Құрметке лайықты тұлға
![]()
Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін ұлылардың асыл сөздері мен ерліктері, ғинабатты ғұмыры шуақ болып төгілетін қазақ даласы ел сыйлайтын, қара нардың да иығына ауырлық танытар жауапкершілікті ауырсынбай көтеріп кете беретін, нар тұлғалы, еңбегінен адалдықтың лебі есіп тұрған, азаматтық болмысы мен пайымды парасаты құрметке лайықты азаматтарға кенде болмаған, болмайды да. Бұл сөзімізге қандай лауазымды қызмет атқарса да, адами құндылықтарды бірінші орынға қоя білген, табандылығы, еңбексүйгіштігінің арқасында қызмет сатысына аяғын берік басып, берекелі істің басында тұра білген кейіпкеріміз дәлел бола алады.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз саналы ғұмырын мұнай саласына арнаған, топырағына қасиет дарыған өлкенің желі болып есіп, өзені болып ағып, мұнайы болып атқылаған, тұлғалық болмысында адалдық пен әділдік менмұндалап тұрған, адами асыл қасиеттерді бойына сыйдырған Башенов Айдар Тілепұлы. Әділ сөйлеп, адал еңбек етуді өмірінің басты ұстанымы еткен азаматтың өмір жолына көз жүгіртсек. Айдар Тілепұлы 1961 жылдың 4 желтоқсанында қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Жуалыой ауылында қызметкерлер отбасында дүниеге келді. Перзентінің болашағынан үлкен үміт күтіп, адамдық пен адалдықты, әділдікті бойына сіңіре білген әкесі Башенов Тілеп Башенұлы Ұлы Отан соғыс ардагері, Берлинді шабуылдап алуға қатысқан майдангер. Соғыс кезінде көрсеткен ерліктері мен батылдығы үшін бірнеше медальдармен марапатталса, аялы алақаны мамықтан да жұмсақ анасы Шамирова Балғаным Сұлтанғұбиқызы ұстаз дейтін ұлағатты мамандықты меңгерген мұғалім болумен қатар, 8 перзент дүниеге әкеліп, тәлім беріп, үлкен азамат етіп шығаруда аянып қалмаған, алтын құрсақты ана.
Қағаз бетіне түспеген дала заңын ертеден-ақ мал баққан қазақтар тұрмысында негіз етіп, кейіпкеріміз де шалғай жатқан өңірдегі әр шаруашылыққа араласып өсті. Айтқан сөзді қағып алатын алғыр, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі мол, білмеймін дегенді айтпайтын, түсінбегенін танып білмейінше байыз таппайтын зерек жас Жаңақазан ауылындағы С.М.Киров атындағы орта мектептің табалдырығын аттады. Қанатын кең сермеген сайын қыранның алысқа ұшатыны секілді, алғыр да қабілетті, өз ісіне тиянақты жас мектеп қабырғасына келген соң тіптен қанаттанып, әріп пен санауды үйреніп, сыныптағы үздік оқушылардың бірі болды.
Сары даласында әуендете ескен самалының жылы лебі балалық жүзін сүйдіріп өскен Айдар Тілепұлы 1979 жылы Жаңақазан ауылындағы С.М.Киров атындағы орта мектепті бітірген соң, сол кездегі үрдіс бойынша, совхоз тіршілігіне араласып, 1979-1980 жылдары «Жаңақазан» кеңшарында құрылысшы болып жұмыс жасайды. Адал еңбекпен атқара білсең қай жұмыстың да шығарар төбесі болатыны секілді, қолына алған істі шыр айналдырып алып кететін, қимылы ширақ, ісі нық жас жігіт одан әрі 1980-1982 жылдары Кеңес Әскері сапында Ресейдің Ростов-на-Дону қаласында әскери борышын өтеп келеді.
Әскерден келген соң «Жаңақазан» кеңшарында құрылысшы-бригадир болып жұмысын жалғастырған Айдар Тілепұлы 1982-1988 жылы Саратов Политехниқалық Институтында білім алып, еңбек жолын 1988 жылы Жаңақала ауданының Қисық-Қамыс ауылындағы «Қисық-Қамыс» Желілік Өндірістік Басқармасында (ЖӨБ) үшінші дәрежелі машинист болып жалғастырады.
Жерді қазып, тасты тесіп алынған қара алтын қазақ елінің маңдайына берілген Жаратқанның ерекше тартуы десек артық айтқандығымыз емес. Осы бір қара алтынның арқасында қазақ елі өзін әлемге танытып, тәуелсіз ел ретінде әлем картасында өз орнын айқындай алды. Міне, бір мұнайдың өзінен қаншама тұрмыстық заттар мен минералдар, күнделікті қолданыстағы заттар шығатыны секілді, осы салада қызмет ететін мамандардың да біліктілігі жоғары болуды талап етеді. Сондықтан, осы газ саласына қатысты мамандықты терең меңгеріп, қызмет атқару барысында өзінің басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілетін таныта білген Айдар Тілепұлы қызметте де сатылай өсті.
1988-2006 жылдары аталмыш басқармада инженер-диспетчер, бірінші категориялы инженер, бас инженер, «Қисық-Қамыс» ЖӨБ бастығы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Айдар Тілепұлы 2006-2009 жылдары Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында «Құлсары» ЖӨБ бастығы, 2009 жылдың маусым айынан бастап Жаңақала ауданы Жаңақала ауылында «Жаңақала» ЖӨБ бастығы, 2010 жылы Орал газ айдау станциясында компрессорлардың желілік өндірістік басқармасының бас инженер қызметтерінде болып, 2018 жылы Шымкент аймағында Ақбұлақ елді мекенінде газ айдау станциясында «Ақбұлақ» Желілік Өндірістік Басқармасының бастығы қызметін атқарып келеді.
Әңгімелеп отырған Айдар Тілепұлы нағыз азаматтың төресі деуге болады. Оны талайдан білетіндер, «сегіз қырлы, бір сырлы», тал бойында міні жоқ, дос-жаранға адал, уәдесіне берік, ешкімге артық ауыз сөзі жоқ, бірсөзді, қолы ашық, қарапайым қазақы тәрбиемен сусындап есейген, еңбекқор, көпшіл екенін айтады. Расында ер азаматтың осындай қасиетте болуы құптарлық. Қай ортада болмасын үнемі биязы мінезімен, жанға жағымды әзіл-қағытпаларымен, көпке ой тастарлық өзіндік ойларымен ерекшеленіп тұрады. Оны аға тұтып келетіндер ақыл-кеңесін алса, өзі көнекөз қарияларды іздеп барып, аман-саулығын, денсаулық күтімін сұрап, қолынан келгенше көмегін беріп, қамқорлық көрсетіп жүретін азамат. Өте ізденімпаз, білімді. Көп жағдайда ортасын соңғы жаңалықтармен хабардар етіп отыратын, жаңалыққа жаны құмар. Қандай жағдай болмасын тап-тұйнақтай болып, жинақы жүреді.
Жұмыс орнындағы тиянақтылықты жаны сүйеді. Өн бойына жарасып тұратын әдемі күлкісі мен жүріс-тұрысының өзі басқаларға үлгі боларлықтай. Оның дос, сырлас, замандас болуының өзі бір ғанибет.
Осы бір салада қызмет атқару барысында басшылық, әкімдік тарапынан көптеген Алғыс хаттар мен Құрмет Грамоталарымен марапатталған Айдар Тілепұлының шаңырағының берекесін кіргізіп, әулеттің түтінін түтетіп отырған жары Айман Серікқалиқызы екеуі бес бала тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты ата-ана.
Қызметте білікті басшы болғанымен, күнделікті өмірде асыл жар, асқар тау әке, ақыл айтар ағаға айналып отырған Башенов Айдар Тілепұлының деніне саулық, отбасына амандық, қызметіне табыс тілеміз!