Жақсылықова Айжамал

Рейтинг:
Ардақты тұлға

      Темір жол саласы – ел экономикасының негізі қозғаушы күштерінің бірі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қазақ елі үшін темір жол көлігі барлық ішкі, сыртқы қатынастардың, логистикалық байланыстардың, ел дамуының басты күші болып саналады. Шойын жолдың қазақ даласының төсіне бауыры төселгеніне ғасырдан аса уақыт өтсе де, ішкі байланыс бірінші орыннан түскен емес. Міне, осындай ішкі байланыс, логистика, темір жол саласында қызмет етіп келе жатқан нәзік жандыларымыздың бірі, ер азаматтармен бірге иық тірестіре еңбек етіп, тіпті басшылық қызметте де нәтижелі жұмыстар атқара білген Жақсылықова Айжамал Азбергенқызы бүгінгі мақаламыздың кейіпкері болмақ.
      Адамға шабыт беретін оның қызығушылығы дегеніміз дұрыс болар. Өйткені, адам өзінің жан қалауымен жасаймын деген ісінің нәтижесін көріп, тіпті өзі күткеннен де үлкен жетістіктерге жетеді. Бастысы "сол нәрсені жасаймын" деген адамда ынта мен жігер болуы керек. Міне, сондай жан-жақты ізденімпаз, тынымсыз табанды, ерік-жігері мықты, қайтпас қайсар мінезді, өте еңбекқор жан Айжамал Азбергенқызы 1965 жылдың желтоқсан айының 6-жұлдызында Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келді. Бақытты балалық шағын, ақ сазаны мен балығы берекесін кіргізген теңізді өлкеде өткізіп, Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебінде білім алады. 
      Мектепті бітірген соң жалынды жас арман етегінен ұстап, үлкен қалаға аттанады. Кейіпкеріміз Алматы темір жол институтына оқуға түседі. Институтта оқып жүрген жылдары тәжірибе алу үшін Қарағанды темір жолында, Алматы темір жолында, Ақтөбе темір жолында, Қызылорда темір жолында, Арал станцияларында жұмыс жасаған Айжамал Азбергенқызы 1987 жылы институтты бітірген соң еңбек жолын жолдама арқылы Шығыс Қазақстан темір жолында бір жылдан астам Фестивальная станциясында станция кезекшісі болып жұмысқа орналасады.       Міне, сол жер оның алғашқы еңбек баспалдағы болды. Өзінің барлық күш-жігерін адал еңбекке жұмсап, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылып, үлкеннің сын-пікірін дұрыс қабылдап, жұмысының кем-кетік, олқы тұстарын жөндеп, өз жұмысын аса бір құштарлықпен атқарды. Армандады. Иә, адам ойлаған арманына өзінің ақыл-парасатымен, білімділігімен жетеді ғой. Расымен де арманның орындалуы жақсы ниеттілікті, төзімділікті, табандылықты, қайырымдылықты, білімді, ақылды керек етеді. Әркім өз ісінің білікті маманы болғанда ғана кәсібіне береке еніп, қоғамға пайдасы тиіп, еңбек еткен салада өз қолтаңбасын қалдырады.
      Бала кезден еңбекқор, ізденімпаз, бір істі бастауға ұмтылып тұрған пысық қыз институтта оқып жүріп те өзінің ашықтығымен, қолынан көп іс келетіндігімен көзге түсе білді. Топырағы құнарлы болса қызғалдақ, қырда да, таулы аймақта да қауыз жарып құлпырады. Затым әйел демей, қандай іске де білек сыбана кірісіп кететін, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі Айжамал Азбергенқызын өз ісінің тиянақты, білікті де білгір маманы етіп шығарды.      Одан кейінгі қызметін Арал станциясында станция кезекшісі, жүк тасымалындағы жүк құжаттарын өңдеу бөлімінің бастығы, аға билет кассирі 1992 жылдан Алматы темір жолына ауысты. Содан билет кассирі, аға билет кассирі, жүк бөлімінде аға кассирі, билет кассаларының бастығының міндетін уақытша атқарып, 2000 жылдан вокзал бастығының орынбасары, 2009 жылы аға инженері, 2014-2019 жылдары дейін вокзал бастығы болып еңбек етіп, 2019 жылдың шілде айынан бастап Алматы магистральдық желі бөлімшесінің филиал директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.      Осы уақытқа дейін жасаған қызметі нәтижесін беріп, түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      2018 жылы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісі;
      2020 жылы «Түркісіб-90» төсбелгісі;
      «М.Тынышбаевтың туғанына 140 жыл» медалі;
      «Қазақстан темір жолына 25 жыл» мерекелік медалі;
      - Туризм саласын дамытуда Алакөл өңірінде орналасқан темір жол вокзалдарын жөндеуден өткізіп, жолаушыларға бірталай қолайлы жағдайлар жасалды. Жалаңашкөл вокзалының ғимаратын жөндеу жұмыстарын жүргізіп билет кассасын ашып, жолаушылар пойызын күтетін 24 шатыр орналастырылды. Жазғы мерзімге вокзал кезекшілерін қабылдап жолаушыларға пойыздың келіп-кету уақыттарын хабарлап, мүмкіндіктері шектеулі жандарға қолғабыс көрсету саласында жұмыс жасалды. Қазіргі кезде Алакөл өңірінде орналасқан Ақши станциясында жұмыс жасап жатқан темір жол жұмысшылары жолаушыларға сервистік қызмет етіп келеді.       Коллектив Алматы магистральды желі бөлімшесі соның ішінде вокзал шаруашылығы бойынша коллектив 200-ден асады, вокзал бастықтары, жоғарғы жетекші инженерлер бар, жұмысшылар бар. Коллектив өте ұйымшыл, білімді жастар. Жолаушыларға қызмет ету саласында арыз-шағым жоқ. Алматы-1, 2 вокзал ғимараты әкімшіліктің тұғырында, ал вокзал жұмысшылары толық хабарлама беру, анықтама беру, мүмкіндіктері шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету, жолаушылардың пойызға отырғызылу, түсіру, темір жол аймақтарында техникалық қауіпсіздікті сақтау ережелерін түсіндіріп қадағалау жұмыстарын үздіксіз атқарып келеді. Басты мақсатымыз - жолаушыларға сервистік қызмет көрсету.
      Темір жол саласы көлік кешенінің жетекші саласы, жүктер мен жолаушыларды алыс қашықтыққа тасымалдайтын басты қатынас құралы. Халыққа, елге адал қызмет ету - әркімнің өз отбасынан бастау алады. Әкем мен анам үлкен қызметкер болған, еліне, жеріне адал еңбек еткен. Туған-туыстарына, көрші-көлемге, көпбалалы отбасыға қол үшін берген жандар. Жас кезімнен соны көріп өскенмін. Сондықтан да жақсы игі істер істеу, жақсылық жасау сол менің бойыма сіңген қасиет деп ойлаймын. Жасаған еңбегім нәтижелі болса, ол қажетін тапса мен үшін сол бақыт! – деп атқаратын қызметі туралы айтып өткен кейіпкеріміз үшін жүректен шыққан шынайы алғыс - халықтың ыстық ықыласы.
      Қырда туып, таулы өлкеде еңбек етіп, темір жол саласы, ел индустриясының, экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Айжамал Азбергенқызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....