Жаны жақсылыққа құмар жан
![]()
Адамның өзі қалаған биігіне жетуі үшін екі-ақ нәрсе керек. Ол-мықты мақсат пен адал еңбек. Әрбір адам өз алдына мақсат қоя білгенде көздегеніне жетеді. Өйткені адам мақсатты қалай қойса, ол соған қарай ұмтыла түседі. Мақсат дегенді биік тауға балау керек. Сол таудың шыңына жеткенше қанша рет жығылып, сүрінсе де, қайта аяққа тұруға сан мәрте талпынуы керек. Мақсат қою оңай, ал оған ұмтылу, жету қиын. Әркімнің өмірлік ұстанымы әрқалай. Ұлы Абай айтпақшы: «Күніне бір рет, жұмасына бір, ең болмаса айына бір, өзіңнен-өзің есеп ал». Сонда ғана адам өз-өзін дұрыс бағалай біледі. Адам баласы қанша көп еңбектенсе, мақсатқа сонша тез жетеді. Кейіпкеріміз Сарқыт Мақайқызы сондай жаны жақсылыққа құмар жан.
Білімді, парасатты, еңбекқор жан қандай шаруаны қолына алмасын тыңғылықты атқаратын ұйымдастырушылық қабілеті, халыққа етене жақындығы, жаны мен қолының тазалығы, өзіне де, қарамағындағыларға да талапшылдығын үнемі үлгі етіп келе жатқан нағыз көпке үлгі боларлық жан. Өзінің өмірден білген-түйгенін үнемі жастарға айтып жүретін, саяси сауатты, жаңалыққа жаны құмар, жаңашылдыққа, заманауилыққа жатырқамайтын өзіндік ой-пікірі бар
![]()
тұлға. Қайтпас қайсарлығы мен табандылығы оны ешуақытта тура жолдан тайдырған емес. Оның осындай адами, адал қасиеттері дараланып тұрады. Жертанова Сарқыт Мақайқызы 1953 жылы 15 қарашада Алматы облысы, Іле ауданы, Іле станциясында теміржолшы отбасында дүниеге келді. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері Жертанов Мақай Абдоллаұлы теміржол станциясының бастығы болды. Ал соғыстан кейін поезда жолсерік болып қызмет атқарды. Анасы Жертанова Нұрсұлу Котентайқызы теміржолшы, Ұлы Отан соғысы кезінде тылда аянбай еңбек еткен ардагер. Екеуінің есімдері де мрамормен ойып жазылған Еңбек ауылындағы соғыс, еңбек ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтада мәңгіге жазулы тұр. Көпбалалы отбасында есейген Сарқыт Мақайқызы он қыздың бірі, қазір солардың төртеуі және бір інісі бар.
Сарқыт Мақайқызы 1959 жылы 1 сыныпқа қабылданып, 1970 жылы Рассвет орта мектебін ерекше аттестатпен бітіріп шықты. Оқу-білімге құштар қыз мектеп қабырғасында өзінің ақылдылығымен,
![]()
көшбасшылық қабілетімен ұстаздарының мақтанышы болды. Үлгілі, үздік оқушы оқумен қатар, мектептің қоғамдық жұмыстарынан да қалмады. Қай уақытта да белсенділік танытып, өзінің қарым-қабілетінше қатарының алды болуға тырысты. Мектепті жақсыға аяқтаған жас түлек, арман жетегімен 1970-1971 жылдары Каргалинка кооперативный училищесін бітіріп, сатушы болып алғашқы еңбек жолын бастады. Елгезек, адаммен тез тіл табыса білетін Мақайқызы Сарқыт өзінің жұмысын аса ыждағаттылықпен істеп, басшылық тарапынан мақтауға ие болды. «Қыз мұраты кету» дегендей, 1973 жылы тұрмысқа шығып, отбасылық өмірге қадам басты. Бұрынғы жұмысынан Нарынқол аудандық тұтыну қоғамына сатушы болып ауысты. 1977 жылы мақтаулы маманның еңбек көрсеткішінің нәтижесінде Москва қаласына ВДНХ-ға арнайы жолдамамен жіберілді. Москва Центросоз кооперациясынан Мақтау Грамотасымен марапатталды. Өз саласын бес саусағынандай меңгеріп алған Сарқыт Мақайқызы 1979 жылы Алматы облыстық тұтынушылар қоғамының облыстық съезіне делегат болып сайланды. Сол съезде облыстық тұтыну қоғамына кеңес мүшесі болып сайланды және Құрмет кітабына, Құрмет тақтасына ілінді. Мұндай үлкен сенімнің
![]()
үдесінен шығу үшін тынбай еңбектенуге тура келді. Табиғатынан шаршауды білмейтін жан әрбір күнінен есеп беріп, ертеңінің бүгінгіден де жақсы болуы үшін ізденісте болды. Жаңаны үйреніп, ескімен алмастырып, өз саласына үлкен жауапкершілікпен қарады. Сарқыт Мақайқызы бірнеше рет социалистік жарыс жеңімпазы, бесжылдық жеңімпазы деген төсбелгісін омырауына тақты. 1980 жылы коммунистік партия қатарына өтті. 1981 жылы ерен еңбектерінің нәтижесінде жоғары үкімет наградасы Москвадан Құрмет Белгісі орденімен марапатталды. Иә, небәрі 28 жасында адал еңбегінің арқасында осындай марапатқа қол жеткізді. Үздік маман 1985 жылы Болгария, Румыния мемлекеттеріне жолдамамен барып қайтты.
Білімді маман 1987 жылы Талғар ауылшаруашылық техникумының бухгалтерлік мамандығын сырттай оқып, оны үздік дипломмен бітіріп шықты. 1989 жылы Тұтынушылар қоғамының Алматы облысы бойынша съезіне екінші мәрте сайланды. Бұл жолы да Алматы облыстық тұтыну қоғамының 10 жылға кеңес мүшесі болып және Құрмет кітабына есімі енді. 1996 жылы отбасы жағдайына байланысты Іле ауданы Құйған ауылына көшіп келді. Екінші мамандығы бойынша мектепке бас бухгалтер болып жұмысқа
![]()
орналасты. 2013 жылы аудан бойынша бухгалтерия орталықтандырылып, аудандық оқу бөлімінде үш мектеппен бөліп есепші болып, 2018 жылға дейін абыройлы қызмет атқарды. Осы мерзім аралығында аудандық әкімнен, ауылдық әкімшіліктен, аудандық оқу бөлімі басшылығынан, жұмыс істеген мектеп дирекциялары атынан үнемі Құрмет грамоталарымен марапатталып отырды. Сондай-ақ бағалы сыйлықтар алып тұрды. Лайықты марапаттар қатарына ауданның қаржы саласына қосқан еңбегі үшін аудан әкімі Б.Абдулдаевтың Алғыс хатын, Іле ауданы әкімі Қ.Медеуовтың, Логутовтың Алғыс хатын, Аудандық оқу бөлімі Л.Ж.Кәткейева және Б.Б.Жолтайеваның Алғыс хатын қосып айтуға болады.
Құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін, ойлана келе бүлдіршіндер тәрбиелесем деген мақсатпен Құйған ауылынан 2 топқа арналған жекеменшік балабақша ашты. Бүгінгі күні балабақшаға сұраныс та артып келеді. Балаларын балабақшаға беріп, қаншама ана жұмысқа шығуына мүмкіндік туды. Бұл ретте ата-аналардың риясыз алғысы да шексіз. Балабақшада 16 қызметкер жұмыс жасайды. Мұның
![]()
өзі ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда үлкен жетістік деуге болады. Сонымен қатар бұл балабақша бірнеше адамға әлеуметтік жағдайына көмек болды деуге болады.
Жан сарайы бай, сыртқы тұлғасына ішкі мәдениеті сай, қарапайым мінезді, кішіпейіл, сабырлы да салмақты, уәдесіне берік, еңбекқор Сарқыт Мақайқызы жолдасы екеуі отандасқан 50 жылында бақытты отбасында 4 ұл тәрбиелеп, өсірді. Екі қызы ертерек шетінеп кетті. Балаларын оқытты, үйлендіріп, жеке отау етті. Бүгінде ибалы келіндері, сыйлы да құрметті құдалары бар. Балалары алған мамандықтарымен мұғалім, тәрбиеші, сатушы, таксист болып қоғамның әр саласында әрқайсысы өз алдына еңбек етіп жүр. Немере қызығын көріп, шөбере қолынан су ішіп отырған бақытты жандар. Немерелерінің алды оқуларын бітірген, жоғары оқу орындарында грантта оқып жатқандары да бар. «Өмір ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді» деген ғұламалардың әдемі сөзі бар. Бұл қанатты сөздің бекер айтылмағаны белгілі. Арамызда жүрген жақсы жандар туралы ауыз толтыра әңгімелеудің өзі ғанибет. Тумасынан жақсылыққа жаны құмар Сарқыт Мақайқызы есейген шағында өзіне тән, қолынан келетін, жан дүниесіне сай саланы таңдап, сол сала
![]()
бойынша еңбек етіп, жемісін өзі де, өзге де көрді. Лайықты марапатталды да. Қоғам үшін әлі де жемісті еңбек етіп жатыр. Иә, адам өзінің алдына мақсатты дұрыс қоя білсе қоғамнан шеттемейді. Ел игілігі жолында еңбектеніп отырған Жертанова Сарқыт Мақайқызының отбасына аманшылық, деніне саулық, кәсібіне береке тілейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()