Сұлулық әлемінің патшайымы
Адамға шабыт беретін – оның қызығушылығы. Өйткені адам өзінің жан қалауымен жасаймын деген ісінің нәтижесін көріп, тіпті өзі күткеннен де үлкен жетістіктерге жетеді. Бастысы сол дүниені жасаймын деген адамда ынта мен жігер болуы керек. Біз әңгіме еткелі отырған Жанар Хусайнқызы, міне сондай жан - жақты ізденімпаз, тынымсыз, табанды, ерік - жігері мықты, қайтпас қайсар мінезді, өте еңбекқор жан.
![]()
Қалдыбаева Жанар Хусайнқызы 1994 жылы 17 ақпанда Өзбекстан Республикасы, Хорезм қаласында дүниеге келген. Ата-анасының тұңғышы болғандықтан да болар, қайсыбір жағдайға болмасын, бірден-ақ үйренісіп кетеді. Адамның қас - қабағына қарап-ақ оның жағдайын түсініп, бірден-ақ көмектесуге асығып тұрады. Ата-анасы 2001 жылы отбасымен Алматы қаласына қоныс аударып келіп, Жанар №167 білім беретін орта мектептің қабырғасында білім алды. Әрдайым ұстаздарымен жылы қарым - қатынаста болып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, өзінің білсем, үйренсем деген ниетіне жетпей қоймайтын Жанар орта мектептің мақтанышы атанып, өте жақсыға аяқтап шықты.
Жас талапкер арман жетегімен М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы колледжіне оқуға түсті. Колледжді аяқтап, маман иесі атанған жас бүгінгі күні сол мамандығы бойынша жұмыс жасамаса да, өзінің жаны қалайтын іспен айналысып келеді. Бүгінгі күні мықты кәсіпкер. Нәзік жандыларға тән сұлулығы әлемінің патшайымы.
Жанардың әкесі Қалдыбаев Хусайин Матенұлы өмір бойы такси жүргізушісі болып жұмыс жасап келеді. Ал анасы Кочкарова Гүлзия Янгибайқызы жеке кәсіпкер. Қазіргі күні денсаулығына байланысты үй шаруасында. Жанар ата-анадан бес ағайынды. Өзінен кейін артынан ерген үш сіңілісі мен бір інісі бар. Мағыраш, Айнұр, Айару, Ансар есімді бауырларының ақылшысы, қамқоршысы болған Жанар ата-анасының мақтаны.
Отбасының үлкені ретінде, ата-анасына көмектесу мақсатында, Жанар өзінің еңбек
![]()
жолын алғаш рет 18 жасында бастады. «Фламинго» деп аталатын казинода диллер болып 4 жыл жұмыс жасады. Өзінің өр де өжет, ер мінезділігімен алғашқы жұмыс орнында тиянақтылығымен, адалдығымен, жан-жақтылығымен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, жас болса да тым ақылдығымен ұжымын тәнті ете білді.
«Кең болсаң, кем болмайсың» демекші, қайырымдылық – адамгершілік қасиеттердің ең ізгі бастауы. Кейіпкеріміз де мұқтаж адамдардың қажеттіліктеріне немқұрайлы қарамай, оларға барынша көмек көрсетуге тырысады. 2015 жылдан бері «Медина фонд» қайырымдылық қоры өмірлік қиындықтарға тап болған көпбалалы, жалғызбасты аналарға көмегін тигізіп келе жатыр.
Жанар Хусайнқызы 2017 жылы өз жеке кəсібін қолға алып, «JM артхаус» сұлулық салонының негізін қалады. Оған түрткі болған, өзінің балалық арманы болатын. Табиғатынан сұлулықты, әдемілікті жақсы көретін Жанардың арманы өзінің жеке кәсібін ашып, нәзік жандыларға қуаныш сыйласам дейтін.
– Қыз баласына әсемдік жарасады ғой. Әрбір нәзік жанның өзіндік табиғаты, өзіндік сұлулығы бар. Ал сол табиғи сұлулығын одан сайын айқындай түссек, әлем де бірге құлпырып кетер еді. Нәзік жан қай жаста да әдемі. Тек сол сұлулықты дұрыс күтіп-баптауы маңызды. Бұл ретте мен өзімнің «Instagram» әлеуметтік желімде қыз-келіншектерге түрлі ақыл-кеңестер беріп, өміршең әрі дәлелденген дүниелермен бөлісіп
![]()
отырамын. Себебі әрбір қыз, әрбір әйел сұлу болуға қақылы. Төрт жыл түрлі онлайн курстар өткіздім. Қазіргі кезде сол онлайн бизнесімді нықтап қолға алып жатырмын.
Сәт сайын өзгеріп отыратын жаңалықтарға да құлақ асып отырамын. Жаным шығармашылыққа жақын болғандықтан, барлығын жүйелі ойланып алып, соңынан әрекет қыламын. Жан-жақты ізденіп жүремін. Бұл менің заманға ілесіп, жаңашылдықты өз салама енгізуіме көмектеседі. Өзіме-өзім есеп беріп отырғанды жақсы көремін. Бүгін не тындырдым, ертеңге қандай істі жоспарласам болады деп күнделікті күнімнің босқа өтіп кетпеуін қадағалаймын. Жаныма жинақталған әрбір іскер жандарды да осыған үйретіп келемін. Жалпы адамзат баласы үшін уақыт қымбат қой. Әрбір уақытымды саналы түрде мәнді етіп өткізсем деймін. Ата-анама, бауырларыма, отбасыма, жарыма, балаларыма да сол алтын уақытымның көбін арнауға тырысамын. Мен үшін ең бірінші орында – отбасым, сонан соң нан тауып отырған жұмысым. Бала күнімнен ата-анам-ның еңбекқорлығын көріп есейдім. Отбасының берекесі мен мерекесі үшін тер төгіп еңбектеніп, шаршап ұйқыға кететін ата-анамды қатты ойлайтынмын. Тезірек мектеп бітіріп, оқуға түсіп, өзім де жан қалауыммен еңбек етіп, ата-анама болыссам дейтінмін. Аллаға шүкір, дұрыс ойымның арқасында түзу жолмен келемін. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбегімнің арқасында өсіп, өніп келемін. Өзімнің маңдай тер, табан ақыммен 2017 жылы сұлулық салонын аштым. Бұл бірінші жетістігім болса, сол кәсіппен айналысып жүріп, көлік алдым. Бұл екінші жетістігім еді. 2018 жылы тұрмысқа шықтым, ана атанып, сүп-сүйкімді перзенттер сүйдім.
![]()
Міне, менің өмірімдегі жетістіктерім деп ауыз толтырып мақтанып айта аламын. Жолдасым өзіммен Алматы қаласында мектепте бір сынып жоғары оқыған. Байтиков Дәурен Амангелдіұлы 1993 жылы дүниеге келген. Ішкі істер саласында тергеуші болып қызмет етеді. Адал әрі абыройлы қызметі үшін алған марапаттары өте көп. «Құрмет» медалімен марапатталған. Ата-анасынан үш ағайынды. Мен үшін бақыт осы деп білемін. Алдағы уақытта жоспарларым көп, - дейді жас кәсіпкер.
Жарасымды жанұяда Медина және Томирис атты тәп-тәтті бүлдіршін қыздарды тәрбиелеп, өсіріп отырған Жанар Хусайнқызы бала тәрбиесіне қатты көңіл бөледі. Қолға алған ісінен нәтиже шығара алатын еңбекқор жан кез келген жұмысты істей алады. Бұдан бұрын ол телевизиялық бағдарламаларға да жиі шақырылып, әділ сыншы болып, өзге қырынан да көріне білген еді. Алдағы уақытта өзін басқа да жағынан сынап көру ойында бар.
Жанарға сәттілік серігі болып, көздеген мақсатына жете берсін деген тілек білдіреміз.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()