![]()
Әкенің ізімен
Аралым айдын шалқарым,
Құт-береке өнген жер. Тарихта қалған таңбасы Көсем де көңілін бөлген жер. Жыр дүлділі Әбілхан Маханов жырға қосқан Арал теңізі халықтың ырыс-несібесі таусылмас байлығы. Теңіз - елдің тілеуіне берген тәңірдің сыйы. Торыңды салсаң да, өзегіңді талдырмайтын құт мекен бүгінде құрғаған табанын жіпсітіп, толқынын толқын қуалатып қайтып келеді. Мұздың төбесі сөгіле көксеркесі жағада ойнап, жаз қымтанып күз ілгегін ілгенде, қара жонды шортаны құлаштай өлшемге жетіп, соңғы жылдары бейнесі сағымға айналған ұлы теңіздің төсінде ақ сазаны қайта тулады.
Теңіздің табанынан су кетсе де, жүрегінен жыр кетпеген халықты экологияның желі үрлеп, жыпылықтап сөнуге айналған ел үмітін қайта жалғады. Алқымы кеберсіген теңіздің зардабынан сол жылдары өзге облысқа көшуге мәжбүр болған жұрт қайта келіп қоныстанып, тіршілік тамырына қан жүгірді. Әлімсақтан бері, тарих қойнауына көз жіберсек, Каспий теңізімен лүпілі бір соққан көк теңізден ғалымдар бүгінде қағазда суреті ғана қалған қызыл балық, ірі ұлудың және киттің омыртқа сүйектерінің тасқа айнала бастаған күйінде табылуы, орта ғасырлардан-ақ теңіз қалпында келе жатқанының дәлелі. Бұрынғы Кеңес Одағы ішінде жеке-дара бар болғаны жеті теңіз болған. Соның бірі – осы атақты Арал теңізі. Аралды теңіз дегенімен, кейде көл деп те атайды. Ғалымдардың бұлай атауының өзіндік себептері бар. Ақбас толқындары жағаға ұрып, балығы тайдай тулаған айдынды Арал теңізі дүниежүзіндегі ең ірі көлдердің ішіндегі үшінші орын (кейде төртінші) алатын ұзындығы 475 км, ал ені 280 шақырымға дейін баратын ұлы теңіз. Бұл дегеніңіз, Белгия мен Голландияның жерін қоса есептегенде біршама асып түседі. Әлемдегі көп теңіздер лай, ластанған. Арал теңізі «әдемі де сұлу теңіз», оның әдемілігімен Эгей теңізі ғана таласа алады. Дүниедегі ең мөлдір теңіздердің де бірі осы Арал теңізі. Теңіздің батыс жағындағы мөлдірлігі 27 метрге дейін жетеді, яғни, тасты суға тастап жіберсең, осы тереңдікте әлгі тастаған тасыңыз түбінен көрініп тұрады. Балығы дәмді де сапалы, жұғымды. Еті өте бағалы балық бекіре, төсбекіре (локотолос), Арал тортасы (вобла), «патша балығы» деген Арал шөмейкесі (шемая), атақты орыс ғалымы Г.В.Никольский «еті өте семіз, тағам есебінде бағалы» деп баға берген Арал қаракөзі, ең көп тараған Арал тыраны (лещ), қызыл ерінді Арал ақбалығы (Аральский красногубный жерех), Арал қаязы, сонымен қатар теңіздің байырғы жануары сүген т.б. балықтар теңізде тіршілік етіп, ерекшелігімен аты мәлім.
Адамның тамақтануында балық маңызды орын алады. Ғылыми коммунизмнің негізін қалаушы, атышулы ғалым К.Маркстен «қандай тағамды жақсы көресің» дегенде, «балық» деп жауап берген екен. Өмір көргендердің айтуы бойынша балық «пейіштің асы» дейді. Несі бар, балық еті – дәмділігі, тағамның қасиеті мен бойға жұғымдылығы жағынан мол, үй құстары етінен кем емес, ал сіңімділігі жағынан одан асып түсетін ас. Кейбір балықтардың емдік қасиеттері де бар.
Айта берсек қасиеті таусылмайтын Арал теңізінен бүгінде саң мыңдаған адам нәпәқасын айырып келеді. Солардың бірі өзім, алған сайын қазаны ортаймаған көк теңіз тұрмыс қараңғылығында шоқжұлдыз болып жанып, бағымды еселеп келеді.
Алдымен, мені өмірге әкеліп, азамат атандырған ата-анамнан бастасам, әкем Елеу Ерхатұлы 1930 жылы 7 ақпанда Қазалы ауданы, Жаңаталап колхозында дүниеге келген. Тарихқа таңбасын қалдырған аштық жылдары, «шықпа жаным, шықпамен» отырған бұқараның ішінде әкемнің отбасы да болған. Жетегіне жеті бауырын ерте келетін жұт, аштықтан титықтап, бас көтерерінен айырылған елдің төбесіне соғыстың қара бұлтын төндірді. Арқа сүйер ағасы 1943 жылы соғысқа кеткесін, отбасының бар жауапкершілігі әкемнің мойнына түседі. Ата-анасы – таяқ ұстар шағындағы қария кісілер. Әулеттің азығын табу үшін, бүгінде суы жылы болғанымен, дәмі кермек татитын екі ұңғымасы ғана қалған Арал теңізінің «Қасқақұлан» деген жеріне барып балық аулаған. «Үлкен тау» және «Кіші тау» деп аталатын екі қыр төбеден тұратын Қасқақұланда жазда ескегі, қыста сүйменін қолына алған әкем 1953 жылы қазіргі Бекарыстан би, (бұрынғы Октябрь) колхозында механизатор, Майдакөл совхозында егін шаруашылығында күрішшілер бригадирі, Түктібаев совхозының бақшалық бригадирі болып еңбек етті. Жалған жалғандығын жасайды екен, кенеттен ауырды да, 1980 жылы 22 сәуірде 50 жасында бақиға аттанып кете барды.
Анам Жақсыбике Құрмашқызы 1940 жылы Майдакөлде дүниеге келген. 1958 жылы әкеммен отау құрғаннан кейін әжеміздің жағдайын жасаған. Үй шаруасында болған анам қалаға көшіп келген соң, күзет бөлімінде 10 жылдай жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. 97 жасқа келіп қайтыс болған әжем Сұлушаштың күтімін жасап, арулап өз қолымен жер қойнына тапсырды. Үйдің үлкені – өзім. Менен кейін Дөненбай, Мұса атты екі інім мен Гүлдәрі деген қарындасым бар.
Мен, 1960 жылы 26 ақпанда Қазалы ауданының Майдакөл елді мекенінде дүниеге келдім. Майдакөл Сырдарияның төменгі ағысындағы шөлді белдемде орналасқан ауыл. 1977 жылы Майдакөл ауылындағы №98 орта мектепті бітірген соң, совхозда көлік жүргізушісі болып жұмыс істедім. Өзге қатарластарыма қарағанда қолымның ебі болғаннан кейін бе, қызығушылығым да жоқ емес, техникаға жақын болып өстім. 1981 жылдары Құқық қорғау саласында еңбек еттім де, 1985 жылы Қызылорда локомотив пайдалану депосында тепловоз машинисті, одан соң еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы кәсіпкерлікке бет бұрып «Бекарыстан би» шаруа қожалығының төрағасы болдым. «Әлдімін» дегеннің өзі нарық қыспағында қалған ол кез, бізге кәсіпкерлік салаға мойын бұруымызды нұсқап, себепші болды. Сөйтіп, аты бізге таңсық болса да, заман мақұлдатқан салаға ендік те кеттік.
Айдарын толқынның лебі тербеген баланың бүйрегі «теңіз» деп бұрмауы мүмкін емес. «Бақыт» шаруа қожалығын ашып ісімді дөңгелетсем де, әкемнің ізі қалған өлкеге барып, балық шаруашылығын қолға алуға аңсарым ауды да тұрды. Сөйтіп, 2006 жылы Кіші Арал теңізінен №8, №16, №18 участоктары мен «Қашқан су» көлін конкурс арқылы 10 жыл мерзімге жеңіп алып, көңілімде бүр жарған ойды бір серпілтіп тастап, балық шаруашылығына білек сыбана кірісіп кеттім.Талай жанның арманын бұлдыр еткен Арал теңізі «Көкарал бөгеті» салынғаннан кейін басын қайта көтерді. Қаншама көлдер құрып кетіп жатқанда әлемдік ұйымдардың Аралға қол ұшын созуы біз үшін зор мәртебе болды.
Міне, 10 жылдан асып барады, кезінде жүзі қуарып, жанары суалған көк теңіздің төсінде шағаласы қайта шулады. Әрине, Аралдың кемелі толысқан кезіндегімен салыстыруға келмейді. Бірақ, 2008 жылмен салыстырғанда едәуір әрі кіріп, арнасына келген. Қайраңдап қалған кемесіне толқынның жетуі ерте дегенімен, Сырдарияны жолдан бұрып алушылар азайса, ұзамай қайта келері анық. Бұл енді біздің санамызды мазалағанымен, уақыттың еншісіндегі іс. Ғасыр жобасы Көкарал бөгеті салынғанда табаны құрғап, сор болып тілімделген аймаққа қазір су толып, тіпті тоғыз арналы Көкарал бөгеті арқылы үлкен теңізге құйылып жатыр. Кезінде экологияның кесірінен «шашымыз түскен» басымызға тайғанақтап қона алмаған бақыт құсы, бүгінде төбемізде айналып ұшып жүр.
Алғашында қайта оралған теңіз ырысын қайта жоғалтпай тиімді пайдаланып, жұтаңдық тонының жағасын иектеген жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету бағытында ашылған «Бақыт» шаруа қожалығын одан әрі дамытып, сан-салаландыра 2011 жылдың 5 тамызында Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-ін құрдық. Өндірістің аумағы 1,0473 га жерді құрайды. Жат құлаққа құрғап кетті деп тиіп, сырт көзге халі мүшкіл болып елестеген теңіз, тарих бетінен сызылып тасталған жоқ. Кіші Аралда участоктеріміз бар. Сұлудың қоса өрілген қос бұрымындай болып, теңіз ырысын молайтқан қос дарияның бірінің арнасы кеуіп қалса да, қырғыз ағайындардың пейіліне қарап бір азайып, бір толып, оңтүстіктің мақтасы мен Сырдың күрішін өркендетіп отырған Сырдарияның төменгі ағысындағы бірнеше көліміз – кәсібіміздің қайнар бұлағы. Бұдан өзге, серіктестігіміздің Арал ауданы, Бөген елді мекенінде балық өңдеу зауыты бар. Кезінде Одаққа аты мәлім болған Аралда бірнеше ба
![]()
лық зауыты болған. Бірақ, кемесі қайырлағаннан кейін есігіне қара құлып салынып, тоқырау жылдары ұстағанның қолында кете берді. Теңіздің беті бері қарағанда сол кәсібімізді неге қайта жаңғыртпасқа?! Оның үстіне тереңге сүңгіген балығы қайта жағаға шықты. Бүгінде теңіз жағасында орын тепкен өндіріс орнымызда тәулігіне 3 тоннаға дейін туралған балық етін (фарш) дайындайды. Қазіргі уақытта серіктестікте 67 жұмысшы еңбек етіп келеді. Балықты аулау да, оны өңдеу бар. Шикізат ретінде экспорттаудың заманы өткен, өңдеп шығарсақ екі есе кірісті болып келеді. «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-нің құрамына «Бақыт» шаруа қожалығы мен «Бөген сервистік дайындау орталығы» қарайды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген зауыт жаңа заманғы технологиялармен, германдық қуатты әрі тиімді қондырғылармен жабдықталған. Дәмі тіл үйіретін балық сүбесінің сыртқы нарықтағы сұранысы аса жоғары болуы, көп нәрсені аңғартады. Мекеме облысымыздағы қайта өңдеу және ірі экспорттаушы ретінде орныға білді. Бүгінде мемлекеттік стандарттармен Еуропалық талаптарға сәйкес қызмет етеміз. Негізгі өніміміз көксерке сүбесі болса, қосымша мойын еті, жақ еті де үлкен сұранысқа ие. Ішкі нарықтан бөлек Австрия, Дания, Германия, Польша елдеріне экспортталуда. Балық өндірісі ерте дамыған елдермен тығыз қарым-қатынас жасап, тәжірибелермен бөлісіп келеміз. Дамыған елдердің көрсеткіштеріне көңіл бөліп, бәсекелестікке қабілетті сапалы өнім шығару заман талабы және Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың айрықша тапсырмасы. 2015 жылдан көршіміз Ресеймен «Рыбный край Димитроград» жобасын жасасып, бірлесе жұмыс жасап келеміз. Зауыттың жобалық қуаты жылына 1,5 мың тонна өнім шығара алады. 70 жұмысшы еңбек ететін зауыт ресейлік тұтынушыларға сапалы бәсекеге қабілетті тауар ұсынуда.
Сонымен бірге Арал ауданына қарасты «Бөген», «Қарашалаң» елді мекендерінде 500 тонналық балық сақтайтын тоңазытқыш, балық жуу цехының ғимараты, жұмысшылар демалатын жатақханасы, монша салынып пайдаланылуға берілді.Ұлы теңіздің ақаба суы жиналып, кейіннен теңіздің тамырына қан жүгірген жылдары толқыны қайта тулаған «Тастүбек» елді мекенінде 2013 жылы 150 тонналық тоңазытқыш, 5 тез қатырғыш камераларымен балық өнімін өңдейтін шағын зауытты іске қостық.
Ата кәсібімізді қайта жалғаған серіктестік ел сұранысын сапалы өнім беріп қанағаттандырып, бірнеше мәрте түрлі марапаттарға ие болды. «Қазақстанның үздік тауары 2013» өңірлік көрме байқауында «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша III дәрежелі дипломмен марапатталды. Одан бөлек өзім де ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы, «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Жанқожа батырға 240 жыл» мерекелік медальдарымен және де бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің грамоталары, Алғыс хаттарымен, сондай-ақ, Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейіндік инспекциясының Грамоталарын иелендім.
«Қоғамның басты байлығы – адам». Бұл менің басты ұстанымдарымның бірі. Бүгінде жұмысы жүріп тұрған шаруашылықтың негізгі тірегі – жұмысшылар. Арал ауданына қарасты Тастүбек, Бөген, Қарашалаң елді мекендерінің тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Сонымен қатар сырттан, алыс елді мекендерден келіп жұмыс істейтін жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жатақханасы, асханасы, моншасы бар. Тек, еңбек ет те, жалақыңды ал. Жұмысшылар тегін тамақпен, арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Жұмыссыздық – қоғамның бас ауруына айналған бүгінде, біз жұмысшылардан ештеңені аянып қалып жатқанымыз жоқ. Жалақы уақытында және кідіріссіз төленеді. Еңбекақы мөлшері орта есеппен 60-100 мың теңге аралығын құрайды. Өз ісін жетік меңгерген шебер жұмысшыларымыз өнім сапасын арттырып келеді. Технолог Ғазиза Құлнияз, ауысым мастері Тәжібай Руслан жайлы ерекше тоқталып, есімін атап айтып кеткеніміз ләзім.
Сондай-ақ балық тазалаушы Жаханов Дастан, Пірімжаров Әскербек, балық кесушілер Нұрымбет Ғалия, Құламетова Жазира, балық жаюшы Жаксыбаева Оразбике, Омарова Жеңіскүл, глазировка жасаушылар Өмірбеков Рамазан, Рзағазы Талапбек секілді мамандар өзгелерге үлгі болуда. Әсіресе балық кесуші Нұрымбет Ғалияның татымды тірлігі жан жадыратады. Осынау байырғы да кәсіби маман нағыз өз ісінің шебері Ғалияның өзі күніне 700 кг балық кесіп, одан 350 кг балық сүбесін дайындайды. Нағыз еңбек! Міне, шеберлік! Өз ісінің майталман маманы!
Тек қана кәсіпкерлік саласында емес, ат үстінде жүрген соң ел ісіне араласып келеміз. Үкіметке арқа сүйеген халықтың мұңын мінберге жеткізіп, ел әлеуетін көтеруге қолымыздан келгенін жасап келеміз. Қызылорда облысының VІ шақырылымында депутат атанып, №6 Аранды сайлау округі бойынша «Нұр Отан» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттыққа түсіп, халық қалаулысының мандатын иелендім. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары шаруашылығымыз тұралап қалғанымен, кейіннен біртіндеп рет-ретімен дамып келеміз.
Көзден таса қалдырмауға тиістағы бір мәселе бар. Сонау жылдары ел ауылдан қалаға үдере көшті де, ата қоныста қаңырап бос қалған үйлер көбейді. Мектеп бітірген жастар қалада қалып, ауылда тек егде тартқан кісілер ғана қалды.
Аллаға шүкір, бүгінде ол үдеріс тоқтап, қайта керісінше диплом алған жастар ауылға оралып жатыр. Депутат ретінде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына сәйкес, жұмыссыз және аз қамтылған отбасыларын қоғамдық жұмысқа қатыстыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, кәсіпкерлікпен айналысуға бетбұрыс жасаған азаматтарға банктер арқылы несие алу мүмкіндіктерін қарастыруға, осы арқылы жұмыссыздықты азайтуға ықпал етуім керек болды. Ел сенімінен шығу да оңай емес, сайлауалды бағдарламамда айтылған мәселелерді кезең-кезеңімен орындап келемін.
Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, еліміздегі мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып, жең ұшынан жалғасын табатын сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргіземіз. Жемқорлық – қоғамның басты дерті. Онымен күрес - жалпыға ортақ міндет.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі. Сондықтан жастарға көп көңіл бөліп, қолдауымыз керек. Мемлекеттің де айрықша назары осы буын өкілдерінде. Мемлекеттік «Жастар саясатына» сәйкес қызылды-жасылды батыс мәдениетіне еліктемес үшін, жастарды мемлекеттік «Жастар саясатына» сәйкес жастар арасында идеологиялық тәрбие жұмыстарын жүргізуге, жұмыссыздық белең алған заманда жастарымызды жұмыспен қамту, қоғамдық жарыстарға белсене қатысуына ықпал ету – біздің аға буын ретіндегі борышымыз.
Сонымен қатар, құрылысы ескірген Бірлік, Майдакөл, Лақалы, Шәкен, Шилі елді мекендеріндегі мектептерді жаңарту да сайлауалды бағдарламамда жазылған болатын. Білім ошақтарын үкімет назардан тыс қалдырып жатқан жоқ, жылдан жылға жаңа мектептердің санын арттырып келеді.
Сырдарияның төменгі ағысында ертеден-ақ мал шаруашылығымен қатар балық шаруашылығы да өте жақсы дамыған. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деп аталарымыз тегіннен тегін айтып кеткен жоқ. Кәукей, Лақалы, Бекарыстан би елді мекендеріндегі көлдер жүйесін суландыруға, осы арқылы балық шаруашылығын дамыту барысында жұмыс жасап келеміз.
«Сулы жер, нулы жер» демекші, Бозкөл, Қожабақы, Аранды, Ү.Түктібаев, Бекарыстан би ауылдары тұрғындарының өзін-өзі азық түлікпен қамтамасыз етуі мақсатында бақша, көкөніс дақылдарын өсіруін ұлғайту үшін де жұмыстар жасалынып жатыр. Жасыратыны жоқ, бақшалық егістіктен біраз уақыт қол үзіп қалдық. Енді соны қайта жандандыруымыз керек.
Әйтеке би кентіндегі жаңадан ашылған 4-ші квартал аумағының инфрақұрылымын және округіне қарасты кент аумағы көшелерін түнгі жарықшамдармен қамтамасыз ету, басқа да өзекті мәселелерді көтеріп, шешімін табуға атсалысуды бағдар етіп алған болатынмын. Уәде етілген дүниелерімді кезең-кезеңімен орындау мақсатында, сайлаушыларымнан келіп түскен өтінімдерді қарастырып, тиісті органдарға жеткізіп, оң шешімін табу үшін тынбай еңбек етіп келемін.
Облыс, аудан экономикасының өркендеуіне үлес қосумен қатар қайырымдылық шаралардан да тыс қалған емеспіз. 2016-2017 оқу жылы қарсаңында дәстүрлі өткізілетін республикалық «Мектепке жол» акциясы барысында мектепте білім алатын аз қамтылған 50 отбасы балаларына қолдау жасадық. Сонымен қатар өзге де тұрмысы төмен 10 отбасы балаларының «Шағала» лагерінде демалуын тиімді ұйымдастыруда материалдық көмек ретінде қаражат бөліп, Қазалы аудандық «Көңілді тапқыштар клубының» жігіттері елордамыз Астана қаласында өтетін сайысқа баруы үшін қол ұшымызды создық.Өмір болған соң барлығында бірдей бола бермейді. Әлеуметі аз қамтылған тағы да бірнеше отбасыға ұдайы көмек беріп, қамқорлығымызға алып келеміз.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген, «Әлім Ата» қайырымдылық қорына депутаттық көмек ретінде 1 000 000 (бір млн) теңге қаржы бөлдім.
Жергілікті «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында өткізілген аудандық «Қазалым» балалар би байқауы мен өзге де қоғамдық іс-шараларды қаржылай демеп, сәби жүзіне күлкі үйіру үшін қолдан келгенімізді жасап келеміз.
Арал ауданының Тастүбек елді мекенінде 5 млн теңгедей қаражат көлемінде бастауыш сыныптың мектеп ғимаратын салып, теңізге су толып, қатары көбейген ауыл тұрғындарының қуанышын еселедік.
Батыс пен Шығысты жалғаған Батыс Еуропа, Батыс Қытай автодәлізінің Қазалы – Арал бағытының тас жолының бойында орналасқан «Арыстан баб» кесенесіне жол салып, зиярат етіп, «құран бағыштаймын» деген халықтың басты кедергісін жойдық.
Көп жылдар бойы медицина саласында қызмет жасаған жарым Сұлушаш екеуіміз 1980 жылы шаңырақ көтеріп, өмірге Бақыт, Бақытбек есімді екі бала келді. Тұңғышымыз Бақыт жастайынан елгезек, қолына алған ісін ұршықша айналдырып алып кететін, бастаған ісін қандай қиыншылығы болса да соңына дейін жеткізетін жауапкершілігі мол, өте ерекше бала болатын. Бүгінде қанатын кең сермеген кәсібімнің де өркен жаюына үлкен үлес қосқан осы балам еді. Тағдырдың жазуына шара бар ма?! Дәм-тұзы таусылып 1999 жылы бізді тастап кете барды. Менің бастаған ісімді жалғастырған үлкен ұлым о дүниелік болған соң, ағасының жолын екінші балам Бақытбек қуып, шаруашылықтың тізгінін қолына алды. Шағын кәсібімді үлкен серіктестікке айналдырып, шет елмен де байланысымызды нығайтып, жергілікті тұрғындармен де тонның ішкі бауындай болып жұмыс жасап келе жатқан осы – Бақытбегім. 2000 жылы келінім Бота екеуі отау құрып, Ақтоты, Тұрар, Альфред, Айару есімді немерелер сүйгізді.
Ұлым Бақытбек «Бөген сервистік дайындау орталығының» ЖШС-нің директоры болса, жұбайым Сапарова Сұлушаш «Бақыт» шаруа қожалығының сенімді басқарушысы.
Менен кейінгі Дөненбай Қазалы теміржолында еңбек етті. Кенже інім Мұса 2009 жылы кенеттен дүние салды. Лиза келінім мен үш баласы Қандыағашта тұрып жатыр. Қарындасым Гүлдәрі жолдасы Талғат екеуі екі бала тәрбиелеп өсірді. Талғат қарамағымдағы балық зауытында директор қызметін атқарып келеді.
Шегі, қиыры жоқ, құт дарып бақ қонған киелі мекен, сайын дала! Бұл, қазақтың даласы! Өмір даңғыл жол емес, оның да құпия қалтарысы мен бұралаңы жетерлік. Өмірдің дариясында шебер жүзе білудің өзіне ерекше күш-қуат, жігер, тәрбие аса қажет. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді баба сөзі, төмендей қалсаң төбеңде қарғалар ойнайтын бүгінде әр үйде тәрбие шаңырағының шайқалмай, керегесінің кең болуы қазақы дәстүрімізді күнделікті қолдануымызға байланысты. Сол кезде жастарымыз тағдырдың тайғанағын көп көрсе де, жиырмадағы жігіттің қайрат-жігеріндей заман көшінен қалмай алға ұмтыла берері хақ. Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға Абай атамыз:
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан», – деп өмір атты алып зәулім ғимараттың кірпіші болып қалануға жол нұсқайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да ұлағатты сөзін ойыма тірек еткім келеді. «XXI ғасыр білімпаздың ғасыры болып табылады. Сондықтан, заманауи жағдайында үлкен дүниежүзілік бәсекеде, айрықша білім иегері ғана жеңіске жетеді» дейді. Еліміздің алға қойған мақсатын жоғары қойып, білім мен жаңа технологияға ұмтылуымыз керек. Сол кезде ғана жарқын болашақтың кемел тізгіні жасампаз жастардың еншісіне тиеді.
Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы – қазақ даласы, тілегі бір, жүрегі бір көп ұлтты халқымыз ұлттың ұлы дәстүрлер рухымен дамыған елдердің сапына қадам басуына, гүлденуіне ат салысу – біздің аға ретіндегі азаматтық борышымыз! Ерхатов Аманбай