Еңбек ардагерлері
![]()
Өз ісіңнің нағыз маманы болу үшін тоқтаусыз еңбек қажет. Үйренбей, ізденбей адам баласы табысқа жете алмайды. Адам өмірінде өзінің табиғатына сай келетін іспен айналысса ол міндетті түрде жемісін көреді. Сол еңбегі арқылы абырой жинап, беделі артады. Адамды алға жетелейтін оның сүйікті ісі және отбасы. Өмірдің ұзын-сонар көшіне ілескен соң Жаратқанның берген ризығын теріп жеп, көппен бірге бел-белес, қырат-қырқадан алаңсыз аса беру керек. Міне, осылаша талай қиындығы мен қызығы көп жылдарды артқа тастап, әр пенде бір сәт тізе бүгіп, соңында қалған ізге, белгіге үңіліп, өз-өзіне есеп береді. Мұндайда адам ой мен қырды түгендеп, көңіл түкпіріне үңіледі, қиял құсын шартарапқа шарлатып, өткен өмірі мен ілгері болашаққа жанарын тіктейді. Әр адамның жүріп өткен жолы үлкен тарих дейтініміз де сондықтан. Әңгімемізге арқау болып отырған Әділхан мен Сара сондай қарапайым ғана еңбектің адамдары. Ерлі-зайыпты жандар текті отбасында дүниеге келіп, ата-анасынан қазақы тәрбие алған жандар. Жас күндерінен-ақ даланың қызу жұмысына араласып, адал еңбекке дағдыланды. Маңдай тер, адал астың қадірін ардақтай білген жандар орта білімнен кейін, елдің кәсібіне жарайтын білім алып, өздерінің ғұмырын ауыл-елдің жұмысына арнады. Еткен еңбектері молынан жеміс беріп, ұжымдастары арасында мақтаулы маман да атанды. Лайықты деген марапатқа да ілікті.
Бүгінде «Майдан» шаруа қожалығының басшысы қызметін атқарып отырған Сапаров Әділхан Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Жекенді селосында майдангер отбасында дүниеге
![]()
келген. Әкесі Елеуов Сапар Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Ал анасы Қанафия сол соғыс жылдары ауылда бала тәрбиесінде аянбай тер төкті. Соғыс жылдарының ауыртпалығын көп көрген майдангер балаларының еңбекқор, адал, бастысы иманы мықты, адамгершілігі мол азамат болып өсулеріне көп көңіл бөлді. Анасы Қанафия аса сабырлы, дана кісі болатын. Ол балаларын білімге бейімдеді. Ардақты ата-анасының бойына сіңіріп кеткен тәлімді тәрбиесінің арқасында Әділхан Сапарұлы да мықты азамат болып қалыптасты. "Майдангердің баласымын" дегенде өзінің көкірегінде бір мақтаныш тұратын. Әрі сол майдангер, батыр әкенің атына, абыройына қылау түсірмейін деп, барынша әкесінің, анасының сенімін ақтауға тырысатын. Әке қанымен, ана сүтімен дарыған асыл қасиет Әділханды қай істе де биік шыңға жеткізді. Бүгінде өз бойындағы дара қасиеттерді балаларының бойынан табылып жатқанын көріп мақтанып, марқаятыны бар. Балалары да майдангердің ұрпағы екенін мақтаныш етеді.
Әділхан мен жұбайы Сара екеуі 4 қыз, 2 ұл бала тәрбиелеп өсірді. Жұбайы Қамиева Сара 1953 жылы 3 қарашада Ойыл ауданы, Жекенді селосында дүниеге келген. Жекенді, Құрманов атындағы совхозда еңбек етті. Көпбалалы «Күміс алқалы» Ана атанды. Сара апа әр баласына білім алуына жағдай жасап, әрқайсысының қанатын қатайтты. Отбасының тұңғышы Гүлбану жеке кәсіпкер болса, Ұлпаны аудан орталығында музыка мектебінде жоғары санатты ұстаз. Ал ұлдары Алмаз бен Ықылас осы аталмыш шаруа қожалығының жұмысын дөңгелентіп отыр. Кіші қызы Бану және Асыл білім беру саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Қыздарының барлығы
![]()
тұрмыста.
Әділхан Сапарұлы 1967-1969 жылдары Ойыл кәсіптік-техникалық училищесінде шопыр-слесарь, тракторшы мамандығында оқыды. Еңбек жолын Құрманов совхозында тракторшы болып бастап, біраз жылдар бойы осы Құрманов, Жекенді совхоздарында алдыңғы қатарлы тракторшы, шопыр болып еңбек етті. 2001 жылы «Майдан» шаруа қожалығын құрып, өзі тракторшы болып еңбек етті. Шаруа қожалығы негізінен қой өсірумен айналысады. Ойыл ауданының
Шұбарши елді мекеніндегі Ащысай, Жайлауы, Жармаөзек қыстағында мал шаруашылығын дамытудаңы еңбегі ұшан-теңіз.
Бүкіл саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған Әділхан Сапарұлы даналықтың, даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқарып жүр. Байсалды азаматтың адал жолдан тайған кезі болған емес. Өйткені, ұқыптылық, тиянақтылық, орнықтылық, қанағатшылық оның бойында бала кезінен қалыптасқан қасиеттер. Оны сол қасиеттері әрқашан биіктен-биікке жетелеумен келеді. Жауапты жұмысты ол еш селкеусіз, тиянақты орындап, кейінгілерге үлгі көрсету арқылы да ардақты азаматтың бірегейі деуге болады. Әрине, мұның барлығы оның өмір жолы.
![]()
Еңбектің оңайы болмайды әрі ол қиындықсыз болмайды. Әділханды да шыңдаған осы адал еңбегі. Осы ақасиеті оның абырой-беделін көтеріп, шаруасының шалқуына сеп болды. Ел сенімін ақтап, аса зор ұйымдастырушылық қабілетін танытып отырған өз саласының нағыз мықты менеджері. Оның қарапайым еңбек адамы ретінде адал жұмыс атқарып, алғысқа бөленуі ата-анасынан берілген тәрбиеден екені анық байқалады.
Білікті басшы өз ортасына мейірімін төге білуімен, еркін ойлайтындығымен және қандай істі де жеңіл ұйымдастыра білуімен ерекшеленді. Алысты болжайтын жүйрік қиялы, кісіге болысқыш адамгершілік қасиеті көп нәрсені аңғартады. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүріп оңай жолды таңдау Әділхан Сапарұлының қолы емес. Адамға бедел де, абырой да еңбекпен келеді. Қолдан жасалған тұлға емес, ел ішінен көпшіліктің көз алдында жетіліп,
![]()
кісілік болмысын қалыптастырған шынайы тұлғаның дәл өзі дерсіз! Иә, сондай адал еңбектің нәтижесінде «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні» мерекесінде облыс әкімі А.Мұхамбетовтен Алғыс хат, «Көркейе бер, туған жер!» акциясына белсенді қатысып, елеулі үлес қосқаны үшін Ойыл ауданының әкімі М.Адуллиннен Алғыс хат иеленді.
Әділхан Сапарұлы қауырт шаруасымен қатар аудандағы шараларға белсенді араласады. Қолынан келсе мұқтаж жанға қарайласатын қайырымдылығы тағы бар.
Жомарт жүректі азаматты ел-жұрты қатты құрметтейді, сыйлайды. Жаратушы осындай сыйластықтан, абыройдан ада етпей, кәсібі табысқа кенеле берсін дейміз!
![]()
![]()