![]()
Мамандық – ұлт талғамайды. Ер мен әйел деп те бөлінбейді. Бүгінгі біздің мақаламыздың кейіпкері заты әйел болса да кәсіпкерліктің тізгінін қолына ұстап, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келе жатқан табысты кәсіпкер -
Махмудова Бахтылы Құспанғалиқызы. Бахтылы Құспанғалиқызы 1969 жылдың 3 шілдесінде Атырау облысы, Балықшы елді мекенінде дүниеге келді. Дархандық пен кеңдік, даналық пен мейірімділікті бойына сыйдырып өскен сырлы самалына балалық бұрымын сүйдірген Бахтылы Балықшыда кіндік қаны тамғанымен, отбасылық жағдайына байланысты Құрманғазы ауданының топырағына келіп Ломоносов мектебінен орта білім алды.
Кәсіпкерлік – еңбек ете білгеннің шырайын шығаратын сала. Оған да төзімділік, жігерлілік, қайсарлық пен табандылық керек. Өз кәсібін адалынан жүргізгендердің ғана басына бақ конатыны секілді, мектеп қабырғасында жүргенде жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйым-
дастырушылық қабілетін одан әрі ұштап, бойындағы бұғып жатқан өзге де қасиеттердің басын тіктей білген Бахтылы Құспанғалиқызы бастаған алғашқы кәсібі туралы былай әңгіме арқанын өреді:
- Өз жүрек қалауым бойынша аспаздық, тамақ өндірісі және сервистік қызметпен байланысты мамандық алып, аудан халқына аспаздық және кондитерлік өнімдерді әзірлеп, өндіріп, сату жұмыстарымен айналыстым.
Бастапқыда тапсырыс берушілердің сұранысы бойынша ғана дайындап, халықтың көңілінен шығып жүрдім. Кейін үкіметтің мектеп оқушыларын тамақтандыру қызметін ұйымдастыру қаулысы шығып, 2009 жылы Бегалиев мектебінің оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз еттім.
![]()
Осылайша тұтынушыларға қызмет көрсету және қоғамдық тамақтандыру саласындағы жұмысымның алғашқы баспалдағы басталды.
2014 жылдан бастап қызмет көрсету аясын ұлғайтып, аудан мектептерінің (Бегалиев, Ломоносов, Ақкөл, Еңбекші, Қ.Мырза Әлі, Имашев, Оңғарсынова, Панфилов, Гагарин, Қиғаш, №80 мектеп) оқушыларын ыстық тамақпен қамтыдым. "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық қағидалары негізінде бекітілген ас мәзіріне сай жұмыс жасаймыз. Жылдар өте оқушыларға көрсеткен қызметімді ата-аналары бағалап, халықтың зор құрметіне бөлене білдім. Осы қызметіммен қоса, заман талабына сай жеке кәсіпкерлікпен айналысу идеясы туындап, нарықта сұранысқа ие нан-бөлке өнімдерін шығаруды қолға алдым.
Халықтың талғамы мен талабы зор екендігін ескере отырып, өнімдер ассортиментін көбейту және өз брендімді қалыптастыру мақсатында шетелге танылып жүрген бизнесмендердің шеберлік кластарынан өттім. Көз тартатын және тіл үйіретіндей өнімдер дайындаудың бірнеше сертификаттарын иелендім. Нарықты зерттеп жаңа тағам түрлерін ойлап тауып, шикізат өнімдерін сатуды дамыттым.
![]()
Өнімдерді өндіруде жаңа технологиялық процесстерді енгізу және тұтынушыларға қызмет көрсетуді жетілдіру бағытында сертификатталған «Бақтылы-нан» тауарлық белгісін алдым. Тамақтандыру қызметінің сапасын жоғарылату мақсатында бағдарламалар құрып, тағамдарға, кондитерлік және аспаздық бұйымдарға жаңа рецептуралар рәсімдеп, өндірісті ұлғайттым. Бірнеше жылдар бойғы еңбегім мен төккен терімнің арқасында «Бақтылы-нан» брендін қалыптастыра білдім. Жаратушыға сансыз алғыс, еңбегімізді халық бағалап, дүкендер желісін көбейттім.
Аудан орталығында, Ақкөл, Бірлік селоларында өнімдеріміз дүкендер арқылы сатылады.
Өнімдеріміздің бағасы халыққа қолжетімді жергілікті нарық бағасымен сатылады, - дейді табысты кәсібі туралы аз-кем ақпаратпен бөліскен Бахтылы Құспанғалиқызы.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп қазақ даналығы айтқандай, Бахтылы Құспанғалиқызы көпбалалы отбасынан шыққан, асыраушыларынан айрылған балаларға жиі қамқорлық жасап, тұрмыстық жағдайы нашар отбасыларды ауданымыздың айнасы «Серпер» үнжариясына жазылуға демеушілік көрсетіп, жеке кәсібімен бірге қайырымдылық шараларына да үздіксіз қатысып келеді.
«Алдағы уақыттағы басты мақсат - заманға лайық қызмет көрсетіп, халықтың алғысына бөлену, экономикамыздың тұрақты дамуын, отандық өнімдермен қамтамасыз ету, ұлтымыздың жасампаз қуат
![]()
ын өндіретін жастарды осы отандық бизнеске баулу. Осы кәсібім отбасылық құндылыққа ие болып, ұлдарым мен келіндерім, қыз-күйеу балаларым кәсіпкерліктің бел ортасында адал нан тауып жүр.Отбасындағы азаматым Сәлім екеуміз осы кәсіптен қаражат тауып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, шаруамыз алға жылжуда» - деп ой түйіндеген Бахтылы Құспанғалиқызы Ауған соғысының ардагері Махмудов Сәліммен отбасын құрып, 5 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, «Күміс алқа» иегері атанып, осы ұрпақтарынан немере-жиен сүйіп отырған бақытты жандар.
Қаламымызды тербеп, сияға қанша малсақ та кәсіпкерліктің көшін сүйреп, ел қажеттілігін өтеп келе жатқан нәзік жандылар туралы ақпарат бір мақалаға сыймасы анық. Жұмысшыларға көрсеткен қамқорлығынан мейірімділік пен адамдықтың жұпар иісі аңқып, сөзі мен ісінен кісілік келбеті мен азаматтық болмысы айқын көрініп тұрған, тұрғындар игілігі үшін үнемі еңбек үстінде жүретін Бахтылы Құспанғалиқызының деніне саулық, отбасына амандық, кәсібіне табыс тілейміз!
![]()
![]()