Еңбекпен өрілген өмір
Еңбек адамы – ел мақтанышы. Адал еңбек қана қоғамды алға қарай дамытады. Aдaмзaт бaлaсы жер бетінде пaйдa болғaннaн бері өзінің мaтериaлдық және рухани қaжеттілігін қaнaғaттaндыру үшін еңбек етіп келеді. Өзінің елі үшін аянбай еңбек етіп, адалдығымен, парасаттылығымен, іскерлік қабілетімен көзге түсіп, ардақталып жүрген азаматтарымыз аз емес. Олардың жүріп келе жатқан дара жолдары көпке үлгі, жастарға өнеге деуге болады. Әрбір еңбек саласында орнықты істерімен танылған тұлғалар жайлы қалам тербеу ел-халқымыздың тамаша дәстүрі дер едім. Себебі, еңбек адамның адами қасиет
![]()
терін, тұлғалық қабілеттерін қалыптастыратын шешуші күштің бірі адамның еңбегін көрсету.
Бүгінгі кейіпкеріміз Қалдығожин Сансызбай Мәмешұлы да ашық мінезді, ақ көңілді азамат. Қай іске де бейімділігінің, іскерлігінің, еңбекқорлығының арқасында қай жерде еңбек етсе де абыройлы болған азамат. Өз ортасында беделі бар азаматты қашанда елі жақсы көреді, сыйлайды, құрметтейді. Еңбегің адал болса, еңбекқор адамды қоғам өсіреді, көпке танытады, беделін арттырады. Тәрбиесінде тағылым, ақылында даналық бұғып жатқан Бейбітшілік ағамыздың өмір баспалдақтары, батыл жүріп өткен жолдары, алқынбай асып өткен асулары оған айқын дәлел.
Ықыласында ыстық мейірім, шапағатында шуақты нұр, азаматтық айбыны аласармаған, құм астында жатса да шірімейтін қанжардай, уақыт өте келе манаураған Алатаудай ұшар шыңы биіктеп келе жатқан азаматарымыздың бары көңіл қуантады. Солардың бірі де бірегейі, буыны қатпаған балаң күйінен еңбекке ерте араласып, жер ананың жіпсіген маңдайын сүртіп, құнарын танып-білген, 40 жыл ғұмырын механизаторлық салаға арнаған еңбек адамы Сансызбай Мәмешұлы 1948 жылдың 9 мамырында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Кенқияқ елді мекенінде дүниеге келді. Әкесі Мәмеш қарапайым еңбек адамы болса, анасы Жаналтын шаңырақтың шаттығын кіргізіп, бала тәрбиесімен айналысып, үйінің түтінін түзу ұшырған аяулы ана.
Тауықтың шақыруы мен шегірткенің шырылы қатар естілген ауыл таңы қандай
![]()
керемет десеңізші, таңның атысы, күннің батысы егін басында болған әке-шешесінің қолұзартар қолғанаты бола білген Сансызбай да бұғанасы қатпай жатып, еңбекке араласты. Бүгінде, зейнеткерліктің көк дөненін тақымға қысқан шаққа келгенде табан тіреген құрмет төрі мен абырой биігінің алғашқы қадамдары сол ауыл өңірінде, қолына кетпен мен күрек ұстаудан басталды. Соғыстан кейінгі жылдары дүние есігін ашқан бала да қай бір бақытты балалық болсын. Бейбітшілікті медеу тұтқан аналардың тілеуі мен шүкірінің арқасында барын тартып, базарлы еткен көп отбасының бірі болды.
1957 жылы Бәшенкөл бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, сол бір жылдары сүйікті ұстазына айналған Бәден апайынан дәріс алды. Өмір көрген, түйгені мен тәжірибесі мол мұғалімінің арқасында сәби қараңғылығын, білім нұрымен себелеген жас Сансызбай одан арғы білімін 1958 жылы Қожасай мектеп-интернатында жалғастырса, одан кейінгі білімін Кенқияқтағы Зәнту деген кісінің үйінде жатып оқиды. Осылайша, сауатсыздықты жою мақсатында жүргізілген, ұйымдастырылған білім ордасын тәмамдаған Сансызбай Мәмешұлының білім алу кезеңі негізгі біліммен бітеді.
Еңбек - адамның мерейін өсірумен қатар, берекелі өмірге бағыт сілтейді. Бала болса да істің мәнін біліп, еңбекке ерте араласқан Сансызбай Мәмешұлы мектеп бітірген соң, уақыт та тапшылық жасап, егін игерудегі қол күші жетіспегендіктен механизатор болып жұмысқа тұрады. Соқаның тісі тимеген, тың өлкенің төсінде гүр-гүр трактор – таң атысымен дала төрін жаңғыртып, кеш батқанша мұршасынан оты сөнбеген жылдары, кейіпкеріміз де еңбекші халықтың ішінде болды. Жаспын деп аянбады, өзіне жүктелген міндеттерді уақытылы, тиянақты әрі үлкен жауапкершілікпен атқарып, механизаторлық өмірдің ішінде қайнаған еңбек майданынан енді де кетті. Бұлшық еті бұлтылдап тұрған, тепсе темір үзетін жігіттік шағы емес пе, қолына алған қандай істің де шырайын шығарып, шыр айналдырып алып кететін қолының икемі мен ебі үйлесім тапқан.
![]()
Ол уақыт соғыстан кейінгі жылдары тым ауыр еді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі нашар, балалар жас болса да еңбекке араласып, колхоздың жұмысына белсене араласатын. Сол уақыт елге біртіндеп техникалар, трактор, комбайн, шөп шабу құралдары келе бастады. Қолының ебі бар, еңбекке төселген жастығына қарамастан механизатор мамандығын меңгеріп, техниканы жетік білгенінің арқасында жаңадан келген тракторге отырып, еңбек етеді.
Қолына алған қай істі де ұршықша айналдырып алып кететін епті, қолына түскен темірдің түзу болып шыға келетін икемі болған Сансызбай Мәмешұлы өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырын үйреніп қана қоймай, жұмыс барысында озық ойлары мен тәсілдерін ел мүддесіне қолдана білді. Жаспын деп жасымады, еңбекке ерте араласуы оны ерте есейткен еді. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, өзіне берілген тапсырманы қандай күрделі болса да оң шешімін тауып шешіп шығатын, қиын да қысылтаяң сәттерде табандылық пен сабырлық танытып, тез шешім қабылдай білетін өзгеге ұқсамайтын, өзіне тән осындай қасиеттерімен ұжымдастары арасында да, жолдастары ортасында да бедел биігіне көтеріле білді.
Ел экономикасының негізгі тірегі болған сол жылдары ауыл шаруашылығының басына бақ қонып, осы саладағы, механизаторлық, тағы басқа ауыл шаруашылығына қатысты мамандықтардың айдарынан жел есіп тұрған еді. Тың игерудің алғашқы бесжылдығында мұржасынан түтінін будақтатып келген таңсық техникаға қазақ баласының құштарлығы артып, кейінгі жылдары темір техниканы меңгеруге деген жастар екпінінің қарқыны күшті еді. 1970 жылдары елге қуатты К-700 тракторы келуіне байланысты қайтадан Қарауылкелді техникалық училищені оқып шығады.
Міне, қатарластарының алды болған, қолы тиген қандай істің де шырайын шығарып жіберетін епті жігіт осылайша екінші мәрте механизаторлықты меңгеріп шығады да, 40 жылдан астам уақыт осы мамандық саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. Жұмыс барысында көптеген марапаттар алып, қаржылай сыйлықтарға да ие болды.
![]()
Адамға қойылатын басты талап – ол асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені, адам өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты болмақ. Ал адамгершілік адамның рухани арқауы. Әрбір адамның мақтаныш тұтар жайлары болады. Өмірлік мақсатына, арман-мүддесіне қарай әркім әрқалай мақтанады. Алайда жүріп өткен жолдарына бұрылып қараған сәтте оның іс тұрпатынан адамгершілік қасиеттері байқалмаса, бәрі бекер дер едім. Өйткені, қандай да болмасын істің таразысы адамгершілік өлшемімен бағалы болады.
Жеке тұлғасына келер болсақ, қарапайымдылық шекпенін үстінен тастамаған Сансызбай Мәмешұлы еңбек ету барысында талапшыл, күрделі болса да қандай істі аяқсыз қалдырмаған, әр ісінен көрген жан көзі тоят табатын нағыз еңбек адамы болды. Мақсат қуған сол кездері бірде артығымен орындап жатса, енді бірде қолбайлау болған техникалық себептермен кешігіп қалғанда да адамдық қалпынан айныған жоқ. Әкеден алған тәрбиесі, адалдығы мен әділдігі басым, кісімен сөйлесе кетсе көмейіндегі аңқылдаған көңілі мен адалдығы сезіліп тұрды. Адамның адамшылығы басшылық қызметке келгенде сынға түсетіні бар емес пе?!
![]()
Бірақ, өткінші сезімнің жетегінде кетпей, парасаттылығына әрдайым сүйеніп шешім шығара білген Сансызбай Мәмешұлы қандай ортада болсын, түрлі дәрежедегі адамдармен байланыс жасағанда да болсын, адалдық пен сыйластықты, әділдік пен мейірімділік, имандылық пен жомарттықты таразы басында тең ұстай білді.
Әр адамның өмірде өз жолы бар. Соған қарай тұлғасы қалыптасып, бейнесі бекемделе түседі. Адамды өсіретін де, өшіретін де оның істеген ісі. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, еңсесі биік болмақ. Рас, ол ешкімнің ақысын жеп, ала жібін аттаған емес. Ұрпағына да сондай қасиетті сіңірді. Талай белестен өтті. Өмірдің тәттісін де, кермегін де татты. Жоққа болысты. Сүрінгенді сүйеді. Бүгінде ол ел танитын, құрмет тұтатын азаматқа айналды.
- «Әкем Мәмеш өте еңбекқор адам болған, өмірінің соңына дейін еңбектен қол үзбеді. Ұрпақ осылай алмасып, жалғасып отырады ғой. Әке-шешем, Қайрат ағам, одан кейін балаларымның анасы Сұлушаш жолдасым да бұл өмірден қоштасып кете барды. Өмірдің қызығымен қатар осындай ауыртпалығы да болады емес пе?! Тағдыр деген осы!
Жалпы өміріме ризамын! Жаратушы тіл-көзден сақтасын, балаларымның барлығы бүгінгі таңда бір-бір отбасы болып отыр. Өмірлік жарым Сұлушаш – өмірге алты бала әкелген Батыр ана. Немерелерім мен жиендерім де үлкен болып өсіп келеді. Мендегі қалған арман-тілек – перзенттеріміздің амандығы, елдің тыныштығы!» - деп соғыстан кейінгі жылдардың зардабын көзімен көріп, енді қайтып келмесін деп, елдің тыныштығы мен амандығын тілеген Сансызбай Мәмешұлы бүгінгі таңда тамырын тереңге жайған саялы бәйтеректің, үлкен әулеттің ақсақалы.
Балалығын еңбекке, жастығын ел қызметіне, азаматтығын халыққа, ақсақалдығын кейінгі ұрпақ тәрбиесіне арнаған Сансызбай Мәмешұлының өнегеге толы өмірі келер ұрпаққа үлгі. Құм көшіп, теңіз тартылса да, уақыт добы шыр айналса да артына өшпейтін із, өлмейтін сөз, игі істерін сабақ етіп қалдыра білген еңбек адамы туралы әлі талай айтылып, азаматтық болмысы, ақсақалдық келбеті талай мақалаға арқау болары хақ.
Ардың жүгін арқалаған ардақты тұлға Сансызбай Мәмешұлына зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз!