Айбынды азамат
![]()
Қазыналы қазақ «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп айтқан ғой. Астарында қаншама мағына бар. Бұл сөз ғасырдан-ғасырға ұласып, әрін жоғалтпақ емес. Ерді қашанда ел қорғаны деп биіктеткен. Ал ер қоғаны болған азаматтан мінсіздік іздемеген. Атқа шапса, домбыра шертсе, елін жайласа, сөзге ұсталығы, бойда батырлығы, жүректе иманы және білімге жиғаны болса, міне, сондай азаматты елі құрметтеп, сыйлаған. Осындай құрметке ие кейіпкеріміз саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған Еркін Сапарғалиұлы 1956 жылдың 15 наурызында Семей облысы, Ақсуат ауданы, Құмкөл ауылында дүниеге келді.
Еркін Сапарғалиұлының балалық шағы өзінің қатарластары секілді қиын-қыстау кезеңде өтті. Бала болып алаңсыз ойнаған күндері болды ма, болмады ма есінде жоқ. Алайда бірсарынды ауыл өмірі, бірде бар, бірде жоқтық жадында сайрап тұратын. Сондағы жеген бір үзім нанның дәмі жайлы тоқшылық заманда қатарластарымен бірге бас қосуда айтып отыратын. Қандай қиын заман болса да мойымаған, еңбектен бақыт тапқан азаматты өмір ерте есейткен еді. Мектеп – ұлы армандардың алауын жағар киелі орда ғана емес, талабы мен қабілетіне сай жүрегіне жақын мамандыққа бейімдей білетін, шәкірт санасында ұйықтап жатқан
![]()
ерекше қабілеттің оянуына қозғау салатын қасиетті орын. 1973 жылы Құмкөл ауылындағы М.И.Калинин атындағы орта мектебін жақсыға бітірген жалынды жас Еркін Сапарғалиұлы сол кездегі үрдіс бойынша, еңбекке араласты.
- Сол жылы Қазақстан Республикасында қой санын 50 миллионға жеткізу үшін Семей облысы, Шұбартау ауданында Социалистік Еңбек Ері Жақсыбек Шүленбаев бүкіл одақта бастама көтеріп, жер-жерде қой бағатын комсомол жастар бригадалары құрыла бастады. Орталық Партия комитетінің үндеуіне үн қосып біздің совхозда да «Жас-түлек», «Лаула-Шалқар» комсомол жастар бригадасы құрылып, 10 мың басқа мал бордақылау комплексі құрылды.
Мен «Жас-түлек» комсомол жастар бригадасына мүше болып жұмысқа кірдім. Бригада да жұмыс істей жүріп, «Ново-Покровка» совхоз техникумын сырттай оқып, «зоотехник» мамандығын алып шықты. Одан әрі совхоз дирекциясы, партия комитеті, кәсіподақ комитетінің шешімімен мені «Жас-түлек» комсомол жастар бригадасына жетекші ұстаз болып, бригадаға басшылық жасадым. Бригадаға басшылық жасай жүріп, КПСС мүше болып қабылдандым,
![]()
– деп Одақтық деңгейде өткізілген бастамаға өзінің зор үлесін қосып, қатарластарының алды бола білген Еркін Сапарғалиұлы Коммунистік еңбек екпіндісі болып, "Социалистік жарыс жеңімпазы" медальдарымен, аудандық, облыстық партия конференцияларына бірнеше рет қатысып, ауылдық, аудандық советтеріне депутат болып сайланды.
Әр жылдарда 100 саулықтан 96-100 аралығында қозы алып, бригаданың ет, жүн қосымша салмақ алу жоспарларын асыра орындаған кейіпкеріміз басқарған «Жас-түлек» комсомол жастар бригадасы ауданда алдыңғы қатарда болды. Еркін Сапарғалиұлы 1980 жылы совхоз дирекциясы, партия комитеті, кәсіподақ комитетінің ұсынысымен совхоздың №6 бөлімшесіне зоотехник мамандығы бойынша жұмысқа жіберіледі.
Одан кейін 1983 жылы совхоздың №6 бөлімшесіне ферма меңгерушісі болып тағайындалып, жұмыс күші жетпейтін сол бір ауыр жылдары, табандылықпен жұмыс істеп, көрші совхоз, көрші мал фермаларын аралап жүріп, бос отырған жанұяларды жұмысқа тартудың арқасында ферма өзіне тапсырылған 100 саулықтан қозы, ет, жүн алу, қосымша салмақ алудан совхоздың бұрын ең соңында жүрсе, кейіннен алдыңғы қатарға шығарды. Одан арғы қызметінде 1990 жылы совхоздың №1 фермасына ферма меңгерушісі болғанда да жұмысты дұрыс ұйымдастыруының арқасында тыңғылықты жұмыстар атқарып, 1992 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының
![]()
бұйрығымен Сұлутал совхозына бас зоотехник болып тағайындалғанда да совхоз экономикасын көтеруде совхоз дирекциясы, кәсіподақ комитеті басшылары, ферма меңгерушісі, зоотехник, мал дәрігерінің жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра отырып нәтижелі жұмыстар атқара білді.
Сол кезде елімізде жекешелендіру басталып совхоз таратылып, ұсақ шаруа қожалығына совхоз иелігіндегі түйе, жылқы, сиыр, қой ешкіні халыққа таратып бердік. Ауыл халқы оның еңбеккерлері сол кездегі совхоз директоры Әбдрахман Байқадамов бастаған совхозды басқарған адамдарға бөліп берді, ауыл халқы ризашылығын білдірді.
Мені сол кездегі аудан әкімі Ермуханбет Рақымжановтың үкімімен ауданның Құмкөл ауылының әкімі етіп тағайындады. Ол кездері ауыл үшін өте ауыр кездер болды, халықта жұмыс жоқ, күн көру өте қиын болды. Ол қиындықты Ауылдың ақсақалдары алқасымен ақылдаса отырып, халыққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, ауыл халқына егістік, шабындықты бөліп беріп, ол қиындықты да жеңе білдік. Бір жақсысы ауылда күніне 10 тонна бидай тартатын диірмен күндіз – түні жұмыс істеп тұрды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылдың 23 мамырындағы жарлығымен Ақсуат ауданы таратылып, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қосылдық.
2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы бойынша су бөлімінің «Тебіске» су бөгетінің су реттеушісі болып жұмысқа тағайындалып, 2016 жылдың 28 қаңтарынан бастап зейнеткерлікке шықтым, – дейді еңбек жолын қысқаша баяндап өткен Еркін Сапарғалиұлы.
Кейіпкеріміз адал еңбектері үшін көптеген Алғыс хаттар мен орден-медальдармен марапатталды. Атап айтар болсақ:
Облыстық су бөлімінің «Құрмет грамотасы»;
«Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісі;
«Еңбек ардагері» медалі;
«Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін» медалі;
![]()
Аудан әкімінің Құрмет Грамотасы;
Елі үшін еміреніп, жұрт үшін жүгіріп қызмет еткен азаматтардың ерен еңбегі қашан да елеулі болады. Халықпен бірге жасап, әлеуеттің артуында аянбай қызмет еткен ағалардың арқасында бүгініміз жарқын, ертеңімізге деген сенім мол болатыны рас. Еркін Сапарғалиұлы өмірде көрген-түйгені мол азамат. Ол өзімен қызметтес болып, бір жүрген азаматтарды еске алып, бүгінде сол жылдардың естелігін еске алып отырады. Өңірінде әсіресе өз саласында адал да абыройлы тер төгіп, еңбегін аямаған жан жұмысының жемісін бергеніне қуанышты.
Тіпті, олар бір-бірімен бір отбасындай бауырмалдық қатынаста болды. Адамның адамшылығы өзін сыйлата білуі және басқаларға да сәйкесінше солай қарауында. Сый-құрметке бөленіп отырған Еркін Сапарғалиұлы отбасына, ұрпағына баянды бақыт, дендеріне саулық тілеп, еңбекпен өрілген өмірінің өнегесі өзгелерге үлгі болсын дейміз! Елдің алғаусыз алғысын алып, ұрпағына ұлағатты үлгісімен өнеге көрсетіп отырған жары Работова Төлеусары екеуі 3 ұл, 2 қыз өсіріп, құтты орындарына қондырып отырған Еркін Сапарғалиұлына мықты денсаулық тілейміз! Жаратушы берген абыройыңыз арта берсін!
![]()
![]()