Елім деген азамат
![]()
Шар тәрізді шыр айналған дүниеде сөйлесе кетсең көңіл шырайыңды ашып жіберетін, таным қауашағын сілкіп алып, мөлдір көзбен қарағанда, оның ісінен адамгершілік, өнегелілік, үлгі аларлық дүниелерді көретін, «Мен де сондай жан болсам екен, шіркін!» деп қызыға да, қызғана қарайтын адамдар болады. Міне, өмірге деген ұмтылыс, күнделікті тұрмыстың қамыты қажытқан әрбір пенденің ертеңгі күнге деген ерекше көзқарасын оятып, адамгершіліктің ақ таспа жолында қатар жүруге шақыратын, жүрегі тек нұрдан жаратылған адамдармен бірге өмір сүріп, замандасы болу неткен бақыт еді десеңізші! Бүгінгі кейіпкеріміз де ат үстінен түспеген ата кәсіптің тізгінін ұстап, ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлесін қосып келе жатқан ардақты тұлға, айбынды азаматтарымыздың бірі – Тастанов Полатбай Жұматайұлы.
Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан білікті маман, Экономика ғылымдарының магистрі Полатбай Жұматайұлы 1960 жылдың 9 қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қара төбе елді мекенінде қарапайым қазақ отбасында дүниеге келді.
![]()
Ақыл-ойы зерек жас 1977 жылы мектепті үздіктер сапында бітіріп шыққан соң, Ленгер ауданы Совет орта мектебінің лаборанты болып жұмысқа орналасты. Еңбек майданында басқан қадамын нықтай түскен жас лаборанттық қызметін атқара жүріп, 1978 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын «зооветеринарлық» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен аяқтап шықты. Ауыл-елдің тыныс-тіршілігін назарынан тыс қалдырмайтын жас үшін өзінің болашағын елдің игілігі жолына арнауды көп ойлайтын Полатбай Жұматайұлының алғашқы еңбек жолы 1983 жылдың 14 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы «Красная Нива» совхозының зоотехнигі болумен басталды. Жауапкершілігі мол, бастамашыл, мейірімді, еңбекқор, әріптестермен ауызбіршілікте жұмыс жасай алатын, ісіне барынша тиянақты, тапсырылған жұмысты уақытылы орындай білетін, тәжірибесі зор азамат Полатбай Жұматайұлы одан арғы қызметінде 1985-1988 жылдары Алғабас ауданы «Красная Нива» совхозының аға зоотехнигі, 1988-1992 жылдары Алғабас ауданы «Красная Нива» совхозының бас зоотехнигі қызметтерін абыроймен атқарып, 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің экономика комитетінің агроөнеркәсіп комплексі бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Қызметте сатылай өсіп, 1993-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің экономика басқармасының агроөнеркәсіп комлексінің экономика бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Сонымен қатар 1994-1996 жылдары Қазақ химия-технология университетін құрылыс материал өнеркәсібін ұйымдастыру және жоспарлау мамандығын қосымша игеріп шықты. 1997-2000 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің экономика басқармасының агроөнеркәсіп комлексінің экономика бөлімінің бастығы, нақты сектор бөлімінің бастығы, жоспарлау және реформаларды үйлестіру бөлімінің бастығы, 2000-2001 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің реформалар және стратегиялық жоспарлау департаментінің макроэкономикалық саясат және салааралық үйлестіру бөлімінің бастығы, 2001-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің экономика департаментінің экономиканың нақты секторы бөлімінің бастығы, агроөнеркәсіп комплексінің экономикасы бөлімінің бастығы, 2008-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының экономикалық саясат және стратегиялық жоспарлау бөлімінің бастығы, 2010-2015 жылдары Оңтүстік
![]()
Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары, 2015-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысы болып қызмет атқарды.
Өзінің білім көкжиегін, кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында 2016-2017 жылдары Мирас университетінен Менеджмент мамандығын қызыл дипломмен аяқтап шыққан соң, 2017-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының Инвестициялық жобаларды қолдау және экспортты жылжыту бөлімінің бас маманы қызметінде болды. Шымкент қаласының республикалық дәрежедегі 3-мегаполис болуына орай, сол кездегі қала әкімдігінің сұранысымен 2018 жылдың тамызынан бері Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы бастығының инвестиция, жаңа технологиялар және экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқаруда. Күрделі де дәйекті келіссөзді қажет ететін, сауатты жұмыс жасауды талап ететін салада кейіпкеріміз табысты жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларға да белсене қатысып, қоғам пайдасы үшін де өзінің азаматтық үлесін қосып келеді. Соның бірі елімізде кең қанат алған «Нұрлы Көш» бағдарламасы. «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылдана салып облыстардың ішінде пилоттық жоба ретінде Шымкент
![]()
қаласында орналастыру көзделді. Аталған жобаның алғашқы кездегі барлық дерлік есептерін, экономикалық тиімділігін есептеп, үкіметке апарып, қорғаған да осы Полатбай Жұматайұлы болатын.
Мақаламыздың тұздығы мен дәйегі болу үшін сол бір қазанның ішінде бірге қайнап, ыстығы мен суығын көрген, экономика ғылымының магистрі Полатбай Жұматайұлының өз жазбасына кезек берсек:
«Нұрлы көш» - мемлекеттік бағдарлама. Бағдарламаны іске асыруға 2009-2011 жылдарға 197795,6 млн. теңге, оның ішінде қосымша 118 073,7 млн. теңге қарастырылған. Бірақ жүзеге асыру мерзімі 2010 жылы басталды. Облыстар бойынша қоныстандыру жүргізілді. Әсіресе, облыс орталықтарында, жұмыс орны жеткілікті қалаларда, шекараға іргелес елді мекендерде, ауылдық елді мекендерге қоныстандыруға баса көңіл бөлінді.
«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша барлық көшіп келушілерді тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Тұрғын жайлар жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіндегі тұрғын үй есебінен үлестірілді. Кейбір аймақтарда оралмандарды шоғырландырып қоныстандыратын қалашықтар салынып, олардың қарызын қайтару үшін оралмандарға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ
![]()
банкінен» 4 пайыздық мөлшерде кредит берілді. Оны қайтару үшін жұмыспен қамтылады, кәсіппен шұғылдануға қаржы бөлінді.
Тағдырдың тәлкегімен шет ел асып, өзге мемлекетті паналауға мәжбүр болған қандастарымызды атажұрты – Қазақстанға шақыру. Бұл бағдарлама тәуелсіздік алған жылдардағы ең ауқымды бастамалардың бірі болды. Бүгінге дейін қазақтың миллионнан астам баласы елге оралған. Бұл бағытта үшінші мегаполисте де көптеген шаралар жүзеге асты. 2006 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Өзбекстаннан оралған 2000 қазақ отбасы Шымкенттен қоныс тауып, жап-жаңа «Асар» атты шағын ауданның іргесі қаланды. Кіндік қаны тамған жерін аңсап келген ағайынға арналып барлық қолдау көрсетілді. Баспана, әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, балаларды мектеппен, балабақшамен қамтамасыз ету сынды шаралар атқарылды. Дүние жүзінде өз ұлтын еліне шақырған үш ел бар. Соның бірі - Қазақстан. Үндеу шақырып елге шақырғаннан кейін республикада алғаш рет арнайы Асар мөлтек ауданы ашылды. Қандастарымыздың өз еліне оралуы үшін қала аумағынан 2008 жылы 300 гектар жер бөлінді. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Өзбекстаннан 15 мыңнан астам азамат тарихи отанына қоныс аударды. Бүгінде Асардың халқы 25 мыңға жуықтайды. Шағын ауданда 2 білім ордасы мен 3 бөбекжай жұмыс істейді. Сондай-ақ, бірнеше медициналық мекеме халық игілігі үшін қызмет етеді. Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен тұрғындар басты байлық - тәуелсіздік, басты ұран - бірлік деп біледі. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 800 мыңдай этникалық қазақ оралды. Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі, яғни 76,3% -
![]()
Өзбекстаннан келсе, 10,4% – Қытайдан, 6,2% – Түрікменстаннан, 2,7% – Моңғолиядан, 1,2% – Қырғызстан, 0,5% – Иран, 0,3% – Ауғанстан және қалған 2,5% басқа елдерден қоныс аударған. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарына, сондай-ақ Шымкент қаласына 11% қоныстанды. Өткен жылдың өзінде 13 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. 2020 жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі ҚХР-нан келген, – дейді кейіпкеріміз, орындалған істің ауқымын тасқа басқан деректермен, статистикамен тарқата айтып.
Қазақстан егемендік алғалы еліміздің ауыл шаруашылық саласының дамуына Полатбай Жұматайұлы мол ауқымды үлес қосқан жандардың бірегейі. Айбынды азаматтың мерейін өсірген марапаттары мен жетістіктері де жоқ емес.
Атап айтар болсақ:
2014 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысына еңбегі сіңген» медалі; 2015 жылы «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалі;
2016 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет Грамотасы;
2019 жылы «ҚР Ауыл шаруашылығының үздігі» аталымының Иегері;
2020 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі;
Көптеген ҚР мемлекеттік қызмет агенттігі, облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақ ұйымы тараптарынан бірнеше рет арнайы медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Шаңырағының берекесін кіргізе білген жары Аширбекова Томпан Шарапқызы екеуі 2 ұл,
2 қыз өсіріп тәрбиелеп, бүгінде 13 немере сүйіп отырған ардақты ата-әже. Томпан Шарапқызы - педагогика саласының білікті маманы, қазіргі таңда зейнеткер.
Полатбай Жұматайұлына еңбегіңіз жемісті болып, елге сыйлы қалпыңызбен абыройыңыз арта берсін деген ізгі тілегімізді білдіреміз!