Еңбектің адамы
![]()
Әдетте, әрбір адамның өмір жолына бағамдай қарайтын болсақ, оның қандай ортамен араласқанын, қандай кәсіппен айналысқанына баса назар аударатынымыз заңдылық. Жасап жүрген кәсібін ұрпағына қалдырып, оның бастау алған қайнары, қанатын қатайтып, жігерін жаныған ерекше сәттері көпшілікке үлгі-өнеге болары сөзсіз. Қазақта қолынан іс келетін адамды «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп мадақтап жатады. Айболат Ермекұлы міне, сол сөзге әбден лайықты азамат. Табиғатынан берілген бойындағы асыл қасиеті - жан-жақтылығы. Расында, қайсыбір ауылдың баласы болмасын шаруаға мығым, әр істің жайын білетін, тепсе темір үзетін мықты, жүректі, өтірік-өсекпен шаруасы жоқ, еңбекқор болатыны рас. Айболат Ермекұлы - нағыз еңбектің адамы. Шаршап-шалдығуды, ұзақ дамылдап жатуды жаны сүймейді. Үнемі жұмысбасты болып, балаларына да қызу еңбектің үлгісін көрсетіп, тәрбиелеп келеді.
Кейіпкеріміз Жұбанов Айболат Ермекұлы 1971 жылы 22 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Қайрат совхозында көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Жұбанов Ермек – жұмысшы, анасы Жұбанова Қанзира бала тәрбиесімен айналысты. Ата-анадан сегіз ағайынды бауырлар тәлімді тәрбие алып, еңбекқор, көпшіл, бауырмал болып есейді. Айболат 1977 жылы Қайрат орта мектебіне 1 сыныпқа қабылданып, 1985 жылы 9-жылдық білім алып шықты. 1985 жылы Жәнібек аудандық жоғары аграрлық техникалық училищесіне оқуға түсіп, 1988 жылы тракторист-машинист мамандығын алып шықты. 1989-1991 жылдары Примурский крайда әскери қызметін өтеді. Айболат Ермекұлы 1991-1998 жылдары аралығында Қайрат совхозында тракторист болып жұмыс істеді. 1998 жылдан бастап жеке шаруашылық қожалық болып шығып, осы кезге дейін 25 жыл бойы «Ерғазы» қожалығында ірі қара, жылқы, қой, шабындықпен айналысып шаруашылығын дамытып келеді. Қожалығында трактор, шика, газель, жеңіл машина техникалары қызмет етеді.
Иә, қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысып, жесе - асы, кисе - киімі, мінсе - көлігі, жапанда - серігі етіп келеді. Төрт түлікті ерекше құрметтеп, жайымын жазда
![]()
жайлауға, қыста қыстауға көшкен. Малдың еті, сүті тамақ болған. Терісінен, жүнінен арқан жіптер, киіз үй жабдықтарын, киім-кешек, алаша, кілем тоқып әртүрлі бұйымдар жасаған. Әсіресе, малдың сүті және одан жасалған айран, қымыз, шұбат сияқты сусындар күнгі бүгінге дейін елдің дастарханынан арылған емес. Төрт түлік бар жерде құт жүретіні де сондықтан. Міне, осындай киесі мен қасиеті мол төрт түлікті түлетуде етіп жүрген еселі еңбегі Айболат Ермекұлын биікке көтеріп келеді. Ол ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «Үздік шопан» номинациясымен марапатталды.
"Берік отбасы - қоғамның тірегі" дейтін болсақ, адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы сол жер. Тәрбиенің түп-тамыры отбасынан бастау алады. Үлгілі адам - өнегелі, ізгі отбасының жемісі деп
![]()
бағалауға болады. Бақытты отбасын құру отағасы мен отанасына байланысты. Ол үшін бұл екі тұлғаның болмысы бүтін болуы қажет. Екеуі де иманды, қайырымды, адал-парасатты болуы қажет. Сонда ғана бұл отбасынан адами қасиеттері мол ұрпақ тәрбиеленіп шығатыны сөзсіз. Тәрбиесі мол бала ғана тереңге тамырын жаяды. Берекелі, шаттықты шаңырақта Айболат Ермекұлы жұбайы Искакова Гульнармен ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты жандар. Жұбайы Гүлнар да 1998 жылдан бері бірігіп «Ерғазы» шаруа қожалығында жұмыс жасап келеді. Ұлы Ерғазы 1993 жылы 7 қыркүйекте дүниеге келген. Өзінің қолқанаты. Қызы Балнұр 2003 жылы 2 наурызда дүниеге келді. Қазіргі кезде Орал аграрлық колледжінде мал дәрігерлік мамандығын тәмамдап келді. Айболат Ермекұлы өте еңбекқор, қажыр-қайратты, жігер-күші мықты, бастысы адамгершілігі мол, сіз бен бізден ажырамаған өз ортасына сыйлы азамат. Өр мінезді, бірсөзді, иманы берік, адал да әділ екенін
![]()
қайталап айта бергің келеді. Осы қасиеттері оның адами бейнесін елден ерекшелеп тұрады. Өміріне адалдықты, жауапкершілікті серік еткен ол күні бүгінге дейін сол жолмен жүріп келеді. Өз ісіне тиянақты, қай кезде болмасын еңбектен қол үзген емес. Терең ойлы, өзіндік пікірі бар азамат жан-жақтылығымен, жұмысбастылығымен әрі әр ісін аяғына дейін жеткізетіндігімен ерекше. Ол өзінің саналы ғұмырын еңбекке арнады және арнап та келеді. Сонымен бірге отбасын да бір сәтке естен шығармайды. Отбасында жұбайының арқасүйері болса, ұл-қызына қамқор әке. Адамға өз елінің шын патриоты болу үшін көп нәрсе керек емес. Себебі, шын патриот адамның бойында таза еңбек жатады. Ол еш уақытта тіліне, дініне, салт-дәстүріне қырын қарамайтындығымен өзгелерден дараланып тұрады. Сондықтан да адамды абырой мен даңқтың биігіне асқақтатып шығаратын оның еткен еңбегі, ел алғысы және өзінің шынайы адамгершілік болмысы. Ел алғысын арқалаған Айболат Ермекұлының өмір жолы қалай алып қарасақ та өзгеге үлгі мен өнеге боларлықтай. Оның өмірлік ұстанымы еңбек, отбасы, ұрпақ тәрбиелеу, өсу, өрлеу, қиындықтарға мойымай жеңе білуде екенін аңғаруға болады. Кейіпкеріміз Айболат Ермекұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!