Жандәулетов Темірхан

Рейтинг:

Аралдың арда азаматы
 
      Желідегі бұзауын идіріп, сиырын сауған қазақ сүтінен қаймағын алып, піспегін қозғап күбісін пісіп, табындаған сиырының соңында көшіп-қонып отырған. Сүзіп алған сары суының өзін емге жаратып, өреде құрты жаюлы болған. Сабауында қойдың жүні желпілдеп, білекпен басқан киізі әлі күнге қазақы дәстүрінің тұнығы лайланбаған ауыл жұртының төрінде қалауыш болып ілініп, киіз болып табанында төселуде. Ұсталығы әкеден балаға мұраға қалған өнердің оқасын ойып, зерін нақыштаған зергерлік – құйрық шанша құйғытқан уақыт қараторысының артқы тұяғында қалып қойған жоқ, үзеңгісіне ілініп келеді. Күнделікті тұрмыста қолданатын заттарды өздері қолдан жасап, тіпті, жылқының аяғына тұсау есетін тұсаушыға дейін болған. Өткеннің сұр кілемін сілкіп қалсаң,  түгінен дәстүрлі ата-кәсіптің жұрнағы төгіліп түседі. Баба заңын тірек етіп, дала мәдениетін қалыптастырған ол кезде де сауданың қазаны оттан түспей, қақпағын ойната бұрқ-бұрқ қайнаған. Қос өкпесін қолына ала базарға жүгірген бүгінгі нарықтың тілімен айтсақ «бартер» де болған ол кезде.
      Шығыста айдаһарын алдына салған қытай елімен, батыста әскері мұз құрсанған Рим папасының тізесін дірілдеткен Еділ патша тұлпарының тұяғы жеткен жерге дейінгі әлемнің екі нүктесін жалғастырған Ұлы Жібек жолы – бүгінгі күн сол екі әлемді жалғаған темір жол қатынасы еді. Қозысын үнді шайына айырбастаса, танасын беріп жібек алған. Аспанмен тілдескен Алатаудан асып, құм суырған құла түзден басып өтіп, Рейннің жағасында түйесінің белін суытқан Ұлы сауда жолы біздің заманымызға дейінгі II ғасырда алғашқы түйесіне жүк артса, сананың өсіп жетілуі ғылымның көрігін қайта үрлеп, Ұлы Жібек жолының бойына шойын жолды төседі. «Ғасырлық жоба» деп қызылмен жазылған теміржол құрылысы Айнабұлақта түйісіп, Түрксіб атауын алды. 
      Алғашында дала баласының танымына таңсық болған темір тұлпар, бүгінде ел экономикасының локомативіне айналды. Сайын даланы түтіні будақтай тіліп өткен паровоз, жалғызіліктіні жолда қалдырмай, нардың жүгін жеңілдетті. Жазылуын күтіп жатқан бір кітапқа татырлық тұлға әкеміз Жандәулетов Темірхан соғыс өртінің шоғы әлі сөнбеген 1951 жылы арқасынан ауы түспеген Арал ауданында дүниеге келді. Алты қанатты ақбоз үйдің уығын иіп, төрт түлігінің тұяғын тағалаған шебер қол, темір тұлпарды ауыздықтағанда, қолына қамшы іліп, қос ескекті тең алған он саусақ шойын жолдың ауыр балғасын арқалап кете барды. Соғыс аяқталса да, селк еткеннен секем алған ел көңілі күпті еді. Қайта құру қыранын көгінде қанша қалықтатқанымен, соғыс жарымжан еткен тұрмыс тобылғыдан жасалған таяғына сүйеніп орнынан тұрса да, қара жерде тайып жығыла берді. Майданнан аман-есен оралғанын бас сауға қылып, ауыз толтыра нан шайнамаса да, түбі тесік қабының қуысын ақтарып тапқан тарысынан шалғам жасап, «шықпа, жаным, шықпа» сөзі талай кәлимада айтылып жүрген кез болатын. Атамыз Қуантқан – паровоз айдап, ризығын теміржол саласынан тапқан еңбек адамы. Найзағайы талай жүректі қақ бөлген соғыс жылдары паровоз тегершігінен қолы босамады. Нәпақа тапқан жұмысы Отан алдындағы парызға ұласып, еліне қызмет етті. Әжеміз Тәкенова Зибагүл үй шаруашылығындағы әйел болды. Тәңір жағып берген қос шырағы Өмірзағы мен Темірханының жақсы тәрбие алуына аянбай еңбек етті. Алма ағашы тамған нәрі мен топырағының құнарына байланысты бүр жарады. Зибагүл ана балалықтың дариясын тобығымен кешкен қос ұлының таңдайын тәрбиенің балғын нәрімен жібітіп, сәби санасының жасыл бақшасына ізгілік пен адамдық гүлінің дәнін еге білді.
      Көгендегі қозысы, желідегі құлыны ұжымдастырудың уысында кетіп, шопанның қолындағы таяғы, жылқышының қолындағы құрығы қалған жылдары есікті жалғыз қақса да, «жеті ағайынын ерте келген жұт» қазақ даласының көк майсасын қуартып, ел тұрмысын жұқартып кетті. Сабасында қымызы ашып, сүр етін қақтаған қазақ үшін реформаның шәпкесін киіп, папкасын ұстаған жылдар ауыр болды. Қуантқан атамыз да көпшілік басын қойған тас жастықты жастанып, тұрмыстың асқазанын ашаршылықтың ауруы емдеген жылдары ішін ұстап, бүктетіліп қалған жоқ. Паровоз темірінің ызғары алақан қарыса да тізгінді қолдан босатпай, теміржол саласында еңбек етті. Ақсақалдықтың ақ шапанын иығына іліп, 86 жасында өмірден озды.
      Айдынында ақ шағаласы шаңқылдаған айдынды Арал іргесінде балалығын өткізіп, теңіз суы торын жібітіп, жылымында жайыны тулаған балықшы өңірде мектеп бітірді. Әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, «Приаральск» совхозындағы мал бордақылау алаңында жұмыс істеді. Сырында мүйізді ірі қарасының қоңы қалыңдап, қырында түйесінің өркеші құламаған, жалдысының қазысы бес елі болған өлкеде малшаруашылығының да өркені құлаған кез еді. Бордақылау алаңында жұмыс істеген әкеміз Темірхан ата жолынан адаспай, еңбек жолының алғашқы кірпішін адалдықтың қызыл сазынан құйып қалады. Үлкен арман қанатының суылы жалынды жастың жүрегін самалымен тербеп, балаларының болашағы үшін, аудан орталығына көшіп келді. Ошағының оты жанған жерден кім кетеді дейсің? Ерні кезеріп, табаны тілімделген теңіз көз ұшында қол бұлғап кетіп бара жатқан соң, қозғалмасына болмады. Малшаруашылығының да жанары суалып, күйі кетіп, қайта-қайта ауа жетпей, тынысы тарыла бастады. Экологияның ақша бұлты теңіз жағасында ғана қалып қойған жоқ, аудан орталығына да екпіндете көшіп келді. Ертегідегі Көлтаусардың да ұрты мұндай үлкен болмас, Арал теңізі жылдам тартылды.
      Арал қаласының негізгі кәсібі – балық шаруашылығы. Кеме қайырылаған соң, оның да тірсегі көрінді. Қалаға келген соң, әкем бүкіл ауданның халқын электрмен қамтамасыз етіп отырған «Дәулетэнерго» мекемесіне қызметке тұрады. Тоқырау жылдарының қабағы түйілгенше, осы мекемеде дәнекерлеуші болып еңбек етті.      «Қайта құру» деп қызылкеңірдектене сөйлегенімен, сілтеген қолы ауа қармап қалған кешегі іргесі сөгілмес деген КСРО ыдырағаннан кейін, енші алған жас мемлекеттің жүрегінде ұлттық намыстың алауы ойнағанымен, көңілде қобалжу бар еді. Бір орталыққа бағынған жүйе, отардан бөліп қара қошқарын баққан шопанның қолына бірден таяғын ұстата қойған жоқ. Есікті қағып, табалдырықта тұрған нарықтың отты жанарынан жасқанған зауыттар  мен фабрикалар, өзге де ұжымдық мекемелер тегеуріні қатты қолдың уысында қысылып қалмас үшін, тарап-тарап кетті. Коммунизмнің көлінде жүзіп қалған кәсіпорындар енші алып, босағасын бөлек салғаннан кейін, желкенін түргенімен, нарық желін қолдана білмеді. Ұжымдық отаудың іргесі сөгілгенде, дағдарыс қараңғылығында аяғының астындағыны көрмей адасқанда, жылт етіп көрінген сәуле – жеке кәсіпкерлік еді. Тоқыраудың қысында жоқшылықтан тоңған халық шағын болса да, өз ісін бастауға қарманды.
      «Кемедегінің жаны бір» демекші, алып мекеменің сым толы сөмкесін арқаласа да, жоқшылық біздің әулетті де айналып өткен жоқ. Бір қиындыққа тап болғанда, Жаратқан екінші мүмкіндікті сыйлайды екен. Жұмыс орны жабылып қалғанмен, әкем қол қусырып қарап қалмады. Есіктің алдынан техникалық жөндеу орталығын ашты. Қалаға кіретін күрежолдың бойынан кәсібінің алтын сақасы оңынан түсіп, тұтынушылар келе бастады. Білегін түре кіріскен іс осылайша етек жайып кетті. 
      Өмір деген –  бірін салсаң, бірі жоқ арбаның екі дөңгелегі секілді. Кәсібі енді ғана екпін алып, шаруашылығы дөңгелене бастағанда, шоқтығы биік асқар тау әке бақиға аттанып кете барды. Бірақ, асыл әкем артына даңғыл жол салып кетті. Ақ қайнарлы тұма бұлақтың көзін ашып, бізге ақ жолды, дұрыс бағытты нұсқап кетті.      Қабағына қырау өрнек салып, ызғар шашқан заманда мейірімділігімен әлемді жылытқан аналардың құдіретінде шек бар ма?! Жүрегінде махаббаттың лебі есіп, жанарында нұр ойнап, жүзінен мейірімділіктің тамшысы тамып тұрған асыл жандар туралы кімдер қалам тербемеген?! «Балапаным» деп басыңнан сипағанда, ыстық алақаны әлемнің қандай мұз тауы болса да, ерітіп жіберетін аналардың құдіретін микроскоппен қарасаң да, жасушаларын көре алмайтын  тылсым дүниемен жалғасып жатқан бір шексіздік бар. Текті әулеттің ақ босағасын ақ орамалды келін болып аттап, шаңырақты ырысты етіп, берекенің дәнін еккен анамыз Айсұлу 1953 жылы Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Құмды ауылда балалығын өткізіп, мың жылда бір туатын шайыр Зейнолла Шүкіров атындағы мектепте білім алды. Ардақты анамыздың ата-анасы да теңіз бетін әрі бұрған соң, үйін жығып қалаға көшіп келді. Теңіз төсінде айдауда болған украинның ұлы суретшісі Тарас Шевченко атындағы мектепте білімін жалғастырып, алтын ұядан қанаттанды. Арман қуып үлкен қалаға аттанғанымен, студент болу бақыты бұйырмады. Ол кезде оқуға түсе алмай, ауылға қайтып келу –  ұят саналатын. Ата-анасының көңіліне кірбің түспесін деп қалада қалып, «Лениншіл жас» газетінің редакциясында жұмысқа орналасты да, жалынды жігерін еңбекке алмастырып, тіршілік әлеміне енді де кетті.
      Еңбек демалысын алып ауылға келгенде, Темірхан әкемізбен танысып, 1972 жылы шаңырақ көтереді. Екі түрлі арнамен құлай аққан қос өзен бір сағада тоғысып, бақытты ғұмыр кешті. Кездейсоқ бұрылыс жасайтын өмір қалтарыстары да аз болған жоқ. Өмірге үш қыз, екі ұл – бес перзент әкеліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Шаттығы кернеген ақ үйде Айсұлу анамыз бүгінде немерелерін тәрбиелеп келеді. Ғасырлар тоғысын көрген асыл ананың таңдайынан ұрпағының тілеуі түскен емес,біздің ақылшымыз, дұрыс жолға бағыттаушымыз болып отыр.
      Қанша айтсақ та тіліміздің бүртігі ойылмайтын, мұз құрсанған нарықтың ызғарында үсікке шалынбау үшін, бір құрсақтан шыққан бауырлар бір төбенің басында, бір белдеуге аттарын байлау керек болды. Бір иыққа түскен зілі батпандай тұрмыстың ауыр жүгін бірге көтерісіп, жұмылған жұдырықтай болып кәсіп бастадық.
      Әкемнің қолғанаты болған екінші перзент – мен, 1996 жылы Ақтөбе сәулет - құрылыс колледжін бітіріп шықтым. Оқуымды тәмамдап келген соң, әкемнің қасында жұмыс істедім. Ел тірсегі титықтап, жинаулы кермешесіне өрмекші тор құрған кездері халықпен бірге болып, ел жұтқан уды біз де жұттық. Өтпелі жолдың бойынан ашқан техникалық жөндеу орталығымыз таңның атысы, күннің батысы келушілерге қызмет етті. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген, қолы еп көрген істің иінін одан әрі қандырып, келімді-кетімді жолаушылардың тек алғысын алып отырдық. Әкем өте жайлы кісі болды. Мінезі мамықтай жұмсақ, әңгімелескенде, өзгеше бір жылылықпен адамды тартып тұратын. Ақтөбеде оқу оқып келгеніммен, алдымнан кім маған жұмыс дайындап қойды дейсің, оның үстіне әкемнің қасына адам керек болып, жанына бардым. Күнде таңертең ерте келуімді айтатын. Бозбалалық кімде болмаған, кейде кештеу келіп жатамын. Кәсіпкерлік сол кісінің атында болды. Техникалық жөндеу орталығының маңдайына «Сварка» деп жазып қойдық. Алғашында үш адам болып еңбек еттік те, кейіннен кәсібімізді үлкейттік.
      Тағдыр тосын сыйын айтып бере ме, 2000 жылы кенеттен дүние салды. Қан қысымының көтерілуі әкемізді ортамыздан алып кетті. Ұлдың үлкені болғандықтан, әке ісін мен жалғастырдым. Тек қана Аралдан емес, ауылдан да келімді-кетімді адамдар бізге тоқтамай кетпейтін.  Әкем жарықтық  жортқан жолаушының көлігін жөндеумен қатар, танымайтын адамның ас ауқатын беріп, үйге қондыратын. Қазақ па, орыс па, өзбек пе, ол үшін  бәрібір, ұлтқа бөлмейтін.
      Адамға жақсылық жасауды жаны сүйетін. Елдің қалтасы тесік сол кездері, қолындағы барын біреумен бөліспесе көңілі көншімейтін қолы ашық, жомарт жан болды. Кісі көңілін қалдырмауға,  тіпті, сызат  түсірмеуге тырысатын.  Көңілі ақ ұлпадай кіршіксіз таза, жүзіне қарағанның жүрегіне нұрлы сәуле төгетін мейірімі ерекше еді. Бақилық болғаннан кейін, кезінде қолдау алып, жақсылығын көргендер келіп-кетіп жатты. Бірде таң атпай, үйдің терезесін біреу қағады. Кім десек: «Тәкеңнің өмірден өткенін естіп, басына құран бағыштауды жөн көрдік», – деп, бір кісі отбасымен келіп тұр. Осындай талай адамдар келді. Әкемнің жақсылығын ел-жұрты көп көрді. Есімі ел есінде қалған әкенің ұлы болғанымды мақтан етемін. Атына кір келтірмеу үшін, қолымыздан бар келгенін жасап келеміз. 
      Әлем тарихында «ғылыми төңкеріс ғасыры» деген ат қалдырған ХІ ғасырдың тіркемесін сүйреткен жаңа ғасыр көз ілеспес жылдамдықпен дамыды. Қызған көрігін жиі үрлемесең, кәсіптің шоғы тез сөніп, тек қана сауынды сиырдың сүтін кәсіп еткеннің айраны, шелегінде ұйыды. Айлығы айлап кешіккен мемлекеттік қызмет аузымыздан ақ майды ағызбаса да, өзегімізді талдырған жоқ. Бірақ, қос жорғаны парлап жеккен нарық, өгіз аяңды жол шетіне шығарды. Әке негізін қалаған кәсібіміз тұралап қалмас үшін, заман көшінен қалмай кәсібімізді үлкейтудің қамын жасадық. Нарық тілімен түйген жоқшылықтың түйінін тісімен шешіп, ой қазығында орайын тапқан мақсатты іске асыруға белсене кірістік. Беделі тобықтан түскен тиынның құнын қайта көтеріп, «Жұлдыз» шағын несиелендіру жеке шаруашылық серіктестігін аштық. Айырбас сауданың айдарынан жел есіп, әмиян бұрышта елеусіз қалған сәтте, қозданған шоқты қайта үрлеп жағып, халықты қаржылай қолдап, аудан экономикасының еңкейген еңсесін қайта тіктедік. Тек қана балық шаруашылығына маманданған елдің қолына қайта күрек ұстауына сеп болып, түрлі саланың пердесін түргендерді қаржылай қолдап, жәрдемдестік. Бұл дегенің шөл далаға гүл отырғызғанмен бірдей еді. Талай жанның ақ сәуле арманының ақ көгершінін алақанына қондырып, үмітін жалғап, қолымыздан келгенше көмектестік. Нағыз бақыт – өзің еккен гүлдің өзге кеудеде қауыз жарғаны. Бас білмес асаудай жалын ұстатпай қашқан бизнес тұлпарын тақымға қайта басып, 2005-2006 жылдары Арал қаласында тұрғындарға қызмет көрсететін «Шағала» қоғамдық моншасын аштық. Жаңа заманғы нысанды халық игілігіне беріп, аудан тұрғындарына тамшыдай болса да, көмегіміз тигенін  көңілімізге медет тұтып келеміз.
      Бизнес  – шеті көктелмеген жібек тәрізді, бір жұдырықтай жұмылып еңбек етпесең, шеті сетінеп кете береді.  Жасы үлкендерінің тағылымды іс - әрекетін  үлгі ете білген қазақтың сыны кетпеген сыйластық дәстүрі керемет емес пе? Сексеуіл кентінде бірнеше жанар-жағармай құю бекеттерін ашып, үлкен әпкеміз Сәндігүлді басшы етіп қойдық. Бүгінде кәсібін дөңгелетіп, тұрғындар қажеттілігін өтеп келеді.
      Тоқырау жылдары енші алған қазақ елі Аллаға шүкір, бүгінде тәуелсіздіктің көк туын желбіретіп келеді. Алғашында тұмсық алдын ақ түтек еткен уақытша қиыншылықтың тұманы сейіліп, сақинасы ұстаған ел экономикасы басын көтерді. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақ елі бүгінде әлемнің дамыған елдерінің қатарына кірді. «Көсе-көселеп» шөктірген түйесі артқан жүгін жолда қалдырмаған Ұлы Жібек жолы – көшпелі қазақтың сауда мәдениетін дамытып қана қоймай, Батыс пен Шығысты мәмілеге келтірген күрежол болған. Сауда сағатының тілі тоқтаусыз айналған бүгінде сүрлеу жолға қайтадан із салып, қос ендікті жалғаған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі де дамушы елдің экономикасына үлкен серпін берді. Шалқасынан құлаған шалғайдағы ауылдың саудасына су бүркіп, кәсібін қайта жандандырды. Қаратаудан құлаған керуеннен жібек алып, елтірісін саудалаған аталар ізін қуып, қара жолдың қара майы отқа қойылғанда, қарап қалғанымыз жоқ. «Жанамын» деген жүрекке от беріп, «шабамын» деген жігітке ат берген үкімет кәсіпкерлікті қолдауда бір саусағын бүгіп қалмады. Білек түргеннің қолына күрек берді. Облыстағы кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша Арал ауданынан қиып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәліз жолының бойынан халыққа кешенді қызмет көрсететін орталық аштық. Аталмыш орталықта алыс жолдан шаршаған жолаушының барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ететіндей жағдай жасап келеміз. Шөлін қандырар ұлттық сусынға дейін сөреге қойып, халықаралық стандартқа сай қонақ үй қызметін ұсынудамыз.
      Осындай игі бастамамызға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтің өзі жоғары  бағасын берді. Қиын кезеңдерде қара суды бөлісіп ішкен әкенің жомарттығы жел болып ұшып кеткен жоқ.Тұлпардан тұлпар туып, өңірдегі түрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларының басы-қасында жүріп, еңбегіміз еленіп, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Алғыс хатына» ие болдым. Бұл мен үшін, кәсібім үшін – үлкен ынталандыру еді. 
      Жаяудың шаңы көтеріліп, жалғыздың үні шыққан ба? Алғаш бастағанда кәсіптің қиындығын бірге көтерісіп, бақыт бесігінде бірге тербелген жарым Гүлдана Толыбайқызы 1979 жылы Арал ауданы, Қаратерең елді мекенінде өмірге келген. Әкесі Ұйқасов Толыбай – балық шаруашылығында қызметте болса, анасы ....................–. ферма есепшісінің көмекшісі, кітапханашы. Қаратерең балық заводы балабақшасының меңгерушісі, кейіннен экономистің көмекшісі қызметтерін атқарып, зейнетке шыққан. Бауырын балдыр жалаған балықшы ауылдың қызы Гүлдана Қазақ ұлттық педагогикалық институты мен Абай атындағы Қазақ ұлттық университетін жоғарғы бағаға бітірді. Еңбек жолын «Арал теңізі обаға қарсы күрес» станциясында заңгерлік қызметтен бастап, осы күні отбасылық кәсіптің тізгінін қолына ұстап,маған қолдау көрсетіп келеді. Берекелі шаңырақтың отағасы болып, отбасының бірлігі мен ынтымағын сақтап ұйытқы болып жүрген жайымыз бар. Үлкен қызымыз Жанат – Жанболат есімді азаматтың аяулы жары. Есімін «жұлдыздай жарқырасын» деген ниетпен әжесі қойған екінші қызымыз Жұлдыз –  қазіргі таңда Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінің озат оқушысы. Одан кейінгі Аяулым да –  оқу үздігі, өнерлі болып бойжетіп келеді. Мирас атты азаматымыз – екінші сынып оқушысы. Оқу озаты. Кенжеміз ............................................
      Менен кейінгі Сағынкүл апам тасын аударса, тарихы сөйлейтін киелі Таразда табалдырық аттап, ұлы жүзге келін болды. Жолдасы Әбиев Ербол екеуі әлі күнге тылсымы құпия топырақта тіршіліктің шырағданын маздатып, тау бүркенген алапта тұрмыс иінағашын иығына асты. Ауылға ат басын бұрып, Арал шетіне бестісінің белін суытқан «Ай-Жұлдыз» кафесінің ісін жүргізіп, ел қажетіне жарап келеді.
      Төртінші перзент Жанардың өмірге деген құштарлығы –  сөйлеген сөзі мен жасаған ісінен сезіліп тұратын еді. «Жаспын» демей қолына алған істің ебін таба қимылдап, шырайын шығарып жүре беретін. Бірақ, айтып келмейтін ажал періштесі таңдаулы жанды жетегіне ертіп кете барды. Артында жетімдіктің ащы тамшысы таңдайына тамған үш баласы көзі жәудіреп қала берді. Қамшысының сабы сынып «аһ» ұрған азаматы Алданазар да тағдырдан мұндай соққы күтпеп еді. «Жазмыштан озмыш жоқ». Жанардың жарқын бейнесі өзі жақсы көрген, өзін жақсы көрген жандардың жүрегінде мәңгі сақталып қалды. 
      Әке қолының табы қалған қара шаңырақтың уығын сетінетпей ұстаған кенже ұл Еркін үлкен әулеттің керегесін кеңейтпесе, аясын тар қылған жоқ. 1990 жылы дүниеге келген Еркін кәсібіміздің оң жағынан демеп, менің қолғанатым болып келеді. Жоғары оқу орнын заңгер мамандығы бойынша тәмамдап, халыққа есігін енді ғана айқара ашқан «Ер-Ай» атты жаңа базардың басы-қасында. Жолдасы Жансая – адам жанын емдейтін психолог. Десек те, бәрі бір әулет кәсібінің төңірегінде еңбек етіп келеді.
      Нақыл сөздеріміз ауа қармап, дәстүріміздің көзі ілініп, сананы тұрмыс билеген заманда өр рухты жандардың өнегелі істеріне кейінгі жастар  – зәру-ақ. Қара нардың жүгін қайыспай көтеріп, бүрсең қаққанға бешпентін шешіп берген Аралдың Атымтайдай жомарты –  Жандәулетов Темірхан әкеміздің есімі шарапатын көрген жандардың есінде мәңгіге қалмақ!
Жандәулетов Берік Темірханұлы
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...