлары және жерлес ақындар Тайжан, Сәкен мұраларын келер ұрпақ үлгі болып, қадір тұтуы үшін алға қарай дамыта түсуіне бар күш-жігерін, кәсіби біліктілігін, тәжірибесін бөлісіп, еселі еңбек етуде. Бұдан бөлек Гүлдәурен Молдабайқызының есімі эстрада жанрында облыс, республика көлемінде де, өз ажарын айшықтай білген, сахна мәдениетін еркін меңгерген елдің сүйікті әншісіне айналғанымен танылып келеді. Өз репертуарында халықтың зор ілтипатпен тыңдап жүрген Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев, Е. Хасанғалиев, М.Омаров, М.Ільясов, Ж.Сейлов, Б.Оралдай секілді белгілі сазгерлердің әндері жетерлік. Филармонияның өсіп-өркендеуіне Гүлдәурен Молдабайқызының қосып келе жатқан үлесі мол. Өз кезегінде кейіпкеріміз өнер жолын өзгелерге паш ету мақсатында гастрольдік сапарлармен Қарағанды облысының барлық қалалар мен елді мекендердегі және Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Өскемен т.б облыстарының қарапайым халық, өнер сүйер қауымды өз өнерімен тәтті етіп, елдің алғысына кенеліп жүрген жан. Домбыраның қос шегіндей қатар ұстаған ұлттық және эстрадалық жанр өнерін дамытуда сүбелі еңбек атқарып жүрген жан өзінің әсем әуенімен талайларды таң қалдырып келеді.
![]()
Мәдениет саласына сіңірген еңбегі еш уақытта ескерусіз қалған емес-ті. Өзінің сүйікті ісін, сүйікті қызметіне айналдыра білген жан бүгінде талай жанға үлгі тұтар ұстаз болып келеді десек, артық айтпағандығымыз. Гүлдәурен ханымның шеберлігінің бір көрінісі - Жезқазған қаласында өткен Мәди Бәпиұлының 125 жылдығында Алғыс хатпен және ақын Тайжан Қалмағамбетовтің 125 жылдығына арналған мерейтойда «Сырлы саз» номинациясының иегері атанғандығы. 2008 жылдың қорытындысы бойынша күміс көмей әншіміз «Ең үздік халық әндерін орындаушылар» номинациясын жеңіп алды. Ән әлемінің бұлбұлы атанып жүрген жанның ән қоржынында 100-ден аса халқымыздың жауһар әндері бар. Қоғамдық мәдени саяси өмірге белсенді ат салысып жүргендігі аясында Гүлдәурен ханым бірнеше мәрте дипломдармен марапатталды. 2008 жылы Қарағанды облысының Мәдениет департаментінің «Халық әндерін үздік орындаушысы» номинациясының иегері атанса, 2009 жылы «Гүл-Гүлдәурен» атты ән кешін Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен Мәдениет үйінде өткізіп, халық алғысына бөлене түсті.
2012 жылы Жезқазған қаласы әкімінің «Жыл әншісі» номинациясының иегері атанды. Бұл жас әншінің еңбегіне берген елдің әділ бағасы еді. Гүлдәурен ханым Жезқазған филармониясында өзіндік үлесі бар, кейінгі буынға үлгі тұтар өнегесі бар, ұжым арасында жоғары сый-беделге ие жан. 2013 жылдан бастап кәсіби маман өзінің жеке «Гүл-Гүлдәурен» ән-би ансамблін құрып, қаламыздағы барлық жоғарғы деңгейдегі іс-шараларда, салтанатты кештерде қызмет көрсетеді. 2016-2018 жылдары Жезқазған филармониясының көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. 2018-2020 жылдары филармонияның музыка бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
2014 жылы «Жезқазған қаласына 60 жыл» мерекелік медалімен;
2016 жылы Қарағанды облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының номинациясы бойынша «Үздік эстрада жанрының вокалисі» сыйлығының иегері;
2017 жылы Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясындағы Республикалық байқаудың лауреаты;
2017 жылы Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениет үйінде «Гүл-Гүлдәурен» атты ән кеші;
2019 жылы Қарағанды облысының Мәдениет департаментінің «Халық әндерінің үздік орындаушысы» номинациясының иегері;
2019 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Алғыс хатымен»;
2019 жылы «Nur Otan» партиясының «Құрмет Грамотасымен»;
2021 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
2003 жылдан бастап Гүлдәурен ханым Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі болып қызметін жандандырып келеді.
Әні мен сәні жарасқан жан бүгінгі таңда екі бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, асыл жар деп мақтанышпен айта аламыз.Ән әлемінің де өз философиясын жетік меңгерген Гүлдәурен Молдабайқызы осы саланың тізгінін ұстай отырып, кәсібіне шыдамды, төзімді және өз эмоцияларын толықтай игерген тұлға екеніне анық көз жеткізгендейміз.
Гүлдәурен Молдабайқызы іспеттес өз мамандығына бар жан-тәнімен берілген адамдарға мейлінше үлкен қолдаулар көрсетіп, ел арасындағы жақұттарымыздың өнерін бағалап, қадіріне жете білуіміз қажет. Нәзік жанды әйел адам болғанына қарамастан өзіне жүктелген жауапты қызметті асқан кәсібилікпен шебер атқарып қана қоймай, отбасы мен жақын-жуық ағайындары және дос-жарандарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, үлкен татулық пен береке-бірліктің ұйытқысы болып отырған Гүлдәурен Молдабайқызының басына амандық, отбасына байлық пен береке, шығармашылығына толағай табыстар тілейміз!