Удербаева Рая

Рейтинг:
                        
ТАҒЗЫМ

      Асылы, қазақтың «Тектілік қанмен беріледі» деген даналық сөзіне тәнтімін. Осы күнге дейін азды-көпті көргеніміз бен көңілге түйгеніміз бар. Кейде мен осынау ержүрек ұлттың, жауынгер халықтың ұрпағы болып туғаныма қуанамын. «Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен боз өтеді» деген емес пе?! Кешегі өткен апайтөс, баһадүр бабалар мен қиын қыстау кезеңдерде ел қамын ойлаған ұлтжанды ата-бабаларымның елге деген, Отанға деген махаббаты менің бойыма да қанмен берілген шығар?! Алдыңғы толқынды жерге қаратпай, мерейін асыру – басты парызым деп санаймын. Бірнеше жыл бұрын Елбасы өңірге келгенде еңбегімізді бағалап, риясыз көңілін білдіріп еді. Сонда мен: «ата-анам разы болған шығар» деп, жүрегімнің соғысы жиілеп, тұла бойым шымырлап тұрдым. Адам баласының бір-бірімен рухани байланысы болады деген осы шығар?!
      Бабалар ізі – қайран жол...
      Түп-тұқияннан бүгінге дейінгі тарихты әсте көнекөздер біледі. Саналы ғұмырларында салған сара жолын біздерге аманаттап қалдырып, арманның ақ желкеніндегі дидарлы мақсатқа жетіп, кейінгі толқынды ізгілікке баулыды... Біз – негізінен қазақ даласындағы жаугершілік замандарда ерлік көрсетіп, ел намысын ақ найзаның ұшына іліп, білектің күшімен сан мәрте қалың жаудың бетін қайтарған Қарақыпшақ Қобыландының ұрпақтарымыз. Батыр рухты батыл елдің ұрпағы ретінде бабалар намысына нұқсан келтірмей, қалыптасқан ұлағатты ұрпақ болғаным үшін бақыттымын. Ізгілікке құмар жанымыз Жер-Анадан бойға дарыса керек-ті.
      Бауырын көл түбіндегі балдырға жалатып, бір-бірінің ізін қуып соққан толқынды құйрығымен ұрғылаған балықты өңір – Ақтоған ырысы мен берекесі тасыған мекен .Ақтоғанға ел-жұрт сонау ХҮІІ ғасырдың бас кезінен бастау алды. Құярлығы Сырдария өзеніне қарайтын Көксу өзегінің қос бетіне бір-біріне жалғасқан он шақты көлден құралатын көлдер жүйесі жайылған. Көксу ұзарып барып, ары қарай Қараөзекке құяды. Міне, осы Көксуды Қыпшақтың қарақыпшақ пен көкмұрын бөлінісінің бірнеше аталығы жайлаған. Біздің аталығымыз қарақыпшақтар – Ақтоған мен Жалғызжол аумағында болса, көкмұрындар – Сәдір сарайына дейінгі аралықты қоныс етеді. Қылышын сүйреткен қытымыр қыста осындағы қыстауларды паналаса, жаздағы жайлауы Сарысу өзені мен Торғай иіні бойында жайылмалы жерлерде бастары қосылыпты. Ақтоғанды қыстап қалған біздің ата-бабаларымыздың негізгі кәсібі егіншілік пен аң аулау, балық шаруашылығы болды. Бұл рулық қауымдастықтың кезіндегі бірігуі, тіршіліктің тіні болатын. Қазақ қоғамындағы бұл жүйе өзінің өміршеңдігін әлдеқашан дәлелдеп қойды.
      Біз Тастемір аталығынанбыз. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген қазақ сөзі – кешегіні санада жаңғыртып, бүгінгіні келешек ұрпаққа аманаттап кетуде ұрпақты қамшылап, тарихтан кенжелеп қалмасын дегендегі өнегелі сөзі. Жастайымыздан осынау ұлы қасиетті бойымызға сіңіре өстік. Тастемірден Дауылбай мен Бозай туылады, ары қарай Бозайдан Қилыбай, Үдербай, Қаңтарбай, Дүйсенбай есімді ұрпақтар тараған.
      Арғы атамыз Үдербай Сарысудың солтүстік батысындағы жайлауда, Жаманшұбар деп аталатын жерде кенеттен науқастанып өмірден өтеді. Негізі қарақыпшақтардың орталық қорымы  – Жалғызжол аумағында орналасқан. Үдербай атамыз жаздың аптап ыстығында дүние салса керек .Ол уақыт қиын кезеңдер еді ғой. Бүгінгідей самсаған ат-көлік дегеніңіз мүлдем жоқ. Сондықтан атамыздың мүрдесін Сарысу өңірінде, батыс бетіне жерлеуге тура келеді. Осы күні Қызылорда-Жезқазған трассасының 242-243 шақырымында, жол бойында үлкен құлпытас-ескерткіш  қойылған.
      Үдербай атамыз Өзбекстанға керуенге кеткенінде, 1890 жылы атамыз Жолаушы дүние есігін ашады. Ырымшыл қазақпыз, арғы атамыз «аман-есен елге оралсын» деген ниетпен есімін қойған екен.
      Жолаушы атамыз жастайынан алғырлығымен танылып, қатарынан оза шапқан ұл болады. Бала кезінен ат жалын тартып мінген ол зеректігімен, іскерлігімен, сөзге шешендігімен көзге түскен екен. Ол кезеңдерде рас, бүгінгідей емес, отбасы ұлағаты ерекше дамыған еді. Үйге қонақ келсе, баласының қолына кәмпитін ұстатып, «ойнап кел» деп жіберетін емес, дуалы ақсақалдар түсе қалса, баласын шақыртып, жанына отырғызып, «көнекөздерден тағылым алып қалсын», «ғұмырына қажетті ұлағат жисын» деп отырғызып қояды. Жолаушы атамыз жастайынан осылай сөз өнерін жоғары бағалайтын халықтың рухани тәрбиесіне қанып, құйма құлақ болып өседі. Ес жиып, айналасына қарай бастағанда елде жүрген, шайнап көрмеген асау тұлпардың құлағында ойнап, қара орман халықтың арасында, елдің ішінде шаруаға бейім болып тіршіліктің қазанында әбден қайнауы жетіп өседі. Мұның бәрі оның болашақтағы айқын стратегиясына айналды.
      Жиырмасыншы жылдардың аяғы... Қызыл империяның туының астында біріккен қазақ даласында ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, колхоздастыру кезеңі бастау алды. Бұл уақыттарда «елді біріктіреміз деп, бай-манаптарды бар мүлкінен айырды. Бай дейтіндей, қазақта маңдай термен жиған малынан басқа не болсын?! «Байсың ба?» деп сұрағанға қолын кеудесіне қойып, «шүкір» дегендердің өзі атылып кетті емес пе?! Мұны естіген жұртшылық қолда барын түйеге артып, «Өзбекстан, қайдасың?» – деп тартып отырды. Осы күні өзбек ұлтында бір адам жолға шықса: «Досың, жолыңдағы серігің қазақ болсын!» – деген бата-тілектері бар көрінеді. Сол жылдарда орнаған бауырластық сыйластықтың жемісі болар... Шекара асып кеткендерден басқасы көшкен елдің жұртындай болып, орныққан жерден тапжылмастан қалды. Онсыз да ат төбеліндей қазақ тарыдай шашыраған тұста қалған бірлі-жарым ұсақ ауылдар мен артельдер біріктіріліп, «Красный Октябрь» балық колхозы құрылды. Орталық – Сұлутөбе стансасы. Басқарма төрағалығына Төлен Омарұлы сайланса, атамыз Жолаушы Үдербайұлы алғашқы бригадир болып тағайындалады.
      Қай нәрсе болмасын, енді ғана құрылып, қолға алына бастағанда қиындықтар шаш етектен болады емес пе?! Бір ізге салып, істі жолға қойып, шаруаның тасын өрге домалату үшін, қажыр-қайрат, күш-жігер керек. Сәл қиындыққа бола салы суға кететіндер қаншама?! Сондықтан сарқылмас төзімді талап ететін тірлік бұл. Әсіресе, балық шаруашылығында қажетті құрал-саймандар жетіспеді. Балық колхозы болған соң, айналысар басты кәсіпті дамытуға басты назар аудару – шарт. Жаз айларында мүлдем қиын. Балықты қалай, қайда сақтайды, қайда өткізеді? Мұның барлығын жүйелеу үшін де әжептәуір уақыт кетеді. Көліктің ең үлкені – өгіз арба. Ол қай жыртықты жамасын?! Қолда барды ұқсатып, әупірімдеп жүріп, осы көлікпен жиырма бес-отыз шақырым жердегі Сұлутөбеге апарып өткізетін. Онда да шаруалардың маңдай терін сылып алған еңбегі еш кетіп, апарамын дегенше балық бұзылып кетіп жатты. Сондықтан қалай болған күннің өзінде балық сақтайтын бір орын керек болды. Жолаушы атамыз бұл іске ынта-жігерімен кірісті. Жан-жақты зерделеп, ойлана келе балықты қабылдап әрі өңдеп, жылдың қай мезгілінде болмасын сақтауға болатын қойма жасайды. Ол үшін 300-400 келі шамасындағы мұзды өгізбен сүйреп, қоймаға әкеліп, түсіріп, қолдан тақтайлап жинайтын болған. Ал беткі қабаты әдемілеп қамыспен жабылады екен. Көлдегі қатқан мұздың қалыңдығы бір метрден асып жығылатын-ды. Бертін келе жазда ауланған балық осы пунктте өңделіп, өткізілетін болды.
      Кейініректе Сұлутөбе тұтынушылар кооперациясы құрылды. Жолаушы атам мен ұжым басшысының өтінішімен Ақтоғаннан сауда нүктесі ашылды. Алыстан арбалайтын ағайынның жұмысы жеңілденіп, енді жақыннан дорбалауға көшті. Тұрмысқа қажетті заттар тұрғылықты жайында тұр.  Тұрғындар разы болысты.
      Қайсыбір кезеңде болмасын ел басқарған жандар жарқын болашақ жолында тер төгеді. Бүгінмен емес, ертеңгі күнді ойлап, еңбек етті. Сол себепті оларды, балаларды оқыту мәселесі ойландырмай қоймады. Қайтпек керек?! Сауат ашу ертеден қолға алынған. Баласын «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп молдаға беруші еді ғой... «Көксу» қой совхозының орталығы – Сәдір сарайында. Бастауыш мектеп сонда орналасқан. Ақтоғандықтар қиналса да, баласының болашағы үшін алаңдап, ағайын-туысты жағалап жүріп, аттай қалап жамағайынның үйіне баласын жатқызып, оқытады. Бүгінгідей мамыражай тіршілік дейсіз бе?! Онсыз да жарымай, күнін әрең көріп отырған үйге барып баласын жатқызуға, ағайындарынан қысылатын. Көңіл кең, бірақ тұрмыс көтермейді. Жолаушы атам жоғары жақты жағалап, басшылардың табалдырығын тоздырып, есіктен-есікке өтіп жүріп, дегеніне жетті. Атамның жәрдемінің арқасында 1937 жылы Ақтоғанда бастауыш мектеп ашылды. Алғашқы мұғалім – Жаханша Пірімжанұлы болды. Ол кісі осы жерде кіндік қаны тамған елдің азаматы болатын.
      Жолаушы атаммен бірге ел мүддесі жолында еңбек еткен Ізім, Әбдірей, Пірімжан, Байсын, Бекіш, Баһарам, Садық, Ділдабай, Әбжаппар, Қожаназар, Шыныбек, Шынтемір және осы кісілердің соңынан ерген Сүлеймен, Бойшайбек, Адай, Бодық, Тұрмағанбеттер – нағыз майталмандар еді... Бұл азаматтардың көпшілігі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Алдымен ашаршылық, кейіннен қуғын-сүргін талай қазақтың басына қайғы әкелді. Сұм соғыс та халқымызды аяусыз қырды. Майдан даласына аттанған Шыныбек, Қожаназар, Ділдабай, Төлен және Тұрмағанбеттер қайта оралған жоқ. Ел үшін кеудесін қарша бораған оққа тосып, қан майданнан туған жерге қайырылмады. Дегенмен, соғыстан кейінгі жылдары балық шаруашылығы қарқын алып, ұжым дүрілдей бастады. Басы-қасында менің Жолаушы атам жүрді. Еңбеккерлер сан мәрте құрмет иеленді.
      Әжеміз Жәмила – қиындық атаулыға мойымай қарсы тұратын, адуынды жан еді. Бүтіндей екі отбасының тіршілік қамытын мойнына іліп, өз ісін нық атқаратын. Сиыр сауу, айран пісу, сүт пісіру, құрт жасау, бие сауу, қымыз дайындау, бидайды диірменнен тартып ұн жасау, таба нан пісіру, тамақ істеу, жүгіре басып мал жайғап тастау, өріске мал айдап, оны күтіп алу, қозы-лақ пен бұзауды жаю – мұның бәрі Жәмила әжемнің бір басынан артылмады. Барлығына үлгеріп жүретін. Ауылдың тірлігі бітпейді, бірде анда, бірде мында. Әмбебап жан. Талай жан таңдай қаға тамсанып, қайратына тәнті болатын. Облыс, ауданнан келген қандай басшы болмасын, біздің шаңыраққа бас сұқпай кетпеді. Талай арда туған азаматтар дастарқаннан дәм татып, алғысын айтып кетіп жатты. Тұлғалардың бата-тілегінің арқасы шығар, қазір осы деңгейге жетіп отырғанымыз. Жолаушы атамыз ұзақ жыл жанын қинаған науқастан 1957 жылы өмірден өтті. Әжеміз жары дүние салса да, шаңырағын шайқалтпай, түтінін түзу ұшырып, сеніміне селкеу түсірмей талай қонақты жайлады. Кейін өзі 1976 жылы дүние салды. Олардың артында 5 қыз, 2 ұл қалды.
      Таулар алыстаған сайын биіктейді...
      Біздің әкеміз Пірмағамбет – ұлдың үлкені болатын. 1916 жылы дүниеге келген ол ескіше сауат ашып, хат таныған. Кейіннен бастауыш мектепте білім алады. Көкірегі ояу, көзі ашық әкем қалада жұмысшылар факультетін тәмамдайды. Білімге жаны құмар азамат болып қалыптасқан Пірмағамбет әкемнің талабы қай кезде де таудай болатын. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін. 1939 жылы Теміржол техникумын бітірісімен, Кеңес әскері қатарына қабылданып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Барған жылы қыркүйек айынан бастап, Прибалтика әскери округінде радио-телеграфист болып, әскери қызметіне кіріседі. Кеудесіндегі алаулаған жалын оны қазақтың біртуарларының қатарынан көрсетті. Ата тегіміз – Қарақыпшақ Қобыланды болса, біздің әулеттің әр ұлының бойында батырлық қасиет бар. Алдымен Фин соғысына араласады. Көзге түсе білген жауынгер Ұлы Отан соғысы басталған күннен бастап, 1943 жылдың маусымына дейін Прибалтика және Калинин фронттарына қарасты №56 гвардия полкінің бөлім командирі әскери қызметін атқарып келді. Мұнан соң, 1945 жылдың қыркүйегіне дейін Ленинград фронтына қарасты №133 дербес ротасының бас механигі болып қызмет атқарады. Майдан даласында қарша бораған оққа кеудесін тосып, оқ пен оттың ортасында ел амандығы жолында тер төкті. Батыр бабалардың бүгінгі ұрпағы ретінде оларды ұятқа қалдырмады. Атамыз бен әжеміз де: «Менің балам!» деп, еңсесін тіктеп жүретін. Ал Пірмағамбет өмір бойы елдің баласы болып еңбек етті. Ол үшін жеке бас мүддесінен гөрі, елдің мүддесі биік тұратын.
      Соғыс аяқталды. Левитанның сүйіншілеген дауысы әрбір үйдің төріндегі төрт бұрышты радиодан жаңғырып шығып жатты. Біз жеңіске жеттік. Бір тудың астына біріккен одақтас елдердің шаттықты қуанышты жүзінен-ақ аңғаруға болатындай. Алайда, бір үйдің отын сөндіріп, бір үйді баласынан, бір үйді әкесінен, сүйген жарынан айырып, талайдың тағдырын жалмаған сұм соғыс ешкімді қуанта қоймағаны анық. Әкем Пірмағамбет майданнан кейінгі жылдары 1945-1947 жылдары Прикарпат әскери округіне қарасты №42-ші дербес связистер полкінің бөлім командирі қызметін атқарды. Кеңес әскері қатарында бас-аяғы сегіз жыл ғұмырын тәрк етті. Әлбетте босқа кеткен уақыт емес,  бұл жылдарды ел қорғаудағы негізгі жұмысқа жіберді.
      Қазақ даласында талай жаугершілік замандар болды. Қалмақ пен жоңғар екі жақтап қысқанда, төтеп берген батыр ұлт бұл жолғы сынақтардан да сүрінбей өтті. Ерлері майдан даласында оққа кеудесін тосып жүрсе, әйелдері мен балалары, басқа да жұмысқа жарамдылары: «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» – деп жылы киім тоқыды, бақша екті, қажетті азық-түлікті де вагон-вагонмен жөнелтіп отырды. Әр аймақ табиғатына сай кәсіпке бет бұрып, Арал аумағы балық аулап, майдан даласына жөнелтті. Алайда сұм соғыстан кейінгі елдің аш-жалаңаш көрінісі жүрегіңді ауыртады емес пе?! Оның үстіне майдан даласына бір аяқ, бір қолын тастап, балдағына сүйенген жаралы жауынгер мен ауылдың бейнесі бірдей еді. Енді соғыс уақытында тұралаған шаруашылықты нықтап, қажыған елдің еңсесін көтеру жолында тер төгу қажет болды. Майданнан елге келген әкемнің алдынан шыққан көріністің өзі жанарға жас ұялатады. Тозығы жеткен үйде әкесі, шешесі, апа-қарындастары мен інісі, жиені – тоқетерін айтқанда, бір қазаннан он адам тамақ ішеді. Әкем ойланбастан, көне үйдің қабырғасын құлатып, бұзып, орнына жаңа үй салды. Жазда басталған құрылыс күзде толық аяқталып, жаңа үймен бірге отбасына келін түсіріп, анамыз Күлпаш Сүлейменқызы ақ босағаның табалдырығынан аттайды.
      1948 жыл. Әкеміз майданда көрсеткен ерлігі мен көрген қиындыққа толы өмірін артқа тастап, елдің жағдайын түзеу жолына кірісті. Осы жылы Сырдария аудандық «ОСОАВИАХИМ» мекемесіне төрағалық қызметке орналасты. Арада бір жыл өткенде, сәуір айында ол Мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне шақыртылып, Ташкентте арнайы оқудан өткізілді. Содан бастап Құқық қорғау органдарында темірдей тәртіппен еңбек етті. Өзі табиғатынан әскери адамның болмысына ұқсайды. Осылайша ол 1959 жылдың қазанында әскери зейнетке шықты. Өтілі келгендіктен зейнетке шығып, «Қызылордастрой» тресіне қарасты «Жилстрой» басқармасында кадр бөлімін басқарды.
      Қызметте әрбір сәтте мұқияттылық пен ықтияттылықты талап етті. «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген нақыл тура әкеме арналып айтылғандай. Бір сөзділік пен азаматтық ұстанымы – оны әрдайым барлығынан биік қоятын. Айтқан нәрсесін орындамайынша, тыным таппайды. Өйткені, бастаған ісін аяқтап, өзінің тұрақты, салмақты мінезін айналаға көрсетіп-ақ кетті.
      Оның әрбір әрекеті үлгі-өнегемен көмкеріліп тұратын. Өнегелі өмірінде ел қорғау ісінде көрсеткен ерен ерліктері еленбей қалмады. Мемлекет қауіпсіздігі жолында, сондай-ақ кадр даярлау ісінде, Отан қорғауда да түрлі деңгейдегі мемлекеттік наградаларды қоржынына толтырды. Екі мәрте «Қызыл жұлдыз», І және ІІ деңгейлі «Ұлы Отан соғысы» ордендерін омырауда жарқыратты. «Ерен ерлігі үшін», «Германия түбінде Жеңіске қосқан үлесі үшін», екі рет «Мінсіз қызметі үшін», төрт мәрте «Жеңіс», қатарынан төрт рет «Қарулы күштер», «Ұзақ жылғы еңбегі үшін» медальдары мен «Гвардия», «Еңбек ардагері» белгілерімен марапатталды.
      Осынша атақ-даңқ пен абыройдың иесі болса-дағы әкеміз өте қарапайым болатын. Бірсөзді, томаға тұйық, алайда ағайынға келгенде ағеден жан. Қазақта бір керемет сөз бар: «Досқа құшағы ашық, ұлпадай мамық, жауына беріспес қайсар» деген. Пірмағамбет әкем де –тура осындай адам. Қашанда айналасындағылардың жай-күйін ойлап отырады. Өзі аш болса да, халықтың, жұртшылықтың тамағы тоқ болғанын қалап жүреді. Мұндай  қасиет ұл-қыздарының бойына сіңіп, өзге елдің сұлтаны емес, өз елінің ұлтаны болып жүргендері көңілге қуаныш ұялатады.Тектілік тумасында бар әкем артық сөзі жоқ: «Еменнің еңкейгені –  сынғаны» секілді, екі сөйлеген еркекке жаны қас, бір сөзді болатын. Еңбектің темір етігі теңгедей болғанша, Отанға адал қызмет еткен айбыны бөлек әкенің, ағайын-туысқа деген бауырмалдылығы, жүзіңді жылытқан күн нұры секілді   кішіпейілділігі мен иманжүзділігі жүрекке ерекше жылу беретін. Жастық шағының көктемін соғыс бұлты торлағасын, ең бірінші тілегі –  ел тыныштығы болып өтті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, туыстарының және бұрынғы еңбектес достарының қайғы-қуаныштарында бірге болып, қариялық шағын ағайын  ортасында көп болумен өткізді.  Әкемді бәрі «Піреке» деп атайтын. «Ассалаумағалейкүм» деп, қолын кеудесіне қойып, «Піреке» деп бұйымтайын айтса, соны орындағанша тағат таппайтын. Міне, оның басты қасиеті осында жатыр. Дәл осы қасиетімен көпшіліктің құрметіне бөленді. Қайғысына ортақтасып, қуанышын бөлісіп жүріп көптің  құрметіне бөленген әкем,1992  жылы 1 шілдесінде 76  жасында дүниеден озды.
      Тәрбие – тал бесіктен басталады
      Анамыз Күлпаш Сүлейменқызы 1928 жылы колхозшы отбасында дүниеге келген. 1949 жылдардан бастап тігін цехтарында жұмыс істей бастады. Ол бала тәрбиесінде, оларды ешкімнен кем қылмай өсіруде алдына жан салмады. Әрдайым үлгілі кейпінен танбады. 1965 жылдан бастап еңбек демалысына шыққанға дейін, аяқ киім фабрикасында жұмыс істеді. Маңдай термен, ақ-адал еңбекпен күн кешті. Балаларын тура жолдан тайқымай, таза еңбектің нанын жеуге баулыды. Оның бұл тәрбиесі бойымызға сіңіп, бізден балаларымызға берілуде. Еңбегі елусіз қалмады. Мінсіз қызметі үшін бірнеше дүркін мақтау-мадақтаулар иеленіп, басшылықтың һәм халықтың қошеметіне қол жеткізді. Әкем өмірден өткен соң анам да ұзақ ғұмыр сүрмеді. 1996 жылы жалған дүниені бізге тастап кете барды. Анам негізі  үш ұл, төрт қызды дүниеге әкелген. Бір ұл, бір қызы кішкентайынан шетінеп кетіп, екі ұл, үш қызды тәрбиелеп, бар шұғыласын біздерге төкті. 
      Шаңырақта бесеуміз. Ағам – Есенгелді, мен – Рая, інім – Мұрат және Айман-Шолпан есімді егіз бауырларымыз бар. Шаңырақтың басшысы, оттың ағасы – әкем. Ал анамның мойнына бала тәрбиесі жүктелген. Әкем ашылып сөйлей бермейді, оның қату қабағы мен көзқарасы бізге ескертуін айтпай-ақ ұқтыратын. Біздің үй – ерін «тірегім» деп сыйлайтын, азаматты бір саты биік қоя білетін қазақы тәрбиенің ошағы болатын. Біз бәріміз сол ұяда көргенімізді ұшқанда іліп, бойымызға рухани тәрбиенің мәйегін сіңіріп өстік. Біздің балалық шағымыз бүгінгідей смартфон гаджеттерінен ойын ойнап, доп қуып, асық ойнаған кезеңде өткен жоқ. Еңселі еліміз өткерген қиындықтарды жеңіп, біз соны бірге көріп өстік. Елден өзіміз еш уақытта ажырап көрген емеспіз.
      Әулеттің үлкен қызы болған мен, бала кезімде анама барынша көмектесетінмін. Ата- анамыз бізді кішкентайымыздан еңбексүйгіш етіп өсірді. Ол кездері жағдайы келіскен, үстіміздегі жейдеміздің жеңі білегімізді жабу үшін,  былай тартсаң екінші жеңі ашық қалатын тапшылық кезі еді. Отынды арқамызға салып арқалап тасып, қолымызда бидонымыз (сүт құятын ыдыс) таң азанмен ерте тұрып, сүт алуға кезекке тұрамыз. Үйде егіз кішкентай екі сіңлім бар. Таршылық жүдеткен тұрмыстың ауыртпашылығы қойсын ба, анамыз сырқаттанып қалды да, үнемі оған қолғабыс тигізетінбіз. Үйдің үлкен қызы болғаннан кейін, апамның жұмыстарын мен атқардым. Таңертеңгі сегізде сабаққа кетіп, оқудан келе сала түскі ас дайындауға кірісемін. Үй жинап, балаларға қарап, балалығымның көктемінде еңбек жауқазыны ерте гүлдеді. Балалалық шағымыздың бағы анау айтқандай түрлі-түсті гүлдерге толы болған жоқ. Ата-анамыз таңертеңнен кешке дейін жұмыста, үй шаруасы, бала бағу, бір-бірімізге қамқор болу – үйдің ересектері ағам екеуміздің мойнымызда болды. Ол кісілерге деген көрсетер құрметіміз ерекше. Бала болған соң, бұзықтық болмай тұрмайды. Ондай кездері әкеміздің бір көзқарасынан-ақ, ұлардай шулаған біз сап тыйылатынбыз. Отбасымыздың алтын діңгегі – әкеміз еді. Онсыз бізге ас батпайтын, әкемізді дастарқан басында күтіп, сол кісі қолы қасыққа тигеннен кейін, бізге рұқсат берді. Бала кезден бойымызда сондай көзқарас қалыптасып өстік. Анамыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, бізге дұрыс жол сілтеп, тура жолдан тайдырмауға тырысты. Қиыс кеткен жерімізде жөнге салып, арасында қамшының да дәмін татқан кездерімізде болды.
      Әлгінде сөз басында айтып өткенімдей, әкемнің бір көзқарасы еркінсіп кеткен бізді сап тыйып, кірпідей жиырылып қалатынбыз. Олардың берген тәрбиесі –  баға жетпес құндылық, біздің әрбірімізді өмірден өз орнымызды табуға жетеледі. Еңбекті сүйіп өсіп, маңдай термен келген дүниенің қадіріне жете білдік. «Дайын асқа тік қасық» болғанымыз жоқ. 
      Бала кезімізден спортты жақсы көріп өстік. Кім спортпен айналыспаса, біз үшін ең нашар бала сол еді.Шынтуайтына келсек, отырысқа немесе жаттығуға барар болсақ, алдымен үйді «жылан жалағандай» тап-таза, мұнтаздай етіп, үйдің шаруасын жүз пайыз бітіріп барып, рұқсат сұраймыз. Ата-анамыз сонда ғана жібереді. Тәрбиенің өзегі міне, осында жатыр деп ойлаймын.
      Ата-анамыз таңнан қара кешке дейін жұмыста. Табыс көзі мардымсыз. Үйде бір емес, бес бірдей бала бар. Шиеттей бала-шағаның қай жыртығын жамасын?! Ол уақытта мен алтыншы сыныпта оқимын. Бітіре сала жеңіл өнеркәсіп саласында мата шығаратын фабрикада жұмыс істедім. Бұл табыс анау айтқандай көп емес, алайда сәл де болса отбасымның қиындықтан шығуына үлесімді тигізсем дедім. Ата-анамның қиналғанына қарап отыра алмайтынбыз. Палас, кілем тоқитын фабрика осы күнгі «Айтбай» мешітінің маңында орналасқан. Жетінші сыныпты бітіре сала анамның ізімен аяқ киім тігу фабрикасына жұмысқа орналастым. Ақша тауып, керек-жарағымызды аламыз. Әйтеуір, біздің ой – ата-анамызға салмақ салмау.
      Тоғызыншы сыныпты тәмамдай сала, құрылыс саласына ойыстым. Осылайша тұрмыстағы қиындықтармен арпалысып жүргенде, балалық шақ зулап өтіп кетіпті. Оныншыны бітірген соң, техникумға оқуға қабылдандым. Інім Мұрат ол уақытта Мәскеу қаласында оқиды. Отбасымызға тағы да қаржылай қажеттілік туды. Техникумды тәмамдай сала, құрылыстың бел ортасына ендім де кеттім. Әкем айтып отыратын: «Еңбекпен тапқан нанның дәмі қашанда ерекше болады»,– деп. Сол сөзі құлағымызға сіңіп қалған ғой. Міне, ата-ананың берген бағыты мен бағдарына сүйеніп, жасымыздан еңбекті сүйіп, жейтін нанды маңдай термен тауып өстік. Содан бері құрылыс саласындамын. Жасым алпыс төртке келді. Зейнетке шыққаныма да бес жыл болыпты. Құрылыс саласынан өзімді бөлек алып қарай алмаймын. Жиырма бес жыл уран өндіруде еңбек еттік. Құрылысқа қажетті біршама этаптан өтіп, бел ортасына еніп кеткен тәріздімін. Салаға қатысты кітаптарды оқып тауысқан да шығармын.
      Бес бауырмыз жұдырықтай жұмылар...
      Ата-анадан тараған бес ағайынды бесеуіміз де – кәсіпкерміз. Елімізге абыройлы қызмет етіп, кәсіпкерлік саласында бірдей еңбек етудеміз. Адамның қолында бес саусақ болса, ол жұдырықты жұмса қандай болса, біз де қиын кезеңдерде сондай болдық. Әлі де бауырмалдық қасиетіміз «менмұндалап» тұрады.
      Жастайынан әжесі Жәмиланың бауырында болған шаңырақтың үлкені Есенгелді «ақ кимешегін кір шалмаған» асыл әженің тәрбие мектебінен өтті. Ескен желдей зулаған уақыт тізгіндеткен бе, көзді-ашып жұмғанша  10 жылдықты бітірді. Қыран қанатында қалықтаған арманға қол созып ”Қызылорда гидротехникумын“ тәмамдаған соң, Қызылорда мелорация системасына қарасты ПМК-29, ПМК-24 мекемелерінде мастер, прораб, ПТО бастығы  қызметінде болды. Жоғары жетістіктің мінберінен көріну үшін қашан да ізденіп, білімді шыңдап отыру керек болған. Еңбектен қол үзбей жүріп ДГМСИ-ден «инженер-гидротехник» мамандығын алып шықты. Ел бірлігін сақтауда еңбек етіп, даулы жиында қамшысын сілтеп, тіспен шеше алмаған түйінді тілмен шеше білген текті адамның ұрпағы емес пе? Сырдария ауданында, аудандық шаруашылық  мекемесінде, аудандық экология басқармасында басшылық  қызметтерді абыроймен атқарды. Сонымен қатар ел басқару ісінде аудан әкімінің орынбасары болып жүргенде,  шешімін таппай жүрген, күрмеуі қиын  мәселелердің түйінін тарқатып, халықтың  шексіз алғысына ие болды. Облыстық жануарлар дүниесін  қорғау басқармасына  басшылық етіп, «КСМиК» ЖШС директоры қызметтерін атқарып, 46 жыл жұмыс өтілімен еңбек демалысына  шықты. Өміріне нұр шашқан отбасында үш ұл тәрбиелеп өсіріп, жоғары білім алуларын қамтамасыз етті. «Бала балдан тәтті, немере  жаннан тәтті деген» шаңыраған сәулелі  нұрмен көмкерген  бес немересінің  шаттыққа толы күлкісін  қызықтап отырған  қария   2013 жылдан  бері құрметті еңбек демалысында.
      Үйдің екінші перзенті – мен. Қыздың үлкенімін. Мектеп бітірген соң, құжатымды  Қызылорда политехникумына тапсырып, қабылданғанмын. Еңбек жолымды маман ретінде «Қызылордастрой» тресіне қарасты мекемелерде экономист болып бастадым. Таза, адал жұмыс істеу дегеніңіз – адам баласының қызметтен көретін рақаты. Қашан да «Адал еңбектің наны тәтті» деген емес пе?! Негізгі ұстаным – осы. Жұмыс арасында Жамбыл гидромелиоративтік институтын бітіріп алдым. Ол уақытта да бүгінгідей жоғары білім алсаң, биікке құлаш сермеп, қанат қағатын кезең еді... Оның үстіне «өзім орнымды табам» деп құлшынып барған салам болса...
      Ел егемендігін енді ғана өз қолына ала берген уақытта, нарық заманы да орныға бастады. Нарық дегеніміз – күрес. Өзіңнің ойыңдағы жұмысыңды биікке көтеру үшін нарықпен күресіп, алпауыт мекемелердің арасынан оқ бойы озып шығасың. Біреулер талапқа жауап бере алмай орта жолда сүрініп жатады, тағы бірі биіктеген сайын биіктеп, арманына аяқ басады. Бұл – нарықтың заңдылығы. Осы жүйеде 1992 жылы Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары ретінде «Монтажспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдым. Қолымда мекеменің рұқсат қағазы мен мөрден басқа ештеңе жоқ. Ал істі онан әрі дамыту үшін қажыр қайрат пен мол күш-қуат керек болды. Ойыма сонау біріктіру кезеңіндегі Жолаушы атамның балық колхозын құрған кездегі қиындықтармен күресі, балық сақтау пунктін ашуы келді. Әлбетте, қайсыбір дүниені болмасын, енді ғана ашқан сәтінде қиын болады. Толассыз күрестер, түйінді мәселелерді дер кезінде шешу... Мұның барлығы зор ізденісті қажет етті.
      Тиянақты жұмыс істеу үшін, сапалы кадрлар керек. Бұл – мекеме ашылғаннан кейінгі алдыңғы кезекте тұрған мәселе болатын. Жауапты, сапалы мамандардың басын қостым. Шетелден келген білікті экономист мамандар мен оқу орнын енді тәмамдағалы отырған жастарды кездестіріп, солардың ішінен өзіме ыңғайлы, жастардың арасынан суырылып шыққан азаматтарды іріктедім. Жұмыстың басталуы міне, осылай еді. Қазіргі жетістік пен жоғарғы деңгей еңбекпен келді. Бүгінде «Монтажспецстрой» мекемесін Қазақстаннан әрі талай мемлекет таниды. Бұл – біздің ұжымның жетістігі деп санаймын. Басты ерекшелік –еуростандартпен жұмыс істеп жатырмыз. Қажет мамандарды өзіміз даярлап алуды әдетке айналдырдық. Қазір газэлектрмен пісіруші, дәнекерлеуші мамандарды өзіміз арнайы базамызда даярлаймыз. Кадр тапшылығын жоюда қосып жүрген аз-маз жетістігіміз бар. 
      Әйел болған соң сұлулыққа жақын боламыз. Кейде қалжыңдап: «Жаманның жүрген жеріне шөп шықпайды, жақсының жүрген жеріне гүл шығады» деп айтатынымыз бар. Ағаш егу, гүл отырғызу, көркейту-көгалдандыру  бұл – менің хоббиім. «Қызылордаға тал шықпайды», –  дейтіндердің өзі өз сөзіне күмәнмен қарайтын болды. Талай азаматтың істей алмағанын қарапайым қазақтың қайсар қызы істеп жатса, оның несі айып болсын?! Шіркейлі каналының бойынан бос жатқан 18 гектар алқапты алып, «Көксу» фирмасын аштым. Ағаш отырғыздым, жылыжайым бар, бақша өнімдерін егудемін. Жоңышқаны да назардан тыс қалдырғанымыз жоқ, өйткені мал шаруашылығымен де айналысамыз. Кәсіпте биікке көтерілу үшін өзіңе қажеттіні өзің –  өндіру керек. Өз-өзіңе деген сенім қажет. Бұрын жанымыздан әрі-бері өткен жолаушылар: «Бұл не болды екен?» – деп мойнын соза қарайтын шаруашылығымды уакыт өте келе арманымдағы ботаникалық баққа айналдырым. Сөзімізге сенбесеңіз, көзіңізбен барып көруге болады. «Көксу» қосалқы шаруашылығының бақшасында қарағай мен арша, шырша мен емен сияқты аймақтың табиғатына икемделмеген ағаш түрлері өсіп тұр. 
      Негізінен Қызылорда облысының табиғатына терек, сексеуіл, қарағаш, ақ тал, жыңғыл, үйеңкі және тағы басқа оңтүстік өңірде өсетін ағаштар бейім келеді деген түсінік болған. Шаруашылық облыстағы шөлейт жерлерді көгалдандыру мен аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға қолымыздан келгенше өз септігімізді тигізіп жатырмыз. Қылқанды ағаш түрлері өсетін жерлердің ауасында да емдік қасиеті болады емес пе? Шаруашылығымыздың тағы бір ерекшелігі – егістікте зиянды өндірістерден жеңіл жұмысқа ауыстырылған, еңбек демалысына жіберілген адамдар мен зейнеткерлер жұмыс істейді. Онда 150 мыңға жуық қылқанды, мәуелі, жапырақты және декоративті ағаш түрлері мен бұта өседі. Қаланы көгалдандырумен қатар, жергілікті климат жағдайына бейімделген жаңа ағаш түрлерін өсіру мақсатында селекциялық жұмыстарды да атқарып келеміз. Шаруашылықтың өз жылыжайы да бар. Жылыжайда не өсіп тұр деңізші? Мандарин! Қысы суық Қызылордада экзотикалық өнім саналатын мандаринді өсіріп, өнімін алып отырмыз. Бізде кез келген өсімдік өседі. Атап айтар болсақ, Сібір балқарағайы, Бразилиялық ағаш, Шыршаның бірнеше түрі, мынжылдық емен сонымен бірге Катальпа немесе биіктігі 10-15 метр болатын жапырақты сән ағашы секілді Сыр өңірінің табиғатына жерсінуі қиын тағы басқа ағаштар өседі.«Қызылордада алма ағашының бұл түрін өсіру мүмкін» – емес деп айтқан сыңаржақтарға дәлел,биыл біз бірінші рет Алматы апортының жемісін алдық. Бес жылдың көлемінде бұл ағаштардың өсіп-өнуіне барлық жағдайды жасап, міне, енді соның  нәтижесін көрудеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысына сапарының екінші күнінде осы шаруашылықта болып, алғысын айтып кетті. Бақты аралап, жылыжайдағы жұмыстармен танысты.
      Дүние жүзінде өсетін ағаштың екі жүзден астам түрін әкелдік. Қазір қырық бес мыңнан астам түп жайқалып тұр. Типтік үлгідегі жылыжай кешені жұмыс істейді. Онда цитрус ағаштары өсіріледі. Ішкі жолдар асфальтталынып, екі пәтерлі бес үй және үлкен бассейн салдық. Мұның барлығы тек бізге емес, осы мекемеден нан жеп, отбасының несібесін айырып отырған әрбір қызметкерге арналған. Олар да жексенбі күндері отбасымен келіп, демалып кетуіне болады. Біздің мекемеде барлығы бес жүзге тарта қызметкер бар. Ал отбасылық жағдайыма келсем, бір қызым, үш немерем бар. Қоғамға тигізген осындай үлесті еңбегім үшін «Құрмет» орденін кеудеге тағып отырған жайым бар. Бұл – елімнің еңбегімді елеп берген құрметі деп есептеймін.
      Әулеттің шырағын сөндірмей ұрпағын жалғастырып отырған Мұрат інім – №4 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің түлегі. Арманын құс қанатына қондырған бауырым орта мектептен түлеп ұшқан соң, Москвадағы Автожолдар институтын (МАДИ) бітірді. «Еліме қызмет етемін» деген мақсатын ұштап, ауылға келгесін алғашқы еңбек жолын ДСУ-34 мекемесінде мастерліктен бастады. Балақ түре, бел шеше кіріскен ісін ұршықша айналдырып әкеткен жас маман тез арада бас инженер, мекеме басшысы, трест басшысының орынбасары, трест басшысы лауазымына дейін көтерілді. Сол кездері 28 жастағы Мұрат – республикадағы ең жас трест басшысы болатын.
      Ақ найзаның басына үкі таққан ата-бабаларымыздың арманы орындалып, еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың басында, Алаштың анасы атанған Сыр өңірінен мұнай атқылай бастаған кезі еді. Қойнауы қазынаға толы аймақта мұнай кеніштері   ашылып, зерттеу-өндіру жұмыстары қолға алынды. Қара алтынның кеніші Қызылордадан 200 шақырым болатындай қашықтықта орналасқан. Міне, осы қажеттілікті шешу жолдарын қарастырған Мұрат тұманды күнде жол тауып, бірінші болып жол-құрылыс мекемесін ашты. Мойынға мінген нарық пен балақтан тартқан тоқырау қадамына тұсау салса да, қажырлы жасалған еңбектің арқасында мекеме  қазіргі таңда республикалық деңгейде жол салатын, бәсекеге қабілетті үлкен басқармаға айналды. Автомобиль жол басқармасы мекемесінің қолтаңбалары Қызылорда қаласының көшелерінде, бүкіл Құмкөл кенішінде, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда жұртшылықтың көз алдында сайрап жатыр. Жол салуға керекті құрылыс материалдарымен өзін-өзі қамтамасыз ету мақсатында, қаладан алшақ жерде өндіріс базасын ашқан Мұрат жол құрылысына аса қажетті – бетон шығаратын зауыт орналастырды. Жаңақорғанда шебен мен ПГС тастарын өндіретін қондырғыларды іске қосып, 2004-2005 жылдары Қызылорда қаласы әкімі лауазымы қызметін атқарды.
      Егеулі найза қолға алып, елін жаудан қорғаған ерлеріміздің бірі Қара қыпшақ Қобыланды батыр туралы жазылған филолог ғалым Оразкүл Нұрмағамбетованың «Қобыланды батыр» ғылыми еңбегінің жарыққа шығуына демеушілік жасап, азаматтық көрсетті. Ел намысын найза ұшына ілген Қобыланды батырдың  тарихи тұлға екенін кейінгі ұрпақтың есінде мәңгі қалдыру мақсатында 2005 жылы Сырды жайлаған батыр ұрпақтары биіктігі 4,5 метр, салмағы 25 тонна болатын ескерткіш орнатты. Ағайыннан жиналған азын-аулақ қаржы аздық етіп, Мұрат өз қаражатымен скульптураны дайындатып, қала орталығынан жер сатып алып ескерткішті тұғырына орнатты. Қаладағы «Ақниет» мейрамханасында Батыр Бабаға арналған ас беріліп, аруағына құран бағышталды. Бұл бауырымның жасаған ағайын-туыстың рухын көтеріп тастаған келелі іс еді. Қойылған ескерткіш қаланың архитектурасына сай көркін келтіріп тұр. 
      Құмына жалаң табанымыз тиіп, балалығымыздың ізі қалған, аталарымыздың кіндік қаны тамған жер Ақтоғанды елді мекен ретінде сақтап қалу мақсатында ауыл іргесіне 2,5 мың гектар жайылымдық жерге шаруа қожалығын орналастырып қой, ірі қара, жылқы өсірумен айналысып келеді. Нарықтық кезең келгенде, ауыл адамдары қалаға үдере көшіп кеткенде, атасы аунаған ауылдың көк майсасына қайтадан нәр берген шаруа қожалығында, бұтақтары бір діңнен болған ағайындар тартылып, еңбек етіп келеді. Кәсіпкерлік саласы екпін алғанда 700-800-ге жуық адам қолына күрек ұстаса, дағдарыс шылбыры аяқты тұсаулап қадамын қысқартып, бүгінде 450 адамды жұмыспен қамтып отыр. Еңбектің күрегін қолынан тастамай, ел дамуына өз үлесін қосып келе жатқан Мұрат, маңдайынан тамған тамшы тері зая кетпей, еңбегі бағаланып, мемлекет тарапынан жоғары дәрежелі «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталды.
      Бақытының әр кірпіші еңбекпен өрілген апам Күлпаштың егіздерді дүниеге әкелді. Жастайынан білімге құштарлығы ерекше Айман мектепті жақсы бітірді. Білім қуып, сол кездегі Кеңес Одағының білім ордасы саналған Мәскеуге жол тартып, Архитектуралы-құрылыс институтын бітіріп елге оралды. Сол кездердегі аймақтағы айтулы мекеме «Қызылорда Строй» трестіне қарасты мекемелерде мастер, бөлім басшылығы қызметтерін атқарып, ауыспалы қоғамдық өмірге бейімделіп, 1994 жылы «Ақтоған» ЖШС-ін ашты. Ізденімпаз Айман өңменінен өтетін тоқыраудың өткір желі шайқап, тоқтап қалған мекемелерден, совхоздардан әр түрлі ескі техникаларды сатып алып, жөндеуден өткізіп, майлап іске қосты. Қала шетіндегі қараусыз қалған аймақты сатып алып, өндірістік базасының негізін қалады. 
      Осы секілді қара алтынды өндіруден ескен самалға бетін сүйдіріп, Құмкөл кенішімен келісім шартқа отырып жол салып, мұнай тасымалдау, мұнай ұңғымаларын абаттандыру жұмыстарымен айналысты. «Қарға адым аттау қиын» болған сол бір жылдары өзінің білгір маман, шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында шағын мекемені ірі шаруашылыққа айналдырды. Сонымен қатар ірі қара малы мен шошқа, бағалы терісі бар чернобурка аңдарын өсірумен айналысып, шұжық дайындайтын цех ашты. Ата кәсіптің ауылынан алыс қонбаған Айман Телікөлдегі көлдерден балық аулау ісін қолға алып, қала халқына балық өнімдерін жеткізді. 350-ден аса жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған «Ақтоған» ЖШС-і – шетелдік техникасы мен автокөлігі, жоғарғы санатты мамандармен іріктелген заманауи базасы бар, бәсекеге қабілетті мекеменің бірі. Қоғамдағы аз қамтылған отбасыларға материалдық қаржылай көмегін аямай, оларды үнемі өз қамқорлығына алып келе жатқан аяулы жан. 
      Егіздің сыңары Шолпан да – Алматы энергетика институтын бітіріп, «инженер энергетик» мамандығын алып шыққан жоғары білімді маман. Екібастұз энергетика саласында 10 жылдан астам уақыт инженер болып еңбек етіп, тоқсаныншы жылдардың басында фарфор өнімдерін шығаратын фабрикаға жұбайы Ғабиттің бас энергетик қызметіне тағайындалуына орай отбасымен Қапшағайға көшіп келді. Талай өнеркәсіптің отын өшірген тоқырау жылдарының қиындығынан құтыла алмаған фарфор фабрикасы жабылған қысылтаяң шақта, сауда-саттық саласына ауысып, бертін келе халыққа қызмет көрсету жұмыстарымен айналысатын жеке кәсіп ашып алды. Бүгінде Алматы қаласында тұратын Шолпан – екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, барлығын жоғарғы білімді азамат етіп өсірген, немересінің қызығын көріп отырған әже.
      Түйінсөз.
      Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі: «Мына алқапта арша, шырша, емен, қылқан жапырақты өсімдіктердің түр-түрі бар. Жері сортаң Қызылордада  мұндай бақ өсіру екінің бірінің қолынан келмейді. Мұны жергілікті кәсіпкер Рая Үдербаева көпшілікке дәлелдеді. Әрине, аз тер төккен жоқ. Ізденді, зерттеді, сынақтан өткізді, нәтижесінде аумағы ат шаптырым жерді 15 жылдың ішінде көгертіп, көркейтті. Айналаны тамылжыған тамаша саябаққа айналдырды», –  деп бағасын берген Рая Пірмағамбетқызы қара тасты қақ жарып, тұрғындардың түсінігінде «Қызылордада тал өспейді» деп қалыптасқан тұжырымның іргесін сөкті.
      «Адам ұрпағымен жасайды» деген бар. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі тарихтың кейіпкері. Сол себепті тұлпарлар дүбірлеп өткен, тарихы кешеден бүгінге жеткен, өткені – қыс, ертеңі – көктем, ғашықтар бір-бірін өпкен, әр күні арайын сепкен Ұлы даланың ұлан-ғайыр атырабын мекен еткен ата-бабам жайлы сөз қозғап, тарихтың тамырын тарту – оларға жасалған тағзым деп білемін. Өйткені, алтын бесік туған жер де, Отан-Ана да – әрбір жанның өз отбасынан бастау алады. Бір ауылдың негізін қалап, қадасын қаққан, ел бірлігін бір тізгінде ұстаған аталарымыздың ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Ұрпақ санасында мәңгі жаңғырып тұрады.

                                                     
Үдербаева Рая Пірмағамбетқызы
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
10 ноября 2022 15:06
Мухит

Өте керемет апатай
[/spoiler]

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...