Әке жолын қуған ұл
![]()
Алдоңғардың әкесі Мырзағали жастайынан жетім қалып, кісі есігінде жүреді. Ауқатты туысқандарының қозы-лағын бағады. Жетім өскендіктен әлжуаз болды. Бірақ ерте шынығып қайратты, пысық болып өседі. Ұжымдастыру кезінде ағайындары Мырзағалидың меншігіне де көп мал жаздырып, өз малдарын азайтып көрсетеді. Бірақ олар қазіргі Байшонас кентінің маңайында отырғанда Маңғыстауды бетке алып көшіп кетеді. Мырзағалиды ертпей жұртқа тастап кетеді. Бұл Доссор өндірісінің бағытын бетке алып, үлкен талды сындырып қару етіп, жаяу тартып кетеді. Ұзақ жүрістен шаршап, ілбіп келе жатқанда терең жыраға құлайды. Жырада бір дәу қасқыр көлеңкелеп жатыр екен, бұдан ығысып қаша жөнеледі. Бұл бар күшін жиып, айқайлап, таяғын сермеп, әзер деп жырадан шығады.
Жан-жағына қараса алдынан қозы көш жерден бір бұраубай көрінеді. Өліп-талып соған жетіп, қонып, ертесіне тағы да жаяулатып отыз шақырымдай жердегі Доссорға жетеді. Сонда бір рулас апасының үйіне паналап, мектепке оқуға барады. Жеті жасын кемітіп бір жылда 2 кластан оқып, 21 жасында 4 класты бітіріп, Гурьев (казіргі Атырау) қаласына барып, училищеге түсіп, токарь
![]()
мамандығын алады. Қосшағылға жұмысқа жіберіледі. Онда екі жыл жұмыс жасап, стахановшы атанып, Сән атты қызға үйленеді.
Бұл кезде яғни 1937 жылы, оның шын жасы 27-де, құжаттағы жасы 20-да болатын. Армияға шақырылып, Фин соғысына қатысады.
1940 жылы соғыс аяқталғасын елге келіп, колхозда сауыншы болып жүрген келіншегімен қауышады. Малшы болып, атағы шығып жүргенде соғыс басталып, Мырзағали 1941 жылдың аяғында қайта әскерге алынады.
Жас отаудың тұңғышы Қиынша 1941 жылы 27 желтоқсанда әкесі майданға аттанғаннан кейін 20 күннен соң дүние есігін ашады.
Әскерге барғасын Мырзағали нұсқаушы-үйретуші болып тағайындалып, жас жауынгерлердің 2 тобын майданға аттандырады. Үшінші топпен оның өзін де майданға жібереді. 1943 жылдың аяғында ауыр жараланып, госпитальға түседі. Емделіп, жүруге жарағасын оны елге жібереді. Ол елге келгесін де жұмысқа жарамайды.Бірақ 2 жылдан кейін малға жұмысқа шығып, ауруын асқындырып алады.
![]()
Бірте-бірте денсаулығы түзеліп, егінге су айдайтын мотордың жұмысын қолға алады. 1947 жылы ұлдың үлкені Алдоңғар дүниеге келеді. 1951 жылы Амандық, 1955 жылы Аманкелді, 1959 жылы Аманбай, 1961 жылы Асан туады.
Алдоңғар 10 сынып бітіргеннен кейін «Коммунизм таңы» совхозында механизатор болып, 1967 жылы әкесінің ақылымен түйе бағуға шықты. Бұларға жүзге жуық бойдақ түйе ғана сеніп тапсырылды.
Алдоңғар әкесінің оң қолы болып, шаруаны дөңгелентіп әкетті. Бұл кезде іні-қарындастары да қолғабысқа толық жарап қалған еді. Алдоңғар әнді жақсы салатын. Тасқындаған табыс та жас жігітке желік бітірді. Сөйтіп, сауық-сайранмен серілік құрып жүргенде жасының «Ай-хай, жиырма бестен» асып кеткенін де байқамай қалыпты. Ақыры жүрек қалауымен жайлаулас шопан қыз Айсұлумен отау құрды. Қыз-жігіт болып сырласып жүргенде Алдоңғардың білгені - қыз әкесі Махамбетов Әмин әке-шешеден бес жасында жетім қалып, жоқшылық, жетімдік тауқыметін тартыпты. Айсұлудың нағашысы Күзембай соғысқа кетіп оралмаған. Нағашы әжесі Мүслима Айсұлудың анасы Спитан беске шыққанда қайтыс болып, Спитан ағайын-туыстарының үйінде бой жетеді. Үлкен жанұяға айналған Мырзағали әулеті алты жылда бойдақ түйе санын екі жүзден асырған болатын.
«Еңбек етсең емерсің» дегендей, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» болып, еңбектері жанып, бұл отбасы табыстан табысқа жете берді. Шаруаны оңынан оңғарған бұл отбасына сауын түйе табыны тапсырылды. Оларды 2 боталатқаннан кейін, 1976 жылы бұлар қайта сұранып бойдақ түйе табынын қабылдап алды. Бұларға үлкен сенім көрсетіліп табындағы түйе санын 300 басқа жеткізіп берді. Бағар көбейгесін бейнет те ауырлады. Бірақ Мырзекең жұмысты ұтымды ұйымдастыра білді. Бала келіндерді де жұмыс орайына қарай жұмсап шынықтырды.
Әкесі зейнетке шығып, бар жауапкершілікті мойнына алған Алдоңғар әке сенімін абыроймен ақтап шықты. Аудандағы барлық түйе түлігі «Қосшағыл» совхозына топтастырылып, Алдоңғар да сол совхозға шығып, 18 жыл бойы табан аудармастан абыройлы еңбек етті. Еселі еңбегі арқасында Алдоңғар озат түйеші атанып, талай табыс биігінен көрінді. Кеудесіне «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерін тақты.
«Республиканың еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері», Жылыой ауданының құрметті азаматы атақтарына ие болды.
Айсұлу да «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Еңбек ардагері», «Күміс алқа» медальдарын иеленді. Отызға жуық төсбелгі, 20-дан аса Алғыс хат тағы бар.
1995 жылы Алдоңғар Мырзағалиев «Қарағай» шаруа қожалығын құрды. Алғашқыда қожалықта 50 шамалы түйе болып, 1 жылда 20 түйе боталайтын еді. Қазір түйе саны 100-ден асты. Бір жылда 40-45 түйе боталайды. Әр түйе орта есеппен күнге 3 литрден сүт береді, 11-12 ай сауылады. Яғни, тұтынушыларға күнге 120-130, жылына 41-42 мың литр сүт сатылады. Шаруашылық меншігінде 700-ге тарта қой, 200 жылқы бар. Базарға жылына 140-160 центнер ет өткізіледі.
Қожалықта ауыл шаруашылығы техникалары мен автокөліктер де жеткілікті. 8 трактор, 3 стогометатель , 3 волокуш, 4 тырма, 5 тіркеме, 2 «Шахман», 2 «Уралец», 3 «Камаз», 4 жеңіл автокөлік бүкіл бір гаражды құрайды.
Алдоңғар мен Айсұлудың перзенттерінің үлкені Айымгүл. Күйеуі Омар екеуі «Хан-Шах» мейрамханасының иелері. Келесі бала Атырау - кәсіпкер. Келіншегі Дина. Бұлар автокөлік жалдау арқылы табыс табады. Үшінші бала – Ағайша. Күйеуі - Жұмабек. Олардың 4 сауда нүктелері бар. Кейбіреуін жалға береді. Одан кейінгі - Алатау, келіншегі - Гүлфайруз. Бұлар да кәсіпкер. Автокөлік, трактор жалдайды. «Ақ арна» аталатын үлкен дүкендері тағы бар. Олардан кейінгі Абылай, келіншегі Фариза – екеуі де кәсіпкер, негізгі жұмыстары –сауда. Алтыншы кенже бала - Айтуар, келіншегі - Әйгерім. Қазір шаруашылыққа қожалық етіп отырған осы бала-келін. Алдоңғар мен Айсұлудың қарашаңырағын ұстап отырған да осылар.
Қазір Алдоңғар мен Айсұлу 4 ұлдан 17 немере, 3 шөбере, 2 қыздан 8 жиен немере, 6 шөбере сүйіп отыр.
Қожалықтың қыстағы «Қаңбақты», Жылыой ауданының тұңғыш орталығы Қаңбақты кентінің орнына таяу. Каспий теңізіне жақын. Маса – сона болмаса шаруашылық бұл жерде маусымға дейін қоныс теуіп отыра береді. Жаз жайлау – Қарағай. Құлсары қаласының шығысында он шақты шақырым жерде.
Алдоңғар мен Айсұлу да екі күннің бірінде шаруашылықта болып, Айтуар мен Әйгерімге қолғабыс етеді, жұмысшы - малшыларға бас-көз болады.