Кеңес Есжанов

Рейтинг:

САЯЛЫ БӘЙТЕРЕК 
 
      Көзін уқалай шыққан күнмен таласа, өмір арбасынан түсіп қалмай, тырбанып келеміз. Жанып біткен сіріңке талындай, батқан күнмен қолтықтаса кеткен өткен күндер, артыңа қарайлауыңа мұрша бермейді екен. Қыр астында ерттеулі тұрған қырық бестің қара торысын тебініп қалғанда, жүгенге көнбейтін уақыт ағыны түрлі жолға апарып тастайды-мыс. 
      «Ата-анаңның қадірін, балалы болғанда білерсің», – деп кәрі жілікті кереге басына ілген аталарымыз бекер айтпапты. 
      Бүгінде мен де бір отбасының азаматы, асықтай ұл-қыздың әкесімін. Ой түбінде жатқан сөздің, шер толқуымен шығатыны бар. Тұғыр орнатсам да қалыпқа сыйдыра алмайтын, бітімі ерекше, болмысы бөлек әкем туралы бір толғанбасам, перзенттік келбетіме сын!
       Нарық заманында тиын санатып, көзін шел басқан қоғамда жүгіріп жұмыс істесек те, тірліктің ноқтасын уақыт жүйрігінің ері басына ілінген соң кейде аз уақытымыздың бір сәтін қымбат жандарымызға бөлуге қолымыз тимей жатады. Жұмыр жүректі әр адамның жүрегінде, ойында бір тәтті сезімнің құшағына бөленетін, ешкімге айтпайтын, тіпті, бөліскісі келмейтін ішкі сыры болады. Шаршағанымда шашымнан сипап, қуанғанымда мерейімді өсіріп, қамыққанымда сабырдың өркенін жайдырып, жетістікке қолым жеткенде тілінен тәубасы түспей, өмірін шүкірмен өткізген әкем Кеңес Есжановтың аласармас бейнесі күн өткен сайын менмұндалайтын Хан тәңіріндей шоқтығы биіктеп келеді. 
      Менің әкем бір ауданды басқарған  жоқ, он саусағы пернеде жүгіре, қара домбыраны күмбірлеткен жырау да болмады. Әкем, үстінен даланың иісі бұрқырап, атадан қалған дәстүрді жалғастырып, көк майсалы жерде тебіндей жайылған мал шаруашылығында еңбек етті. Асқар тауым жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы, ел ішін желдей ескен қуаңшылық жылдары дүниеге келген. Әкесі, яғни, менің атам Есжан Үсенбеков ғасырлар тоғысын көрген қарапайым еңбек адамы болған. Кеңес үкіметі кезінде колхозда жұмыс істеген. Мал шаруашылығы тіршілік көзіне айналған елдің өміріне өзгерістер әкелді. Бір жайылымға төл өргізіп, бір құдықтың басына жиналған қазақты, бір төбенің басына жинап, ортақ мақсат, бір мүддеге біріктірді. Ол кездері, колхоздан басқа тіршілік жоқ болатын. Атам осы ұжымдық шаруашылықта қарауыл болып жұмыс істеп, трактор айдаған.
      Ал, анасы Қошамбекова Жұмагүл үй шаруасында болған кісі. Қазір ғой үй шаруасындағы әйел десе, біртүрлі көзбен қарайтыны.  Кезінде ол мәртебелі мамандық санатында еді. Жоқшылық, жұт, соғыс, арқаға батқан ауыр тұрмыс анасын аурушаң еткен. Қазақы елді атеистік көзқарас босағада қалдырып, сол кездегі медицинаның қауқары келмей, дерттен айыға алмаған. 
      Әкем үйдің үлкені, артынан ерген Кеңесбек, Тыныбек есімді інілері, Боранкүл  қарындасы бар. Ажал құрығына ілінген Кеңесбек пен Тынымбек бауырлары дүние салды.
      Үйдің үлкені болған әкем еңбекке ерте араласты. Отан соғысы еңселіні бүкір етіп, сексендегі шалды да таяғына қайта сүйеткен жылдары елдің жыртық көңілі жамаулы еді. Ер- азаматтардың бағыты батыс болып, қызыл эшолонға тиеліп жатқанда, орамалдысы тракторға отырып, ақ жаулықтысының қолы соқаға тиіп, жас балалар барып кел, шауып келмен күрек-кетпен тасып жүрді. Балалығы еңбекпен өткен әкем 1956 жылы Жаңатұрмыс колхозына «ағаш ұстасы» (плотник) болып қабылданады. Бұл бұрынғы №4 ауыл.
      Өз ісінің шебері – қабілетімен ұжымшардың алдыңғы қатарлы еңбеккері, осының арқасында сауын сиыр фирмасының басшылығы қызметіне көтерілді. Айыр құйрықты жыландай ысқырып келген кәмпеске жайылымдағы малды тұяқтан қақса, «ашқұрсақ жылдар» деген атты иеленген қуаңшылық  таңдайын жібітіп отырған тарғыл сиырынан айырды. Қиын-қыстау кезеңдерді артқа тастап, тұралап қалған мал шаруашылығына  қайта көңіл бөліне бастаған кез еді. Бұл жерде де абыройсыз болған жоқ, ұжым бірлігін шашыратпай, қайта «Кеңес аға жасап еді-ау?!» деген істер атқарып кетті. 
      Одан кейінгі қызметі жанар-жағар май стансасы болды. Ол кездері «кешенді айналым» режимі болған. Малдың азық-түлігін өздері жинап, өнімін үкіметке өткізіп, керек-жарағына өнімнен түскенін алып отырған. Жыралай жиек салып аққан қардың суын құрғата, егістік жерлерде соқа түсіп, кетпен-қайланың шаң-шұңы үзілмейтін. Әкем сол техникаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз еткен.
      Басшылықтың ауысуы, әрқайсысының өз реформасын енгізуі, шағын шаруашылықтарды біріктіріп, колхоздан совхозға ауыстыруға ұласты. Мал басының көбеюі, жайылымның артуы, малшылар мен бақташылардың шалғайда орналасуы – үлкен колхоздарды дүниеге әкелді.
      Басшыға тапсырманы тиянақты орындайтын, жамаулы көрпенің қиюын қиыстырып, жібін жалғайтын шебер секілді, ақсап қалған істі тұралатпай ебін тауып жасай білетін, өз ісінің маманы керек. Суға салса тат баспай, тасқа салса мұқалмайтын алмастай барлық істі ұршықша үйіріп алып кететін бесаспап мамандар аз еді. Ойдағы мен қырдағы малшыларға, техникаларға көп күттірмей жанар-жағармай жеткізіп беріп отырған әкемді,  басшылықтағылар жаңадан құрылған Киров сауда автолавкасының басшысы етіп қояды. Ол кездері ешкім біле бермейтін, малшы өлкелерді жағалайтын, көшпелі дүкенде (автолавка) зейнеткерлік жасына шыққанша еңбек етті.
      Көшпелі дүкенде құстың етінен басқаның барлығы болатын. Зауыттан шыққан әртүрлі киім-кешектер, малшыларға арналған құрал-саймандар, күнделікті қолданылатын тұрмыстық заттар, барлық азық-түліктер болды. Турасын айтқанда, бүгінгі дүкендердің көшпелі нұсқасы. 
      Адалдық пен адамдықты қатар алып жүріп, жанын салып еңбек етті. Елге жасаған пайдалы ісі еш кеткен жоқ, бірнеше мәрте Сырдария ауданы басшылығының, аудандық жанар-жағармай кеңсесінің грамоталарымен марапатталып, еліне еткен еңбегі үшін «Лениннің 100 жылдығы» және «Еңбек ардагері» медальдарын кеудесіне тақты.
      Мен үшін  әкем – тағдыр ызғарынан тоңғанда жылытар күншуағым, түн қараңғылығы көз алдымды тұмшалағанда жарық сәулесін шашатын сөнбес сәулем, тұманда адасқанымда жол тауып алып шығар тұсбағдарым. Тентексіз балалық болар ма?! Еркелік жамбасқа алған кейбір кездері ақылды сөздерімен-ақ сабамызға түсіретін. Жерде түсіп қалған затты көтеріп алып, иесін тауып алып қайтаруды тапсыратын. Бір түйір нан жесең де, тек  адалынан ауыз ти деп үнемі айтып отырады. Самайына ақ кіріп, қарттық қауқарын алғанда перзенті үшін  қарап отырмай, үнемі бірдеңе істеп жүретін асқар тауым менің!
      Бір отбасының арқасүйері болған соң, қым-қуыт тіршіліктің илеуінде иленіп кетіп, суалған жанарымен қолын көлегейлеп, батар күннің шапағымен таласа төлін өрістен күткен жандай қарайлап отырады. Намыс қамшысы мәрттікпен өрілген барша әкелер анамыз құсап айналып-толғанып асты-үстімізге түспесе де, шашымыздан иіскеп, маңдайымыздан сүйіп, қайда жүрсе де амандығымызды тілеп отырады. Ойын баласы кезімізде сүрініп-жығылып, көзіміз мөлтілдегенде, «жігіттің жанарына жас алуы жасықтық», – деп қандай қиын кездерден, шығар жол табуға баулыды. Тағдыр басынан сипамағанымен, бізге жоқшылықтың дәмін сездірген жоқ. Адамгершіліктің тізесі бүгіліп, ар-намыс көлеңкеде, адалдық табан астына қалған кезде, бізді өмір майданында құрыштай қайнатып, жүзі мұқалмайтын алдаспан, болаттай берік етті. 
      Ортай анам да аз тауқымет көрген жоқ. Соғыстың алғашқы жылы қатарлас қонған қоңсыдай Қызылорданың іргесіндегі Қоғалыкөл ауылында дүниеге келді. Түлкі кірген кетектей, ел іші астан-кестең, у-шу болып жатқан шақта бақытты балалық бола ма?!  Әкесі  – Досым, ағасы Қосымның орнына қан майданға аттанып кете барды. Жел айдаған қаңбақтай, көзделмесе де көлденең келгенге тиген Сталиннің «Халық жауы» деген қаңғыған оғынан, бұқпантайлап аман қалған ел азаматтары енді бас көтеріп жатқан кез. Әкесінің ағасы Қосым да бірдің емес, жүздің қамын ойлаған қызметте болады. Елге керек болғасын орнына інісі кеткен. Осылайша үш айлық нәресте Ортай мен анасы Зейнеп «Әйелім мен қызыма көз қырын саларсың. Соларды жеткіз! Аманат!», – деп кеткен іні сөзін жерге тастамаған Қосым қамқорлығына алады.
      Жанамалап келгенді жарақаттап кететін фашистің жырынды оғы жауынгер талғамайды. Жан алып, жан беріскен кезекті бір ұрыста екі аяғынан бірдей жарақат алған нағашы атам Досым госпитальда жан тапсырған. Жылап-сықтағанмен бола ма, тірі адам тіршілігін жасап, он тоғыз жасында жалғыз қалған нағашы әжем, екінші рет тұрмысқа шығады. Жетінші сыныпты енді бітірген анам Ортай, әкемнің әпкесі Ажаркүлдің қолында тәрбиеленіп, 1958 жылы он жеті жасында әкеммен шаңырақ көтереді. Міне, менің өмірімнің баға жетпес асыл құндылықтары, лағыл-жауһарлары осылай табысады.
      Тіршіліктің көзі тек колхоз болған сол жылдары анам, үй шаруасында болған. Кейіннен білім ошағы шаруашылық мектептерде киім ілуші болып жұмыс жасады. 
      Мектептен зейнеткерлікке шықса да, жаратылысынан жалқаулыққа жаны қас анам үйде бос отыра алмай, үйден шағын азық-түлік дүкенін ашып, біздерді жетілдірді. Анамыз Ортай өмірге он алты бала әкелген алтын құрсақты ана. Жаратқанның жарлығы талдауға түспейді. Үш перзентінен айырылып, бала күйігін көрсе де, қалғанымыздың амандығымызды тілеп, он үшімізді әкем екеуі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіп жетілдірді. Өмірдің суық қанжары Ана жүрегіне жиі қадалса да, аузынан Алласы түспей, шүкірмен ғұмыр кешіп келеді. Бүгінде сергелдеңге толы сексеннің үзеңгісіне аяқ салған әке-анамыз немере-шөбере, шөпшектердің қызығын көріп отырған ақсақалды қария, ақжаулықты әже.
      Үйдің үлкені Жамал бүгінде зейнет жасында. Жолдасы Сражаддин Сүйіпбергенов екеуінің Жантемір есімді ұлы бар. Өмірден өз еншісін алып, бір әулеттің бағанасын берік етіп, өз ізін қалдырған бақуатты ата-әже атанып отыр.
      Екінші қыз Серікгүл де көркейген Қызылорданы гүлдендіріп жүрген «Қызылорда тазалығы» мекемесінде абыроймен жұмыс атқарып келеді. Ерлан және Анар есімді қос перзенттің анасы.
      Ұлдың үлкені Біләл – Оңтүстіктің шырайлы қаласы Шымкентте тұрады. Зайыбы Гүлнар Наурызбаева екеуі Арман, Зарина есімді ұл-қызды тәрбиелеуде.
      Төртінші перзент Гүлжаһанның жолдасы Бақытбек Әбілдаев өмірден ерте кетті. Бес баласын жанына медет еткен Гүлжаһан – мұнай  мекемесінде аспазшы. Тасқа басылған таңбаны үңги соққан жел де, тамшылап тамған жаңбыр да өшіре алмайды. Нұрболаты мен Нұрлыбегі, Нұржан, Гүлнұр, Ақнұры бірі бой жетіп, енді бірі ер жетіп аналарына арқау болып отыр.
      Батыр да, ақын да анадан туады, Мейрамбек елдің елеулі ұлы бола білді. Жастайынан ілім-білімге деген ерекше құштарлығы, ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы, ел игілігіне қызмет ететін, үлкен жетістіктерге алып келді. Әрбір жетістікке жеткен ер-азаматтың артында жары тұрады. Өмірлік серігі Гүлнар жеке кәсіпкерлікпен айналысса, өзі бұл күнде, ел мұңын мінберге жеткізген қалалық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясында комиссия алқасының мүшесі. 
      Жаңабайымыз №268 орта мектебінде жұмыс істейді. Жары Гүлмира екеуі Бауыржан есімді азамат пен Айнұр есімді қызына өмір тағылымын үйретіп, өнегелі жолға салып келеді. 
      Жетіншіміз Раушан да Біләл секілді Шымкент қаласында тұрады. Жолдасы Бақытбек екеуі, Айбосыны мен Ғалымжанының тілеуін Тәңірден тілеген, бақытты ата-ана.
      Одан кейінгі Гажданбек пен Эльмира да біреуден ілгері, біреуден кейін, ел қатарлы Есжановтар әулетінің түтенін түтетіп отыр. Бақытжан есімді бір ұл мен Дильназ қызын тәрбиелеп, үміттерін үкілеп келеді.
      Тоғызыншымыз Күлмиза Қызылорда қаласындағы №8 балабақшада - әдіскер.
      Одан кейінгісі өзім. Айға ел қондырмасақ та, қолымыздан келгенін жасап келе жатқан жайым бар. Облыс орталығына іргелес жатқан Сырдария ауыл шаруашылығы саласында еңбек етудемін. Уақыт тапшылық танытқан бүгінде, нарықтың жетегінен айрылып қалмау керек. Ақын атын иемденген «А.Тоқмағанбетов» шаруа қожалығына төрағалық етіп келемін. Бір табаққа қол салып, үкіметке жәутеңдеген дәуір келмеске кетті. Өз ісімізді өзіміз жүргізіп, өз қотырымызды өзіміз қасымасақ, заман көшінен қалып қоямыз. 
      Негізгі мамандығым «Маркетинг және коммерция негіздері». Еңбек жолым ауылшаруашылығы саласынан басталып, «Тереңөзек Астық» АҚ, механика транспорт қызметтік бөліміне басшылық жасап, 2015 жылдан бері «А.Тоқмағанбетов» шаруа қожалығына төрағасымын. Аллаға шүкір, ел ықыласынан артық қандай алғыс керек.
      Жолдасым Құралай Алдиярқызы облыстық кірістер департаментінде бас маман. Үлкен ұлым Арафат жетінші, Ғаламатым төртінші сыныпта оқиды.
      Он бірінші бала Айгүл ҚазГЮА колледжінде ағылшын тілінен дәріс береді. Жолдасы Бауыржан екеуі Дінислам және Інжу есімді қос  перзенттің ата-анасы.
      Он үш перзенттің бірі Нұргүл ұстаздық дейтін ұлы есімді арқалап жүрген мұғалім. №143 орта мектеп директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр. Жолдасы Берік екеуі Даниал, Данияр, Мадияр есімді үш батырды тәрбиелеп, қанаттарын қомдап келеді.
      Он алты қанат ақ боз үйіміздің кенжесі Алмат та, аға-әкпелерінің ізін қуып, үлгі боларлық іс жасап келе келеді. Болашағынан зор үміт күттіретін бірден-бір жас.
      Еңкейсе сынатын емендей, иілуге көнбейтін шұбар тағдыр пенденің айтқанына көне ме? Әкеміздің қабағынан тәрбие алып, анамыздың етегінен ұстап, ер жетсек те, бір-бір үйдің отағасы, белді қызметтің иесі болсақ та, олардың алдында еркелегіміз келіп тұрады. Жүзімізді суық шалдырмасын десек, жел өтіне қалқан болған ата-аналарымызды ардақтауымыз қажет.
  
 
 
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...