Іскер әйел
![]()
«Алуан-алуан кəсіп бар, таңдай біл де, талап қыл» деген сөзді ұран етіп, іске білек сыбана кіріскеннің нәтижесі қашанда жетістікке жетелейді. Бүгінде жоғары талғамы мен жауапкершілігінің арқасында өз саласында сұранысқа ие мамандардың біріне айналған жастар жетерлік. Солардың бірі – архитектор, дизайнер, сәулет өнерінің талантты өнер иесі Батырханова Динара Сарқытбекқызы.
Динара Сарқытбекқызы 1981 жылдың қаңтар айының 15-жұлдызында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақпақ ауылында Батырхановтар отбасында дүниеге келді. Аласармас асқар тау әкесі Батырханов Сарқытбек ауылымызда жылдар бойы спорт жаттықтырушысы болып қызмет атқарса, жүзінен мейірім нұры төгіліп тұратын анасы Тойымбаева Нұрбала ауыл балабақшасында көп жылдар бойы медбике болып жұмыс істеді. Мейірімділік пен еңбек, имандылықты серік еткен Динараның Құралай, Сәулет, Айдын, Лашын, Гүлнара, Аманжол мен Амандос есімді бауырлары бір-бір саланың білікті мамандары, аймақтың бетке ұстар азамат пен азаматшалары, бір-бір отбасының тірегі. Құт қонған кең дала, суы мөлдір, нұр тұнған, көкорай белестері мақпал кілемін төсеп, қырларындағы қызғалдағы құлпырған жерде бақытты балалығын өткізген Динара білім ордасының табалдырығын аттады. Әр адамның бала кезінде көздеген мақсаты, аңсаған арманы, қарым-қабілетіне қарай икемі болады. Айтқан сөзді қағып алатын алғыр, ұстаз сөзін зерделей білетін зерек, зейіні мол болып өскен шәкірт жанындағыларды бір іске үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілеті басым болды. Сыныпішілік, кейін мектепішілік өткізілген
![]()
спорттық іс-шаралар мен пәндік сайыстарда сынып намысын қорғап, сыныптастарының алды болды.
2001 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының «Құрылыс Механикаландыру және автоматтандыру» факультеті бойынша оқуға түседі. Міне, 2006 жылдан бері кейіпкеріміз құрылыс-сәулет саласында еңбек етіп келеді.
«Мынау қолымнан келмейді», «Бұл істі білмеймін» деуді білмейтін, қолына тиген қай істің де шырайын шығарып жіберетін Динара Сарқытбекқызы жұмыс таңдамай еңбектене білді. Өзіне жүктелген міндеттердің ауырлығына қарамай, қиын тапсырмаларды табандылық таныта орындап, түйінді мәселелердің оң шешімін таба білді. Жүректің қайсарлығы мен қайраттылығын білектің қарулығын талап ететін жұмысты атқаруда басшылықтың көзіне түсе біліп, ұжымдастары арасында бедел биігіне көтеріліп, өзіне деген өзгелердің сенімінен шыға білді.
- Жалпы қазақты типтік жобамен көзіміз үйреніп кеткен жеке тұрғын салудың ескі жолын бұзып жаңа дизайнға көшуді дәріптеп жүрмін десем де болады. Ескіліктен арылуымыз керек. Заман сұранысына сай ғимараттар салуымыз керек. Шығынына келсек, сол төртбұрышты үйге кететін қаржымен бірдей-ақ. Арманымның бір
![]()
тармағы осы. Тағы да алдымда үлкен арманым бар. Менің алдымда Алаш жұртыма арналған үлкен жоба тұр. Менің салған ғимаратым ұлтыма қызмет етсе екен деймін. Адамзаттың пайдасына шешілетін жайлы әдемі, жап-жарық, замануи үлгідегі, қазақи нақыштағы алып нысанды салсам деген арманым бар. Оған уақыт керек, үлкен қаржыны талап етеді. Асыл арманымды түбінде халықтың игілігіне пайдаланатын нысанға айналдырамын. Әрине, өзім осы салаға бейім болып өстім. Жалпы, біз отбасымызбен бірге құрылыс саласында қызмет етеміз. Атам Батырхан Мәнекеев ұзақ жылдар бойы колхоз басқарып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып бұзылған, көпірлер мен жолдардың сызбасын сызып, қайта қалпына келтірген құрылыс отрядында болған екен. Қазақтың «Ата көрген оқ жонар» деген нақылы бар ғой. Біз де сол атамыздың ақ таяғын арқалап, жоғары оқуда да еңбек жолымызда қала құрылысы мен сәулетіне арнап келеміз. Өзім тұрмысқа шыққанда да жолдасым Айбар Оспанов марқұм да суретші еді. Жанұямда үш баламмен қалдым. Үлкен ұлымыз да қазір құрылысшы, сәулетші болып жұмыс істейді. Жастың аты жас қой. Заманауи жобаларды жасауда іске асыратын тың идеяларды алға тартып отырады. Қолғанатыма айналды. Өзім үлгі тұтатын
![]()
сәулетшілер – Рем Колхас, Норман Фостер, Монфреди Николетти, Шефик Беркие. Осы сәулетшілер бас қаламыз Астана ғимараттарына да үлкен үлес қосқан адамдар. Отандық сәулетшілер Ақмұрза Рүстембеков, Шоқан Матайбеков, Тоқтар Ералиев секілді нар тұлғалы ағаларымызды да тілімізге тиек еткеніміз жөн. Бірінен-бірі өтетін майталмандар, өз саласының хас шеберлері.
Ең алғашқы жобалау жұмыстарын үйреткен ұстазым, бауырым, өзінен кіші бауырларына мейірін төгіп, мерейін өсіруге барын салған, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын үздік бітірген Сәулет Батырханды айтамын. Біздің әулеттің сүйікті кәсібіне айналған «НҰРСАТ» жеке кәсіпкерлік компаниясының негізін қалаушысы осы Сәулет Батырхан. Талғар ауданындағы бас кеңсесінен Іле ауданына бөлімше етіп шығарып, бізді киелі Іле ауданынан Өтеген батыр ауылына орналастырды. 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Сәулет саласында жақсы маман болу үшін бір ғана
![]()
талант жеткіліксіз. Мамандықты игеру үшін еңбекқорлық қажет. Қазір технологияның қарқынды дамыған дәуірінде сәулетші мамандығы одан да күрделі, бірақ өте перспективті болып табылады. Ғимараттар эстетикалық, экологиялық таза, көп функциялы болып салынуы керек. Маман ең күрделі компьютерлік бағдарламаларда жұмыс істей білуі керек, үнемі жаңарып, өзгеріп келе жатқан материалдарды дұрыс таңдай білуі, трендтерді сезінуі және болашақта оның жұмысының нәтижелерімен не болатынын көре білетін көреген болуы тиіс. Қазір біздің компанияның мамандары Сатылған Ернар, Қалибек Азиза, Маулетказы Рахат секілді болашағы зор, мықты мамандар жобаларды тамаша қорғауда. Алғашқы шәкірттерім Әбен Дарын, Лесходжа Рамазан, Мұрат Ақмарал сынды жастар өздерін жақсы жағынан көрсетіп, еліміздің әр түкпірінде өз идеяларын ортаға салып таныстыруда. «Этно стильдегі ғимараттар салу» жобасы болашақта жүзеге асырғымыз келетін қиялымыздың жемісі. Жоба үйлесімді пішінді қалыптастыру үшін əртүрлі ғасырлардың бірігуін білдіреді. Киіз үй түріндегі ғасырлар бойғы мəдени мұра жəне жаңа буынның əйнектелген қасбеті. Ғимаратта 3 негізгі блок бар:
Әйгілі Нұрлы Тау бизнес орталығынан шабыттанған əйнектелген қасбет 2 қабаттан тұрады, онда қонақтарға арналған бөлек залдар,
![]()
балаларға арналған ойын бөлмелері, дəстүрлі музыка əншілеріне арналған сахна жəне көптеген техникалық бөлмелер бар.
Екінші блок орталық киіз үйдің екі жағынан екі бөліктен тұрады. Бірінші қабатты кең ауқымды іс-шараларға арналған үлкен залдар алып жатыр, олардың интерьері де ұлттық стильде жасалған. Екінші деңгейде ашық терраса бар, оның ішінде Алматы тауларына керемет панорама ашылады.
Осы архитектуралық ансамбльдің Орталық қайраткері - жаңашылдықтың халқымыздың сан ғасырлық жəне қайталанбас мəдениетімен бірігуін бейнелейтін Алтын шаңырағы бар киіз үйі. Бірақ бұл жобалар да қатып қалған дүние емес, оған өміріне өз керегін енгізіп, түзетулер мен толықтырулар жасалып отырады. Ең бастысы – бұл жұмыстарға дер кезінде мамандардың қатысуын, жобалардың кәсіби біліктілік пен жоғары дәрежеде жасалуын қамтамасыз ету.
Жақсы туындылар жасау үшін конкурстар өткізу қажет. Біз егеменді елміз, өркениеттің қазіргіден де биіктеріне шығамыз деген ойдамыз. Жақсы үйлер өркениет деңгейінің тағы бір айқын айғағы, ел тұрмысының дәрежесін де көрсететін осылар. Сондықтан істеген істеріміздің сапасы жоғары болуы керек. Салынған ғимараттар, тұрғызылған қалалар жылылығымен ғана емес, сұлулығымен де
![]()
қуантып жүруі керек. Өйткені, біздің өмірімізді қоршаған орта болғандықтан, олар да жанға жайлы болуы керек. Біздің заманымыздан келесі ұрпақтың еншісіне көшетін жәдігерлер сымбат-сұлулығымен оларды да өскен ортаның одан әрі көркеюіне шақырып тұруы керек, – дейді Динара Сарқытбекқызы өзінің жұмысы, сәулет саласындағы жетістіктері туралы айтып. Құрылыс – ғасырлар бойы адамзатпен бірге жалғасып келе жатырған, күрделі сала. Жүз жылдық ғимараттар салу – құрылысшыға үлкен жауапкершілік. Ол да күрделі есепті, еңбекті, тәжірибені сонымен қатар, жаңарған заманмен таласа көз тартар ғимараттар салу, оның сапасының құрылымын дайындау, құрылысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біліктілікті талап етеді. Қолына алған ісін аяқсыз қалдыруды жөн көрмейтін Динара Сарқытбекқызы қандай істе де өз шеберлігін дәлелдеп, құрылысты сапалы жүргізді.
Сәулет өнері саласында 5000-ға жуық жаңа жобаларды, ғимараттың ішкі дизайны, сыртқы-ішкі бояуларын, нысанның алғаш салудағы фундаментінен бастап барлық жұмыстарына жүргізуге ат салысты.
Атап айтар болсақ: Өтеген батыр ауылындағы Титов көшесінде «Әсем» дәріханасының сырт келбеті, Боралдай кенті, «Водник» ықшам ауданындағы орталық мешіттің қорытынды жұмысы, Өтеген батыр ауылы Ілияс Жансүгіров көшесіндегі «Лента» сауда кешенінің қорытынды жұмыстары, «Дана» жеке мектебі, «Болашақ кемеңгер» жекеменшік мектептерінің толық жобалау жұмыстары, Ащыбұлақ ауылдық округіндегі Монтессори жеке меншік мектептің қорытынды жұмыстары, З. Батталханов көшесіндегі, ГЕО Сәулет архитектура ғимаратының қорытынды жұмыстары, Байсерке ауылы Арқабай көшесіндегі спорт кешенінің толық жобалау жұмыстары, балабақша, көлік жуу, техника жөндеу орталықтары, тағы да басқа кәсіпорындардың көз тартарлық, заманауи талғамға сай жобаларын жасады. Отбасы -асыл қазына. Адам баласы өмірге келгенде көретін ең алғашқы ортасы отбасы деп аталады. Бүгінгі кейіпкеріміз Динара Сарқытбекқызы қызметінен бөлек берекелі отбасында да асыл тілекті ана. Жолдасының есімі - Оспанов Айбар. Ол өмір жолында қылқалам шебері атанып, шығармашылықпен айналысты. Көптеген керемет туындыларды жарыққа шығарған ерекше жан болды. Алайда тағдырдың жазуымен жолдасы өмірден өтіп кетті. Кейіпкеріміз қазірде жанұясының тірегі болып, Жантөре есімді атұстар ұлды және қызғалдақтай Әнел, Айя есімді сүйкімді қыздарды тәрбиелеп отыр. Балаларының барлығы да қатарының алды болып ер жетіп келеді.
Егемен елдің жерінде, Тәуелсіз елдің төрінде бүгінгі таңда әлемнің сәулеттік өнерімен иық тіресетіндей көз тартар көптеген ғимараттар жыл санап көбейіп келеді. Сол ғимараттарда Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы түлектерінің бірі, осындай егемен елдің жарқын болашағы жолында, ғасырлап тұратын ғимараттардың құрылысын жүргізіп, ел экономикасының дамуына өзінің үлесін қосып келе жатқан, өзіндік қолтаңбасын қалдырған Динара Сарқытбекқызын да ер азаматтармен иық тірестіре жүріп, ел үмітін арқалаған нәзік жанды сәулетшілердің қатары көп болғай!